Жаңалықтар

Оқушыларға арналған онлайн-платформа

Оның ерекшелігі неде?
Оқушыларға арналған онлайн-платформа
24.05.2019 11:39 8080

Биылғы оқу жылы да аяқталып қалды. Алда оқушылардың ұзақ демалысы. Осы уақыт аралығында көп ата-ана баласы мектепте үйренгенін ұмытпай, білімін шыңдай түссе екен дейді. Ол үшін түрлі амалды қолданады: кітап, қосымша сабақтар, мұғаліммен жеке жұмыс. Алайда «цифрлы заманның баласын» бірсарынды оқу тез зеріктіретіні белгілі. Онда гаджетінен оңай айырылмайтын оқушынының білім, ғылымға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Бұл сұраққа заманауи білім беруге негізделген Budbeed жобасының менеджері Қайсар Тұрсынғожаның өз жауабы бар.

«Білім – басты құндылық»

Қайсар – Қазақ-Британ техникалық университетінің түлегі. Бүгінде ол жиған-терген білімін оқу-ағату саласын дамытуға жұмсап жүр. Озық ойлы жас баланың білімге деген қызығушылығы отбасында таңылатынына сенімді.

Кішкентайымыздан әке-шешеміз «білім – ең басты құндылықтың бірі, талай әлемнің есігін ашатын, көптеген келеңсіздіктерді түзете алатын кілт» деп тәрбиелеп, оқуға баулыды. Оқуға, білгеніңді үйретіп, оқытуға деген қызығушылық мені білім саласына жетелеген шығар.

Студент кезінен мектеп оқушыларын олимпиадаларға дайындап, олардың жетістіктеріне куә болған Қайсар көптеген білікті мамандармен әріптес болғанымен мақтанады.

Балаларды олимпиадаға дайындап жүргенде қазіргі мектеп оқулықтарының авторлары Темірболатова Әлия Есқалиқызы, Қазиева Айгүл Жұмашқызы сияқты ұстаздармен бірге жұмыс жасадым. Кейін үш-төрт жыл көлемінде Рауан Кенжеханұлы, Тимур Муктаров сынды ұлтжанды азаматтар бастаған Bilim Media Group компаниясындағы білім жобаларының басы-қасында болдым.

Сондай-ақ Қайсардың түрлі білім жобаларын жасап, оқу құралдарын жазуда да азды-көпті тәжірибесі бар. «Десе де өзімді көпшіліктің түсінігіндегі білім саласындағы емес, сол сала үшін қызмет істеп жүргендердің қатарына жатқызамын», - дейді ол.

Онлайн-платформасы жайында

Қазіргі таңда Қайсар онлайн-платформаның менеджері болып қызмет етеді. Қолға алынғанына екі жылдан асқан жоба жақында іске қосылған болатын.

Бұл - заманауи білім беруге негізделген жоба. Жобаның негізгі авторы -ұзақ уақыт бойы Қазақстанда қызмет етіп жүрген Үндістан азаматы Маниш Вахи мырза. Ол кісімен кездесіп, жобаның негізгі философиясымен танысқан соң, осы жобаға қосылып, команда жасақтай бастадық. Содан бері жобаның ауқымы кеңейіп келеді.

Жоба командасы үздік ІТ-инженерлердің, профессорлардың, ғалымдар мен цифрлық білім беру саласы бойынша әлемдегі жетекші мамандардың басын қосып, CNN, BBC, Rosen Publishing, Sterling Pixels сияқты жаһандық медиа-корпорациялармен байланыс орнатқан.

Ең бастысы, біз білім саласындағы бәсекелестікке емес, серіктестікке, достыққа қол созамыз. Әрине, ұлттың салт-санасына сай білім берудің маңызы зор, десек те білім мен ғылым — адамзатқа ортақ құндылық. Жобамыздың өзегі де осы.

Әр баланың бейіміне сай

Қайсардың айтуынша, жобаның маңызы - оның заманға және баланың бейіміне сай болуында.

Қазір - күнделікті өзгерістер, үздіксіз даму мен шексіз мүмкіндіктер заманы. Біз де ғасыр көшінен қалмай, әр оқушының өз қызығушылығы мен бейіміне сай “өмірдегі кетігін тауып, кірпіш болып қаланса екен” дейміз. Мысал ретінде айта кетейін, туысқандарым “Баламыз мектеп бітіріп жатыр, қазір қай оқу жақсы, қайсы мамандыққа түсуге кеңес бересің?” деп сұрап жатады. Әр баланың қабілеті, белгілі бір мамандыққа деген икемі әртүрлі болады ғой. Онлайн-платформада соны анықтауға көмектескіміз келеді.

Жобаның қазақтілді нұсқасы жайлы

Интернет арқылы пайдалы ақпарат табу оңай болса да, қазақ тіліндегі сапалы контенттің саны аз. Платформа шет тілдегі үздік материалдарды қазақ тіліне аудару арқылы қазақстандық балалардың танымын арттыруды мақсат етіп отыр.

— Алаш арыстары айтқандай, “Кез келген ғылым мен білім балаға өз ұлтының тілінде берілуі керек”. Біздің де ұстаным осы. Сондай-ақ, елімізде үштілді білім беру бағдарламасы қолға алынып жатыр. “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген тағы бар. Біздегі контент те үш тілде. Ана тілінде білім алып, қосымша шет тілін үйренуге мүмкіндік бар.

Қазір білімге құштар, көкірегі ояу, жаңалыққа жаны құмар жастар жоқ емес. Бастысы өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар беру, тексерілген, сенімді ақпаратты ұсыну. Осы мақсатта біз қазақ аудиториясына да әлем ғылымын түсінікті, әрі өмірден алынған мысалдар негізінде жеткізуді көздедік.

Десе де Қайсар шет тілдегі материалдарды қазақ тіліне аудару барысында біраз қиындықтар болғанын айтады.

— Ғылыми түсініктер мен терминдерді қазақшалау мәселесі әлі толық жолға қойылмағаны белгілі. Десек те, тікелей аудармаға ұрынбай, негізгі мазмұнды барынша жеткізуге тырыстық. “Көш жүре түзеледі”. Болашақта дарынды, еңбекқор, жанашыр жастардың арқасында бұл мәселелер шешімін таба жатар.

Құрам

Әзірге командадағы адам саны көп емес. Алайда жобаға қатысы бар мамандар мен инвесторлар оның қажет екенін ұғынып, жұмысын жандандыруға бар күштерін салуда.

— Жалпы алғанда, команданың негізгі құрамы білім мен ғылымға құштар, еліне қызмет еткісі келетін аудармашылар, ғылыми және тілдік редакторлар, дыбыс және видеомонтажға жауапты адамдар мен IT мамандардан тұрады. Бәріміздің илеп жатқанымыз — бір терінің пұшпағы.

Оқу форматы мен әлемдік тенденция жайлы

Қайсардың айтуынша, жобаның мақсаты мектеп бағдарламасын толық алмастыру емес, оқушыға да, оқытушыға да қажетті құрал-жабдық пен сапалы контентті ұсыну.

— Қазіргі балалардың талабы жоғары және олар цифрлық білімге дайын. Бұл портал жасанды интеллект арқылы әрбір оқушының білім деңгейіне сай қосымша оқу материалдарын ұсынып отырады. Бұл — басты ерекшелік.

Сондай-ақ, әлемдік тенденция – өмір бойы оқу (lifelong learning) бағытында. Ол белгілі бір оқу орны беретін біліммен ғана шектелмейді. Меніңше, офлайн білімге деген сұранысын жоғала қоймас, ал онлайн білімнің дами түсуі тек уақыт еншісінде.

«Білімге салынған инвестиция - ең ұтымды»

Біздің елде онлайн білім беру енді ғана жолға қойылып келеді. Дәстүрлі білім алған ата-ана интернет арқылы алынатын ақылы білімге әлі де болса сенімсіздікпен қарайды. Алайда сұраныс болмаған жерде ұсыныстың да болмасы анық.

— Иә, қазіргі таңда көп адамның қалтасы қосымша шығынды көтере алмайтын деңгейде екені – ащы да болса шындық. Десе де қоғамда қосымша білімге деген сұраныс та жоғары. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін: ата-аналардың мектептегі білімге көңілі толмауы, тез өзгеріп жатқан әлемде балаларының болашағы қалай болады деп алаңдау секілді.  

Қалай болғанда да, білімге салынған инвестиция - ең ұтымды. Әрине, ол ата-ананың тәрбиесі, қадағалауы мен баланың санасы сияқты бірнеше факторға да байланысты. Мысалы, әкем мен анам ауылдағы жақсы қызметтерін тастап, Алматыға көшкен кезде, бастапқыда жұмысқа тұру, үш баланы асырау қиын болғанын қазір жақсы түсінемін. Бірақ олар бізге кітап, не оқуға керек дүниелерді алуға ешқашан шектеу қоймайтын. Қазіргі ата-аналардың да, соңымыздан ерген буынның да мектеп кезінен бастап жақсы, пайдалы оқудың маңызын түсінгенін қалаймын.

Жоба мұғалімдерге не бермек?

— Біздің жоба мұғалімдерге сабағын мазмұнды, әрі қызықты етуге көмектеседі. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқытушылармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Жоғарыда атап өткендей, ең бастысы - мұғалім оқыту барысында жасанды интеллекттің көмегіне жүгіне алады.  

Білім беру жүйесі жайлы

Сондай-ақ Қайсар қазіргі мемлекеттік білім беру жүйесіне қатысты өз ойын білдірді.

Меніңше, білім беру жүйесін үлкен төрт топқа бөліп, жеке-жеке қарастырған жөн сияқты. Біріншісі – балабақша және мектеп. Екіншісі – кәсіби білім беру, яғни колледж. Үшіншісі – университет. Төртіншісі – ғылыми институттар мен ғалымдарға арналған гранттар. Әр топтың спецификасы, шешуді қажет ететін мәселелері мен енгізілуі қажет өзгерістері де әртүрлі. Білім министрлігінде осындай жекелеген салалар аясында әр саланың кәсіби, білікті мамандары қажет реформаларды жасауға атсалысып, жалпы даму векторын министрліктің ортақ, бірлескен жиындарында нақтылап отырса алға ілгерілеу болады деп ойлаймын.

Онлайн-платформа 1-9-сынып оқушылары мен мұғалімдеріне арналып, білім сапасын арттыруды көздейді. 

Мектептегі ең негізгі, маңызды екі субъект – оқушы және оқытушы. Екеуінен де “лабораториялық тышқан” жасаудың керегі жоқ. Содан соң әрбір жаңа “реформатор” өзіне дейінгі өзгерістердің тиімді-тиімсіз тұстарына қарамастан, білім жүйесін түбегейлі өзгерткісі келетінін құптамаймын. Қағазбастылық жойылып, мұғалімдерге шығармашылық еркіндік берілсе, олар қосымша іздену арқасында оқушыларға өз пәнін ғана емес, жалпы концепцияны әр қырынан түсіндіріп, пәнаралық байланыстарды көрсетіп, баланы қызықтырып қана қоймай, олардың таным көкжиегін кеңейтіп отырса білім деңгейіміз әлдеқайда жақсарар еді деп ойлаймын.

Алдағы жоспарлар жайлы

Қазіргі таңда команда жобаға қосымша инвестициялар тартып, шет елдердегі нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Қайсардың айтуынша, үздіксіз даму үшін, контенттің саны мен сапасын да арттыра беру үшін бізге қолданушылар мен олардың пікір-ұсыныстары қажет.

Иә, әлі де шикілеу тұстары кездесіп жатуы мүмкін. Сынайық, түзейік, бірақ немқұрайды қарамайықшы дегім келеді. Ең бастысы - сенім. Жоспар көп, бастысы мақсатымыз айқын. Ендігі кезекте бізге артылған сенімді абыроймен ақтап, көзделген мақсатқа ұмтылуға күш саламыз.

Іске қосылғанына аз уақыт болса да, онлайн-платформа биылғы жылдың қорытындысы бойынша Халықаралық EDTECH жарысының финалына өтіп, үздік үштіктің қатарына еніп үлгерді. «Бастапқы жобалардың бір пайыздан аз мөлшері ғана финалға шығатынын ескерсек, бұл нәтиже бізге үлкен қуаныш сыйлап, әрі үлкен жауапкершілік артты», - дейді Қайсар, - «Жобамыз әлі жас, алар асуы, шығар шыңы алда деп білеміз».

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға