Жаңалықтар

«Ақылды» жүйенің мүмкіндігі зор

«Бурабай» ұлттық паркінде «Smart-Burabay»-дың арқасында 18 өрт сөндірілді
«Ақылды» жүйенің мүмкіндігі зор
Фото: udp-rk.kz 21.09.2022 11:53 1496

ҚР Президентінің іс басқармасының ұйытқы болуымен БАҚ өкілдері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барды, деп хабарлайды El.kz

Ондағы мақсат - ұлттық парктің жағдайын, мұндағы табиғатты қорғау шараларын және адамдардың экожүйеге тигізіп жатқан әсерін, қыс мезгіліне дайындығын саралау.

Алдымен БАҚ өкілдеріне «Smart Burabay» жүйесі таныстырылды.

Биылғы жаздың шіліңгір ыстығында ұлттық парк қызметкерлерінің жұмысы қыза түскен. Әсіресе, аптап ыстықта орман өртінің көбейген кезінде бұл жүйе инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп, тілсіз жаудан қорғауға зор септігін тигізген.

«Бурабай» ұлттық паркінің табиғатты қорғау жөніндегі эколог-инженері Маржан Абдрахманова жыл басынан бері 18 өрт оқиғасы тіркелгенін атап өтті.

«Ақылды» жүйенің мүмкіндігі зор

«Өрттің аумағы 0,5 гектарды ғана құрады. Ал 2021 жылы бізде 38 факті тіркеліп, оның көлемі 20,5 гектарға дейін жеткен болатын. Сол себепті, осы жүйе арқылы тілсіз жаудың шығу себептерін тез арада анықтау арқылы инспекторлар оқиға орнына жедел жетеді», - деді.

Бұған дейін «Smart Burabay» жүйесі болмаған кезде өрт шыққан жерге жеткенше 30 минут кететін, ал қазір кем дегенде 15 минуттың ішінде жетіп, өртті ауыздықтай аламыз деп отыр.
«Ең соңғы шыққан тілсіз жауды осы жүйе арқылы 5 минут ішінде тауып алып, жою, сөндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл сайын жаңартылып отырады. 2023 жылы қосымша тағы үш камераны қою жоспарда бар. Мүмкіндігі өте зор», - деді эколог-инженер Маржан Кенжебекқызы.
Айта кетсек, «Smart Burabay» жүйесі 2020 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылды.

«Ақылды» жүйенің мүмкіндігі зор

Биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Яғни, 129 мың гектардан астам аумақты автоматты түрде бақылай алады. Объективтің «назарына» түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Орталықтың кезекші диспетчерлері төтенше қызметке хабарлайды.

Ұлттық парк аумағында осындай 13 мұнара бар. Цифрлы жүйенің көмегімен тұтанған өрт тез арада сөндіріледі.

«Ақылды» жүйенің мүмкіндігі зор

Сонымен қатар ұлттық парктегі басқа да қауіпті құқық бұзушылықтарды тіркейді. Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасының мәліметінше, 8 ай ішінде табиғат қорғау заңнамасына қайшы 51 оқиға тіркеліп, Ұлттық парк аумағында сақталатын ереже 46 мәрте бұзылған. Тәртіп бұзғандарға 440 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз ағаш отау, балық аулау және браконерлікпен айналысу фактілері бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды.

Суреттер ПІБ мұрағатынан 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға