Жаңалықтар

Гарри Поттер кейіпкерлері «қазақша» сөйлемек

Қазақшаға аударылған нұсқасында қандай ерекшеліктер бар?
Гарри Поттер кейіпкерлері «қазақша» сөйлемек
24.12.2019 16:20 8121

Әлемдік бестселлерге айналған  Гарри Поттер кітаптары әлемнің 60-тан астам тіліне аударылған. Бірақ бұлардың қатарында қазақ тіліндегі нұсқасы болмаған. Өйткені, қазақ аудиториясы шетел әдебиетімен көбінесе Ресей арқылы танысады. Сондықтан мектеп оқушысынан бастап ересектердің ұнайтын кітабына айналған Джоан Роулингтің жас сиқыршы Гарри Поттер жайындағы шығармасының кейіпкерлерін отандық баспагер қазақ тілінде сөйлетті. Осы уақытқа дейін бірнеше марапатқа ие болған әрі 400 миллионнан астам данада сатылған  әлемдік бестселлер кітапты қазақшаға тәржімалау идеясының авторы әрі баспагер Раиса Сайранмен әңгімелескен болатынбыз.

Иә, расымен де Гарри Поттер кітаптарын әлемнің қай еліне барсаң да, сол елдің тілінде кезіктіресіз. Мәселен, Германияның кітап дүкені сөрелерінде – неміс, Түркияда – түрік, Араб елдерінде – араб, Италияда – итальян тілінде самсап тұратыны белгілі. Тіпті өзбек, моңғол тілдерінде де таба аласыз. Мұнда басты кейіпкер Поттер әпкесінің үйінде кішкентай бөлмеде  тұруы, сондай-ақ кейіннен асырап алған жанұясынан қысым көруі оқырмандарды бей-жай қалдырмайды. Оған қоса, бұл кітапты оқу барысында  олардың жүрегінде Гарриге қиын кездері іштей қолдау мен мейірімділік сезімі оянады. Ең бастысы әділдік жолындағы күресі балаға батылдық пен достықтың адал үлгісін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл барша адамзатқа ортақ құндылықтар болып есептеледі.

(Фотода: Раиса Қадырқызы)

Раиса Қадырқызы Роулингтің Гарри Поттерін бұрыннан білгенімен, оның қиял-ғажайып әлемімен тек 30 жастан асқан кезінде танысқанын айтады. Себебі, ол алты жасар ұлымен бұл кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасын 2012 жылдан бастап оқи бастаған.

- Джоан Роулингтің Гарри Поттерінің бірінші кітабы баспадан басылып шыққан кезде қытайлар мен жапондар өз тілдеріне алғашқылардың бірі болып тәржімалаған. Ал бізде Роулингтің сиқыршы Поттерін оқып өскен қазақстандық жастар көбінесе орыс тіліндегі нұсқасымен танысқан болатын. Өзім күнде кешкілік балама оқып жүрген кітаптан ерекше әсер алдым. Бұл шығарма балалармен қоса, ересектерді де қызықтырып, арман-қиялын алға жетелейді. Бірақ маған «Тәуелсіз Қазақ елі бұл кітапты өз тілінде неге оқымайды?» - деген сұрақ маза бермеді. Содан ұлыма әрі өзіме жақсы әсер сыйлаған бұл шығарманы өзге қазақ балалары да ана тілінде оқуы қажет деп шештім, - дейді Раиса Қадырқызы.

Сонымен қоса, Поттердің сиқырлы әлемімен әзірге бетаныс оқырмандарды «ана тілінде оқып, бойына сіңдіру» деген ізгі мақсат болғанын тілге тиек етті. Содан 2017 жылдың аяғында миллиондаған оқырманы бар бұл Гарри Поттер кітабын ана тілімізге аудару үшін алдымен Джоан Роулингтен рұқсат алу процесінен бастаған. Осы бағыттағы келіссөздердің өзіне ұзақ уақыт жұмсалатынын айтады.

- Бұл келіссөздерге шамамен бір жылдай уақыт кетті. Өйткені, бұған рұқсат беруді автор мен оның агенті бірлесіп шешеді. Содан екеуімен де байланыстық. Олар біздің кітап шығаратын баспаның жұмыс процесімен танысты. Әсіресе, автор аударма сапасына қатты көңіл бөледі екен. Яғни бұл шығарманы баланың қабылдауына барынша жеңіл әрі түсінікті ұғымда мағынасын өзгертпей беруі қажет. Содан осы уақытқа дейін аударған дүниелерімізді көріп, кәсібилігімізге көз жеткізіп, биыл қаңтар айында рұқсатын берген болатын.

Ұзақ уақытқа созылған келісімшарттың нәтижесінде олар Гарри Поттердің барлық кітабын қазақ тіліне аударуға мүмкіндік алған.

Сәби кезінде жетім қалып, тағдырдың тауқыметін көп көрген Гарриді орыс тілінен қазақ тіліне аударғанда автордың айтқысы келген бастапқы мағынасы жоғалатыны белгілі. Сол себепті баспагер бұл кітапты тек тұпнұсқадан аударғанын алға тартады.

- Бірақ та шығармадағы жер атауларымен мен кейіпкерлер есімдерінің барлығын қазақшаға аударсақ, кітап мазмұнының өзіндік ерекшелігін жоғалтып алатынымыз анық. Сол себепті біраз есімдер мен мекен атауларын сол күйінде қалдыруды жөн көрдік. Ал арасында біздің тілімізде үйлесімді естілетіндерін тәржімалаған болатынбыз. Оған бір мысал келтірсек... Хогварс мектебінің орманшысы Рубеус Хагридтің Флаффи деген иті барын бәріңіз білесіздер. Біз оны қазақшаға Үлпек деп аудардық. 

Барша адамзатқа ортақ құндылық болып саналатын «бұл аудармадан қазақ тілінің иісі аңқып тұруы қажет» - дейді Раиса Қадырқызы. Оған қоса, ана тілде аударма сапалы шығу үшін жұмыс процесінде Поттерді бұған дейін аударған шетелдік әріптестердің нұсқасын да назарға алып отырған.

- Бізге дейін өз тілдеріне тәржімалаған шетелдіктердің нұсқаларын үнемі қарап отырдық. Мәселен, «олар шығармадағы мына сөздің мағынасын қалай жеткізіпті не болмаса мына тұсын қалай тәржімалапты?» деп әрдайым салыстырып отырдық. Бұл шығарманың америкалық әрі британдық жеңілдетілген нұсқасы барын білесіздер. Біз соның ішіндегі британдық авторлық нұсқасын таңдаған болатынбыз. Осы кітапты қазақша сөйлетуге атсалысып жатқан бұл біздің аудармашылар, редакторлар, корректорлар мен қаттаушылар. Өзімнің осы командама алғыс айтамын.

Ал кітаптың мұқабасын әзірлеу үшін бөлек келісім алу қажет екен. Сондықтан  баспагер отандық суретші салған сурет үлгісін авторға жіберген. Ал қазіргі кезде оның жауабын күтіп жүр. Бір қарағанда «кітапты аудару оңай көрінгенімен, бұл негізінен күрделі жұмыс» - дейді Р. Қадырқызы.

- Шетелде жоғары бағаға ие болған және өзіміздің көңілімізден шыққан шығарманы ана тілімізге аудару, кітап етіп басып шығару, оқырманға таныстыру, сол арқылы қазақ тілді аудиторияға бұл шығарманың құндылығын жеткізу көп күш пен көп уақытты алады. Бір қызығы, бұл процесс маған үлкен ләззат сыйлайды. Сондықтан шын жүрекпен жанымды салып шығарған кітаптан оқырман ерекше әсер алса әрі пайдасына жаратса деген ізгі ниетім бар.

Раиса Қадырқызы соңғы үш жылдан бері баспа саласында еңбек етіп, балалар мен ересектерге арналған шетелдік шығармаларды қазақ тіліне аударумен айналысып келеді. Олардың қатарында Джулия Дональдсонның «Ақын қоян», «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі» сынды өзге де кітаптарын айтуға болады.

«Басты мақсатым қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақты қалыптастыру» деген отандық баспагер көбінесе балалар әдебиетін аударумен шұғылданады. Гарри Поттердің қазақ тіліне тәржімаланған кітабының нұсқасы оқырмандардың жүрегінен жол тапса, келесі жылы  бесінші және алтыншы бөлімдерін  аудару жоспарда бар екендігін де тілге тиек етті отандық баспагер Раиса Қадырқызы.  

(Сурет Раиса Қадырқызының жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға