Жаңалықтар

Қоғамды демократияландырудың жаңа қадамы

«Мирас» республикалық кеңесінің отырысы
Қоғамды демократияландырудың жаңа қадамы
06.03.2017 14:00 6198

Астанадағы ҚР ҚМ ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Әшімбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы өтті.  

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы М.Әшімбаев Конституция қабылданған 1995 жылдан бері 22 жыл өткенін, осы жылдар ішінде қоғам мен әлем өзгеріп, сәйкесінше жаңа үрдістер пайда болғанын сөз етті. Депутат мырза Елбасы басқару жүйесін жетілдіріп, тиімділігін арттыруды көздеп отырғанын айтты.

«Бұл – халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер ететін реформалар. Яғни, министрлер дұрыс жұмыс істесе, жауапкершіліктері артса, өзекті мәселелердің түйінін тарқатса, ол мемлекеттің ілгерілеуіне, халықтың жағдайының дұрысталуына оң ықпал етері сөзсіз. Демек, бұл реформа елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі жақсартуға сеп болары анық. Соны­мен қатар, ол билік тармақтары арасында теңгерімділікті, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге, бақылау тетігін күшейтуге бағытталған. Жалпы, президенттік билік әлсіремейді. Президенттің енді, керісінше, стратегиялық мәселлерге көбірек мән беруіне мүмкіндігі болады, яғни қауіпсіздік саласына, сыртқы саясатқа басымдық береді», деді ол.

Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор жазушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Жолдауының маңыздылығына тоқталды.

– Елбасы халыққа Жолдауын 1997 жылдан бастады. Бұл – жиырма бірінші Жолдау. Осы Жолдаулардың бәрінің тарихи маңызы болды. Елді дамыту жолындағы біздің үлкен, айқын жолдарымызды саралап, анықтап берді. Биылғы «Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда бес институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты тағдырлы құжаттарды жүзеге асыруға қатысты әдістер мен жолдар көрсетілген. Мәселен, онда Елбасы бүкіл әлемді қамтып отырған индустриялық төңкеріс, цифрлы инновациялық технология секілді мәселелердің заманы туды дегенді айтып отыр. Бұл үшінші жаңғыруға бастайтын қадамдар. Бұл жаңғыру арқылы біз алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз, деген ғалым ағамыз елдегі конституциялық реформаға қатысты пікірлерін де айта кетті. «Мен мынаны айтар едім. Конституция 1995 жылы қабылданды, содан бері оған 59 өзгеріс енгізілді. Осы жолы Елбасы 40-қа жуық өзгеріс енгізуді ұсынып отыр... Қазір біз демократияның жаңа баспалдағына қадам басып жатырмыз. Осы кезде Президенттің өзі ойланып-толғанып, билікті бөлісейін деп отыр. Осыған сәйкес, елде үлкен конституциялық реформа жүрмек. Егер, ол жүзеге асса, Үкімет пен Парламент ауқымды өкілеттіктерге ие болады. Енді Үкімет белгілі бір жоспар-бағдарламаны өзі қабылдап, өзі орындайтын болады. Яғни, әрбір министр өзіне жүктелген жүкті мойнымен көтеруі керек. Ал бұл жұмыстардың бәрі кадрға келіп тіреледі. Мәселен, мемлекеттік қызметке келетін адам мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы тиіс. Яғни, ол жерге Отанын сүйетін, елін, ұлтының салт-дәстүрін қадірлейтін адамды алуымыз керек», деді.

Ал, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім Тарази  конституциялық реформаға қатысты мәселені халыққа жан-жақты ұғындыру қажеттігін айтты. Аға буын өкілдерінен соң сөз алған  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бұл маңызды мәселе ел арасында талқыланып жатқандығын, оның барысын бас басылым бетінде жарық көріп жатқан зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларының, жалпы оқырмандардың ой-пайымынан және ұсыныстарынан байқауға болатынын жеткізді. Бұдан өзге,  газет бетінде беріліп жатқан шетелдік сарапшылардың да пікірлерінің бір парасы «Қазақстандағы үдеріс Орталық Азияның жетекші мемлекеті ретінде демократиялық үдерістерге жаңа серпін береді, тұтастай өңірдің дамуына оң ықпалын тигізеді» деген ортақ тұжырымға тоғысатынын айтты.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін ортаға салды. Осы орайда ҚР ҚК Бас Штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары полковник Қайсар Мұғалов жастарды әскери-патиоттық тәрбиелеу мақсатында Қорғаныс министрлігі лайықты жұмыс жүргізіп жатқандығын жеткізіп, соның бірқатарына тоқталды.

Полковник Қайсар Мұғаловтың айтуынша, былтырғы жылы әскери-техникалық мектептердің мұғалімдері 15 мыңнан астам орта мектеп пен колледждің оқушыларыменен кездесіп, патриоттық тақырыпда сабақтар, 3 мыңнан астам балаға ӘТМ-де ашық есік күні өткізілген. Жалпы, жылдың қорытындысы бойынша 130-ға жуық патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылыпты.

 

Полковник Қайсар Мұғалов жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде кешенді бағдарлама әзірлеу, елімізде әскери-патриоттық тәрбиені дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесін (ал өңірлерде әкім орынбасарларының басқаруымен құрылса) құру, кадет сыныптарының желілерін кеңейту, жас армияшылар клубының жарғысы мен салтанатты антын бекіту, бірыңғай Республикалық жас армияшылар бірлестіктерінің электрондық тізбесін жүргізу, сондай-ақ, халықты біріктіретін Патриотизм күнін жариялау және тағы басқа маңызды ұсыныстарын айтты. «Бұл күн біздің еліміздің көпұлттық халқын – кәсіпкерлерді, әскерилерді, әсіресе жастарымызды біріктіретін болады. Бұл мереке күні біздің батырларымызды, ғарышкерлерімізді, спортшыларымызды, еліміздің дамуына үлес қосқан ұлы тұлғаларымызды және еліміздің жетістіктерін насихаттар едік», деді.  

Осылайша «Мирас» кеңесінің мүшелері жиынды қорытындылай келе, еліміздегі патриоттық тәрбие беру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Скаут қозғалысының тарихы мен халықаралық тәжірибесін, сонымен бірге ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық мектептерінің және қосымша білім беру мектептерінің мүмкіндіктерін есепке ала отырып, республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қызметін қайта қарастыруды қолға алу керектігін ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға