«Кітап өз құндылығын ешқашан жоғалтпайды»

Баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жолдары

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Ол баланың ой-өрісін өсіріп, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Бірақ өткен заман артта қалып, күн сайын жаңарып жатқан техника мен технологиялар дамыған кезеңде кітап оқитын көзі қарақты оқырманның саны азайып келеді. Ал қазіргі кезде интернет парақшалары мен желідегі ойындардың жанында баланы тіпті кітапқа қызықтыру мүмкін емес. Мұндай кезде не істеу керек? Бүгінгі күннің балалары кітап оқи ма? Балдырғандардың оқу-білімге деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «балалар кітапханасы» бөлімінің қызметкері, кітапханашысы Әміржанова Нұргүл Өмірбекқызымен әңгімелескен болатынбыз.

Dq8FBisWoAA_s1c.jpg

Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының балалар кітапханасы 2018 жылы Балалар әдебиетінің жылын жариялау аясында ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің қолдауымен құрылған. Кітапхана басшысы, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаеваның жетекшілігімен ҚР Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Балалар кітапханасы ашылған болатын.

им.jpg

– Қазіргі таңда балалар кітапханасының қоры 13295 дана кітап құжаттарды құрап отыр. ҚазҰЭК бойынша балаларға арналған кітаптар саны – 5551. Оның ішінде көркем әдебиет (ертегілер) – 407, оқулықтар (пәндер бойынша) – 5099, ноталық басылымдар – 21 болса, 24 атауда энциклопедиялар мен анықтамалықтар мен әдебиеттер бар, – дейді кітапханашы Нұргүл Өмірбекқызы.

Балалар кітапханашысының айтуынша, жасөспірімдердің қызығушылық тудырып оқитын кітаптардың қатарында алдыңғы орынды әдеби кітаптар иемденеді екен.

Кітапханашы ретінде балалармен бірге күнделікті жұмыс істегеннен кейін олардың үнемі оқитын кітаптарын, қай жанрға қызығатындықтарын біз жақсы білеміз. Кейбір бүлдіршіндер фантастикалық жанрға қызықса, екіншілері көркем әдебиетті сүйіп оқиды. Біздің Балалар кітапханасындағы жоғарғы сұраныстағы кітаптарға – Абайдың өлеңдер жинағы, М.Әуезовтің «Көксерек», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым -Қожа»,Д. Ролингтің «Гарри Поттер», М. Твеннің «Приключения Тома Сойера» және Д. Дефоның «Робинзон Крузо» тағы да басқа кітаптар жатады, – дейді кітапхана қызметкері.

a1d0c6e83f027327d8461063f4ac58a6.jpg

Бүгінгі таңда кітапхана оқырмандары үшін барлық жағдайлар жасалған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы Балалар кітапханасының аумағы 360 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде балалардың мектептен тыс білімін жетілдіруге арналған 40 орынды оқу залы, интернетке қол жетімді электронды бөліммен түрлі үйірмелердің жұмыс жасауына қолайлы 6-8 жас аралығындағы балаларға арналған шығармашылық оқу залы орналасқан. Сонымен бірге үйге кітап беретін «Көркемәдебиет» абонементіде балаларға кітапханалық қызмет көрсетіп келеді.

– Кітапханадағы әр зал мен бөлім оқырмандарға қолайлылық туғызып, әсем безендірілген. Сонымен бірге ондағы залдар барлығына қолжетімді кітап көрмелерімен жабдықталған. Оқу залдары ғаламтор тұрақты түрде жұмыс істеп отырады. Кітапханалық қызмет балалардың жас ерекшеліктеріне қарай 6-14 жас аралығындағы балаларға жұмыс жасайды, – деді Нұргүл Өмірбекқызы.

Балалар кітапханасындағы көрме

Балалар кітапханасында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!» деген атаумен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ұсыныстық кітап көрмесінде бала Абайдан дана Абайға дейінгі аралықты қамтитын көркем шығармалар мен көркем суретті кітаптар қойылған. Кітапханашының айтуынша, аталған көрме жыл бойына толықтырылып әрі насихатталып отырады екен. Ал «Әдебиет –өмір шуағы» атты көркем әдебиеттерден тұратын ұсыныстық көрмеде балалар әдебиетінің жауһарлары ұсынылған. Кітап көрмесінің ішінен бүлдіршіндер әлем әдебиетінің шоқтығы биік туындыларымен таныс бола алады. Сонымен бірге «Танысыңыздар, жаңа кітаптар!» деген көрме балалар кітапханасының қорына келіп түскен жаңа әдеби кітаптарды ұсынады. Ондағы көркем безендірілген балалар кітаптары әр алуан тақырыптарды қамтыған.

лро.jpg

– Жас буын оқырмандардың кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында балаларға арналған, оларды бірден баурап алатын көркем кітаптар көбірек болғаны дұрыс деп есептеймін. Екіншіден, ата-аналар тарапынан да баланың кітапханаға келуін қадағалап, кітап оқуға бағыттап отырса дұрыс болар еді. Мен – өзім көп балалы анамын. Тұңғышым – студент. Қалған үшеуі – мектеп оқушылары.Олардың сабағын, кітап оқуын үнемі қадағалап отырамын. Әсіресе карантин уақытында Абайдың өлеңдер жинағын жаттап, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары», Т. Әбдірайымның «Құс қанаты» және батырларын жырын бірге оқып, уақытты тиімді пайдаландық , – деді Нұргүл Өмірбекқызы.

Бүгінгі таңда балалар кітапханасы абонементі күнделікті тәулік бойы оқырмандарға онлайн қызмет көрсетеді. Интернет арқылы балалар кітапханасының порталынан кішкентай оқырмандарға арналған алуан түрлі көркем әдебиеттермен таныс болып, оқуға болады. Нұргүл Өмірбекқызы сұхбат барысында өзінің тоғыз жылдан бері кітапхана саласындағы тәжірбиесінде оқырманның қандай кітапқа қызығушылық танытатындығын жақсы біледі.

s1200.jpg

– Әрине, қазіргі кезде техника мен интернет дамыған уақытта баланың кітапқа деген сұранысы бәсеңдегені рас. Дегенімен ата- ана, мұғалімдер, кітапханашылар болып, жас оқырманға шығарманың мазмұнын әңгімелей отырып, оқиға барысымен таныстырып, қызықтырып кітап оқуға деген құлшыныстарын артыруға болады, – деп есептейді кейіпкеріміз.

Кітап оқуға қызығушылықты арттыру

Планшетпен және смартфонмен қаруланған бүгінгінің баласына нені оқытып, не көрсету керек екені кез келген ата-ананы алаңдататын сауал болып табылады. Осы орайда балалар кітапханасында тұрақты түрде шеберлік сағаттары өткізіліп отырады.

1-30.jpg

– Бұл шеберлік сағаттары балалардың мектептен тыс білімдерін жетілдіру мақсатында сұраныстарын қанағаттаруға арналған. Сонымен бірге үйге кітап алуға да бар жағдай жасалған. Шығармашылық залында кез келген балаларға сурет салуға, үйірмелер мен тренинтерге қатысуға болады. Кітапханадағы «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойындарды дамыту үйірмесі, «Жарқын жұлдыздар» ғаламшартану үйірмесі (астрономия), «Юнеско» сурет салу үйірмесі кесте бойынша жұмыс істейді, – дейді кітапхана қызметкері.

Шығармашылық өнер залында балаларға мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Олардың өнер қабілетіне қарай театрландырылған қойылымдар қойылып, арнайы мәдени және мерекелік кештерді өткізіледі. Балалар кітапханасы балаларды рухани дамыту орталығы ретінде серіктестерімен бірлесе отырып, балалардың жас деңгейіне қарай танымдық көпшілік іс- шараларды жоспарлап, сонымен қатар әр түрлі тақырыпта арналған факультатив сабақтарын да өткізіп отырады.

Бала кезінен кітап оқығанды жақсы көрген кітапханашы Нұргүл Өмірбекқызы бүгінде өз мамандығын ұнатады. Ол ұл-қыздарын да үнемі кітап оқуға баулып отырады.

– Ілгеріде айтып кеткендей, интернет пен техника дамыған кезде, кітап оқитын балалардың қызығушылығы мүлдем кенжелеп қалды дей алмаймын. Себебі, қашанда кітапхана мен кітаптың орны мүлдем бөлек. Қоғам болып, ата-ана болып кітапты насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жан-жақтан жүргізсек, баланың қызығушылығын арттырамыз. Кітап өз құндылығын ешқашан жоймайды, – дейді кітапханашы.

Балалар кітапханасындағы жаңашылдық

Балалар кітапханасы төрт бағытта жұмыс істейді. «Қиял қанатында» атты ертегі терапиясы жобасы жас ұрпаққа тәрбие берудегі тиімді құралдардың бірі – ертегі тыңдауға баулиды. Оқырмандарға ертегі оқып, тыңдату арқылы баланың бойына халықтың әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін қалыптастырады. Ал «Үлкеннен өнеге» атты ата-әжелер институты жобасы бойынша отбасылық тәрбие құндылықтары, кітап оқу мәдениетін түсіндіру мақсатында ақындармен, жазушылармен кездесу қамтылған. Сонымен бірге «Спорт – бейбітшілік елшісі» жобасы аясында спорт шеберлерімен де басқосу ұйымдастырылады. Ал «Жыр қанатында» атты мәнерлеп көркемсөз оқу жобасы барысында әдеби шығармалар өткізіліп отырады.

fe65a9abda6d4313c74a9405c06b2d0f.jpg

– Бүгінде кітапханының жұмыс жоспары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Карантиндегі: белсенді күнтізбем» атты онлайн көркем шығарма байқауын жариялаған. Аталған байқауды өткізудегі мақсатоқушының шығармашылық қабілеттерін арттырып, жазу арқылы өз ойын шебер жеткізуге және бала қиялында төтенше жағдайдың тиімділігін ұқтыруға үйретеді. Сонымен бірге қаламгерлердің мерей тойларына орай жоспарға сәйкес кездесулер, поэзия сағаты, патриоттық сабақ, балалар жазушыларымен кездесулер ұйымдастырылып отырады, – дейді кітапханашы.

Кітап оқудың пайдасы

Кітап – рухани сарқылмас қазына. Ғалымдар ақыл-ойды ұзақ уақыт сақтап қалу үшін, миды жаттықтырып отыру керек деп кеңес береді. Жалпы кітап өткір және ұтқыр ойлауға, логиканы дамытуға көмегін тигізеді. Сонымен бірге адамның рухани дамуы мен жақсы жаққа өзгеруіне ықпал етеді.

38806ddd04d6cd94524619dce60ae55f.jpg

– Бала шыр етіп дүние есігін ашқанда бесік жырымен әлдейлейміз. Бұл да кітапқа жақындатын бір тәсіл деп ойлаймын. Көркем суретті ертегі кітаптарды жастайынан көзімен көріп, санасына тоқыған баланың кітапқа деген қызығушылығы сезіледі. Сәбиге жастайынан ойыншық пен кітапты қатар алып, үйретсе, үлкейе келе ол сол балаға да дағды болады, – деп кеңес берді Нұргүл Әміржанова.

Жасөспірімдердің тұлға ретінде дамуына класссикалық әдебиеттердің пайдасы орасан. Сонымен бірге баланың өзін-өзі бағалауы жоғарылып, ойын еркін жеткізе білуіне де кітаптың тигізетін әсері көп.

Қазіргі таңда балалар кітапханасының жетістіктері статистика жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 26,6% -14 жасқа дейінгі балалар болып табылады. Ал сол жағалау бойынша осы жастағы балалар саны – 48683. Сол жағалаудан балаларға арналған кітапхананың ашылуы балалар мен ата-ана үшін білім мен ақпарат орталығы болып табылуы ең басты жетістік. Бүгінгі таңда Балалар кітапханасының оқырман саны – 20820 құрап отыр, – дейді Нұргүл Өмірбекқызы.

Кітап адамға кемелденуге көмектеседі. Бүгінде қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың барлығы кітаптың орнын алмастыра алмасы анық. Сондықтан балаларға кітапты сүйіп оқуға көмектесу керек. Ал кітапхана әрқашан да болашақтың қақпасы болып қала береді. Кітап оқудың құндылығын жете ұғынған адам оның бүгінгі күні де келешекте де білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал екендігін ұғынары сөзсіз. Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей. Ал Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп жазып кеткендей рухани байлықтан, жан азығынан қол үзіп қалмай, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы кітап оқуды әдетке айналдырайық.

 


(Суреттер: Балалар кітапханасының жеке мұрағатынан және yandex.kz сайтынан алынған)

Ұқсас материалдар