Жаңалықтар

Бір үзім нан

Аштыққа ұшыраған ауыл жайлы әңгіме
Бір үзім нан
30.05.2017 09:58 8855

(Әңгіме)

– Алда ауыл көрінеді. Соған дейін жетсек талғажу бірдеңе табылып қалар, шыда қалқам.

Екі босқын біраз жүріп, ауылдың шетіне де ілінді.

Ауылдың кіре берісінде «Сталин жасасын!», «Ұжымдастыру... коммунизмге... жетеміз!» деген ұрандар жазылған қызыл матаны жел сабалап ырғалтып тұр. Кейбірі қуарып, жыртылып тозған. Бүкіл ауылда тіршілік белгісі байқалмайды. Әр жерде қараңдаған өлі денелер, алыстау шет жақта өлікке таласып ұшып қонған қара-құра құстар...

Жіңішке жолдың екі жағына балшығы жаңбыр мен желге мүжілген тоқал тамдар қаз-қатар тізілген. Ұзына жақтан жалғыз көшені бойлап келе жатқан Төлебай мен оның қарындасы – Жамал еді.

Үстіндегі шекпендері жыртық-тесік, өрім-өрім. Жамал қарақұрым боп қалған жабағы күпіні басына жауып алған. Төлебайдың басында да тозығы жеткен жаман бөкебайы бар. Қыстайғы аштық пен суықтың зардабы – қос бейбақтың сүрепетін әбден кетірген.

Өзегі талып өзеуреп, көздері қараутып бір түйір талғажау дән іздеп ауылдарын тастап-тастап жан-жаққа ес-ақылсыз лек-легімен босқан адамдар... Бір жарымы тышқан, балық іздеп өзен-көлдерді жағалап, бір жарымы еш мақсатсыз жақын маңдағы ауылдарды сағалап жан-жаққа шұбырған...

Бұрынғыдай дабыралы-шу жоқ. Арасында ғана үп еткен ызғырық жел әбден арып-ашыған екі тіміскіні одан әрмен қалжырата түседі. Көше бойында қыбыр екен бір түйір нәрсе болса ұстап жер еді. Амал не?...

Осы күйде екі аш-арық құр сүлдерін сүйретіп, әлсін-әлсін дем алып зорға жылып келе жатты. Жол бойында әлдебір бейсауат ұшып барып тоқтай қалған қағаз-мағаз секілді затты шұқылап, бір ауық тұра қалысады. Ол да көңілді көншітпейді, бір сәтке ғана аш өзегіңді ұмыттыратыны болмаса. Бұл екеуі біраз жер жүріп, өлдім-талдым дегенде шеткі ұзыншақ келген қоржын тамның ауласына жетті. Жамалды үйдің ауласындағы аласа шарбаққа сүйеп, демеп отырғызды да Төлебай үйге беттеді.

Жаман қиықырайған есік тез ашылды. Үйдің іші қап-қараңғы. Ауызғы үйден өтіп, төргі бөлмеге қарай жүрді. Төргі бөлмеден сұмдық жағымсыз иіс қолқаны қабады. Оң жақта пештің түбіннен бүк түсіп өліп жатқан әйел адамның мүрдесі көрінді. Төр жақта құр бесік... Кір сіңіп, шаң басқан жырым-жырым көрпешелер. Жағалай қараса онша көз тоқтатар ештеңе жоқ, бөлменің бұлдыр қараңғылығы үй ішін бейне тамұқтай ғып көрсетеді. Жағалай сол жаққа бұрылғанда көрді, темір төсекте кәрі кемпірдің өлексесі жатыр. Бұл суретті көрген Төлебайдың жүзінде әдепкі жағдайды көрген адамның бет-пішіні ғана бар-тын. Көп шімірікпеді. Төлебай бұл жерден бір үзім нан табылмасын бірден ұқты да, тысқа шықты.

Бұл кезде ауылдарың көбі осы хәлде болатын.

Тысқа шықса Жамал орнында жоқ.

– Ау Жамалжан, қайдасың, – деді де тың тыңдап тұра қалып, қайта бір нәумез ғана: – қайдасың, қарағым? –  деді.

Әрі бері тәлтіректеп қараған тәрізді болды. Айқаулауға әл дәрмені жоқ. Содан Төлебай сылқ етіп отыра кетті. Бүтін бір әулеттің шырағы осылай өшкені ме дейді іштей. Бір әке, бір шешеден он алты ағайын еді. Төлебай мен Жамал солардың ең соңғы қалған тұяқ, ең соңғы жылт еткен үміті еді... Ол да міне, ажал аузында тұр.

Қартайған әке-шешесі, бір үйлі жан түгелдей осынау зұлмат аштықта опат болды. Әр қайсысы әр сайда қалды... Қаншама туыс-туған қынадай қырылды.

Бәрі де Төлебайдың көз алдында тұрған. Осыны ойлап біраз отырды. Содан соңғы күш-қуатын бойына жинап, орнынан тұрды. Жамалмен де хоштасып бақұлдасты, ең құрығанда өлі сүйегі де көрінбей кеткені – бұл бейбақты одан бетер әлсіретіп жіберді. Әу баста Төлебай Жамалды арқалап, сүйрелеп тастамай алып жүргенде де, бір есебі болған еді...

Тағы да ауылдың жалғыз көшесіне түсті. Сәуірдің желі өңменіңнен өтіп, өлгелі келе жатқан аш-арықты мазақ қылғандай сумеңдеп, киімінің жыртық-тесігенін тініткілейді. Осы тәлтіректеген күйі тағы бір үйге келіп тірелді. Бұл үй әлгі үйден гөрі айдынды, ауласы таза, қора-қопсасы да ретті тап-тинақтай там екен.

...Бұл үйдің ішінде де өте жағымсыз кермек иіс мүңкиді. Бірақ алдыңғы үйдікіндей емес. Ортасында шағын дәлізі бар үш бөлмелі үй.

Төлебайдың көзіне үміт отын жылт еткізген, есін шығарған нәрсе кіре берістегі тумбочканың үстінде тұрған жан-жағы кетіліп мүжілген бір үзім нан еді! «О Алла, өзің кешір, өзің жар бола гөр». Төлебей жан-жағына жалтақтап, жалақтай түсті. Қалтақтап алға жылжып келе жатты. Тобасын айтты, – қолын бір үзім нанға соза бергені мұң екен, қақ маңдай тұста көзі шүңірейіп қабағы үңірейген, бет сүйегі арбиған сақал шашы өскен шал да қолын нанға созды. Орыстың мұжық шалы тәрізді көрінді бұған.

Төлебай нанға бір, шалға бір қарады. Қарады да қолын кейін тартты. Шал да қолын ары тартты.

Шалдың сұқ көздері мұның өңменінен өтіп, ішіп-жеп бара жатқан тәрізді. Оның да өлердей аш екені көрініп-ақ тұр. Шалдың көзі мына дүниенің бәрін жалмап жегісі кеп, олақ-бұлақ еткендей.

Төлебай сәл жымиып күлген. Ол да бұған мазақтай жымиды...

– Я шучу, старик. Я шучу, алмаймын, – деді де, жалма-жан артқа қарай зыта жөнелді.

Бір үзім нан шағын айналы тумбочканың үстінде тұр еді.

 

Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға