Жаңалықтар

IQanat: ауыл балаларын қанаттандырған жоба

IQanat бағдарламасы ауыл балаларына қандай мүмкіндіктер бермек?
IQanat: ауыл балаларын қанаттандырған жоба
01.04.2019 07:42 12776

Елімізде қала мен ауыл мектеріндегі білім сапасының деңгейі салыстуға келмейтіні жиі айтылады. Шалғай ауылда орналасқан мектептер оқуға қажетті құрал-жабдықтардан құр қалуын былай қойғанда, бір пәннен ғана сабақ беруі тиіс мұғалім бірнеше пәнді қатар алып жүреді. Осылайша мектепте дұрыс білім ала алмаған бала тестілеуден сүрініп, жақсы оқу орнына түсе алмай, көптеген проблемаларға кез болады. Сол проблемалардың алдын алу мақсатында құрылған IQanat білім беру қоры қазір 150-ден аса ауыл баласын жоғары оқу орнына түсуге дайындауда. Бұл тек бастамасы деген қор директоры Айжан Садыкова El.kz порталына IQanat бағдарламаcының маңызы мен оны жүзеге асыру барысында кездесетін қиындықтармен бөлісті.

Бағдарлама жайлы

IQanat 2017 жылы қыркүйек айында пилоттық жоба ретінде Шығыс Қазақстан облысының 6 ауданында (Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Қатон-Қарағай, Көкпекті, Үржар) негізінде басталды. Олимпиада түрінде өткен сынақтан сол аудандардан 150 оқушы үздік шықты. Қазір біз сол балалармен жұмыс жасап жатырмыз. Олардың жартысы 11-сынып оқушылары болса, екінші жартысы 10-сынып оқиды.

Бағдарламаның инициаторы, идея авторы - Айдын Рақымбаев. IQanat қоры толығымен қайырымдылық негізде құрылған және қайырылымдыққа бөлінген ақшаға жұмыс жасайды. Яғни, белгілі бір елді-мекендегі, болмаса түгел облыстағы ауыл балаларын оқытуға бөлінген қаражатқа жұмыс жасаймыз. Біздің есептеуімізше, әр елді-мекендегі балаларға білім беру шығыны шамамен 1-1,5 миллион теңге болады. Қазіргі таңда біздің жобаға 15 шақты меценат көмек көрсетуде. Алдағы уақытта оның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көп меценат тартсақ дейміз.

Биыл біз дайындап жатқан 11-сынып ҰБТ-ға қатыспақ. IQanat бағдарламасының алғашқы түлектері болғандықтан, өз баламыздай алаңдап отырмыз. Қазір олардың арасындағы үш оқушы Литвадағы университетке жолдама алды. Ал ағылшын тілі жақсы балаларды шетелдік оқу орнындарына түсіруге тырыспақпыз. Сондай-ақ осы 80 бала негізінде бағдарламаны тиіді жүзеге асыру алгоритмдерін жасаудамыз. Себебі 2018 жылдың қыркүйегінен бастап біз республика бойынша жұмыс жасай бастадық. Қазақстанда 162 ауылдық аудан болса, қазір біз солардың барлығын қамтуды жоспарлап отырмыз. Биыл IQanat бағдарламасына 800 бала қатыспақ. Ал олармен нәтижелі жұмыс жасау үшін тура алгоритмдер қажет.

Бағдарламаның месседжі қандай?

Қазақстанда проблема көп, оны жасыра алмаймыз. Осы бағдарлама арқылы балалар жақсы білім алып, білікті маман атанып, сол проблемаларды шешуге ат салысса дейміз. Оны балалар қаншалықты сезінетіні бізге беймәлім. Десе де ҰБТ-ға дайындап, мотивация беру арқылы оларды Қазақстандағы және әлемдегі үздік оқу орындарына түсіруді мақсат етіп отырмыз.

Олимпиада қалай өтеді?

Біз 9-сынып оқитын ауыл балалары арасында IQanat олимпиадасын өткіземіз. Ол екі турдан тұрады. Оның алғашқысы күзде, екіншісі көтемде өтеді. Бірінші турға биыл 30 мыңдай бала қатысты. Оның 25 %-ы екінші турға іріктелді.

Екінші тур 20 сәуір күні өтпек, оған шамамен 6 мың бала қатысады. Осы турдан кейін әр ауданнан 5 бала іріктеліп, 1-5 шілде аралығында елордаға келеді. Мұнда олар Назарбаев университеті негізінде өтетін республикалық олимпиада мен тренингтерге қатыспақ. Республикалық олимпиадаға жолдама алған балалардың барлығы екі жыл біздің бақылауымызда болады. Яғни, 10-11-сынып бойы біз оларды қашықтықтан ҰБТ мен IELTS-ке дайындап, сол бойынша тренингтер өткіземіз. IELTS-ке дайындықты Rocket Study ағылшын тілі мектебімен, ал ҰБТ-ға дайындықты EduCon қосымша білім беру орталығымен  бірге ұйымдастырамыз. Күзде және көктемде балаларға арналған оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Олар күзде және көктемде кэмп ұйымдастырып, балалармен оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Сондай жиындардың бірі 25-30 наурыз аралығында Өскеменде өтті.

Олимпиаданың басты ерекшелігі

Олимпиадаға кез келген 9-сынып оқушысы қатыса алады. Ол үшін біздің жобаның сайтына кіріп, тіркелу жеткілікті. Мобильді қосымшамыз да бар. Онда дайындық материалдары (видеосабақтар, тапсырмалар) бар. Олимпиадаға қатысамын деп тіркелген балалар сол сабақтар арқылы дайындалады. Оны біздің облыстық координаторлар бақылап отырады. Осылайша біз ауыл балаларының оқуға деген ынтасын оятуды көздейміз.

Өкінішке қарай, қазақстандық мектептердің көбінде олимпиадаларға тек озат оқитын оқушыны жіберу керек деген стереотип қалыптасқан. Біздің жоба сол стереотипті бұзуға бағытталған десем, артық болмас. Олимпиадада ешқандай күрделі деңгейдегі тапсырмалар жоқ. Оқу бағдарламасын меңгерген кез келген бала қатыса алады, оның қандай баға алып жүргені маңызды емес.

Сондай-ақ аудан орталығында оқитын балалар шалғай ауылда тұратын балаларға қарағанда мықтырақ болады, облыстық олимпиадаларға қатысып жүреді. Сол себепті балаларды іріктер кезде шалғай ауылдағы балалардың көрсеткішіне жоғарылату коэффициентін қосуды жөн көрдік. Яғни, мектеп аудан орталығынан 40 шақырым алыс орналасқан болса, онда біз оған жоғарылату коэффициентін қолданамыз. Соның нәтижесінде біздің жобаға қатысушылардың 30 %-ы аудан орталығында тұратын балалар болса, 70 %-ы шалғай ауылдағы мектеп оқушылары. Қазір екінші турға өткен оқушылардың білімге деген қызығушылықтары артқанын байқаймыз. Осындай өздігінен туған ынта-жігер - ең керемет мотивация. Ол бала жеңімпаз болмаған күннің өзінде жақсы оқуға талпынатын болса, соның өзі жақсы нәтиже деп ойлаймыз.

Екінші турдан өткен оқушылар елордаға келіп, республикалық олимпиадаға қатысады. Одан бөлек ауыл балалары үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылады. Себебі қашықтықтан жұмыс жасағананнан кейін балалардың мотивациясы төмен болады. Мысалы, координатордың айтуынша, былтыр балалар келгілері келмей, ұзақ жолдан бас тартқылары келген екен. Ал Назарбаев университеті қабырғасында өткен тренингтерден кейін балалардың көзі жанып шыққанын айтады. “Кем дегенде осындай университетте білім аламын” деген сеніммен шыққан балаларды көргенде, әрине бұның бәрі бекер емесін түсінесің. Сондықтан серпіліс жасайтын тренингтер ауыл балаларына керек-ақ.

“Ауыл балаларының мотивациясы төмен”

Жаздағы бір апталық тренингтен кейін балалар тек қазан айында жиналады. Ол уақытқа дейін, әрине, мотивациялары төмендейді. Оның бірнеше факторы бар деп ойлаймыз. Біріншіден, ата-аналарының тарапынан эмоциналды қысым болатыны байқалады. Біз хабарласқанда “Астанаға барып келгені жеткілікті емес пе? Бармайды, дайындық керек емес” деп шорт кесетін ата-аналар да жоқ емес.

Сонымен қатар біз балалардың бір апталық оқу-жаттығу жиындарына келіп-кету, тамақтану шығындарын көтермейміз. Тек әдістемелік құралдарды тегін ұсынамыз және білікті мұғалімдерді апарамыз. Біздің қатысушылардың, орташа есеппен алғанда 20 %-ы аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан. Сондықтан кей ата-аналар балаларын дайындыққа жіберуге қаражат таппай, қиналады. Ондай жағдайда әр ата-анамен сөйлесіп, жағдайын анықтап, көмек қажет болса, қосымша қамқоршыларды іздестіреміз.

Өскеменде өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында балалар әр күннің нәтижесін қорытындылап, өз ойларын жазады. Сонда бір оқушы “Неге осы күнге дейін сабақ оқымадым екен?! Қанша уақытты босқа өткіздім” деп жазып қойған екен. Балалардың осылай өз уақыттарын пайдалы өткізу жайлы ойлана бастағанына қуанамыз.

Келер жылы 10-сынып оқушылары мектеп бітіреді. Біздің жобаның алғашқы түлектері тек 1 жыл дайындалса, оларға көбірек көңіл бөлінбек. Сондықтан ұстаздар оларға ерекше сенім артып отыр. Ал алдағы уақытта осы жобаға қосылатын 9-сынып оқушыларына үмітіміз тіпті зор. Өйткені біз олармен жұмыс жасаудың түрлі әдістерін меңгеріп жатырмыз. Болашақта олардан тек таңдау пәндері бойынша емес, IЕLTS деңгейі жоғары балалар тәрбиелеп шықсақ дейміз.

Ата-аналармен жұмыс 

Ата-аналармен әзірге тек телефон арқылы хабарласамыз. Балаларын қосымша курстарға беріп, ағылшын тілін жетілдіруге мүмкіндік беріп жатқан белсенді ата-аналар аз емес. Сондай ата-аналардың қауымдастығын құрсақ деген ойымыз бар. Одан бөлек оқу-жаттығу жиындарына ата-аналардың келіп, балалардың қалай дайындалатынын көріп, басқа ата-аналарға айтып отыратындай жасағымыз келеді. Себебі ата-аналар балалары үшін қатты алаңдайды. Әсіресе шет елге жібергілері келмейді. Әрине, баласы үшін алаңдамайтын ата-ана жоқ. Бірақ оның аяғын байламай, болашағын ойласа дейміз. Сондықтан ата-аналармен де көп жұмыс жасап, олардың да көзқарасын өзгерту керек сияқты. 

"Менторлардың берері көп"

Біздің бағдарлама әр балаға бір мұғалім тіркеп, байланыс нөмірін береді. Оқушы дайындық кезінде сол кісіге хабарласып, білмеген сұрағына жауап ала алады. Одан бөлек бізде менторлар бар. Менторларымыз - шет елден білім алып келген мамандар. Олар волонтерлік негізде оқушыларға тегін кеңес береді. Арнайы портфолиомыз бар. Сол арқылы оқушылар менторларды, ал менторлар оқушыларды таңдай алады. Содан кейін біз оларды бір-бірімен байланыстырамыз. 

Ментор оқушыға айына бір-екі рет хабарласып, тәжірибесімен бөлісіп, ақылын айтады. Яғни, академиялық тұрғыда емес, аға-әпкесі ретінде психологиялық қолдау көрсетеді. Өйткені ауылды жерде балаға ақыл, кеңес беріп, бойына сенім ұялататын адам болмай жатады. Ата-анасының көбіне шаруамен қолдары босамайды, оның үстіне Қазақстанда қандай оқу орындары бар, қазір қандай мамандар сұраныста екенінен бейхабарболып жатады. Ал менторлар бұл тұрғыда оқушыларға жақсы көмек көрсетеді, дұрыс бағыт береді. Балалар да оларды жылы қабылдайды. Сондықтан алдағы уақытта менторлардың қатарын көбейтсек дейміз. 

IQanat Community. Инклюзия

Шетелдік университеттердің көбінде абитуриенттің волонтерлік жұмыспен айналысқаны бағаланады. Алайда бұндай волонтерлік қозғалыстар ауылда жоқ. Көп болса ауылдық әкімдік флешмоб өткізер, бірақ жүйелі түрде ешкім ондаймен айналыспайды. Сондықтан біз IQanat Community деп аталатын қауымдастық құрдық. Балалар шет елде оқып жүрсе де, осы бірлестіктің мүшесі болып тұрады.

Ал басты идеямыз - ауыл балаларының волонтерлік қауымдастығын құрып, сол арқылы түрлі әлеуметтік жобаларды іске асырсу. Яғни, ауыл мектептеріндегі оқушыларға қоғамдық жұмысқа араласуға мүмкіндік беру.  Сондай жобаның бірі ретінде, ауылды жерде инклюзияны дамытуды қолға алып жатырмыз. Ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа, шығармашылыққа баулып, басқалардың ортасында олар өздерін еркін сезінуі үшін қандай шаралар ұйымдастыруға болатынын қарастырып жатырмыз. Өйткені қалалық жерде тұратын ерекше күтімді қажет ететін  балаларға қандай да болса жағдай жасалған, түрлі шаралар өтіп тұрады, ал ауылды жердегі ондай балалар не мектепке бара алмайды, не мектеп дайын емес, не үйдегі ата-анасы қандай жұмыс жасау керегін білмейді. Содан кейін олар өз өз потенциалдарын көрсете алмайды. Сондықтан біз ондай балалардың түрлі шараларға қатысуына мүмкіндік беретін инклюзивті ортаны құруды мақсат етіп отырмыз. Өйткені біздің мақсат - ауыл балаларына "Сендер IQanat-тықсыңдар!" деп ұран тастау емес, оларды пайдалы іс жасауға шақыру. Кейін олар осы жобаға қатысатын басқа оқушыларға да үлгі болмақ.

Айжан Ерханқызының әңгімесін тыңдаған соң, Өскемендегі оқу-жаттығу жиынында жүрген бірнеше баламен хабарласуды жөн көрдік. Қызығы, бізге сұқбат берген үш бала да өз болашағын туған мекенімен байланыстырды.  

Мұхамет Ерболат, Қыдырбек Билялов атындағы гимназияның (Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы) 11-сынып оқушысы:

Мен оқитын гимназия жаратылыстану бағытында білім береді. Биыл гимназияны 44 бала тәмамдамақ. Мен алғаш IQanat олимпиадасы жайлы ұстазымнан естідім. Ол кісі бұл олимпиадаға қатысу арқылы Қазақстандағы немесе шет елдегі үздік университеттерге грантқа түсуге жобасы жайлы мүмкіндік барын айтты. Осылайша бағдарламаға қатысып, бағымды сынап көруді шештім.

Бағдарламаға қатысқалы өзімді көпшілік ортада қалай ұстау керегін, әр адамның пікірін тыңдап, одан сабақ алудың маңызын түсіндім. Бұрын оқуға деген ынтам аз болатын. Ал мұнда балалармен жарысып жүріп оқисың. Осылайша мен бәсеке бар жерде ғана нәтиже болатынын түсіндім. Оқу үлгерімім де жақсара түсті. Сондай-ақ өзіме көп дос таптым. Олармен бірге білмеген сұрақтарға жауап іздеп, түрлі қызықтарға куә болдым. Мысалы, жазда бірінші рет елордада болдым.

Алдағы уақытта оқуды жақсы тәмамдап, арманымдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, математика мұғалімі болғым келеді. Кейін сол білімімді, күш-жігерімді ауылды жерлердегі балалардың ой-санасын оятуға жұмсасам деймін. Меніңше, ауылды жерлерде талантты балалар өте көп. Солардың шамшырағын жағу керек деп ойлаймын. Сол себепті өзімді оқу-ағарту саласында көргім келеді.

Аяулым Әкімбетова, Қабдеш Дамитов атындағы орта мектептің (Қатон-Қарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылы) 11-сынып оқушысы:

Мен Қатон-Қарағай ауданындағы Үштөбе ауылында туып өстім. Қазір ата-анам сол ауылда тұрады. Өзім Үлкен Нарын ауылындағы туыстарымның үйінде тұрып, осы жердегі мектепте білім алудамын. Өйткені біздің ауылда тұрғын саны аз болған соң (30 үй), мектеп тек 9 жылдық. Сондықтан 10-11 сыныпты үлкен ауылдар мен аудан орталықтарындағы мектепте оқуға тура келеді.

Біздің сыныпта 13 оқушы оқиды. Қазір бір үйдің баласы сияқты болып кеттік. Ұстаздарым да жақсы адамдар. Бізді қолдап, жол сілтеп отырады. IQanat жайлы да алғаш сол кісілерден естідім. Бірден қызығып, осы олимпиадада жеңіске жетуі керек деп өзіме талап қойдым. “Жеңіске жету жолында мен кімнен кеммін?” деген сұрақпен өзімді қамшылап, ақыры жеңімпаз атандым.

IQanat маған көп мүмкіндік сыйлады. Сабаққа деген қызығушылығым артты. Ауыл баласы болған соң, бұрындары шет елде білім алу жайлы мүлдем ойланбайтын едім. Ал қазіргі таңда мен болашағыма үлкен үмітпен зор сеніммен қараймын. Арнайы оқу-жаттығу жиындарында еліміздің үздік ұстаздарынан білім алудың өзі жігерлендірмей қоймайды.

Менің арман-мақсаттарым көп. Ең бірінші, ата-анамның үмітін ақтасам деймін. Екіншіден, өмірден өз орнымды тауып, еліме, айналама пайдамды тигізгім келеді. Болашақта өзімді радиотехнолог ретінде көремін. Себебі қазірдің өзінде менің ауданымда, болмаса шалғай жатқан жерлерде интернет желісі, ұялы телефон желілері мүлдем ұстамайды. Сол жаққа телефон желілерін тартып, байланыс орнатсам деймін. Ол үшін Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне түсуді жоспарлап отырмын.

Біздің елде кішігірім мектептер көп. Сол мектептерде білімқұмар қаншама бала бар. Алайда сол балаларға қазір қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Оларға әр пәннен өз мұғалімі беріп, білім сапасын жақсартса екен деймін.

Жәнел Ғарифуллина, Хафиза Мұстафина атындағы мектеп-лицейдің (Зайсан ауданы) 11-сынып оқушысы:

Біздің мектеп 2016 жылдан бері жаратылыстану бағытындағы лицейге айналды. Өзім де математиканы сүйіп оқимын. Атам Мұратхан жастайымнан есеп шығаруды үйретіп, осы пәнге деген қызығушылығымды оятқан еді. Өзі химия, биологиядан сабақ берген.

IQanat олимпиадасына қатысып, өзіме деген сенімім артты. Білімге деген қызығушылығым оянды. Таңдау, бейіндік пәндер бойынша өзімді жақсы көрсете бастадым. Болашаққа бағдар алдым деуге болады. Сондай-ақ көпшіліктің алдында сөйлеуге жасқанатын едім, осы бағдарламаға қатысып, ол қорқынышымды жеңе білдім.

Мен алдыма үлкен мақсат қойып отырмын: болашақта еліме пайдамды тигізер жақсы маман болғым келеді. Өзіме ІТ саласы қызық болған соң, осы салада білім алып, жұмыс жасасам деймін. Тағы бір мақсатым - IT саласында әлемдік деңгейдегі өнім шығару. Қазір интернет арқылы қосымшалар жасауды үйреніп жүрмін. Сондай-ақ IQanat бекіткен менторым бар. Сол кісі білмеген сұрақтарыма жауап беріп, ақыл-кеңесін айтып көмектеседі. IQanat-тың қолдауымен Литва еліндегі Vytautas Magnus университетінде білім алуды жоспарлап отырмын. Жақында университет өкілдерімен сұқбаттасудан өтіп, қазіргі таңда құжаттарымды дайындап жатырмын.

Менің ойымша, ауылдық мектептерде оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тәжірибе жасауға арналған жаңа құралдар жетіспейді. Осы мәселе шешілсе жақсы болар еді.

 

Суреттерді ұсынған: IQanat қоры

 "Books to Auls": Ауыл оқушыларына арналған кітапкәде

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға