Жаңалықтар

Инклюзия – жанашырлық туралы әңгіме емес

Инклюзия тақырыбы қоғамдағы көптеген сұрақтарға жауабын таба алмай жүр
Инклюзия – жанашырлық туралы әңгіме емес
16.06.2017 09:00 12238

Қазақстанда жақын жылдары мүмкіндігі шектеулі балалардың қатардағы мектепте тең дәрежеде білім алуы туралы стандарт енеді. Қазіргі таңда оның бастауы бар. Демек бұл елімізде инклюзивті біліген өзекті  пм алу толығымен енгізіледі деген сөз. Жалпы инклюзия тақырыбы қоғамдағы өткір және көптеген сұрақтарына жауабын таба алмай жүрроблемалардың бірі. Себеп қоғам дайын емес, біз дайын емеспіз. Біз қанша жерден ашық және тең қоғамда өмір сүреміз десекте мүмкіндігі шектеулі адамды көргенде өн-бойымыздың басқа сезімде болатыны жасырын емес. Осы тұрғыда біз толыққанды инклюзия қоғамында өмір сүруге және мүмкіндігі шектеулі жандарды өзімізбен тең дәрежеде қабылдауға дайынбыз ба? Бұл жүйе кімге және не үшін қажет екендігін анықтау мақсатында Астанадағы инклюзивті білім беру сыныптары бар мектеп қызметкерлері және ата-аналарымен арнайы сұхбат құрдық.    

Ескерту!

Мектеп әкімшілігінің жеке өтінішімен мекеме және басшының атауы көрсетілмеді. Ата-аналардың аты-жөндері өзгертілді.

— Инклюзивті білім беру процесі қалай жүруде?

— Бізде мүмкіндігі шектеулі баланы қатардағы мектепке берсек, қалыпты балалардың арасына бейімделе алмай өзін тастанды сезініп, өз өзімен қалады деген теріс пікір бар. Шындығында мүлдем олай емес. Себебі инклюзивті білім беру ол арнайы әзірленген процесс, арнайы мамандармен дайындалған бағдарлама. Ол өз кезегінде қалыпты балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалар өзара тіл табысып, бір ортада қалыптасуына ықпал ететін арнайы жоба. Яғни, бәріне мақсат бірдей жайлы орта құра отырып балалардың өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беріп, бірге дамыту.  

Мүмкіндігі шектеулі балалар қалыпты балалардың қатарына қосылар алдында арнайы комиссиядан өтеді, яғни оның ортаға бейімделу деңгейі қандай, жағдай қаншалықты жасалған және ең бастысы денсаулығы мүмкіндік бере ме? Осының барлығы қаралып, сарапталады. Мысалы, комиссия бала жағдайына қарап аптасына екі рет жарты күннен немесе күнделікті бірақ тьютордың көмегімен қатысуға рұқсат беруі мүмкін. Яғни барлығы да баланың жеке даму ерекшеліктері мен талаптарына қарай негізделеді. Сонымен қатар, комиссия балаға қажетті арнайы оқу-жаттығу бағдарламасын жасап және соған сай қандай медициналық құрал-жабдықпен қамту қажеттігін анықтап ұсынады.

Ерекше қарауды талап ететін бала кәдуілгі балабақшаға не болмаса мектепке келер алдында ол баламен жұмыс жасайтын команда жасақталады. Бұл өз кезегінде тәрбиеші, дефектолог және психолог. Команда балаға арналған бейімделу бағдарламасын жазады. Мысалыға, баланың алға жылжу, даму процесі кешеуілдейді де содан келіп математикадан үлгерімі төмендейді. Мұндай жағдайда тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар: баламен мұғалім не тәрбиешісі жеке айналысады немесе күнделікті сабақ үстінде көппен бірге бірақ тьютор, дефектологтың көмегімен жүзеге асырады. Балаға көңіл бөлініп арнайы маманның көмегімен жүзеге асырғаннан кейін баланың зейіні мен сабақты қабылдауы қиындыққа соқпайды.

Мысалы, біздің мектептің негізінде айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі баланы қалыпты ортаға қосар алдында біз барлығын жинап түсіндірме жұмысын жүргіземіз, мүмкіндігі шектеулі баланы, өз қатарластарымен барлығын тең қатарда ұстауымыз керек, әр баланың өзіне сай ерекшелігі бар, тек керегі ерекшелігіне мән беріп соған сай жағдай жасау. Тіпті біз қалыпты баламен жұмыс жасаған кезде де баланың ерекшелігіне, қабылдау мүмкіндігі мен қызығушылығына қарап әрекет етеміз мұнда да сол секілді.

Одан соң мүмкіндігі шектеулі бала бізге келеді, бұл бір ерекше сәт. Себебі, әртүрлі бала келеді, әртүрлі деп отырғанымыз ол біреуі көзілдірік тағады, беруінің құлағы естімейді, енді біреуі дұрыс жүре алмайды, міне мәселе осында қалыпты ортаға түскен кезде кішкентай кезінен көз үйренеді және балалар оларды бөліп ажыратпайды сен кемсің деген секілді, керісінше балаларда себебін білуге деген қызығушылық оянады, неге ол өздігінен жүре алмайды, ол неге менің айтқанымды естімейді деп оған жауап іздейді, өзімен бір қатарда жүріп тұрған соң олармен сөйлесіп араласады, көмектеседі және ең бастысы сол қалпында қабылдайды.

Ал біздің қоғамда қалай? керісінше біз мүмкіндігі шектеулі балаларды барынша бөлек оқытып, қоғамнан, ортадан тығып ұстаймыз, содан келіп оған көзі үйренбеген қалыпты адамдар ол әлемді түсінбейді және қабылдай алмайды. Біреу оларға аянышпен қарайды, біреуге ол ерсі көрініп бойын одан аулақ ұстайды, біреулер тіпті оларды кемсітеді. Ал инклюзивті қоғамда барлығы тең және барлығының мүмкіндігі бірдей.

«Біздің мектепте арбада бала келе жатырса сол мезетте басқалары есік ашып, демеу жасап көмек қолын созады. Теңдік, ауызбіршілік, ұйымшылдық сезіліп тұрады. Бізде балалар арасында жылы қарым-қатынас пен бір-біріне деген мейірім сезіліп тұрады».  

Одан бөлек біз ата-аналармен үлкен жұмыс жасаймыз. Жуырда ғана инклюзивті білім берудің ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндіретін жиналас өткіздік. Балалар ата-аналарына инклюзивті тәрбие-білім берудің тиімділігін өздері-ақ көрсетіп берді, олар өздеріне достар тапқанын, уақыттары пайдалы әрі қызықты өтетінін айтып берді. Ата-аналармен проблема болған жоқ себебі біз инклюзивті білім берудің артықшылықтарын айтып қана қойған жоқпыз көрсете де білдік.

— Қалыпты балаларға инклюзивті білім беру не береді?

— Инклюзивті білім беруде барлық балалар тең дәрежеде болатындықтан «шектеу» деген мәселе болмайды. Мысалы, бізде әлі күнге дейін балаларға арналған арнайы түзету мектебі бар, ол жерде өзі деңгейлес балалар, олар бір-бірімен қарым-қатынас ұстамайды, сөйлеспейді, енді сұрақ сонда ол балалар өздігінен қалай дамиды? Қашан қалыпты ортаға қосылады?

Ал қалыпты ортада болса, бала жан-жағына қарап талпынады,  тырмысады, баланы білесіз не көрсе, соны істейді, үйренеді, бір-біріне үйретеді, бұл дегеніміз жанындағы балаларға қарап ынталанады деген сөз. Мен біздің тәжірибемізден өтіп өз нәтижесін берген тәсіл болған соң айтып отырмын.   

Инклюзивті білім беру қалыпты балаға да оң әсерін тигізеді. Оларда біреуді шектеу, менсінбеу, кемсіту не болмаса біреуге оғаш көзқараспен қарау деген теріс пиғыл мен қасиеттер болмайды, себебі бала оны көріп өсті сен жүре алмайсың, сен дұрыс сөйлей алмайсың, сен естімейсің деген басқаша ойлап, алыстату деген түсінік жоқ оларда.  Мұны неге шұқылап айтып отырмын, сөздің шыны керек мүмкіндігі шектеулі адамды көргенде адамдарда басқаша сезім пайда болады, біз оны қалыпты адамдай қабылдай алмаймыз. Неге? Өйткені біз оның әлемін білмейміз, білмегесін түсінбейміз, түсінбегесін басқаша ойда боламыз. Міне, мәселе қайда жатыр.

Инклюзивті тәжірибе баланы жоғарыда айтылған түсінбеушілік көзқарастардан аулақ ұстайды. Көшеде арбада біреу кетіп бара жатырса ол таңырқап қарап тұрмайды, керісінше жүгіріп барып көмектеседі.

«Инклюзия бұл аянышты тағдыр туралы әңгіме емес, керісінше ол теңдік, өмір бәрімізге бірдей берілген, оларға аянышты сезіммен қарап, ол мүгедек деген жабайы қабылдауды тыю қажет. Біз жүргізіп жатырған күрес соны тоқтату».

Жеке өз басым мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге оқып, тәрбие алған қалыпты жеткіншектерде өскен соң, пандус деген не, ол не үшін қажет деген сұрақтар туындамайды деп ойлаймын.

— Қалыпты сыныпта қанша мүмкіндігі шектеулі бала болуы тиіс?

— Балалардың бір-бірімен еркін коммуникациялық қарым-қатынаста болуы үшін сыныпта 25 бала болса 3-4 мүмкіндігі шектеулі баладан аспауы тиіс, бұл дәлелденген норма.

— Педагогтардың даярлық деңгейін сөз қылсақ?

— Бізде мұғалімдер міндетті арнайы білімін тереңдету курсынан өтеді. Бұл тұрғыда біздің мектепте толық жағдай қарастырылып, барлық мүмкіндік жасалған. Біз алдымен балалардың бір-бірін дұрыс қабылдайтындай жағдай жасап, өзімізге сенімді болуымыз керек. Бұл дегеніміз адамның ішкі жандүниесін, түйсігін, сана-сезімін дайындаудан бастап, техникалық-материалдық базаға дейін. Біліктілігін арттыру курстарынан басқа семинарлар өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалармен қалай жұмыс жасау қажет, оларға арналған бағдарлама қалай, неге сүйеніп жасалады, баланың өз ерекшелігіне қарай қалыпты ортаға қалай бейімдеуіміз қажет соның барлығы қарастырылады, бір-бірімен өзара тәжірибе алмасады. Білім, біліктілігін   көтеру үздіксіз жүріп отыратын процесс. Инклюзивті білім беруде барлығы да ақылмен шешіліп, қандай кедергілер кездесетіні болжанып және оның шешу жолдары бағдарламада қарастырылған. Оның барлығы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оларды қалыпты ортаға бейімдеу үшін әзірленген.

«Инклюзивті білім беруге көшуден білім сапасы да, қалыпты балалар да зардап шекпейді»

 

 Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек,балалардың барлығы бірдей инклюзивті білім алуға болады ма? Әлде қандай да бір ерекшеліктері бар ма?  

— Бұл жерде таңдау еркі ата-анада: арнайы түзету мектебі не инклюзивті білім беру. Ал баланы қабылдамау деген жоқ. Кей жағдайда баланың мүмкіндігіне, денсаулығына қарай шешілетін сәттер болады. Ондай жағдайда комиссия балаға арнайы маманның көмегімен бағдарлама жасап, соның негізінде қалыпты ортаға бейімделу кестесі құрылып сол бойынша сабаққа қатысады. Біреулерге топқа бейімделу үшін бір ай жеткілікті, біреулер үшін алты ай уақыт талап етіледі.   

Тағы да біздің мектепті айтайын. Баланы белгілі бір уақыт арнайы маман оқытады, содан соң баланы қалыпты ортаға шақырып балалармен байланыс құрғызамыз, бұл өз кезегінде баланың жан-жақты ширап, жетілуіне көмектеседі. Және оның нәтижесі қаралып, ескеріледі, баланы ортаға қосып оны қараусыз қалдыру деген жоқ. Біз оған қолдау жасай отырып, әрбір қадамын бақылап содан шыққан нәтижені есепке аламыз, бұл біз үшін өмірлік мол тәжірибе. Дегенмен барлық уақытта керемет үйлесім тауып, қалыптасып кетеді деуге де болмайды, ол тек қана мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты емес бізге, біздің қоғамға да қатысты. Біз мүгедек, кемтар дегенді естісек құлағымызға үрпідей тиетіні рас. Егер біз тең қоғам құрамыз десек, ол ойдан арылуымыз керек.  

— Қалыпты балалардың ата-аналарының ойы қандай, сіздерге көбіне қандай сұрақтар қояды?

— Балада онкологиялық, тіл кемістігі немесе БСА (ДЦП) (балалардың сал ауруы) болса ата-аналар балаларына жұғады деп ойлайды. Бірақ бұл ешқандай да жұқпалы емес. Ол баланың құрсақта жатқанда туындап пайда болған зақымы. Бұл генетикалық шектеулік. Ал жөтелмен, қақырық, түкірікпен келсе онда қауіп төндіруі мүмкін. Бірақ тағы да қайталаймын, баланы қалыпты ортаға жіберер алдында ол арнайы комиссиядан өтеді, демек ондай жағдайлардың барлығы ескеріледі және басқалай болуға жол берілмейді.   

Ал егер мұғалімнің бар назары мүмкіндігі шектеулі балаға ауып кетсе?

Егер баланың қабылдау мүмкіндігі біркелкі деңгейде болса, ол өзі-ақ игеріп алып кетеді, одан қиындық туындамайды. Ал баланың сабақты игере алмай қалып қоюы байқалған жағдайда көмекке тьютор, психолог тағы басқа мамандар келеді.   

Инклюзивті білім берудің нәтижесінде бала оқып қана қоймай, бір-біріне жанашырлық танытып, өзара ынтымақта қалыптасады. Қалыпты балаларда қамқор болу, қол ұшын созу, адамды қандай ерекшелігіне қарамастан дұрыс қабылдай білу сезімі ерте оянады.

— Баланы қалыпты ортаға бейімдеп, оқытып не қажеті бар, егер ол бәрібір толыққанды қоғам мүшесі бола алмаса?

— Бетховен саңырау болғанын бәріміз білеміз, бірақ ол ерекшелігі оның дүниеге таңғажайып шығармалар әкеліп, ұлы композитор болуына кедергі жасамады. Аутизммен ауырған Билл Гейтсті еске алайық, оның сол ерекшелігі Microsoft секілді ірі әлемдік компания құруына кедергі болды ма? Баланың қалыпты ортаға ерте бейімделген сайын, оның қоғамның  толыққанды мүшесі болуы мүмкіндігі жоғары екендігі дәлелденген дүние.  

Мысалы, Еуропада мүмкіндігі шектеулі деген түсінік жоқ, оларға бала күнінен қалыпты қоғамға бейімделіп, ортада өзін еркін, толыққанды мүше сезінуіне жағдай жасалған, тіпті сол сатыдан сәтті өткен баладан мектеп жасына келгенде мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, кемтар деген статусын алып тастайды. Міне, теңдік деп осыны айтамыз.    

«Біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларын 100 % шешіп бермесекте, олардың өзін басқаша сезінбеуіне, жұмыс жасауына, жанұя құруына себеп бола аламыз». 

— Қалыпты балалармен бірге оқу оларға қиынға соқпай ма?

— Керісінше, мүмкіндігі шектеулі балалар, қалыпты балалармен бірге оқығанда олардың ынтасы артады, оларда қалыпты балалармен бірдей сөйлейді,   қимылдайды, бірге ойнайды, осыдан келіп өмір сүруге құштарлығы оянып, өзін басқаша сезінбейді. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі бала үйде қасықпен тамақ жеп көрмеген, балабақшаға келіп басқа балалардың өздігінен қасықпен тамақ жегенін көріп олда соған талпынады.     

— Инклюзивті білім берудің маңызы неде?

— Біз мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдар кезде, оның қандай артықшылық, ерекшелігі барын толық назарға алып, сол ерекшелігіне қарап қалыпты ортаға бейімдейміз. Инклюзивті білім беру - тең қоғам  қалыптастыруда маңызы зор құрал екенін түсіндіргіміз келеді. Біз өзіміздің әрбір жетістігімізді жоғары бағалап, бақылап отырамыз. Сол арқылы өмірге қандай ерекшелікпен келсе де ол бәрімен бірдей мүмкіндігі бар тұлға мен қоғам қалыптастырамыз. 

— Мүмкіндігі шектеулі балалардың туылуы тікелей ата-аналарының қателіктері деп есептейсіз бе?

— Мұндай балалар салауатты өмір салтын ұстанатын ата-аналардан да туылады. Керісінше, әкесі ішімдікқұмар, анасы нашақордан сау бала дүниеге келетін жағдайда кездеседі. Мұны тағдырдың жазуы дегеніміз дұрыс шығар.

— Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарын не уайымдатады?

— Көбінесе айтатындары баламды қалай қабылдайды, кемсітіп, ренжітпейді ме деген төңіректе. Бізден қандай жүйемен жұмыс жасайтымыз, қандай жағдай жасалғандығы туралы сұрайды.  

Осы жерде ескерте кеткім келеді, аталған ауқымды істе тек қана біз емес мемлекет тарапынан да үлкен қолдау бар, ол дегеніміз баланың бейімделуі үшін жасалған арнайы бағдарлама, мамандарды даярлау, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, мұның барлығы қаншама қаражат пен уақыт және еңбек. Мәселе, қоғамның көзқарасы, адамдардың дұрыс қабылдауы. Бұл жолда біз өз тарапымыздан қолдан келген барлық мүмкіндікті жасаудамыз және жасаймыз.  

— Инклюзивті білімнің көмегімен қалыпты ортаға бейімделгендер туралы айтсаңыз, бүгінгі күнде қандай жетістіктеріңіз бар?  

— Әр баланың өзіндік өсу динамикасы бар, біз оны бақылап отырамыз. Бұл өте маңызды іс. Бірде бізге қиын жағдаймен бала келді, тіпті басқасын қойып  жанындағы балаларға еріп қол шапалақтай алмайтын. Ондай жағдайда баланы еркінен тыс қинауға болмайды. Арнайы мамандар жүргізетін жаттығулардың арқасында бүгінгі күнде бала бойында көптеген алға жылжушылық қасиеттер мен өзгерістер бар. Бұл бір мысал, одан бөлек біздегі Айым есімді қыздың тіл кемістігі болды, оның үстіне бізге ота жасата сала келген. Біз баламен қалай және не істеу керектігін анықтап, сол бойынша жұмыс жүргізілді, жасалған еңбек өз нәтижесін берді, қазір Айым әнде айта алады.       

Әрине, бәрі бір күнде келген жоқ, тынымсыз еңбек пен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, аталған процестерді жылдам әрі тез деп  айта алмаймын. Қаншама күш-қажырды одан қалды уақытты талап етеді.   

«Біз оларды ауру деп есептемейміз, олар ерекше мүмкіндікпен туылған балалар. Біз көзілдірік таққан адамды кем санамаймыз ғой, сол секілді»

 

— Неліктен соңғы уақытта инклюзивті білім беру белсенді түрде қолға алынуда?

— Әлемнің көп мемлекеттерінде инклюзивті білім берудің қалыпты жағдай болып енгізілгеніне қырық жылдай болды. Ал біз бұл жүйеге баяулатып енді ғана мән беріп жатырмыз. КСРО кезінде кереғар пікір болып, адамдар категорияға бөлінді сау адамдар және арнайы мектеп-интернаттары бар мүгедек, кемтар адамдар. Тағы да сұрақ, ол балалардың қандай күнәсі бар, оларда біз секілді дүние есігін ашты, біз қандай құқыққа ие болсақ оларда сол құқыққа ие. Тіпті, Конституциямызда да жазылған әрбір азамат, денсаулығын сақтауына, білім алуына тең құқықты деп.  

Тағы бір себеп, соңғы уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдар өз құқықтарын қорғауды қолға алды, күн тәртібіндегі мәселе қылып көтерді, ал біз бұл тұрғыда оларға шек қоюға, мүмкіндік бермеуге еш құқығымыз жоқ. Қысқасы, олар толыққанды өмір сүру жолындағы күресті бастады.    

«Инклюзия - қоғамда өзара бөліну болмау үшін керек. Бізде кейбір адамдар көшеде арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі адамды көргенде, оғаш қарап жабайы жануар көргендей болады. Бұл өз кезегінде дұрыс емес, инклюзивті білім беру осы секілді жабайы қателіктер мен кемшіліктерді жояды»  

Инклюзивті білім беру негізінде әр бала өзінің конституциялық құқығын толығымен пайдалана алады. Қазіргі таңда бір ғана Астананың өзінде біз сөз етіп отырған жүздеген тағдырлар бар.  

— Тағы қандай жұмыстар атқару қажет?

— Біз ауқымды жұмыстың алғашқы сатысындамыз, жасалатын дүниенің бәрі  алда. Қалыпты балалардың ата-аналары инклюзивті білім беруді дұрыс қабылдаса, басқаша көзқараста болмаса онда кедергі мен артық сұрақтар болмайды.  

Дереу қолға алыну керек шаралар қатарына, мұғалімдерді қайта даярлауды жүйелеу мен арнайы құрал-жабдықтармен қамтуды толыққандыру.

Бәрімізге белгілі жағдай, бүгінгі күні қаламызда қарапайым пандустың өзі толық түрде қамтылмаған, одан бөлек көшелерде арнайы жолақ жоқ, міне осы секілді. Тағы айтарымыз баланың балабақшасымен мектебі тұрғылықты жеріне жақын болғаны абзал. Осы мәселелер ескерілсе.

Ата – аналар пікірі

Айман Шонтаева, Сабырдың анасы, баласының мүмкіндігі шектеулі:

— Бастапқы уақытта қорқыныш пен уайымның болғаны рас. Қалай болады, не болады деген секілді, қазір Сабыр өзін жақсы сезінеді. Өздігінен бірнәрсе жасағысы келіп талпынады. Балалардың бейімделуі үшін жағдай жасалған одан бөлек ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мен балам үшін уайымдамаймын. Себебі, баламның бойында оң өзгеріс бар, осы орайда мамандарға алғысым шексіз.   

Жазира Манарбекова, Әселдің анасы, баласы қалыпты:

— Жасырмаймын, менде басында басқаша көзқарас, қорқыныш болды. Басқаша көзқарас дегенім қабылдамау, кемсіту емес керісінше балаларға қалай әсер етеді, қалай қабылдайды, дағдыға айналады ма деген ой мазалады. Уақыт өте келе, жүйелі жүргізілген жұмыс өз нәтижесін берді. Мен инклюзивті білім беруді қолдаймын. Мен баламның, «мүмкіндігі шектеулі» деген түсінік жоқ ортада білім алып жатқанына қуаныштымын.   

 

Сөз соңында айтарымыз, ақпарат ғасыры, интернет дамыған заман, қазір барлығына қолжетімді, адамдардың мүмкіндігі мол деген заманда өмір сүре отырып, БСА (ДЦП), Дауна синдромы жұқпалы емес пе? Менің балам сол секілді болып қалмай ма? деген сұрақтардың қойылатынына таң қаламыз. Біз мүмкіндігі шектеулі балалардан қорқып немесе аянышпен қарамауымыз керек, керісінше қол ұшын созуымыз қажет.   

 

Дәулет Изтелеуов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға