Жаңалықтар

Жас ақынның жұмбақ әлемі

Ақтөбелік Дәурен Тілеуханмен сұқбат
Жас ақынның жұмбақ әлемі
18.07.2019 16:06 11730

«Өнер алды – қызыл тіл». Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Мұны сөз қадірін, сөз өнерінің қасиетін ұғынатын кез-келген адам жақсы біледі. Иә, қазақ үшін қара өлеңнен асқан құдірет жоқ. Абайша айтсақ, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңменен жер қойнына кірер денең». Расында, ұлтымыз ұлы өнер деп бағалайтын поэзиямен бар ғұмырын үндестіріп қойған. Сол киелі өнердің соқпағына ілесіп, арқалы ақындар салған сара жолды жалғастырушы, жақында өткен Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына арналған республикалық мүшайраның бас жүлдесін, «Ақберен» республикалық өнер байқауының «ақындар мүшәйрасы» бағыты бойынша гран-при иегері атанған жас таланат Дәурен Тілеуханның шығармашылығына тоқталып, «Жастар жылындағы» жаңалықтарымен бөлісіп отырмыз.

Суретте: Дәурен Тілеухан

El.kz: Дәурен, алдымен оқырмандарға өзің жайында аз-кем айтып берсең...

Дәурен Тілеухан, жас ақын: Поэзияға алғашқы қадамдар жасап, оқырманға енді естіле бастаған жаңа есім ретінде өзімді таныстыра кетейін. Мен Ақтөбе облысынан алыстау орналасқан, топырағында талай тектілердің ізі қалған Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе (Еңбекту) дейтін шап-шағын ауылда өскен бозбаламын. 2000 жылы қазан айының 28-і күні өмірге келдім. Көп балалы отбасымыз әрі үйдің кенже ұлымын. Екі ағам, жалғыз әпкем бар. Жарасқан ақынның «Кенже бала» деген маған қатты ұнайтын өлеңі бар-тын. Кейде қарашаңырақта отырған әкем мен анамды ойлап, аға-жеңгемнің олардан бөлек өмір сүріп жатқанын көріп еріксіз осы өлеңді бір қайталап оқып қоямын:

Жолға қара,

деген соң жөнге қара,

Ие болдым отын-су,

мал қораға.

Кенже бала - алатын сауапты да,

Жауапты да беретін - кенже бала...

Құт қонған киелі шаңырақтың мұрагері ретінде саналғасын мойынымда үлкен міндет тұр менің де. Қазір, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде білім алып жатқан жайым бар.

El.kz: Көбінесе, ақындар қауымы бала күннен өлеңге әуес болғанын айтады. Өзің поэзияға қалай келдің? Қанша жасыңнан өлең шығарасың?

Дәурен Тілеухан: Өлең - өте кіршіксіз дүние, бірақ оның қадір-қасиетін қанаты қатаймаған бала қайдан ұқсын?! Алғашында, тақпақ құрап таңдайымыз тақылдағанға қуанып жүрдік. Кейін осы соқпақтың сорабына түскеннен соң бұл өлең деген әлемге тек адалдық пен махаббат, шынайылық пен еңбек керек екенін түсіне бастадық... Мектеп кезінен бері бірнеше мүшәйралардан топ жарып шықтым. Сосын ізденіске бет бұрып, жаңаша бағыттарды іздей бастадым. Өзіңіз айтпақшы, менде бала күннен өлең жазып бастаған жанмын. (күлді) Ал нақты қай сәттен бастап поэзияға келгенім есімде жоқ.

El.kz: «Бүгінде өлең жазып ешкімді таңғалдыра алмайсың» деген пікір қалыптасқан. Бұған алып-қосарың бар ма?

Дәурен Тілеухан: Ол пікірді айтқан адамның қандай ойды меңзегенінде менің жұмысым жоқ. Әр ақын әртүрлі анықтама беріп жатыр ғой. Дегенмен, өзімнің өлшемімде «Өлең» - біреуді таң қалдыру үшін туған өнер емес. Бүкіл жан дүниеңнің ерекше елжіреп, бөлек күйге көшкен кездегі тебіренісі мен толғанысын өлең деп атаймын. Рухани құлдырау, сананың тоттануы секілді түрлі індеттер пайда бола бастады. Тілімізге төнген қатерлер соның салдарынан туса керек. Тегінде, қазақтың тілінен, қазақтың қара өлеңінен асқан мұра әлемде жоқ. «Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деген Мағжанның Абайға арнағаны бар ғой. Шынымен, өнеге мен асыл сөзді біздің кемеңгер бабалардан артық айтқан адам жоқ шығар. Дегенмен оған мән беріп жүргеніміз шамалы...

El.kz: Өзің кімдерді оқисың?

Дәурен Тілеухан: Оқу бар да, тоқу бар. Мен екіншісіне көп мән бергім келеді. Себебі, өлеңді, сөзді түсіну мен түйсінудің айырмасын анықтап алу маңызды... Қазіргі күні өзіміздің классиктердің шығармаларын оқып жатырмын. Әлем әдебиетінен де аздап ақтарып қарап шығатыным бар. Қазақтың шұрайлы, қаймағы бұзылмаған тілін қаз-қалпында көркем қолданған Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей, сондай-ақ, Рақымжан Отарбай, Төлен Әбдік секілді жазушыларды биік қоямын. Поэзияда, әрине, алдымен Абайға жүгінемін. Ақиық Мұқаң (Мұқағали):

«Қазақта қалам тартар ақын туса,

Абайдың әруағына қарайлаған» дейді емес пе?.. «Абайдан кейін Мағжанды сүйемін…» Қасым, Мұқағали, Қадыр, Фариза деген ақындарды да жаттап өстік. Өзім сүйіп оқитын қос ақын - Жұмекен мен Жұматай! Қазіргі қазақ ақындарынан Есенғали Раушан, Мейірхан Ақдәулетұлы, Тыныштықбек Әбдікәкім, Светқали Нұржан, Әділ Ботпанов секілді ағаларымыздың шығармашылығын жоғары бағалаймын. Жас ақындардан да жақсы ақындар бар. Бірақ, атын атап айтпауды жөн санаймын.

El.kz: Дегенмен, өзің қатарлас ақындардан кімдерді оқисың? Не түйесің.

Дәурен Тілеухан: Менімен қатарлас бірен-саран ақынды оқимын. Нұртілеу Қадырқұлов, Аманжол Исламғали, Темірлан Темірбай, Мейір Оразғали, Анжелика Өтепберген сияқты он сегізге енді толған үкіленген үміттермен ой бөлісіп отырамын. Жас ақындар сондай мінезді, шорт, адуынды келеді ғой. Сондықтан тың дүниелер тауып қалармын деп қарап жүремін. Бізге әлі біраз оқу, тоқу, өсу керектігін түйемін...

El.kz: Соңғы уақытта поэзия тақырыбында таластар көп айтылады. Сен үшін поэзия деген не?

Дәурен Тілеухан: Әрине, поэзия - қалыпқа сыймайтын тым күрделі, тым орасан құдірет. Менің түсінігімде «поэзия» - жұмбақ әлем. Оның құпиясын ашу мүмкін емес секілді көрінеді маған. Т. Элиот «поэзия - қанның сияға айналуы» деп ой тастапты. Расында да, ақын жүрек дүрсіліндей ырғақты күйге елтіп, тамырдағы қанда тулап тұрған тылсым сезімді ақтара салады. Бірақ, беймәлім күштің әсері болмаса ол қайдан келеді деген сұрақ туады ғой. Ол сұраққа мен Ықылас Олжайдың сөзімен жауап беремін: «Ақын - Алланың қаламсабы іспеттес...»

Өлең - ақынның көкірегіндегі көз, көңіліндегі айна сияқты ғой. Дүниені басқаша кейіпте көрсетуде, әлемнің осынау сұп-сұлу келбетін айнытпай бейнелеуде поэзиядан артық құрал таппасымыз анық. Ал, оны түсіну мен түйсінуді әркімнің танымына тапсырайық...

El.kz: Өзің сияқты жастайынан шумақ құрап, өлең шығаратындар көп. Сенің олардан ерекшелігің қандай?

Дәурен Тілеухан: Қазір ақын боламыз деп жүрген жастардың легі көп. Олардан қандай айырмашылығым бар екенін өзім де білмеймін. Ол келер күннің еншісіне қалсын. Әсіресе, әдебиет сыншыларының құзырына қалдырайық...

El.kz: Сын деп қалдың, бұл жанрға көзқарасың қалай?

Дәурен Тілеухан: Негізі, сын деген ақынның бет-бейнесін, оның деңгейін көрсету ғой. Оның үстіне, кез-келген қазақ өлең шығаруға қабілетті. Әйтеуір, сөз тауып кеткіш қасиетке ие халықпыз. Сондықтан сынның астында қалатын кездер жиі болады. Дегенмен, сын бізде бір тауарды «бренд» болса ғана алатын сатып алушының әңгімесіне ұқсап кететіні жаман. Елге аты танылып үлгерген ақындарды көп сынайды. Сондықтан сол деңгейге жетуге талпынып келемін. Меніңше, ақылға қонымды, нанымды болса неге сыннан нәтиже шығармасқа?! Бірақ бізде олай емес. Сол сыншының өзін ит терісін басына қаптап «Өлең түсінетін өрең жоқ», «Сында не шатағың бар» деп ақындар оны енді көрместей болып жатады. Сосын ғой «Елде жөнді сын айтатын, жалпы сын жанры деген атымен жоқ» деп кейиді. Ал соны айтатын әлгі ақынның өзі болуы да ғажап емес. Бірақ ешқандай сыншының ақында кеткен өші жоқ. Ақынға күйе жағу да басты мақсаты емес. Әлгінде айтқанымдай, қазақ жеріндегі мыңдаған өлеңшінің ішінде көзге ілігіп, өлеңіміз оқылып, сыналып жатсақ қуанған болар едім.

El.kz: Ал әдебиетте аға буынның жастарға көңілі толмауына көзқарасың қалай?

Дәурен Тілеухан: «Айдағаны бес ешкі» бола тұра бүкіл әлемді аузына қаратып қойғандай сөз сөйлеп, өзінен басқасын көзге ілмей кететін қаламдастарыма қазір де көңілім толмайтыны рас. Менің де «Ақынмын!» деп арылдап өлең оқып (өлең деп айтуға да келмейді) жүрген кезім болды, қазір соған ұяламын. Бәрі уақыттың, болашақтың иелігіндегі жұмыс. Ал ағаларға келер болсақ, тым тәкәппар түр жасап, жастарға жылы шырай танытпайтын ағалар бар. Бірақ, Құдайға шүкір, менің ағаларым үнемі қолдап, жақсы-жақсы ойларын ортаға салып, қолдарынан келгенше маған қамқорлық көрсетіп жүреді.

El.kz: Шығармашылық адамдарының көбісі Алматыға барса бақтары ашылып, даңғыл жолға түсетіндей көрінеді. Сен де «әдеби ортаны» аңсайтын шығарсың?!

Дәурен Тілеухан: Түркістанға барғалы біраз уақыт бойым жылымай, Ақтөбені, ауылды аңсауым жиілеп кетті. Ақтөбеде «Рухнама» шығармашылық орталығы бар. Сонда Гүлімай Әбішқызы (бәріміз Гүлапа дейміз), Есенбек Жұмағалиев бастаған жас ақындар жиі-жиі бас қосып, жырларын оқып, жақсы әңгімелер айтып тұрады. Сол жақты қатты сағынып, сабақ кезінде де ананы-мынаны сылтауратып Ақтөбеде өтетін мүшәйраларға қатысып тұрдым. Кейіннен оңтүстікке де етім үйренді. Менің өлеңімді жоғары бағалаған Бақытжан Алдияр ағамның ерекше ілтипаты мен құрметін, қамқорлығын көрдім. Өлең десе өзеуреп, мені өз туған баласынан кем көрмейтін Мәриям, Жібек секілді апайларым табылды. Жаныма жаңа ақын достар жинала бастады. Қуаныштымын. Қазір жазғы демалыстамын. Әдеби ортадан уақытша сырт қалып, оңаша жүріп оқуға ден қойып жатырмын. Ал Алматыға аңсарым ауып тұратын кездер болса да, ауылымнан жырықтағым келмейді. Кейде оқуда жүріп өскен өлкені сағынғанда:

Балалығы жанбілмес жырақта қап,

Қонады қайда барып құрақ-қанат?!

Суалған жанарындай қарт адамның,

Қызыл күн көкжиекке құлап барад...

 

Жалғанда не бар дейсің ойдан ауыр?..

Арман емес - жайды ұстап, Айға бару.

Жұмақтай жүректегі жайлы мекен -

Мен сені сағындым ғой

Қайран АУЫЛ!!!-деп өлең жазып, шерімді тарқатып алатын кездерім болады.

El.kz: Кітап шығарып үлгеріпсің. Жалпы, қоржыныңда қанша өлең бар?

Дәурен Тілеухан: Жаңа өлеңдерім аса көп жарияланып жүрген жоқ. Бұрын желіге жарыса салып жататын өлеңдерімді қазір өзім оқуға ұяламын. Әлі талай өлеңдер өмірге келер, бірақ осы кезге дейін көңілім толған бір өлең жаза алмадым. Осыдан бір, бір жарым жыл бұрынғы жазған «шимайым» желіге тарап кетті. Былтыр көктемде «Жыр-Дәурен» атты жыр жинағым шыққан еді, таралымы аз болғандықтан қазір өзімде де ешбірі қалмады. Бір жылдың ішінде менде үлкен өзгерістер болған сыңайлы. Өйткені, бір жыл бұрынғы өлеңдерімнің көбін өшіріп тастадым және ешқандай жерде оқылмағанын қалаймын. Қоржындағы өлеңдердің санын білмейді екем. Сараң жазамын. Кітап шығару да әзір жоспарда жоқ. Шығарған соң оқырмандар сүйсініп оқитын, халықтың үдесінен шығатын кітап шығару керек. Сол себепті де өзімді тұсаулап, бұл істің жүгін келер күндерге артып отырмын.

El.kz: Меніңше, бүгінгі жас ақындардың өлеңдерінде белгісіз музаны аңсау басым. Сенің де осы сарындағы өлеңдеріңді оқып қалдым. Жалпы, бұл нені білдіреді?

Дәурен Тілеухан: Қай өлеңді нұсқап тұрғаныңызды білмей отырмын. Бірақ бұрын шыққан өлеңдерде сондай сарын болғаны жасырын емес. Бозбала кезеңге келіп енді ғана еңсе тіктедім. Мүмкін, ол өлеңдер еліктеуден туған шығар, мүмкін бала қиялдың қалықтаған қанаты шығар?! Дегенмен, тым әріге кетіп, ылғи қиял кезіп кетудің қажеті шамалы. Белинский «Бүтіндей өтірікке берілген адамды ақыл мен талант тастап кетеді» депті. Онсыз да айналамызда айтылмай жатқан ақиқат, өмір шындықтары көп қой.

El.kz: Жүрегім де ұдайы сол гүлге асық,

Білмеймін…

Қалай ғана болдым ғашық?

...Қыз тұрды - қылша мойын, қызыл ерін,

Иықтан бұйра шашын толқындатып...- деп өлең шығарыпсың. Махаббат туралы жиі жырлайсың ба? Неліктен ақындар ғашықтық сезімін өлеңге арқау етуге құмар?

Дәурен Тілеухан: (күлді) Бұл менің «Махабатты іздеу» деген өлеңім болатын.

Қап-қара көздерінен шашып сәуле,

Жақындайды жаныма асықпай кеп,

Сездірмедім сол сәтте сезімімді,

Ойлаған да шығар ол «жасықтау» деп...

 

Сыр бөліскен құрбысын қасына алмай,

Келер тағы

мен жаққа - асығардай...

Ұялшақтау үніммен жыр оқимын,

Қарайды ол қызғылт жүзін жасыра алмай...,-деп жалғасады. Өлеңдерімінің 60 пайызы тұнған лирика. Жас болған соң махаббат сезімінің ұшқыны атып, осындай өлеңдер туатын кезі болып тұрады.

El.kz: Қаламақыға өлең жазуға қалай қарайсың?  

Дәурен Тілеухан: Қазір күн көрістің қамымен қаламақы үшін қара терге түсетін ақындар бар екеніне күмәнім жоқ. Ол да бір жағынан дұрыс шығар. Өзімнің өреммен өлшесем ол маған тән қасиет емес. Қазақта «көңіл қимастық» деген оғаш қылық бар ғой. Кейде жақын-жуықтар не болмаса сыйлас достардың үлкен өтінішін қабыл алып жазатыным бар. Мойындаймын. Қолдан келгенше аулақ болған жақсы, себебі, ана тақырып, мына тақырып деп жүргенде Абай айтпақшы «өлеңі бірі - жамау, бірі - құрауға» айналып, жүректің жазуын жоғалтып алу, «өлеңді ермек үшін» жазу секілді кеселдер көрініс береді деген пікірдемін. Осы күнге дейін тапсырыс қабылдап, қаламақы алған кез болмады...

El.kz: Ақындардың қандай қасиетін бағалайсың?

Дәурен Тілеухан: Ақын боламын деудің өзі әу бастан-ақ Алланың кеудеңе аманат қып түсірген сәулесін жан-жағыңа шашып, халқыңды нұрландыру емес пе? Тек қана аманатпен шектелмесі де анық, сондай-ақ, азап та қатар жүктеледі. Жәй азап емес, артыңдағы қаншама жұртқа келтірер жақсылық пен тигізер пайда жолында болатын азап.

Қазіргі айтар пікіріме көп ақын реніш білдіретін шығар, сонда да мен үшін «Ақын - Алланың жердегі сәулесі» (А.Кеңшілік). Ақын пендешіліктен биік тұруы тиіс! Тек бізде емес қай кезде болмасын, қай елдің әдебиетінде болмасын кездесетін құбылыс қой. Дегенмен, биіктікті, адамдықтан аттамауды парыз көрген ақын айтулы болады деп ойлаймын. Ақын әпкемнен естіген әзіл әңгіме есімде қалыпты. Бірде Шекспир мен оның күндесі тар көпірде жолығып қалады. Сонда бақталасы: –  Мен сен сияқты есектерге жол бермеймін, сені өткізбеймін, –  деп тұрып алыпты. Сонда Шекспир: Ал мен жол беремін, өте бер, – деген екен. Осы секілді Таласбек Әсемқұловтың да естелігінде Асқар Сүлейменовтың бір жиында «Мен әлем әдебиетінде өз жолымды салып келе жатқан жазушымын. Менің атымды, менің ізімді ешкім өшіре алмайды!» деп қоқиланған кісіге қарап: – Әдебиетте жол салу мен әдебиетті былғап кету, екеуі екі басқа нәрсе. Сіздікі қандай із? – дегені бар екен. Жалпы, қандай уақытта да еңбегіңді ел бағалап, халықтың қалаулысы болсаң болғаны...

El.kz: Сені не шабыттандырады?

Дәурен Тілеухан: Менің өлеңдеріме жұрттың берген бағасы шабыттандырады. Әлі жетілу болып-толу кезеңіне жетпегенім белгілі, жетуге де біраз уақыт бар. Өлеңнің ішкі тынысын, қуатын сезініп оны сыртқа шығару үшін үлкен білім және еңбек керегі айдан анық. Қазіргі күні жазғандарымды қарап, өзінің қамқорлығын, ақ тілегін білдіретін ағамның бірі –  Мейірхан Ақдәулетұлы. Болашағыма алаңдап, ақылын айтатын Мейірхан ағама алғыс білдіремін. Онан соң мені үлкен жұртшылыққа танытып, жұлдызымды жаққан жанның бірі – Гүлімай Әбішқызы. Жауқазын жырларымды оқып, Мейірхан ағаның батасын алуға себепкер болған да –  Гүлапам. Ақтөбедегі Бауыржан Бабажанұлы, Есенбек Жұмағалиев, Гүлжайнар Қалдина, Индира Кереева, Нұрбол Ибраев секілді ақындардан жақсы баға алып, енді бағамды ақтауды борыш қып жүрген жай бар. Түркістанға барғанда «балам-ей» деп басымнан сипаған алғашқы адам –  ақын Бақытжан Алдияр болды. «Болатын бала екенсің» деген бір ауыз сөз көңілге медет болады екен әрі зор мотивация (күлді). Әрине, мақтанға семіріп кету үлкен қателікке ұрындырады. Маған ұнайтын әйгілі жапон жазушысы Рюноскэ Акутагаваның бір сөзін үнемі жадымда ұстаймын: «Мықтымын деп дандайсып кетпе. Бірақ өз-өзіңді кемсітпе. Сонда ғана бойыңды тіктей аласың...».

El.kz: Биылғы «жастар жылынан» не күтесің?!

Дәурен Тілеухан: Көзінде оты, жүрегінде жалыны бар жастарға бұл үлкен мүмкіндік деп білемін. Әсіресе, келешекте ел билігіне араласатын жастарға жасалған жағдай деп санаймын. Сонымен бірге, өзім сияқты өсіп келе жатқан жастардың рухани әлемін кеңейтіп, қоғамдағы белсенділігін арттыруға жасалған байыпты бастама десем де артықтық етпес. Биылғы жылдан жақсы жаңалықтар күтемін. Тек бір нәрсе күтіп қана емес, мейлінше бұл жылда тек жақсы жағымыздан ерекшеленіп, отбасымызда немесе достарымызбен жиналған сәттерде ана тілімізді бөтен тілмен былғамай, таза қазақша сөйлесуді қолға алдым. Іні-қарындастарымды үлкен кісілерді құрметтеу, өзіңнен кішіні қорғап, қамқор болу, ата-ананы құрметтеу сияқты ізгі қасиеттерді үйретіп келемін. «Жастар жылында» менің қосқан бұл аз-маз үлесім. Жалпы, биліктен бірнәрсе күтіп отыра беруге болмайды деген позицияны ұстанамын. Жастар өздері бастама көтеріп, қарапайым ғана ұлтымызға тән мерекелерді сән-салатанатпен атап өту арқылы да кейінгілерге үлгі көрсетсе де «Жастар жылына» қосқан үлес болады деп ойлаймын.

El.kz: Әңгімеңе рақмет. «Жастар жылында» шабытың шалқып, өнер өлкесінде ойып тұрып орын алуыңа тілектеспіз!

Дәурен Тілеухан: Рақмет.

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

"Ұлтқа ұпай есептемей қызмет ете білу керек"

"Жыр жинағымның тұсауы әлі кесілмеді"

"Айжан Табаракқызы: Өлең менің тағдырымның көшірмесі"

(Сурет: Д.Тілеуханның жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға