Қандастар Ассамблея

Әуезовтың музей-үйіне саяхат

Қазаққа «Абай жолын» сыйлаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы он жылын өткізген қара шаңырағы 1963 жылдың қараша айында  Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйі қайта ашылды.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай, аталған музей-үйіне арнайы барып, оқырманмен таныстырғанды жөн көрдік.


(Қонақ бөлме)

Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Санагүл Майлыбайдың айтуынша,  бұл үй жазушының 100 жылдығына дейін Әуезов тұрған үйіндей болмаған.


«100 жылдыққа бұл жерде басқа экспонаттар, кітаптар тұратын. 100 жылдық кезінде Әуезов тұрған 10 жылындағы заттарға ауыстырдық. Мына бөлме қонақ қабылдайтын бөлмесі болды, жанында сырттан келетін есігі бар. Өмірінің соңында Дос деген ит асыраған. А.Черкассидің Әуезовке берген суреттері, балалары пайдаланған күйсандық, өзі екі рет Үндістанға барғанда алып келген Тәжі-Махалдың суреттері бар. Теледидары, бүркіті, арыстанның бейнесі, бәрі де өзі тұтынған заттар», – дейді музейдің аға ғылыми қызметкері Санагүл Майлыбай.

Қонақ бөлмеде М.Әуезовпен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болған КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың «Көктөбе», Қазақстанның халық суретшісі, еліміздің кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан А.Черкасскийдің «Таушымылдық» («Пионы») натюрморты және жазушы отбасының үлкен досы, Татарстанның халық суретшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қызмет еткен Бақи Урманченің «Раушан гүлдер» («Розы») атты картинасы құнды жәдігерлер қатарына жатады.


Сондай-ақ бөлмедегі сәнді бұйымдар қатарында екі «Қаз» бейнесі қондырылған қола күлсауыт, Вьетнам жазушылары 1958 жылы сыйлаған «Шылым қорапшасы», піл сүйегіне өрнектелген Тәжі-Махал мавзолейі мен Индия, Жапонияда жасалған қолөнер туындылары және басқа да экспонаттар ерекше әсемдік дарытады.

Оның айтуынша, бұл үй орналасқан Абай көшесі бұрын «Үлкен арық» деп аталған көше болған. Жанында көршілес Қаныш Сәтбаевтың үйі болған екен. Алайда кейін үлкен тұрғын үй салынатындықтан Сәтбаевтың үйі сүрілген.

«Сәтбаевтың үйін күзеткен Ахмет деген шешен кісі ол үй сүрілген соң Мұхтар Әуезовке «үйіңді күзетейін, заттарыңды қарайын» деп ұсыныс айтқан екен. Содан осында қаншама жылдар жұмыс істеп, тіпті  Әуезов қайтыс болғаннан кейін де, осы үй музейге берілгеннен кейін де ол осы жердің бақшасын күтетін болып жұмыс істеді, өзі 80-нен асып қайтыс болды», – деді өз әңгімесінде Санагүл Майлыбай.

Келесі көргеніміз ас бөлмесі болды. Ас үйінен веранда арқылы бақшаға шығып кетуге болады. Ас бөлмесіндегі сөрелер, шкафтар, ыдыс-аяқтар, құмыралар бәрі де Мұхтар Әуезов отбасымен қолданған заттар. Сондай-ақ, ас бөлмесіндегі столды созса, кілемнің бойын алардай үлкен столға айналады. 


(Ас бөлме)

Үй музейге берілген кезде жұбайы Валентина Николаевна Кузьмина барлық заттарын қалдырып кеткен. Бөлменің үлкен құнды жәдігерлерінің ішінде 1916 жылы Германияның суретшілер академиясын бітірген А.Риттихтің «Дастархан үстіндегі алмалар» деген еңбегін, сондай-ақ Орал Таңсықбаевтың «Сирень» атты еңбегін көре аласыздар. Бұл натюрмортты 1948  жылы Мұхтар Әуезовке қайта кездескен кезде тартқан екен. Құнды жәдігерлер осы бөлмеге негізі мазмұн беріп отырған бірден-бір құнды жәдігерлер. Ақын Бекхожин сыйлаған база да дәл осы бөлменің құнды жәдігері. Мұндағы салғыштар, вазалар, самаурын болсын бәрі де Үндістаннан әкелінген.


«Осы уақытқа дейін бұл үй үш рет күрделі жөндеуден өтті. Алғаш ашылғанда тек бірінші қабаты музей болды, екінші қабатында қызметкерлер отыратын болған. Кейін 1973 жылы кинозал ашылып, қызмкеткерлер отыратын бөлмелер қосылды. 1958 жылы Ташкентте Азия-Африка елдерінің жазушыларының бірінші конференциясы өткен. Сол кезде Ташкенттен әкеліп өз қолымен еккен екі жаңғақтың өзі екі түрлі бірі сопақтау, екіншісі домалақ, дәмдері де екі түрлі. Содан бері жаңғақ осы жерде өсіп тұр, жылда салады», – дейді Санагүл Майлыбай.


Мұхтар Әуезовтың жұмыс кабинетін Бас қор сақтаушы, экскурсовод Салтанат Мұқатаева таныстырды. Бұл кабинетте жазушы «Абай жолы» романын аяқтап, алғаш мемлекеттік сыйлығын алған.


(Мұхтар Әуезовтың жұмыс кабинеті болған)

«Мына жұмыс үстеліндегі бүркіті өзіне шабыт берген деседі.  Мұнда алты мыңға жуық кітабы тұр, қалған кітаптары мұражайдың қорында сақтаулы. Өзі пайдаланған кітаптар, әрбір кітаптың ішінде өз қолтаңбасы бар. Жұмыс кабинетінде жазуға арналған барлық жиындықты Валентина Николаевна Кузьмина 60 жылдыққа арнап сыйлаған екен. 


Қағаз кесуге арналған пышақ, Әуезвотың өзінің күміспен қапталған блокноты, жазу қаламы, радиосы, телефоны. Және столдың үстінде жатқан өзінің қолжазба қағаздары. Соңғы студентінің дипломына жазған пікірлері дейді.

Ал мына бүркіт «Мұхтар Әуезов бүркіті» деп аталады, мәрмәр тастан жасалған. 1930 жылдан бастап тұр екен, жазушының өміріне әрбір сәтіне куәгер ретінде сақталған. 

Мына жыланмен арпалысқан ескерткіш 1950 жылдан кейін Әуезов Мәскеуден оралған соң пайда болған жәдігер. Міне, сол кездегі жазу машинасы. Диваны мен екі шекті домбырасы, бос уақытында домбырасын да тартқан, ол суреттерде де сақталған. Жұмыс бөлмесінің бір бөлімі сұхбаттасуға арналған. Келген қонақтарымен осы жерде сұхбаттасқан екен», –  дейді экскурсовод Салтанат Мұқатаева.


Келесі бөлме – Мұхтар Әуезовтың қарындасы Үмияның бөлмесі. Бұл бөлме де сол қалпында сақталған, жабдықтары да сол күйінде әрқайсысы өз орнында тұр.


Осы бөлмеде тұрған үлкен сандық Мұхтар Омарханұлының 60 жасына арнайы сыйланған. Сандықта «Мұхтар Омарханұлының 60 жасына Талдықорған ауданы Сталин атындағы колхоздың басқармасы мен партия ұйымынан және колхозшылар атынан келген сыйлық» деген жазуы да бар. Түркімен алашасы да, қос ішекті домбырасы да сол қалпында сақталған. Сонымен қатар,  бұл бөлмеден Мұхтар Әуезовтың қыздары Мұғалима және Ләйлә Мұхтарқызының суреттері, отбасылық суреттері, Үмия апайымыздың, ұлы Мұрат Әуезовтың және Ернар Мұхтарұлының суреттерін көре аласыздар.


«Бірінші қабатта төрт бөлме, екінші қабатта үш бөлме жатын бөлмелер. Мұхтар Әуезов мен Валентина Николаевна жатын бөлмесі, Ернар Мұхтарұлы мен Ләйлә Мұхтарқызының жатын бөлмелері және жұмыс істейтін орындары. 


(Қарындасы Үмияның бөлмесі)

Дәлізде Медеудің суреті Әбілхан Қастеевтің туындысы ілінген. Бұл – Ернар Мұхтарұлының бөлмесі. Безендірген сәулет өнері Г.Герасимовтың еңбегі сол қалпында сақталған. Кілемше, жатын орны. Бұл бөлмедегі құнды жәдігердің бірі – жазба столы. Бұл Мұхтар Әуезовтың алғаш рет «Абай жолы» романының бірінші, екінші томын жазған столы болған.


Сондайа-қ, «Айман-Шолпан», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» шығармалары да осы столда туған. Ернар Мұхтарұлы зоология ғылымын зерттеген, «Алакөлдің жұмбақ шағаласы» деген еңбегі бар. Ол кісі құстарды зерттеген, соның ішінде ерекше Алакөл шағаласы. Ернар Мұхтарұлының тұтынған заттары, оқыған кітап журналдары бәрі де осы бөлмеде сақталған.


Ал 1943 жылы туған ұлы Ернардың балалық шағы осы үйде өткен. Ол Зоология ғылымдарының кандидаты, ғалым-орнитолог. 1966 – 1988 жылдары ол ҚР Ғылым академиясының Зоология институтында қызмет атқарды. Оның есімі 1969 жылы Қазақстанда, Алакөлде ғана кездесетін шағаланың жаңа түрін ашқан соң кеңінен танымал бола бастады. Осынау сирек кездесетін құстың терең табиғатын зерттеу нәтижесінде Алакөлде «Реликті шағала» атты табиғи қорық ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Ләйлә Мұхтарқызының бөлмесінде сол кездегі темір төсек, парсы, түркімен кілемшелері сақталған. Өзінің жазу үстелін көре аласыздар. Қолданған заттары. Ләйлә Мұхтарқызының портреті. Мұны салған Татарстанның халық суретшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қызмет еткен Бақи Урманче, ол осы отбасының жақын досы болған.  Ләйлә Мұхтарқызының бөлмесінде жезден, қоладан заттары сақталған, сондай-ақ,  өзі Индонезиядан әкелген маскалары сақталған», –  дейді экскурсовод Салтанат Мұқатаева.


(Қызы Ләйләнің бөлмесі)

Ләйла Мұхтарқызы 1929 жылы Ташкент қаласында туған. 1952 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің тарих факультетін, 1955 жылы КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірді. 1958 жылы «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда егіншіліктің дамуы» атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. Осылайша 1956 жылдан бастап Қазақстан ғылым академиясы жүйесінде қызмет атқарды. Алдымен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында жұмыс істесе, 1962 жылдан өмірінің соңына дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы М.О.Әуезовтің Әдеби-мемориалдық музей-үйін басқарды.


Әрдайым жемісті ғылыми ізденіс жолында болған ол 1975 жылы «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ләйлә Әуезова қазақ әдебиеттануының бір үлкен саласы – әуезовтануға елеулі үлес қосты. «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері» атты кітабы және жазушының ғылыми-мәдени мұрасы туралы топтама еңбегі үшін 1980 жылы оған Қазақстан ҒА-ның Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.

Екінші қаббатағы ең үлкен бөлме – Мұхтар Әуезов мен жары Валентина Кузьминаның жатын бөлмесі. Бұл бөлме бірден балконға апарады. 


(Мұхтар Әуезов мен Валентина Никалаевнаның жатын бөлмесі)

Жалпы көріністі көруге де, ауа ауыстырып тұруға өте қолайлы болған. Жазушының отыратын орындықтары, кестеленген блокноты, шамдары бәрі сақталған. Айша Ғалымбаева салған Валентина Никалаевнаның портерті осы бөлмедегі құнды жәдігерлердің бірі. Сондай-ақ, мұнда Мұхтар Әуезов пен Валентина Кузьмина және немересі Елдардың портреті ілінген. Жазушының киім кешегі, төсек жабдықтары, сүлгілері, бәрі сол қалпында сақталған.


(Үйдің сыртқы көрінісі)

Суреттерді түсірген Мақсат Құсайынов

Ұқсас материалдар