Жаңалықтар

Ұлы адамдар өмірі: Тоқтар Бейісқұлов

Тоқтар Бейісқұловтың 10 қыры
Ұлы адамдар өмірі: Тоқтар Бейісқұлов
22.01.2019 16:36 8517

Тоқтар Бейісқұлов – Бейімбеттанушы

Жазушы жалпы 300-ден аса мақала жазса, оның 65-ке жуығы Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығына арналады.

Бейімбет Майлинге арналған ең алғашқы еңбегі – белгілі ғалым Темірғали Нұртазиннің басшылығымен жазылған «Талантты да тағанды журналист» атты дипломдық жұмысы. Одан кейін «Б. Майлин – публицист», «Қанатты қаламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім?» еңбектері жазылды. Тынымсыз ғалым «Би аға» естеліктер жинағын құрастырып, көпшілікке ұсынды. Автор ұзақ жылғы ізденісінің арқасында «Қилы заман азабы» кітабын жарыққа шығарды. 2005 жылы «Бейімбет Майлин және ұлт өнері» атты деректі-публицистикалық эссесі оқырман қолына жетті. Тоқтар Бейісқұлов филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін 1997 жылы «Бейімбет Майлин – сыншыл публицист» атты тақырыпта диссертация қорғап, қол жеткізді.

Жазушының бес томдық шығармалар жинағының үшінші және төртінші томы Бейімбеттануға арналады. «Тоқтардың басқа еңбектері де елеусіз қалмас, ал Бейімбетке жасаған еңбегі – ол бүкіл қазақ әдебиетіне, қазақ мәдениетіне жасаған ізденіс», – дейді Тұрсынбек Кәкішов. Тоқтар Бейісқұлов қуғын-сүргіннің құрбанына айналған қазақтың көрнекті жазушысы Б. Майлин шығармашылығын зерттеуге барлығы қырық жылдан аса уақытын арнаған.

Тоқтар Бейісқұлов – шыншыл жазушы

Жазушының қолынан шыққан көркем шығармаларда өмір шындығы бейнеледі. Ол кеңес үкіметі кезінде болған оқиғаларды боямасыз бүгінгі оқырманға ұсынады. 2008 жылы жарық көрген бес томдығының екінші томында «Қаза мен аза» роман-эссесінде қазақ елінің түкпіріндегі бір ауыл адамдарының кешегі кеңестендіру жылдарында бастан өткерген өмір шындығы қаз-қалпында жеткізілген. «Ақтар келіп бір қырған, қызылдар келіп екі қырған елдің қасіретке толы тірлігі осы тақырыпты ендей зерттеген қаламгердің кестелі тілі арқылы қайта тіріледі. Дерек те, дәйек те мол» делінген кітап кіріспесінде. «Төңкеріске қарайтын ештеңе қалмаған. Әшімнен қалған мал бітті. Біразын ұрлап кетті, үйде нәр қалмады, жатаған үй құлайын деп тұр. Оған да ел қатарлы шыдар-ау, бригадирдің қорлығы әбден өтті. Қанша жұмыс істесе де, еңбегін жандырмай қойды. Әшімнің күміс ер-тұрманын алып кетумен қоймай, қайдағы ауыр жұмыстарға салды. Оған да шыдар еді-ау, баласы Рәшатқа жөнсіз тиісіп, боқтап, қамшының астына алатыны жанына қатты батты». Осы секілді көріністер Тоқтар Бейісқұловты реалист жазушы деуге толық негіз береді.

Тоқтар Бейісқұлов – лирик

Лирика – бүкіл ғұмырын ғылыми зерттеуге арнаған жазушы еңбегінің арасынан көрініс табуы тамаша жайт.  Тоқтар Бейісқұлов өзінің «Қоштаспаймын, махаббат» атты эпистолярлық повесті арқылы көркем туынды іздеп, сезімнің ақ теңізінде шомылуды сұранушыға ұсынады. «Трагедиялық оқиға желісіне құрылған бұл повесте жастық жалын шағында оқуға түсіп, студенттік қызықты күндердің қызуымен жүргенде бір-біріне ғашық болған екі жастың танысып, білісіп, түсінуінің шытырман кездері махаббат отының шарпуын мәңгі өзімен ала кеткен асыл арудың қуанышы мен қасіреті шымыр да әдемі, тартымды да жинақы суреттеледі», – дейді автор. Расында да Қоңыржай Сағынға деген махаббатын өле-өлгенше биік ұстап, соны ойлаумен күн кешкен еді. Аурудан келген ажал ақ аруды қара жер қойынына тапсырды. Ал оның өмірден өткенін кеш білген Сағын да көп ұзамай мезгілсіз қаза тапты. Жазушы шығарманы қос ғашық о дүниеде табысар деген оймен аяқтайды.

Тоқтар Бейісқұлов – Ұлы Отан соғысы батырларын елге танытты

Ұлы Отан соғысы қаншама адамның өмірін қыршыннан қиды. Оның ішінде елі мен жері үшін жау оғынан тайсалмай, өшпес ерлік қалдырып, о дүниелік болған қазақ ер-азаматтары қаншама. Олардың көбісінің есімі елге белгісіз болып қалғаны бар. Міне, осы олқылықтың орнын толтырушы журналист Тоқтар Бейісқұлов болды. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Кеудесін оққа тосып...» кітабы көпшілікке ұсынылды. Бұл кітапта Александр Мотросовтың ерлігін қайталаған бірнеше қазақ батырлары туралы айтылады. Атап айтқанда, Днепр үшін шайқаста жау дзотын өз денесімен жапқан Жанғазы Молдағалиевтың өшпес ерлігі мен Ленинград үшін шайқаста Иван Скуридин жау дзот амбразурасын кеудесімен қалғалап, жаудың шабуылының бетін қайтарғандығы жазылған. Сонымен қатар, Кеңес Одағының батыры атағын иеленген Ақәділ Сухамбаев пен Боран Нысанбаевтардың ерліктерін оқып, қазақ ұлдарының отансүйгіштік қасиетіне табынасың. Оған қоса «Еліміздің адал ұлдары» тақырыбында да бірнеше қазақ ерлерінің жасаған ерліктерін көркемдік тілмен суреттеп, қалың оқырманға түсінікті етіп жеткізеді.

Тоқтар Бейісқұлов – «Желтоқсанның ызғарын» жеткізуші

«...Ол – ол ма, қайран қазағыңыз өзіңізді айналып өте алмайтын тағы бір толымды іс атқардыңыз. Халқымыздың жазылмас жан жарасы, қасірет-қайғысы болған Желтоқсан көтерілісін де шын ықыласыңызбен сарыла зерттедіңіз. Желтоқсан Алматының алаңымен ғана екшелмейді екен. Оның қасіреті ұзаққа созылып, күллі Қазақстанды қамтыпты. Ұлтына жаны ашитын, халқының қамын жейтін талай-талай бозымдар ащы азабын шегіпті. Солар партиядан шығарылып, қызметтен қуылған; ұл-қыздары қыспаққа ұшырап, кемсітушіліктің зардабын тартқан... Ол өзіңіз қызмет еткен Қазақстан КП Орталық Комитетінен бастап, сонау қияндағы қазақ ауылдарының ешқайсысын аман қалдырмаған. Осы мәселені дәл Сіздей қопара жазған ешкім жоқ! Сондықтан келер ұрпақтар да сұрқай заманның шындығын Сіздің «Желтоқсан ызғары» зерттеу кітабыңыздан оқиды, көңілдеріне тоқиды», – деп, Талғат Айтбайұлы зерттеушінің осы тақырыпты темір төзіммен зерттеп, зерделеп, бүгінгі ұрпаққа бүгіліп жатқан ащы шындығын жеткізгенін баса айта кетеді. Ғұлама ғалым М. Қозыбаев: «Желтоқсан ызғары» атты еңбектің авторы жазушы Т. Бейісқұлов желтоқсан қозғалысын «совет үкіметі тұсында бұрын-соңды кездеспеген құбылыс» деп таныды…

Тоқтар Бейісқұлов – жалынды журналист

Студент кезінен бірнеше басылым беттеріне сыни мақалалар жазып, сол кездегі проблеманы көтеруден тайсалмаған журналисттің бірнеше мақалаларын атап өтуге болады: «Кітап саудасын елемеген жерде»  («Қазақ әдебиеті» газеті, 1961 жылы 11-тамыз), «Ауыл мәдениеті толғантады» («Қазақ әдебиеті» газеті, 1962 жылы 20-шілде), «Театр музейі қажет» («Қазақ әдебиеті» газеті, 1965 жылы 17-желтоқсан). Тақырыптары айтып тұрғандай, өнер мен мәдениет үшін Тоқтар Бейісқұлов қаламын сілте жазып, көп мәселенің бетін ашып, көптің тілеуін жеткізеді.

Ол – адам тағдырының, халық тарихының аса маңызды тұстарын сараптап, саралай білетін, терең де тағылымды ой өрбітетін, қарымды журналист, публицист, зерттеуші. Зерттеу кезінде қолына түскен дерек көздерін, мәнді мәліметтерді, мұрағаттық қажетті деректерді жалаң күйінде пайдалана салмай, талдап таразылай келіп, ақиқатына көз жеткізуге ұмтылады. Әрбір дүниесінен уақыттың ізі, алпыс жылдық қаламгерлік қызметінің белгі-бедерлері айқын аңғарылады. Журналистика саласында Тоқтар Бейісқұлов халық көкейінде жүрген көп мәселені көтеруімен ерекшелене білді.

Тоқтар Бейісқұлов – ұлт пен мемлекет мүддесі жолында күрескен қаламгер

«Тіліңді білмеу, тілсіз қалу – тұлдырлық». Тоқтар Бейісқұловтың өзі ұстанған қағидасы бұл. Ол осы қағиданың жолында талмай еңбек етті. Сексен жылдық ғұмырын адамгершілігімен, өзінің кісілік келбетімен, адамдық биік болмысымен мағыналы да мәнді сүріп өткен, ұлт пен мемлекет мүддесі жолында жан аямай қызмет атқарған қаламгердің ерен еңбегі ел есінде қалмақ.

Оның: «Қазақтың ар-намысына қатты  әсер ететін екі мәселе бар, ол – тіл мен жер. Тілі болмаса, ұлт болудан қалып құриды,  жері болмаса, тіршілік көзінен, байлық, дәулетінен айырылады, ұлттық  мемлекеті болмайды» – деген жанайқайы кімді де болсын ойландырады.

Тоқтар Бейісқұлов – сын өнерінің шебері

Әдеби сын – көркем әдебиеттің бір өлшемі іспеттес. Сын айта білу де нағыз шеберлікті талап етеді. Тоқтар Бейісқұлов сын жанрына да қалам тербеген жалынды жазушылардың бірі. Оның «Сөзді саралап қолданса» атты сыни жазбасы Дүкенбай Досжановтың шығармашылығына арналады. Жазушының көсіле сілтеген кең қарымды тілін айта келе, кейде жауапсыздыққа салынып, апыл-ғұпыл асығыстыққа салынып, артық кететін тұстары барын әдемі жеткізе біледі. «Мұра атауына мұқият болайық» мақаласы да бізге келіп жеткен шығармалардың атауы мен авторларының атын дұрыс қолдануды басты назарда ұстау керектігін шегелей кетеді. Тоқтар Бейісқұловтың «Қайнайды қаның», «Жер кімдікі?», «Жібек жолындағы» жайсыздақтар» және тағы басқа сын мақалалары мен ой-толғамдары жетіп артылады.  Сонымен қатар, публицист Жанат Ахмади мен Қуандық Түменбайға берген әдеби сындарының шоқтығы биік.

Тоқтар Бейісқұлов – қуғын-сүргін құрбандарының жыршысы

«Егемен Қазақстан», «Жетісу», «Қазақ батырлары», «Әдебиет айдыны», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ақиқат» журналына Тоқтар Бейісқұловтың қуғын-сүргін құрбандарына арналған зерттеу мақалалары әр жылдарда жарық көріп отырған. «Қайсар да арлы азамат» деп, ұлғататты ұстаз, ғылым докторы, ұшқыр ойлы, өткір тілді Темірбек Қожекеевтің тағдырын бүкпесіз баяндап береді. Оны оқи отырып, кеңестік үкіметтен келген жала қалай қарымды қаламгерді қажытқанын түсінесің. Десе де, әділдік жеңіп, темір мінезді Қожекеевке тағылған айыптар дәлелденбейді.  Көпке аты белгісіз ұйымдастыру қабілеті күшті қайраткер Оңдабай Оразовтың қалай ату жазасына кесілгенін, Нұрғали Мұсабаев, Ниязбай Қорабаев және тағы басқа көптеген қазақ азаматтары ешқандай артық іссіз-ақ өмірлерімен қоштасқанын жазушының жазбалары арқылы танысуға болады. Тоқтар Бейісқұлов репрессия жылдары қыршыннан кеткен адамдардың аты-жөнін алдымызға қойып, әлі де есімдері ақталмағандарға іздеу жұмыстарын жүргізіп, мәліметтер жинаған. «Жұдырықтай басын отқа салған» Иманжүсіп Құтпанұлының қилы тағдырына да куә боламыз. Қуғын-сүргін құрбандарының нағыз жыршысы болған Тоқтар Бейісқұлов осындай құнды деректерді шаң басқан мұрағаттардан ақтарып, ауыл-аймақты аралап, көз көрген жандардан жинап кейінгі ұрпақ біліп жүру үшін қалдырғаны анық.

Тоқтар Бейісқұлов – табанды зерттеуші

«Тоқаң қалам тартпаған тақырып жоқ шығар. Жазғандарын қадағалап оқып жүр­гендіктен осылайша байлам жасап отыр­мын. Ал сергек журналшы бо­лып бас­таған шығармашылық жолы танымал ғалым жазушылығымен аяқталды», – дей келе  Ғаббас Қабышұлы оның «жолында жүк қалмаған нағыз нар» екенін ерекше атап өтеді. Кей ғалымдар әр тақырыпты бір шолып, жан-жақты болуға тырысады. Ал Тоқтар Бейісқұлов зерттеген тақырыбын түгеспей тоқтайтын адам емес. Ол қай тақырыпты алса да, толық зерттеп, зерделеп, артынан өшпес мұра қалдырған пубицист, зерттеуші, қарымды қаламгер. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға