Жаңалықтар

Тоқтар Бейісқұловтың публицистік шеберлігі

Бейісқұлов публицистикасының тақырыптық-мазмұндық, тілдік-стильдік ерекшеліктері
Тоқтар Бейісқұловтың публицистік шеберлігі
23.09.2017 14:53 5312

Көсемсөз қоғамдағы келелі мәселелерге қозғау сала отырып, халыққа дұрыс бағытты көрсете білуі қажет. Публицистика шығармаларында фактілер өзгертілмей пайдаланылып, шындыққа сүйене отырып жазылады. Журналистика тақырыбында көптеген зерттеулер жүргізген белгілі ғалым Темірбек Қожакеев публицистикаға «Публицист деген атау бірде белгілі бір қаламгер қауымының айналысатын кәсібі, жұмысы, енді бірде өзіндік сипаты бар шығармалар тобы, яғни творчество саласы, журналистика жанры, тағы бірде өмірді зерттеудің, қоғамдағы болмыс-құбылыстарды бағалап, білудің әдіс-тәсілі деген ұғымдарды білдіреді. Оның мәні, пафосы – қоғамдық жұртқа жариялылық деген сөз...». Яғни, қоғамдық пікірді тудырушы публицистер. Әр публицистің жеке дара стилі, жазар бағыты болады. 

Осы тұрғыдан алғанда өзіндік келбеті, жазу стилі қалыптасқан публицистерді қарастыру болашақ журналистер үшін аса қажет деп есептеймін. Өйткені, жазуы мейлінше қалыптасқан тұлғаның жастарға берер өнегесі мол болатындығы дәлелдеуді қажет етпейді. Жазу өнері, жазу машығы қаншалықты қиын болғанымен, жаныңды рахатқа бөлеп, мерейіңді өсіреді. Көрнекті публицист Шархан Қазығұлдың: «Журналистика – жұмбақ құбылыс. Басқалар үшін. Жанымен түсінбейтіндер үшін. Ал, журналистикамен «ауырғандар» үшін таптырмайтын тәтті құбылыс» - деп, бекер айтпағаны анық. Себебі, бұл мамандық – қаламының желі бар адамды шыңдап, шығармашылық биіктерге өрмелетіп, өмірді білуге үйрететін қадірлі мамандық. Осы мамандықтың ауыр жүгін көтерген көсемсөзшілеріміздің бірі – Тоқтар Бейісқұлов.

Публицистің мақалаларын талдамас бұрын мақала жайлы ғылыми анықтамаларды беріп кеткеніміз жөн.

«Мақала дегеніміз қоғамдық құбылыстар және идеяның негізінде жазылатын публицистика. Сондықтан мақаланың негізгі желісі - идея» - дейді профессор Тауман Амандосов.  Ал, филология ғылымдарының докторы Т.Қожакеев: «Мақала – газет, журналдардың идеялық-саяси деңгейін аңғартатын жетекші жанр», - деп санайды. Ал профессор Намазалы Омашев: «Мақала мен идея ғайыптан, ойда-жоқта жарқ ете түспейді, оның арғы жағында, тасасында жеке факті немесе фактілер тізбегі, дерек, оқиға, құбылыс тұрады. Мақалада, басқа жанрларға қарағанда, публицист позициясы айқын да нақты байқалады, қаламгер өз ұстанымын барынша қорғай біледі, оппонентке батыл да байыпты уәж келтіреді, - деп пікір білдіреді». Журналист – космонавтың да, ғалымның да, жұмысшы мен инженердің де, диқан мен малшының да досы, серігі. Журналист – жер үстіндегі жаңалықтың бәрінің хабаршысы. Ол жылт еткен жарықтан үлкен-үлкен ғаламшарларға дейін, кішкене хабардан мазмұнды мақалалаға дейін жазады. Мақалаға түрлі нәрсе арқау болады. Бірақ не болса да, бекер жазылмауы тиіс. Қоғамға ой тастайтын салмақты дүниелерді жазу – публицистің міндеті.

Тоқтар Бейісқұловтың айрықша бір ерекшелігі - журналистикаға берілгендігі. Оны әдебиетпен, ғылыми зерттеу ісімен ұштастыра білгендігі. Адам тағдырының, халық тарихының кесек те аса маңызды тұстарын сараптай отырып,  саралай білетін, сабақтастыра отырып ой өрбітетін білімді де қарымды журналист, публицист, зерттеуші. Зерттеу кезінде қолына түскен дерек көздерін, мәнді мәліметтерді, мұрағаттық қажетті деректерді жалаң күйінде пайдалана салмай, талдап таразылай келіп, ақиқатына көз жеткізуге ұмтылады. Әрбір дүниесінен уақыттың ізі, алпыс жылдық қаламгерлік қызметінің белгі - бедерлері айқын аңғарылады.

Т.Бейісқұловтың қаламынан туған көркем шығармалары мен зерттеулері халқымыздың рухани байлығына қосылған елеулі еңбегі болып табылады. Тоқтар Әбдірахманұлы қай кезең, қай уақыт болса да ел тағдыры жағдайына келгендегі мәселелерде өз азаматтығынан бірде - бір рет бас тартқан емес. Т.Бейісқұловтың «Сөзді саралап қолданса», «Мұра атаулыға мұқият болайық», «Арғымақтардың аяғына жем түсірмейік», «Арандатушылықты қалай қояды?», «Ашынғанның айқайы ащы», «Жібек жолындағы жайсыздықтар»,  «Солженицын нені көксейді?», «Ақиқат па, әлде арамзалық па?», «Құлыпталған кітаптар», «Жер кімдікі?» деген мақалаларының тақырыптарының өздерінен - ақ күрескер публицистік ел тағдырына келгенде ешкімді де аямай, ештеңеден де қалыс қалмайтындығын өзінің азаматтық парызы санайтындығын көруге болады емес пе? Бұл мақалалардың барлығы сол 1955 жылдан бастап, күні бүгінгі кезеңге дейін жазылған.

Сондай-ақ Т.Бейісқұлов 1920-1930 жылдары жазушылар арасында өршіген қызу айтыс-талас материалдарын мұрағаттардан тауып, «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарына жариялатқан. Бұл тарихи материалдар оқырмандардың шынайы қызығушылығын тудырды. Публицистің  Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген «Қабанбайдың қосағы» атты мақаласы тарихи болып табылады. Бұл мақала өте көлемді. Тақырыбының өзі оқырманды бірден тартады, ой салады. Бұл жерде автор оқырманға түсінікті болсын деп бас тақырыптың астына тақырыпшамен «Ол атақты Малайсары батырдың қарындасы Майсара сұлу»- деп оқырманға түсінікті етеді.  Тәуелсіздік жылдарынан бері Қабанбай батыр бабамыздың ерлігін дәріптеуге кең жол ашылды. Оған Қытай мен Моңғолияда жарық көрген 20-ға жуық дастан мен роман, жыр-қисса мен зерттеу еңбектері анық дәлел. Т.Әбдірахманұлы батырдың жорық жолы емес, оған адал жар бола білген Майсара жөнінде нақты дәлелдер келтіре отырып оқырман назарына ұсынған. Мақаланы жазу барысында публицист  Майсараның шыққан тегін, бұған дейін І.Есенберлиннің «Жанталас» романында Майсара есімін Гауһар делінгенін айтады.

Тоқтар Әбдірахманұлы 1955 жылдан бері түрлі басылымдарда мақалалары жарық көріп келеді. Публицистің алғашқы қалам қадамы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кітап саудасын елемеген жерде» атты мақаласынан басталған. Мақала проблемалық болып табылады. Кітап мәселесі қашанда өзекті. Публицист мақаланы қысқаша ақпарат жасай келіп бастайды. «Соңғы кездерде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл  жас» газеттерінде кітап тарату мәселесі жиі сөз болып, жақсы пікірлір ұсынылып жатыр. Соған орай біраз жұмыстар істеліп те келеді. Үстіміздегі жылы баспасөз, радио, телевизия және кітап саудасы орындары мен кітапхана қызметкерлерінің республикалық кеңесі де болып өтті. 1958 жылы республиканың комсомолец-жастары кітап тарату ісіне жаппай атсалысып, игі бастама көтерген еді» -дей келе, кітап саудасын қолға алғанмен неліктен нәтижесі жоқ деп ашынады. Кітап тарату айлығы кейбір ұйымдар да ғана шамалап жүріп жатқандығын, аудандық комсомол комитеті қай ұйым қанша міндетте алғандығы, оның қалай орындалып жатқандығы жөнінде де хабардар емес екенін оқырманға қарапайым дәйектермен жеткізеді. Аудан бойынша 10 мың сомның кітабын таратамыз, деп, ұзын цифрды атауға мәз: кітап магазиндері жоспарларын орындамай жатқандығымен, онда және аудандық тұтынушылар одағының кітап қоймасында қанша кітап таралмай жатқанымен жұмысы жоқ екенін, ащы шындықты нақты фактімен жайып салғанын көреміз. Осы мақаланы жазу кезінде арнайы кітап дүкендеріне барып М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Ғ.Мұстафиннің, Қ.Аманжоловтың томдарын көргенде қуанып қалғанын, бірақ ол қуаныш ұзақ болмаған М.Әуезовтың жинағының үш данасы ғана бар екенін, оның өзі тек екінші, үшінші томдары, ал Ғ.Мүсіреповтың тек бірінші томы, Ғ.Мұстафиннің екінші томынан тоғыз данасы ғана барын анықтап білген. Бұл қалай?-деп сатушылардан сұраса, олар аудандық тұтынушылар одағына сілтейді, олар жоғарыға сілтейді. Сонымен кінәлі адамды таба алмайсың деп күйінеді. Аудандарда әдеби кештер өткізу, кітаптарды үйді-үйге апару, автолавка, автоклубтарды пайдалану,  жаңа кітаптардың көрмесін ұйымдастыру секілді кітап насихатының жетіспейтіндігін айтады. Автор мақаланы қорытындылағанда «Кітап тарату реуспублика космолецтері мен жастарының, әрбір азаматтың төл ісі болуға тиіс» –деп әр азаматтың борышы екендігін жүктейді.  Ойлап қарасаңыз кітап саудасы қазіргі күнде де үлкен мәселе. Т.Бейісқұлов сияқты осы заманда да қозғау салсақ бір жемісі болар.

Алаш-алаш болғалы, қазақ-қазақ болғалы көсіліп жатқан кең даланы қазақ қанжары мен батырлары ұлы даласын қалай сақтап қалды, қандай қарудың күшімен қорғады екен деп кейде ойлана бермейміз. Расымен ойланатын дүние. Қазақ жасақтары мен сарбаздары елін, жерін қорғауда қаруларының аз болмағандығын Т.Әбдірахманұлы «Қазақ батырлар» газетінде «Қазақтардың қарулары» атты мақаласында жан-жақты талдауға салады. Бұл мақала тарихи мақала болып табылады. Ертедегі дәуірлерді еске  ала отырып, неше түрлі қарудың болғандығын батырдар жыры мен дастанды оқи отырып білеміз. Осы орайда публицист батырлар жырында қазақта қарудың мол болғандығын, қорғану,сақтану,  айқасу үшін керек қаруларды ойлап шығарғанын батырлар жырын негізге ала отырып дәлелдеп шығады. «Қобыланды батыр» жырында әртүрлі қару-жарақтарды ұшыратамыз. «Ол Қызылбас елінде үстіне сауыт киіп, жанына болат байлап (қанжар мен қылыш болар), беліне  садақ іліп кезегі берілген соң атуға шығады. Ол:

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені,

Ат үстінен шіреніп,

Сондат тұрып тартады.

Ай астында, құрулы баққан басында ілулі тұрған теңгені қақ бөліп ұшырады. Қобыланды мал іздеп шығар кезі:

Құртқа сұлу батырға,

Қарағай найза саптатты.

Алмас қылыш соқтырып,

Күмістен қынын шақтатты»,- деп жырланады.

Ал әрі ақын, әрі батыр Махамбет:

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай...

Ерлердің ісі бітер ме?»

- деген өлең жолдары мен батырлар жырындағы үзінділерді факті ретінде алып талдайды. Махаббет жүзі өткірленген найзаны қалайды. Осы жайларға қарағанда әрбір батыр, сардар қару таңдайды екен деген ойға келеміз. Біріне түйрей сұғатын найза оңтайлы көрінсе, енді бірі шауып түсер қылышты қалаған. Қару түрлерінің көбеюінің бір себебі сол болуға тиіс деген тұжырымдар жасайды. 1916 жылғы көтерілістер кезінде Бекболат, Амангелді, Ақкөз, Ұзақ бастаған сарбаздардың қылыш, мылтық қаруларын соғып, жасағандары белгілі. Бірақ сол қарулардың қандай болатындығын, қасиеттері жайлы нақты ешнәрсе білмейміз. Т.Бейісқұлов осы мақаласында біршама қарулардың сипатталуын, жасалу жайын, қажеттілігін топтастырып оқырманға ұсынды. Соның ішінде айбалта, қанжар, қылыш, найза, наркескен, садақ, жебе, мылтық, қамшы, шоқпар, сойылдың шығуы мен тарихы жайлы толық таныстырып өтеді.

Публицист, зерттеуші, Телевизия және радио үздігі Тоқтар Бейісқұлов БАҚ саласына қатысты біраз мақалалар жазған. Соның бірі - қазақ радиосына арналған «Әсер-қуаты күшті құрал» атты мақаласы.  Мақала тақырыбын  қуаты күшті құрал не болуы мүмкін деп қызығушылықпен оқисыз. Т.Бейісқұлов  18 жыл бойы радио мен телевизия саласында қызмет етті. 1980-1984 жылдар ҚКП Орталық комитетінде  телевизия және радио жөніндігі сектордың меңгерушісі болып қызмет еткен. Сол жылдары Қазақ радиосының елу жылдығын өткізу мәселесі қойылған. Оны салтанатты түрде атап өтудің жақтарын Т.Бейісқұлов атап өтеді:

«Біріншіден, жиырмасыншы жылдардың басында ашылған республикалық және облыстық газеттер 50 жылдық мерекелерін кең түрде атап өткізіп жатты. Қазақ радиосы да газеттермен қатар эфирге шыққанын кейбір зерттеушілер айтып та, жазып та жүрді. Рөлі газеттен кем емес қуатты, пәрменді құралдың үнінің республика жұртшылығына алғаш жетуі атаусыз қалуы тиіс деп есептелінеді. Екіншіден, аталып өтсе, радиожурналистердің ғана емес, тележурналистердің де  оларға қызмет етіп, көмек беретін инженер-техник, режиссер, ассистент тағы басқа қызметкерлердің мерейі артып, бойында жауапкершілік пайда болады» дейді. Ұлттық болмысымызды, елдігімізді сақтаймыз десек радиоға да аса үлкен мән беру қажеттігін публицист басты назарда ұстайды. Радионың керегі шамалы десек, көп ұтылып қалатынызды тағы жеткізеді. Радионың керегі болмаса, шет мемлекеттер неге ұстап отыр, неге сөз қуатын да, техникалық жабдығын күшейтіп жатыр деп салыстырмалы түрде ой қозғайды. Мемлекет көлемінде қаралатын мәселе – республикадағы радиохабарларының таралу, Қазақ радиосын барлық жағынан күшейту жайы екені рас. Бұл мақаланы жазу барысында журналист үлкен дайындықпен, терең біліммен, мықты құлшыныспен кіріскені көрінеді. Барлық сөйлемдері фактіге, дерек пен дәйекке толы. Мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттегені оқырманға бірден байқалады.

Т.Бейісқұловтың әдебиетімізбен тіл мәселелері жөніндегі ғылыми еңбектері өз алдына бір төбе.Тоқтар ағаның ғылыммен айналысып жүріп, қолынан жазушылық қаламын тастамайтын, қазақ елінде болып жатқан жаңалықтар мен өзекті өзгерістерге талдау жасайтын ойлы журналист екенін бәріміз де білеміз. Тоқтар Бейісқұловтың публицистикалық, проблемалық мақалалары республикамыздың басты газет - журналдарында басылып тұрды. Т.Бейісқұлов өте белсенді журналист, өнімді жазушы, әрі ғалым. Мұрағаттан маржан терген ол Алаш ерлерінің жазбасын жаңғыртуға қырық жыл өмірін арнаған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демократияны жамылған небір сырт көз сыншылар қазақ жері, елі, байтақ даласы жайында сан алуан сөздерді алға тартып, тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің рухына ши жүгіртіп жатқан кезеңдерде Тоқтар аға Бейісқұлов сол Кеңес кезіндегі белсенділігінен бір танбай, ел, жер тағдырына белсене араласты. Соның бір парасы «Мәдени интервенция: қауіп қайдан?» мақаласы. Бұл мақала  2006 жылы « Тасжарған» газетінде жарық көреді. Мақала бас тақырыппен қоса «Тележәшіктегі теңсіздік», «Қазақ тіліне қойылған тосқауыл» сынды тақырыпшалардан тұрады. Нарықпен бірге телеарналар қаулап өсті дей келе, публицист нақты сандық көрсеткіштермен дәлелдер ұсынады. «Соңғы деректерге қарағанда республикада 200-ден астам телекомпания, 70-тен астам телерадиокомпания, 80-дей радиокомпания жұмыс істейді.Соның бәрі конституция талабын толық орындамай жүргені белгілі. Қазір 50 де 50пайыз деген ескірген талап деп есептейміз. Қазақтың санының өскенін ескеру керек. Бізде қазақ саны 60 пайызға жетсе, орыс 26 пайызды құрайтын көрінеді. Демек қазақ тіліндегі хабарлар уақыты өсуі тиіс, біздіңше қазір 70 пайыздан кем болмаған жөн»– деп нақты дәлелдерді тиек еткендігін көреміз. Осы мақаланың екінші тақырыпшасында Т.Бейісқұлов : «Тілімізді дамытуға тосқауыл көп. Не істеу керек?» деп шырылдап, негізгі түйінді мәселелерге тоқталады.

«Біріншіден, жөн - жосықсыз қаптап кеткен телеарналардың санын тәртіптеу, олардағы тілдік ара салмақтың басымдылығын қазақ тіліне беру, ол үшін заңға өзгеріс енгізу.

Екіншіден, сөз бостандығын пайдаланып керегі бар, керек емесі бар, әсіресе тәрбиелік мәні, эстетикалық, моральдық нұқсан келтіретін кітаптар мен газет - журналдардың шетелдерден қаптап әкелуіне қарсы шара, тосқауыл қою, тәуірі бар, тәуір емесі бар, шетел музыканттары мен әншілерінің келуін реттеу.

Үшіншіден, келіп - кетіп тұратын әртүрлі дін өкілдері мен миссионерлердің мақсаттарын, атқарған істерін бақылап, сараптап отыру.

Төртіншіден, телеарналардан берілетін хабарлар мен концерттердің қазақ тіліндегісін түн ішінде емес, кешкі мезгілдерден көрсетілуіне қол жеткізу мақсатын жүзеге асырсақ , мәдени интервенцияға қарсы тұра алатын кейбір шаралар болуы мүмкін» -дейді».  Міне, осы бір сөздердің өзінен - ақ Тоқтар ағамыздың өзінен бұрынғы Алаш ардагерлерінің ел - жұрт, ұлтымыздың қамын жеп айтқан пікірлерінің қаншалықты өміршеңдігін байқауға болады емес пе? Мұны ұлы Мұстафа Шоқайдан бастап, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты алыптарымыздан қалған рух, қазақ рухы үшін күрескен дәстүршілдіктің жалғасы деуге болады. Публицистің мақсаты – халыққа ой тастау болса, мына мақала өз мақсатына жеткен. Түсіндіріп, талдап жатуды да қажет етпейді. Барлығы айдан анық. Қанымызға сіңген дарақылықты сынға алып, өткір тілмен жазылған ойтолғам әр оқырманның санасына жол тапқаны күмәнсіз. Осы аталған мақаласында Тоқтар Бейісқұлов жалынды публицист ретінде бүгінгі күннің проблемасын емес, егер де осынау дертіміз ұзаққа созыла берсе, алдағы уақыттарда да қозғайтын мәселе болып қала беретін жайларды айтқан.Тоқтар аға қай кезең, қай уақыт болса да осындай бір ел тағдыры жағдайына келгендегі мәселелерде өз азаматтығынан бірде-бір рет бас тартқан емес. Т.Бейісқұловтың мақаласының бәрінде өмірдің барлық іздері бар. Оның қайбір мақаласын, қандай да бір кітабын оқысаң да алаштықтардың тағдыры туралы жазылған. Бұл Т.Бейісқұловтың да тағдыры.  Қаламгер жазушы «Жер қазақтың ең жанды мұрасы» деген еңбегінде жердің қаншалықты қадірлі екенін, Ата - бабамыз осы жер үшін, болашақ ұрпақ үшін, олардың өмірі үшін күресін , қызғыштай қорығанын тілге тиек етеді. Бұл еңбегі әлі күнге дейін өз құндылығын еш жоғалтқан жоқ. Өйткені жер - адамзаттың анасы. Оның ішінде қазақтың ата қонысы. Тоқтар Бейісқұлов Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығына байланысты  «Қайран тіл,қайран сөз наданға қадірсіз» деп тілге қатты жаны ашитындығы, тіліміз жоғалып кетпесін деп шыр - пыр болғанын көреміз.

«Тіліңді білмеу, тілсіз қалу – тұлдырлық». Тоқтар ағаның өзіне қойған бұл принципі. Ол өзінің приципінде пікірді кесіп айтады. Жалған сөзге жол бермейді. Бұл ұлы тұлғалар - Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтар ұлт мәселесіне келгенде осындай кесімді сөзге ден қойған. «Ендеше, солардың ізін қуған Т.Бейісқұлов ұлы тұлғалардың кемел шәкірті» дейді ақын Аманхан Әлімұлы.

Тоқтар Бейісқұлов азаматтығымен қоса өте тиянақты, жинақты, жауапты.  «Қоштаспаймын махаббат» деп аталатын эпистолярлық повесінің жазылу үрдісі де Тоқтар Бейісқұловтың жазушылық қабілетінің зор болғандығын айғақтайды. Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін аталы сөз бар емес пе?! Тоқтар ағаның көркем туындыларын оқи отырып, осы сөз Т.Бейісқұловқа арналып айтылғандай болады. Себебі, өмірінің соңғы күндеріне дейін комсомол, партия органдарында жұмыс істеп ысылған нағыз талант иесі екендігін мойындаймыз.

Жазушының «Құлагер ақынның қазасы» атты еңбегінде Ілияс Жансүгіров творчествосының даму кезеңдері, жаңа тақырып, суреттеу шеберлігі, тіл байлығы, лирикалық, эпостық жанрларды меңгеру. Оған қосқан үлестері талданады. Т.Бейісқұлов Ілиястың өте көркем де бай поэтикасын зерттеу арқылы ақынның өзіне тән көркемдік стилін айқындауды, Абай дәстүрін меңгеру тәсілдерін көрсетуді кең қамтыған. Мұнда Т.Бейісқұлов ақынның сыншылдық көзқарасы мақалаларын, сатиралық шығармаларын, сөйлеген сөздері мен баяндамаларын талдау арқылы айқындаған. Ілияс ақынның қазаға ұшырауының себептері, жазықсыз атылуы мен ақталуын да толық қамтыған. Бұл еңбегін зерттеу барысында академик Т.Б.Әбдірахманұлы келешекте істелетін шаралар туралы ойларын да ұсынған. Халқымыз «Үш бәйтерек» деп ардақ тұтып әспеттейтін С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров өнер шуағын төккен суреткер болумен бірге шын мәніндегі ұлтшыл, қабырғасын бір - біртіндеп сөксе де қыңқ етпеген, темірөзек, табанды күрескер болып бұл фәниден өтті. Тоқтар аға Бейімбет пен Ілиясқа «Халық жауы», «Жапон тыңшысы», «Ұлтшыл – фашист» екендіктерін мойындату үшін тергеуші жендеттердің бастан кешпек түгіл, естігенде өне бойың түршігетін жазалау қолданып, боқтық, ғайбат сөздермен шөлдерін қандырғанын дереккөздері арқылы мәлім етеді.

Сөз жүзіндегі «Халықтар әкесі» атанған Сталиннің фашистік қатыгездігі, өзімшілдігі асқынған болмысынан ешкім жақсылық күтпеген. Т.Бейісқұлов  «Құлагер ақынның қазасы» монографиясында адамның кебін киген Әзірейілдің КСРО басына қаралы 1937-1938 жж. орнатқан үрейлі шақтың оқиғаларын қолымен жасағандардың құжаттарын ұшалап сөгіп, мүшелеп бөліп, жіліктеп алдыңызға тартады.

Тоқтар Бейісқұлов қазақстандық матросовшылар жайында деректер жинап тұтас бір кітап жазып шыққан. Тынымсыз ізденіп, тапқан деректерінің негізінде «Лениншіл жас» газетінің 1968 жылғы 9 мамыр күнгі санында «Қазақстандық матросовшылар» деген мақаласы жарық көрді. Дәл сондай қаһармандық жасаған қазақстандықтар қанша екен деген сұрақ елдің милетшіл азаматтарын терең ойландырды.  Жерлесіміз Ұлы Отан соғысының ардагері, Волгоград қаласының құрметті азаматы Әбдірахман Өміржановтың «Қосарым бар» деген мақаласы «Лениншіл жас» газетінің 1969 жылғы 7 ақпандағы санында жарияланды. Сталинград үшін ұрысқа қатысып, аты аңызға айналған қаланы қорғап қалған қазақстандықтар аз емес. Бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Бестамақ деген жерінде 1917 жылғы 18 шілдеде дүниеге келген Жанғазы Молдағалиев - солардың бірі. Жанғазыға ағайын болып келетін Әбдірахман  атамыз батырдың өмірін, ерлігін зерттеп, мақалалар жазып, үлкен үлес қосты. Әбдірахман Өміржанов 1963-1968 жылдар ішінде 1943 жылдың 23 қазанында Украинаның Елизарово селосынан үш шақырым жердегі, Чернопаровка маңындағы 167,2 биіктікке орналасқан жауға шабуыл кезінде көзсіз ерлік жасаған 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 120-шы полкінің екінші ротасының командирі Жанғазы Молдағалиев туралы 495 беттік құжаттар жинап, жария еткен. Зерделі жандардың көп жыл қадағалап ізденуінің нәтижесінде қазақстандық матросовшылардың саны көбейе түсті.  Кейінірек Тоқтар Бейісқұлов жинаған деректерінің ауқымын кеңейте келе, «Кеудесін оққа тосып...» деген екі баспа табаққа жуық кітапшасында қос шығысқазақстандық: шарлық Петр Карелин, аягөздік Сабалақ Оразалинов және Максим Южаков, Григорий Постольников, Иван Скуридин, Александр Васильев, Әбілқасым Арғынбаевтардың есіміндерін анықтап, Матросовтың ерлігін қайталаған қазақстандықтар санын 15 адамға жеткізеді.

Т.Бейісқұловтың публицистикасының тақырып аумағы кең, мазмұны бай. Қандай тақырыпты жазса да, оны өз жүрегінен өткізіп, өн бойына сіңіріп, жан-тәнімен беріле жазады.  Публицист әр кезде қоғамның жоғын жоқтап, барын түгендеуге, ұлтының мәдени, рухани өмірін жақсартуға өзіндік үлесін қосып келеді.

«Алаштың ақиығы» атты естелік- эссесінде ол екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, қазақ халқының ұлы перзенті Нұрмолда Алдабергенов туралы еңбегін жазған. Онда Нұрмолданың басынан кешкен ауыр еңбектері жайлы сыр шертеді. Бірақ, оған атамыз мойымай өзінің қажырлы еңбегінің арқасында Мұқыры ауылын екі жылда «Жиырма екінші партсьезд» колхозына теңегені - қиял - ғажайып ертегісіне тән сюжет.

«Қаза мен аза» роман эссесі қазақ елінің түпкірдегі бір ауылы адамдарының кешегі советтендіру жылдарында бастан өткерген өмір шындығы өзек болады.Ақтар келіп бір қырған , қызылдар келіп екі қырған елін қасіретке толы тірлігі осы тақырыпты ендей зерттеген қаламгерлердің кестелі тілі арқылы қайта тіріледі.

Т.Бейісқұловтың «Қаза мен азасын» роман эссесін , «Қоштаспаймын махаббат» атты хикаятын, «Кеудесін оққа тосып» очерктік кітабын, «Желтоқсан ызғары» деген публицистикалық толғау, еңбектерін оқи отырып халықтың басынан кешкен қияметтері, шыбындай қырылып, ауыр қазаға ұшырығандары аруанадай аңырап аза тұтқандары Тоқтарды ойлантпай қоймағанын көреміз.

Ғылым - білімге, қаламгерлік жазуға құштарлық - оның бала жастан бойына сіңген қасиет. Қызметінен қол үзбей жүріп - ақ бірнеше тәрбиелік маңызы күшті кітаптар шығарды. Мысалы, Тоқтардың 1960 - шы жылдары шығарған «Әкелер даңқы жолымен» деген кітабы мектептерде комсомол, пионер ұжымдарының жетекші құралдары болды. Бұдан кейінгі «Кеудесін оққа тосып» атты кітабы бүкіл республика қызыға оқитын еңбек болды.

Т.Бейісқұлов: «Қазақтың ар-намысына қатты  әсер ететін екі мәселе бар;  Ол -тіл мен жер. Тілі болмаса, ұлт болудан қалып құриды,  жері болмаса, тіршілік көзінен, байлық, дәулетінен айырылады, ұлттық  мемлекеті болмайды» - деген жанайқайы кімді де болсын ойландырады. Әсілі, тәуелсіздік тұғырының берік, биік болуы мемлекеттік тілдің байлығы мен тұрақтылығы беріктілігіне қатысты. Біздің әдеби тіліміз кең арналы тіл болып , өрелі бағытпен мол өріс алды. Тілді қадірлеп қастерлей - білуді, сөзді сақтықпен қолдануды талай көрнекті ақын - жазушылар да, тіл мамандары да, белгілі журналистер де айтып кеткен болатын. «Тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін» қиыннан қиыстырылатын «Сөз сарасын» тауып айтуды ұлы Абай талап еткен. А.М.Горький «Тіл тазалығы үшін күрес - жалпы мәдениет құралы үшін күрес» десе, К.Н.Паустовский «Туған тіліне жаны ашымаған адам – мақұлық» деген еді. Тіл мен стильдің тамаша зергері, асқан шебері Ғ.Мүсірепов пен тіл білімінің көрнекті ғалымы, білікті білгірі .І.Кеңеспаев былай деп жазады : «Сөздің эмоциялық өңі, әсерлілігі мен сұлулығы деген бар. Тіл құдіреті оның ойына ғана емес, сезіміне де әсер ете алатындығында емес пе ?.. Сөз тілдің көркемдік қасиетін танытатын бейнелеу құралы.Сол үшін де оның бояу - бедері, ою - өрнегі бар». Ендеше қызыл тілді бос сөз құмарлыққа салынып, ала - құла сөйлейтін болса, яғни сөздерді талғамай қалай болса солай, оңды - солды қолдана берсе - тіл мәдениетіне нұқсан келеді, айтпақ ой, шертпек сыр сөзге айналғанда көріне көзге жадап - жүдеп, әсерлілігі әлсірейді. Сол себептен де тіл мен стильге мұқият болу керек, әр сөздің өз орны бар, оны орынсыз жерде тықпаламай абайлап пайдалану керек. Тіл мәдениеті баспасөзге де, телевизия мен радиоға да аса қажет. Телевизия мен радионың хабарларын дайындаудың баспасөзге қарағанда өз ерекшелігі бар. Мұнда сөз жанры қолданылады, музыкалық әуен мен заставкалар беріледі, сюжеттер көрсетіледі т.б. Мұның бәрі хабарлардың мазмұн - мәнін, әсерлілігін арттырады. Бірақ, сөз, тіл және стиль телевизия мен радио хабарларында да үлкен рөл атқаруы қажет. Бүгінгі күн талабынан туған міндеттерді ойдағыдай орындауға бай өз тілімізді дұрыс қолданғанымыз жөн. Телерадио журналистер үшін тіл мен стиль де рөлі үлкен компоненттер болып табылады.  Жатық тіл, түсінікті сөз, ұтымды сөйлем қай хабарға болса да керек. Хабарлар әзірлеуді тек қана жәй бір кәсіп деп қарамай, творчестволық қызмет ретінде бағалайтын телерадиожурналистер тілдің көркем де жатық, сөйлемдердің мағыналы болуын қатты қадағалайды деп Тоқтар ағамыз шығарманың көркемдік стиліне қатты мән берген. Телерадио хабарлары сөйлем құрамы жағынан түсінуге жеңіл болса, тыңдаушысын жалықтыра қоймайтын, шұбалаңқы, бұралаңқылығы жоқ, дәл орнымен қолданылатын әсерлі маңызды болса, айтпақ идеяны, мақсатты адам жүрегіне ұялатып, тебірентеді. Жатық тіл, түсінікті сөз, ұтымды сөйлем қай хабарға да болса да керек. Мұның бәрі тіл жұтаңдығы, сөз саптау ұшқырлығы, тілдің құнарсыздығы белең алып кетпесін деген ниетпен айтып отырмыз дейді ғалым Тоқтар Әбдірахманұлы.  Редакторлардың ішінде сөйлем құрылымын дұрыстап, сөздерін орын - орнына қоймақ түгіл, редакциялап өңдемек тұрмақ қалам тигізбейтіндері де жоқ емес деп ашына жазады өзінің 1980 жылғы мұрағатында.

Т.Бейісқұловтың тілдік-стильдік ерекшеліктері мынадан көрінеді:

-публицистикалық мақалаларының көпшілігі лирикалық-публицистикалық сипатта жазылған;

- сөйлемдері әуезді ырғаққа құрылады;

- тілі шұрайлы, түсінікті, жеңіл оқылады,

- мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді орынды пайдаланады;

- өзі де әрлі, көркем тіркестерді тудырып отырады;

- тың теңеу, образды айшықты сөздер публицистің өзіндік стилін анықтайды.

Журналист-жазушының осындай қаламгерлік қасиеті, қабілет-қарымының молдығы оны өзі өмір сүрген дәуірде жұртшылыққа кең танымал етті. Заманы өзгерген, тынысы кеңейген бүгінгі журналистика өкілдерінің публицист Т.Бейісқұловтың тіл шеберлігінен үйренері көп.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға