Жаңалықтар

Найзағай несімен қауіпті?

Найзағай несімен қауіпті?
18.11.2020 17:16 25132

Табиғата адам таңқаларлық құбылыстар аз емес. Бұл тылсым табиғат құбылыстары кейде адам жанына жайлылық сыйласа кей жағдайларда қорқыныш тудыратыны да рас. Мәселен, біз неліктен тосыннан найзағай сатұр-сұтыр етіп, жай оғы жарқылдаса үй терезелерін жауып, айналардың бетін жауып, электрлік қондырғыларды қуаттан ажыратып жатамыз. Мұның себебі ертеден келе жатқан наным-сеніммен байланысты екені де сөзсіз. Алайда, адамдардың бұлайша жасауына ғылыми тұрғыда да жауап табылады. Сонымен, көктегі жай отының жарқылы неден пайда болады және ол адамдар үшін қаншалықты қауіпті деген сұрақтың төңірегінде жауап іздеп көрелік.

Хош делік...

Найзағай – бұлттар арасындағы немесе тіпті көктегі бұлт пен жер арасында болатын электрлік ұшқынды заряд. Оның ұзындығы бірнеше километрге дейін созылуы мүмкін, ал диаметрі ондаған сантиметрге, ұзақтығы секундтың ондаған үлесіне дейін жетеді.

Жалпы найзағайдың ойнауы ежелгі наным-сенімдегідей Тәңірінің ашулануы емес, бұл шынтуайтында кешенді атмосфералық құбылыс қана.

Найзағай несімен қауіпті?

Найзағайдың ойнауы кезінде қалың будақ жаңбырлы бұлттар арасында өзара, сондай-ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұлттар мен жер арасында өте көп еселенген электр разрядтары пайда болып, ол күннің күркіреуіне алып келеді. Соның салдарынан ұйытқыған жел, дауыл орнауы да ғажап емес, кей кездерде қатты нөсермен бірге бұршақ аралас жаңбырдың да жаууына осы бұлттар арасындағы өзара зарядталуы себепші болады.

Мына қызықты қараңыз, найзағайдың өзі шептік және массалық болып бөлінеді екен. Шептік найзағай аты айтып тұрғандай, атмосфера қабаттарының шебінде ғана пайда болады, ал масса ішіндегі найзағай жер бетіне жеткен ауа массасының жылынуынан қалыптасады.

Жалпы найзағай жарқылын бақылаған болсаңыз, оның көп жағдайда геометриялық сызық түрінде түсетінін көресіз. Ғалымдардың ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырымдамаларына сүйенсек, бұлттың белгілі бір бөлігінде разряд болуы үшін жеткілікті көлемде электр заряды түзіліп, оның бұлттың қалған бөлігінде де разряд алуы үшін орташа кернеулігі 0,1-0,2 Мв/м электр өрісі болуы керек екен.  

Табиғатта найзағайдың бірнеше түрлері бар. Сызықтық найзағай деп аталатын түрінің өзі пайда болуына байланысты және бірнеше түрге бөлінеді.

Мәселен, бұлттың жоғарғы бөлігінің оң, ал төмен бөлігінің теріс зарядты болуынан түзілетін найзағайдың түрін «Бұлттан - жерге» деп атайды. Бұл жағдайда найзағай сызықтары бұлттан төмен жерге қарай тармақталады.

Сондай-ақ, керісінше төменнен жоғары, яғни найзағай сызықтары жердің биік төбесінен бұлтқа қарай тармақтала соғылатын найзағай түрін «Жерден - бұлтқа» деп атайды. Бұл найзағай түрі жер бетіндегі ең биік жерде, мәселен тау шыңында жинақталған электр  зарядының ауа қабатын тесіп өтіп, найзағайлы бұлтпен жанасуынан болатын құбылыс.

«Бұлттан - бұлтқа» деп аталатын найзағай түрі бұлттардың өзара жанасуынан туындайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұлттардың жоғарғы жағы оң зарядты, ал төменгі жағы теріс зарядты болып келетіндігі ақиқат. Сондықтан, бір-бірімен қатар тұрған бұлттар өзара электрлік зарядтар жібереді. Соның салдарынан зарядтардың соқтығысуынан найзағай пайда болады.

Ал жерге соқтықпай, аспанда көлдеңен болатын найзағайдың түрін «көлдеңен найзағай» деп атайды. Бұл найзағайлардың қуаттылығы да, сәйкесінше қауіптілігі де жоғары болады.

Найзағайлы бұлттан төмен қарай бірнеше қатарлы немесе тұтастай лента секілді бірінен соң бірі түсетін найзағайды «таспалы найзағай» деп атайды.

Сондай-ақ, табиғатта «перде тәрізді найзағай» да бар. Ол бұлттан төмен қарай тігінен бірнеше қатар болып тізбектеліп яғни пердеге ұқсап түседі.

Түсі ақшыл, қызғылтым болып келетін, тұс-тұстан қатты сатұр-сұтұр етіп естілетін, найзағайлы дауылдың алдында болатын найзағайдың түрін «көлемі жуан найзағай» деп атайды.

Найзағайдың сондай-ақ, «Үзік сызықты», «Шар найзағай», «Әулие Эльма жарығы», «Жаңартаулық найзағай» деген сіз естіп көрмеген атаулары мен түрлері бар. Егер қызықты болса, ары қарай оқыңыз. Бұл туралы мәлімет беруге дайынбыз.

Мәселен, «Үзік сызықты найзағай» табиғатта өте сирек кездесетін тізбекті найзағайдың түрі. Оның сызықтық найзағайлардан ерекшелігі - найзағай тармақталмайды.

Найзағай несімен қауіпті?

Ал «Шар найзағай» ауаның белгілі бір қабатында қалқып тұратын ионды газдардан қалыптасады, ол шын мәнінде шар тәрізді болып келеді.

 

Сіз таң қаларсыз, алдайда ақиқатында ауада электр өрісі аса қатты болған кезде, жер бетіндегі биік заттардың, мәселен, жекелеген мұнаралардың, көкпен таласқан ағаш-талдардың, кеме діңгектерінің үшкір болып келетін төбелерінде шоғырлы жарқыл пайда болуы мүмкін. Бұл жарқыл әдетте жаз кезінде болса, найзағайлы дауылдың, қыста болса, адуынды боранның болатындығынан хабар береді.

«Жанартаулық найзағайды" ғалымдар жаңартау магмасынан немесе күлдерінен тарайтрын  электр өрістерінен пайда болуы кәдік деп болжайды.

Найзағайдың жарқылы сыртынан бақылағанда өте әдемі көрініс болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл қауіптілігі аса жоғары құбылыс. Ғалымдардың пайымдауынша, оның жарқылының қуаттылығы үлкен разрядты электр тогымен тең. Найзағай жарқылының температурасы күн аймағындағы температурадан алты есе күштірек болады, яғни 30 000 градуқа дейін жетеді. Тиген жерін күйдіріп жіберетіндігі де сондықтан. Оның орын ауыстыру жылдамдығына да көз ілеспейді, секундына 100 мың километрге дейін жетеді. Мына деректі қараңыз, жыл сайын найзағайдың түсуінен әлемде 3000-ға жуық адам өмірімен қош айтысады екен. Жалпы зерттеушілер найзағайдың бірінші кезекте биік тұрған нысанаға түсетінін айтады.

Найзағай жарқылының соңы қатты дауылға алып келсе, онда одан қауіптену керек. Әсіресе, ауылдық жерлерде пеш жақпауға кеңес беріледі. Себебі, пеш мұржасынан шығатын түтін, яғни жоғары температуралы газда қарсыла алмаушылық болады және ол токты жақсы өткізеді. Сондай-ақ, телефонмен сөйлесуді де доғара тұрған абзал. Найзағайдың көп жағдайда бағаналар арасында тартылған электр, телефон сымдарына жиі түсетіндігі анықталған. Найзағай ойнаған кезде телефонды дереу сөндіріп тастаған абзал, себебі, кей жағдайларда телефон қоңырауына найзағайдың түсу фактілері де орын алған. Сондықтан да, найзағай ойнаған кезде электр желісіне, терезе жанына жақындамауға кеңес беріледі және электрлі қондырғыларды да сөндіріп тастау қауіпсіздікті арттыра түсетінін есте сақтау қажет.

 Ал найзағай ойнаған уақытта орман арасында немесе талы көп жерде жүрген болсаңыз, қысқа талдар өскен жерді паналаған дұрыс. Биік талдар, әсіресе қайың мен еменге найзағай түсуі әбден мүмкін.

Найзағай несімен қауіпті?

Ал су жағалауында немесе су жиналатын жерде болмаған абзал. Себебі су токты жақсы өткізеді. Сондықтан, найзағай уақытында суға шомылып жүрген болсаңыз, судан дереу шығып, жағалаудан алысырақ жерге барыңыз. Су токты жақсы өткізетіндіктен, найзағайдан пайда болған ток су жағалауында 100 метр қашықтыққа дейін тарай алады. Найзағай ойнаған сәтте жазық далада болсаңыз, жерге жата кетпеңіз, дұрысы, жүресінен отырғаныңыз. Найзағай кезінде жазық жерде қалмауға тырысыңыз, себебі, найзағай ең биік нүктеге түседі. Ал жазық жерде оның нысанасы қалқиып тұрған жалғыз адам болуы да ғажап емес. Егер жазатайым ашық алаңқайда немесе егіс даласында қалсаңыз, кез-келген шұңқырға немесе сайға төмен қарап отыра кетіңіз. Киіміңіздің су болғанынан қорықпаңыз.

Найзағай кезінде белсенді түрде спорттық жаттығулар да жасауға болмайды. Жалпы найзағай кезінде жерге жатуға да, ағаш тасасына тығылуға да, бір орында қақшиып тұруға да, жылдам жүруге немесе жүгіруге болмайды делінеді. Жылдамдықты бірқалыпты күйде сақтау қажет.

Сондай-ақ, металлдан жасалған заттардан алысырақ болған жөн.

Ал найзағай ойнаған уақытта көлік ішінде отырсаңыз, машинадан түсіп қашудың қажеті жоқ, көліктің есік-терезесін жауып, радиоқабылдағыштың антеннасын төмен түсірсеңіз жеткілікті.

Телефонды қуатқа қоюға да болмайды. Жалпы телефонды қатты жел күндері де қуаттауға қоймауға кеңес беріледі. Себебі, бұл кезде электр желісінің кернеуі жоғары болады екен.

Найзағай ежелгі заманнан адамдар үшін тылсымы көп тілсіз құбылыс болып келген. Одан қорыққан, қауіп күткен. Әлі күнге дейін солай. Жалпы найзағайдың күші 10-500 мың ампер аралығында, ал найзағай жарқылының бойындағы ток 10 миллионнан 1 миллиард вольтқа дейін жетеді. Найзағай түскен адамның аман қалуының екіталайлығы да сондықтан. Найзағайлы бұлттар сағатына 40 шақырым жылдамдықпен қозғалады, ал әр секунд сайын жер бетіне 40-60 найзағай түсіп отырады. Найзағайдың бір жерге екі рет түсуі де мүмкін.

Ғалымдардың дәлелдеуінше, күн күркіреуі арқылы найзағайдың түсу қашықтығын анықтауға болады. Егер күн күркіреуі мен найзағай арасындағы үзіліс 1 секунд болса, бұл оның 300-400 метрлік жерде екенін білдіреді, ал 3 секундтық үзіліс болса, найзағай 1 шақырымда...

Ал құмға түскен найзағай оны күйдіріп, әп-сәтте әйнекке айналдырып жібереді.  

Найзағай несімен қауіпті?

Жалпы жер бетінде жылына 44 мыңға жуық найзағай жарқылы болады. Тіпті найзағайдың жарқылының көбінесе күннің екінші жартысында, яғни 13 сағат пен 24 сағат аралығында болатындығы да дәлелденген.

Мына қызыққа зер салыңыз, тропикалық жерлерде, Кавказ тауларында найзағайдың жарқылының ұзақтығы 12-13 сағатқа дейін созылады екен.

Күн күркіреуі мен найзағай жарқылы екі жүз жылда бір-ақ рет болатын ел бұл -  Мысыр. Ал Индонезияның Ява аралында жылына 220 рет найзағай жарқылдайды.

Найзағайдың пайдасы да жоқ емес, оның жарқылынан ауаны тазартатын азондар шығарылады, сондай-ақ найзағай ғаламшарды ультракүлгін сәулелерден қорғайды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға