Жаңалықтар

Жамбыл Жұмабеков: Жастар жылында «Қазақтану», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары аясында маңызды жоспарлар құрып отырмыз

14.11.2018 12:23 777225

Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор.

Ассамблея мемлекеттің ұлттық саясатын іске асыруда біршама жұмыстар атқарып, азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттырып келеді.

Осы мақсатта еліміздің жоғарғы оқу орындарында (ЖОО) құрылған ҚХА кафедралары (бүгінгі таңда 35 кафедра) Ассамблея ұсынған жобаларды тиімді жүзеге асырып, нәтижелі жұмыс атқаруда.

Сұхбаттасымызда академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Жамбыл Әзмұқанұлы Жұмабеков атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен бөлісіп, алдағы уақытта қандай бағыттар басымдықта болатынын ашып көрсетіп берді.

Ж. Жұмабеков – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы Қарағанды облысының тарихи жерлеріне үнемі экспедиция ұйымдастырып отырады. Облыстық ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі.

Жамбыл Әзмұқанұлы, әңгімемізді өзіңіз басшылық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысынан бастасақ.

— Университетте Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы 2015 жылы ашылды. Өзім сол уақыттан бері кафедраның меңгерушісінің қызметін атқарып келемін. Біздің кафедра оқытушыларының әлеуеті өте жоғары – екі тарих ғылымдарының докторы, төрт ғылым кандидаты, бір PhD докторы, жеті ғылым магистрі жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта үш PhD докторын дайындаудамыз. Айман Жұманованың «Қазақстандағы тіл саясаты (1923-1991жж)» тақырыбы мен Шамиль Ильясовтің «ХІХ ғ. Дала өлкесіндегі отарлық басқару органдарындағы әкімшілік аппаратының қызметі» тақырыбындағы докторлық диссертациялары қорғалды. Ендігі әріптесіміз Нұртас Смағұлов «Ежелгі түркілердің «Мәңгілік ел» мемлекеттік идеологиясы» тақырыбында докторлық диссертациясын жазып бітіріп, қорғауға дайындық үстінде.   

Осы уақытқа дейін кафедра ұжымы маңызды тақырыптарда отыздан астам дөңгелек үстел, төрт ғылыми-тәжірибелік конференция, бес ғылыми семинар ұйымдастырды. Кафедра оқытушыларының қаламынан оннан астам ғылыми монографиялар, оқулықтар, оқу-құралдары, жүзден астам ғылыми мақалалар жарияланды. Бұдан басқа үнемі ұйымдастырып отыратын іс-шараларымыз жеткілікті.

— Кафедра оқытушыларының миссиясы және студенттердің ортақ іске қосып отырған үлесі жайлы айтып өтсеңіз?

— Кафедраның жұмысы «Рухани жаңғыру» және «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламаларының, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға бағытталған.

Оқытушыларымыздың басты мақсаты – студент жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақстандық бірегейлікті, этносаралық татулықты сақтауға және нығайтуға бағыттау, бейімдеу.

Осы орайда кафедрамыз облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңес тобымен, «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе отырып, студент жастарға «Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясы – Қазақстан болашағының негізі», «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазіргі қазақстандық моделін қалыптастырудағы түрлі конфессиялардың толерантты өзара іс-қимылының тарихи рөлі», «Тәуелсіз Қазақстан жастар көзімен», «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі аясында «Жаңа қазақстандық патриотизм», Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының тапсырмаларына сәйкес «Бес әлеуметтік бастамалар – қоғамның әлеуметтік бірлігінің платформасы» тәрізді дөңгелек үстел ұйымдастырып, қазіргі жастардың белсенді азаматтық позициясын анықтауда, еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси реформаларды түсіндіруде біраз жұмыстар атқарды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылған «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті географиясы», «100 жаңа есім» жобаларына жастарды тарту мақсатында «Қазақстан – менің Отаным» атты республикалық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырып, еліміздің рухани жаңғыруына қатысты басты мәселелерді жастар арасында талқыға салдық. Конференцияға республикамыздың барлық аймақтарынан жүзден астам студент қатысып, өзара ой бөлісіп, пікір алмасты.

— Кафедра жалпы білім беретін мектептермен серіктестік қатынас орнатқан екен. Осы жөнінде толықтырып айта отырсаңыз.

— Иә, дұрыс айтасыз. Кафедра біраз мектептермен тығыз байланыста. Оның басты мақсаты – оқушыларды Қарағанды Мемлекеттік университетіне білім алуға тарту, басқа оқушылармен байланыс орнату, жастардың ғылымға деген қызығушылыған туғызу.

Кафедра қазір Қарағанды облысындағы жиырмадан астам мектеппен жұмыс жасап отыр: Сәтбаев, Саран, Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалалары мен Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары да бар.

Сондай-ақ біз жыл сайын мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «КЛИО», «Тарих тағылымы» конкурстарын өткіземіз. Мысалға, 2018 жылдың 26 қазанында «Тарих тағылымы» атты мектеп оқушылары арасындағы облыстық ғылыми жобалар және бейнероликтер конкурсын өткіздік. Оның басты мақсаты – жалпы білім беретін мектептердің аса белсенді және дарынды оқушыларын анықтау, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына және инновациялық әрекетін ынталандыру болды. Конкурс қазақ және орыс тілдерінде өтті. Оған 121 қатысушыдан өтініш келіп түсті. Конкурс үш бағыт бойынша өтті: «Туған жер: туған өлкенің тарихы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қасиетті Қазақстан».

Кафедра аясында ғылыми зерттеулер жүргізіле ме? Қандай еңбектер жарық көрді?

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кафедра оқытушылары оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын оқу-әдістемелік құралдарын жазып шықты. Атап өтер болсам, «Өлкетану» пəні бойынша мектеп мұғалімдеріне арналған оқу құралы, Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне арналған «Менің елім – Қазақстан» оқу-әдістемелік құралы мен Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне арналған «Ұлы Даланың Мәңгілік Ел идеясы» оқу-әдістемелік құралы.

Сондай-ақ кафедра оқытушылары екі жүзден астам ғылыми мақалалар, оннан аса монография, он шақты оқу құралдары, он бестен аса ғылыми мақалалар жинағын жариялады. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында маңызды тарихи оқиғалардың айтулы мерейтойларына орай «Қазақстан – менің Отаным», «Қазақ әлемі», «Тарих тағылымы», «Мәңгілік ел» студенттер, магистранттар, оқытушылар арасындағы ғылыми мақалалар жинағы жарық көрді. Сондай-ақ өзімнің «Изучение и документирование культурных ландшафтов Центрального Казахстана с применением современных технологий и междисциплинарных методов» жобаммен жұмыс істеп отырмын.

Әріптестерім – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С. Елеуханова, аға оқытушылар А. Утебаева, О. Шохатаев, ҚХА маманы А. Бабырбек, оқытушы С. Иксанов аталған жобалардың аясында тапсырмаларды орындауда. Сондай-ақ кафедра оқытушылары студенттермен жыл сайын Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізіп, мақалалар жазып, халықаралық, республикалық конференцияларға қатысып отырады.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде тұрып жатқан қаншама этносты біріктіріп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін орнатты. Осы орайда халықаралық ынтымақтастық бағытында кафедраның атқарып отырған игілікті істері жайында айта кетсеңіз.

— Қазақстанның әрбір азаматы қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін – қонақжайлылығын, көзқарасының кеңдігін үлгі тұтқаны жөн. Этностық қатыстылығына қарамастан барлық адамдарды бауырына тартатын кең пейілін дәріптеп, сенім мен достықты бойына сіңіре білуі тиіс. Осы орайда біз Өзбекстанның Қазақстандағы жылына арналған Қазақстан тариxы және Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен университетаралық «Өзбекстан мәдениеті мен тарихы» деп аталатын студенттер арасындағы интеллектуалдық ойын ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – өзбек ұлтының тарихы мен мәдениетін таныстыру еді.

Сайыс барысында студент жастар патриотизм, толеранттылық, өзге ұлттар мен өзге тілдерді қадірлеу қасиеттерін қалыптастырды деген сенімдемін.

Сайысқа Қарағанды қаласының медицина университеті, теxникалық университеті, «Болашақ» академиясы, Е. Бөкетов атындағы университеттің студенттері қатысты.

«Қазақтану» жобасы сайыстың тақырыбына арқау болды.

Бұл іс-шараға Қарағанды қаласының «Бірлік» өзбек мәдени бірлестігінің мүшелері қатысып, қолдау көрсетіп, студенттерге алғыстарын білдірді.

Университетте «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы, «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы» тарихи-экологиялық акциясы қандай деңгейде өткізілуде?

— «Қазақтану» жобасы өзге ұлттарға қазақ елінің тарихын, мінезін, тілін танытады. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Ерекше бастама. Бірінші кезекте қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтаудамыз. Бұл мақсатта Ақтоғай, Шет, Қарқаралы аудандарына экспедиция жасадық.

Екіншіден, Сарыарқа өңірінің киелі жерлерін зерттеуді қолға алып отырмыз. Бұл бағытта Ұлытау өңіріндегі Алтыншоқы тарихи орнын және Қарқаралы ауданындағы Қызылкент сарайын зерттеудеміз. Үшіншіден, қазақтың тарихи тұлғаларын зерттеуді бастадық. Осының мысалы ретінде таяуда, 10 қараша күні Шығыс Қазақстаннан келген Семей университетінің оқытушыларымен «Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектерінің рухани құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздік. Мұндағы мақсатымыз – жастарға тарихи тұлғаларды танытып, олардың еңбектерін насихаттау.

Іс-шарада оқытушылар мен студенттер тәжірибе алмасты. Осындай іс-шаралар сан қырлы бағытымызды айқындап, жобаның аясын кеңейтуге септігін тигізіп отырады.

Кафедра оқытушылары «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы» бағыты бойынша жыл сайын экспедицияларға шығып тұрады. Атап өтер болсақ, оқытушы С. Иксанов Ұлытау аймақтары, Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарына этнологиялық экспедиция ұйымдастырған болса, аға оқытушы С. Шохатаев Қарқаралы ауданындағы Қарағайлы кентіндегі Алат тұрағын шолып қайтты. Сонымен бірге С. Жауымбаевтың басшылығымен 1 курс студенттері тәжірибелік археологиялық экспедицияға үнемі шығады.

Өзімнің Орталық Қазақстанның мәдени ландшафттарын зерттеуге арналған жобам бар. Соның негізінде жыл сайын Қарағанды облысы көлемінде шағын кенттерге, ауылдарға, киелі жерлерге экспедицияға шығамын. Біздің кафедрамыз осы экспедиция негізінде әртүрлі жобалар құрамына енгізілген. Олар бойынша мақалалар, монографиялар, ғылыми жинақтар жаздық.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысы туралы ақпаратты көпшілік қауымға қалай жеткізесіздер?

— Қарағанды қаласының бұқаралық ақпараттық құралдарына кафедраның жұмысы туралы, сондай-ақ Жолдау, жобалар аясында үнемі ақпарат береміз. Нақты айтып өтер болсам, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, С. Кентбек жыл сайын Қазақстан-Қарағанды арнасындағы «Ойталқы» ток-шоуында сұхбат береді.

«SARYARQA» телеарнасында Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған арнайы шығарылымда PhD докторы Н. Смагулов «Тағылым» бағдарламасында көптің назарына тың тарихи деректер ұсынса, өзім «Уақыт.Kz» бағдарламасының қонағы болып қайттым. Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Д. Жұмабеков 24.kz телеарнасына «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания» тақырыбына сай журналистермен сұхбаттасты.  

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жастар арасында қандай бастамалар жүзеге асырылуда?

— Бұл мәселе бойынша кафедра оқытушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес дөңгелек үстелдерге, халықаралық, республикалық конференцияларға, симпозиумдарға қатысып, мақалалар жариялап отырады. Мәселен, тарих ғылымдарының докторы, профессор В. Козина Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының негізінде дөңгелек үстелде баяндама жасады.

Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұжымы ҚарМУ-дың студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы» (2025 жылға дейін), «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Ақпан-мамыр айларында 102 мектеп-лицейінің әкімшілігімен ҚТ және ҚХА кафедрасының оқытушысы А. Баймағамбетова, тарих магистрі, ҚХА маманы А. Бабырбек ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жолдауын талқылауға арналған «Елбасы үндеуі – жаңарудың жаңа қадамы» тақырыбында дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

ҚХА кабинетінде тарих факультетінің «Бес әлеуметтік бастамалар – қоғамның әлеуметтік бірлігінің платформасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Онда оннан астам баяндама тыңдалды, кездесудің модераторы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С. Елеуханова болды.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дөңгелек үстел мен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының аға оқытушысы Н. Смағұлов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолы – тарих және қазіргі заман» халықаралық форумына қатысты.

Халықаралық форум жұмысы аясында «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы» бағдарламасы аясында Балқаш маңындағы Бектауата жерінде Шашубай Қошқарбайұлына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Бектауатаның тауында «Қазақтану» жобасы негізінде құрылған «Ұлы Дала өркениеті» этноауылында маңызды іс-шаралар өтті.

Осы жұмыстардың арасында Балқаш қаласында «Рухани жаңғыру» жастар орталығы ашылды.

Кафедраның алдағы уақыттарда атқаратын іс-шаралар жоспарымен бөліссеңіз.

Келешекте іске асыратын жоспарларымыз көп. Келесі жылы Жастар жылы деп белгілегендіктен, жұмысымыздың басым көпшілігін жастарға арнауды жөн санап отырмыз. Нақты айтар болсақ, біріншіден, университетте оқитын студенттерге арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының концепциясын жүзеге асыратын Студенттердің мәдени орталығын құрмақпыз.

Екіншіден, «Қазақтану» жобасын іске асыру мақсатында студенттер арасында арнайы клуб ашамыз. Осы орайда студенттермен іс-шаралар ұйымдастыра отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлері және жер-су аттары бойынша шағын кітаптар жазып отыруды мақсат етіп отырмыз.

Үшіншіден, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында Қарағанды облысы бойынша этностар арасындағы тарихи тұлғалардың тізімін жасап, олардың өмірбаяны мен атқарған қызметтерін түпкілікті зерттеп, кафедра оқытушыларымен бірлесе арнайы анықтамалық кітап шығармақшымыз.

Жұмыс барысында басқа да тың идеялар туындап жатса, ұжымның күшімен жүзеге асуын қамтамасыз етеміз.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға