Жаңалықтар

Жамбыл Жұмабеков: Қоғамдағы бірлікті қалыптастыруда этномәдени бірлестіктердің рөлі ерекше

26.11.2018 04:03 3532

Қараша айының 19 жұлдызында Астана қаласындағы Назарбаев Орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен «Көпэтносты қоғам және заманауи мемлекет: даму стратегиялары» тақырыбында халықаралық форум өткен болатын.

Онда Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Жамбыл Әзмұқанұлы Жұмабеков қоғамда бірлікті қалыптастырудағы этномәдени бірлестіктердің маңыздылығына тоқталып өтті.  

— Жамбыл Әзмұқанұлы, ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумында өзіңіз баяндама жасадыңыз. Оның барысында 90-жылдардағы күрделі кезеңдерге тоқталып кеткен едіңіз. Әңгімемізді содан бастасақ.

— Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы еліміздегі этнодемографиялық жағдай күрделі еді.

Кеңестік дәуірдегі үкімет саясатының нәтижесінде еліміз көпұлтты мемлекет болып қалыптасты. 1989 жылғы санақтың қорытындысында Қазақстан аумағында 130-дай этностар өмір сүріп жатты.

ХХ ғ. 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басындағы ұлтаралық қақтығыстар посткеңестік кеңістіктегі біршама өңірлерді қамтыған еді.

Көптеген шетелдік белгілі сарапшылар – М. Олкотт, З. Бзежинский Қазақстанда этносаралық қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін деген болжам да жасаған болатын. Алайда экономикалық, саяси және этносаралық дағдарыстардың ушыққан жағдайында Қазақстан ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің мекені болып қала берді. Яғни, қиын-қыстау кезеңде де өзінің бірегейлігін жоғалтпады. Мұның барлығы Елбасының тыңғылықты ойластырған, ғылыми негізделген, көреген саясатының жемісі.

— Елбасының саясатының нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жөнінде не айтасыз?

— Ассамблеяны құру идеясын Елбасы 1992 жылы тәуелсіздігіміздің бірінші жылындағы форумда айтқан болатын. Форумда Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылуы үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығы негізгі рөл атқаратынын ерекше атады. Бұл туралы Қуаныш Сұлтанов «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны Президент Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен ойластырды» деп, мұның тәуелсіздік алған кезінен басталған идея екендігін айқындады.

1995 жылдың 16 ақпанда Н.Ә. Назарбаев еліміздегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп, елімізде ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында жаңа қоғамдық институттың қажеттігі туралы сөз қозғады. Осыдан кейін әрбір облыста Кіші Ассамблеялар құрыла бастады.

Сол жылдың 1 наурызында Президент жарлығымен жаңа құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

24 наурызда Алматы қаласында «Біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін» деп аталатын Ассамблеяның алғашқы құрылтай сессиясы өтті. Сессияға қырық ұлттық мәдени орталықтың өкілдері қатысқан еді. Онда Елбасы өз сөзінде еліміздегі татулық пен бірліктің негізі Ассамблея болатынын білдірді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының делегаттарына, ал оларға 120 ұлттың мүдделерін білдіру жүктеліп отыр, әрбір этностың және бүкіл Қазақстан халқының болашағы үшін орасан зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр» деді ол.

30 тамызда бүкілхалықтық референдум бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Ассамблея қабылданған Конституцияға үлкен қолдау білдірді.

Осы іс-шаралардан кейін Ассамблея еліміздің саяси өмірінде белсенді орын алды. Осы жылы мауысым айында Ассамблеяның «Өткенді ұғыну және қоғамның демократиялық реформалануы» атты екінші сессиясы өтті. Бұл жыл сайынғы Ассамблея сессиясының өтуінің дәстүрлі бастамасы болды.

— Этномәдени білім беру туралы түсініктеме беріп өтсеңіз.

— 1996 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Республикасындағы этномәдени білім беру тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама республиканың білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламаларының мазмұны үйлесімді тұлғаны дамытуға, білім алушылардың бойында отансүйгіштік, азаматтық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды.

2006 жылы Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жж. арналған тұжырымдамасы ұлттық-мәдени бірлестіктердің мәртебесін қазақстандық азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде айқындап берді.

Этномәдени білім беру – бұл әлемдік мәдениет құндылықтарын бір уақытта игере отырып, ана тілі мен мәдениетіне баулу арқылы тұлғаның этномәдени бірегейлігін сақтауға бағытталған білім. Этномәдени білім жалпы бастауыш білім берудің құрамдас бөлігі ретінде ұлттық бірегейлікті, оң ұлттық құндылықтар жүйесін, тұлғаның рухани-адамгершілік, әлеуметтік, жалпы мәдени және зияткерлік дамуын қалыптастыру үшін кең мүмкіндіктерге ие.

— Қарағанды облысында этномәдени бірлестіктердің қызметін баяндай отырсаңыз. Баяндама барысында өзіңіздің жинақтаған тың мәліметтеріңіз бар шығар.

— Қоғамдық бірлікті қалыптастыруда этномәдени бірлестіктердің маңызы зор. Оны біз Қарағанды облысы көлемінде тіркелген этномәдени бірлестіктердің қызметінен айқын көре аламыз. Бүгін Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында жетпіс төрт этнодени бірлестік бар, оның жиырма екісі облыстық, елу екісі қалалар мен аудандарда еңбек етуде. Бұл дегеніңіз этномәдени бірлестіктердің, түрлі ұлт өкілдерінің белсенділерінен құралған үлкен күш. Қарағанды облысы этникалық құрамы бойынша көпұлтты болып саналады, облыста ұзын саны жүз шақты ұлт өкілдері өмір сүреді. Республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына жиырма бір қарағандылық кіреді, олардың қатарында облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, дінбасылары мен облыстың бетке ұстар азаматтары бар. Облыстық және республикалық көлемдегі іс-шараларға белсенді атсалысып жүрген этномәдени бірлестіктер жанынан жүзге жуық шығармашылық ұжым жұмыс істейді.

— Осы бірлестіктермен бірігіп өткізілетін маңызды шараларға тоқталсаңыз.

— 2017 жылы Достық үйінің конференц-залында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сараптама тобының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрамыз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру бойынша этномәдени бірлестіктер жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Облыстық ҚХА Ғылыми-сарапшы тобының басшысы Вилен Молотов-Лучанскийдің пікірінше, этномәдени бірлестік көшбасшыларының сарапшы қоғамның алдында үлкен міндет тұр – жаһандық идеологиялық бәсекелестік жағдайында тиімді болатын жұмыстың тәсілдері мен әдістерін табу.

Қарағанды облысы көлеміндегі этномәдени бірлестіктер қоғамдағы бірлік пен тұралықты қалыптастыруда маңызды рөлге ие. Қазақстан Республикасының тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға бағытталған іс-шараларын жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді.

Облысымыздағы белсенді этномәдени ұйымдар Екінші Дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен тыл арадгерлеріне, жетімдерге, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көрсетеді. Қаламыздың көркеюіне және гүлденуіне өз үлестерін қосуда.

Қарағанды ​​қаласының этномәдени бірлестіктері бір-бірінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын зерттеп қана қоймай, моноқалалар құру жұмысына және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға зор еңбек сіңіруде.

Қолданыстағы жобалар үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының және бизнестің ынтымақтастығының нәтижесі болып табылады. Мәселен, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері және «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы Қарағанды ​​тұрғындарына мамандық алуға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылады. Көп ұзамай қолөнер студиялары шеберлер қаласына біріктіріледі деген жоспар бар.

Қарағанды ​​облысы ҚХА-ның Ғылыми-сараптау тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский: өнер шеберлерін қолдау орталығы мен «Казачья вольница», кәріс этномәдени бірлестігі, еврей орталықтары арасында өте қызықты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың басты мақсаты – тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдарды өндіру, яғни, бұл жобалар негізінде көптеген адамдар мамандық иесі бола алады. Облысымыздағы Литва этномәдени бірлестігі де жұмыс орындарын қалыптастыруға жағдай жасауда. Қоғам Қарағандыда моноқалашық салуда. Бұл қосымша жұмыс орындары пайда болады деген сөз» деген болатын.

«Литуаника» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Виталий Тварионас та өз кезегінде: «Мұнда іскерлік орталық, қонақ үй және ойын алаңдары құрылады, демек бұл қаламыздың визиттік карточкасы болады деген ойдамыз», – деп өз ойымен бөлісе кеткен-ді.

— Ғылыми-сараптамалық топ «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қандай жобаларды іске асыруда?  

— 2018 жылғы 29 мамырда Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының және этномәдени ұйымдардың қатысуымен Бірлік күні шеңберінде кеңейтілген отырыс өтті, онда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» республикалық жобасы талқыланды. Кездесуге қатысқан этномәдени ұйым өкілдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда жаңа жобаның маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жарияланғанын білесіздер. Осыған орай 2018 жылдың 26 сәуірінде Өзбекстанның Қазақстандағы жылына арналған «Өзбекстан мәдениеті мен тарихы» атты интеллектуалды ойын Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасында өткізілді. Зияткерлік сайыс Қарағанды облысының «Бірлік» өзбек этномәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың 11 қазанындаі осы сайыс Қазақстан тариxы және Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен университетаралық деңгейде өтті. Сайыстың мақсат Өзбекстаннның Қазақстандағы жылын атап өту барысында студент жастарды патриотизмге, толеранттылыққа тәрбиелеу, өзге ұлттар мен тілдерді қадірлеуге тәрбиелеу болды.

Сайысқа студенттер өте жоғары деңгейде дайындалғаны бірден байқалды.

2018 жылдың 11 қазанында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Қарағанды облысының Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Ол Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасының артуы» Жолдауындағы маңызды әлеуметтік мәселелерге бағытталған еді. Кеңейтілген кеңестің қатысушылары Президенттің біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өзгеруіндегі мемлекеттік саясатына және бастамаларына қолдау көрсетіп, оны жүзеге асыруда тиімді ұсыныстарын білдірді.

Жалпы облыстағы Достық үйі шаңырағы - облыстың барлық этномәдени бірлестіктерін жинап отырған киелі орта.

Облыстағы этномәдени орталықтардың мүшелері өзара берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт елдің берекесін айрандай ұйытып отыр.

— Жамбыл Әзмұқанұлы, сұхбатыңызға рақмет!

Нұргүл ШАТЕКОВА color:#3B3C3C">

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға