Жаңалықтар

"Кішкентай" өнертабыстар

17 қаңтар – өнертапқыш балалар күні
"Кішкентай" өнертабыстар
16.01.2019 12:22 7269

Ғылымға өзгеріс енгізіп, талантымен талайдың таңдайын қаңтырған өнертапқыш балалардың арнайы мерекесі халықаралық деңгейде аталып өтеді. Балалар өнер табысының алдыңғы легінде қалың қарда жүруге арналған көлік, теріден жасалған құлаққап, Брайль қаріпі, еңбексаз секілді дүниелер тұрады. Бұлардан кейін де жүздеген жаңалық дүниеге келіп, қаншама балаға патент берілді.

Максим Лима (12 жас) – өлшегіш робот

Львов қаласының 12 жасар тұрғыны Максим өлшегіш инженердің функциясын атқаратын робот жасап шығарған. Робот ғимараттың ішіне сканер жасап, алаңды өлшеп, жоспар құрып және радиосигналдың арқасында барлық ақпаратты компьютерге бере алады.

Фило Фарнсуорт (15 жас) – электронды бейнені тарату

Заманауи телевидение Фило Фарнсуортқа қарыздар. Ол химия мен физиканы байланыстыра отырып, 15 жасында алғашқы телевизиялық жүйесін ойлап тапты. Химия мұғаліміне ұзақ қашықтыққа бейнені электронды бере алатын жобасын ұсынған. Фило төрт жылдан соң, фосфор электронның ықпалы арқылы сәулелену үшін вакуумды түтікшені жасап шығарды. Ол өз кезегінде бейненің туындауына сеп болады. 1927 жылы американдық өнертапқыш алғаш рет электронды бейнені көлденең сызықта ұсынды. Оған дейін телевидение механикалық модульде жұмыс жасайтын еді.

Джек Андрака (15 жас) – ракты анықтайтын тест-жүйе

Тағы бір 15 жастағы американдық мектеп оқушысы Джек Андрака ұйқы безінің рагын ерте кезеңінде анықтауға болатын тест-жүйенің прототипін ойлап тапты. Бұл тест бүгінге дейін болған барлық анықтауыштардың ішінде 168 есе жылдам, аналогтардан 26 мың есе арзан. Ең бастысы – диагнозды 100 % дұрыс қояды. Осы өнертабысы үшін балғын таланттарды қолдаумен айналысатын Intel компаниясы Джек Андракаға 75 мың доллар тұратын грантты табыс етті.

Джона Кон (14 жас) – құлағы нашар еститіндерге арналған құрылғы

14 жасар Джона Кон дыбыс толқынын дене арқылы сезінуге мүмкіндік беретін Good Vibrations құрылғысын ойлап тапқан. Құлағы нашар еститіндер музыканы осы арқылы сезінуге мүмкіндіктері бар. Бұл идея Конға гитараны тісімен басқанда келген. Осылайша, Джона 2012 жылы Google Science Fair байқауында жеңіске жетеді.

Мэллори Кьювмен (13 жас) – ықылық тигенге қарсы дәрі

АҚШ-тың 13 жастағы мектеп оқушысы Мэллори Кьювмен ықылық тигенді басатын дәрі ойлап шығарған. Бұл мұз кәмпитінің құрамына қант пен алма сіркесі кіреді. Жаңа препарат Hiccupops атауын алып үлгерді.

Суман Мулумуди (15 жас) – қап-стетоскоп

15 жастағы мектеп қабырғасында білім алатын Суман Мулумуди 3D-принтерде iPhone-ға арналған қап басып шығарды. Оның ерекшелегі – смартфоннан жүрек пен адамның ішкі ағзаларын тыңдауға мүмкіндік беретін медициналық құрал – стетоскоп жасайды. Қаптың артында төменжілікті дыбыстарды қағып алып, телефонның микрафонына жеткізетін диафрагма қойылған. Ал смартфондағы арнайы бағдарлама сізге керек барлық ақпаратты айтып береді.

Анастасия Родимина (10 жас) – баспа графикасының жаңа түрі

10 жастағы мәскеулік Анастасия Родимина баспа графикасының жаңа түрін ойлап тапқанда Ресейдегі ең жас патенттің иесі ретінде танымал болған еді. Оның жаңалығы терезенің алдында бір жапырақ қағаз салынған монотиптің қалып кеткенінен кейін ашылған. Бірнеше күннен кейін бояу күйіп кеткеніне қарамай, қағаздың астында қалған бейне нақты контурын сақтап қалған.

Хәкім Сәдуақас (16 жас)  – мобильді-медициналық құрылғы

2013 жылы Хәкім ерекше медициналық қызметке ие «Ламабатэл» мобильді аппаратын ойлап тапқан еді. Ол диагностика мен терапияда төрт бірдей қызмет атқаратын қасиетке ие. Атап айтқанда: лазеротерапия, магнитотерапия, биологиялық белсенді нүктелерді табу және электромассаж. Сонымен қатар, ол құрылғы электр қуатымен, қарапайым батареямен де жұмыс жасай алатын мүмкіншілігі бар.

Қосымша. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, балалардың өнертабысы бірден-ақ, қолданысқа еніп, көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Сол себепті, әлемнің кей мемлекеттерінде жас таланттарды қолдайтын орталықтар жұмыс атқарады. Польша астанасы Варшавада он жылдан бері балалар өнертабысына арналған патент беретін бюро қызмет етеді. Осы уақытқа дейін бюроға он мыңдаған балалар жасаған дүниелер мен жобалар келіп түскен. Оның кейбірі әлемдік деңгейде қолданысқа еніп жатыр. Ал Нидерланды еліндегі Lego институты балаларды сарапшы болуға жиі шақырады. Себебі, олардың креативті ойлау жүйесі жаңалықтар ашуға көп көмегін тигізеді.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға