Жаңалықтар

Тоқтар Бейісқұлов – публицист, зерттеуші

Б.Майлиннің публицистік шығармашылығын зерттеуі
Тоқтар Бейісқұлов – публицист, зерттеуші
16.09.2017 11:33 9249

Тоқтар Бейісқұлов КГБ-ның мұрағатында жатқан Бейімбет Майлин ісімен танысу мақсатында, одан алғаш деректердің негізінде, «Бейімбетті атқан кім?» деген зерттеу еңбегін жазып шықты. Осыдан кейін Б.Майлиннің бүкіл өмірін, талдап, саралауды мақсат етті. «Б.Майлин-публицист» деген еңбегін жарыққа шығарғаннан бастап Тоқтар аға бейімбеттанудың іргетасын қалап алып, ғылыми ізденістерге тереңдеп ене бастайды. Бейімбеттің іздеушісі, жоқтаушысына айналды. Бейімбеттің жазушылық, публицистік, адамдық, кісілік келбетін ашу барысында Тоқтар Әбдірахманұлы мұрағаттарды ақтарып көп ізденді. Бейімбеттанушы алдымен өзінің ішкі күдіктері мен көңіліндегі: «Ел төбесіне көтерген ардақты адам неге атылды? Не кінәсі бар? Оның атылуына кім кінәлі? ат деген кім? атқан кім?  сүйегі қайда? Обалы кімнің мойнында?» деген сұрақтардың сырын ашуға талаптанды. Таудай еңбек етіп, көп мақала жазған Бейімбет мұраларын жинастыру, бір қалыпқа түсіріп, саралау ғалымға оңай түспеді.

Тоқтар туралы Сәбит Мұқанов: «Жұмысының көптілігі және өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, әсіресе журналист аз болатын» деп еңбекқорлығын мақтан қылды. Бейімбеттің кейбір қырларын, суреткерлік шеберлігін, шығармаларын зерттеудегі Тоқтардың еңбегі өте зор.

Жазушы Ғаббас Қабышұлының 2007 жылы «Әдебиет айдыны» газетінде Тоқтар Бейісқұлов жайында жазған «Би ағаңның Тоқтары» мақаласында «Қазақ әдебиеті мен әдеби зерттеу ғылымында абайтану, мұхтартану бар. Бұл саладағы нарымыз Қайым Мұхамедханов  Сәкентану мен Сәбиттану бар. Бұл салада екпінді еңбеккер- Тұрсынбек Кәкішев Бейімбеттану бар. Бұл салада сарбаз да, сардар да бір өзі Тоқтар Бейісқұлов» деп ғалым еңбегіне шынайы баға берген. Жазушы ғалым Тоқтар Әбдірахманұлы Би-аға өмірдеректерін зерттеу, жинау кезінде оның маңайындағы замандастарының да еңбектерін жазды. Әсіресе, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтердің мәліметтерінен кең көлемді мақалалар жазып, отызыншы жылдардағы қырғынның құпиялары мен кейбір алып-қашпа әңгімелердің рас-өтірігіне ой жүгіртеді.

Б.Майлиннің жатыпатар жазушысымақтардың сынына қалай ұшырағанын да Тоқтар Бейісқұлов өз зерттеу еңбектерінде нақты деректер арқылы айғақтай түседі. Бейімбеттің жазушылық, публицистік, адамдық, кісілік келбетін ашу барысында Тоқтар Әбдірахманұлы мұрағатынан мұрағат ақтарып, кітаптан кітап қоймай көп ізденді. Тоқтар ағамыздың Бейімбет Майлиннің өмір сүрген заманы, соның күнгейі мен көлеңке жақтарын қалай жазып көрсеткендігі, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, аса мол асыл мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері, шығармаларының стильдік ерекшеліктері, сөздің майталман зергері екендігі туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Би ағаның журналистік қызметін жазу арқылы Тоқтар 20-30 жылдардағы бүкіл қазақ баспасөзі тарихының егжей-тегжейін, әр жылғы таралымына дейін анықтайтын сындарлы ғылыми жүйе жасай білген алғашқы көркем әдебиет журналы «Жаңа әдебиеттің» шығуына Б.Майлиннің сіңірген еңбегін таралымының бір мыңнан алты мыңға жуық өскендігін атай келе,  мынадай құнды мәлімет келтіреді. «Жаңа әдебиет» 1928 жылы қаңтар, ақпан айларында No 1-2 сандары біріктіріліп шығады. 1932 жылдан бастап, «Әдебиет майданы» боп аталды. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өсіп өркендеуіне, алға қойған міндеттердің күрделене түсуіне байланысты журнал 1939 жылдан «Әдебиет және искуство» деген атқа ие болды. Ұлы Отан соғысы жылдары, яғни 1944 жылдан «майдан» атты альманах боп шығып тұрды. 1957 жылдан «Жұлдыз» деп аталып келеді.

Мұндай тұрпатты еңбек жалқы мен жалпыны жарыстырып жазған тәсіл Бейісқұловтың әр еңбегіне тән. Бейімбеттің әр қадамын санағандай етіп, оған қатысты уақ-түйектің бәрін елеусіз қалдырмайды. Майлинде неше лақап ат бар? Бұған дейін белгілісі -30 шақты еді. Тоқтар Бейісқұлов оның санын 74-ке жеткізіп отыр. Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығы зерттеушілерге таптырмас деректер. Ол деректің өзіне де пайдасы тиді. Осының арқасында Бейімбет Майлиннің бұған дейін белгісіз шығармаларын тірнектеп жинап, бастырып ғылыми айналымға енгізді. 2004 жылдан бастап филология ғылымдарының докторы С.Байменшинмен бірге Бейімбет Майлиннің көптомдық жинағын құрастырып шығарды. «Қазығұрт» баспасынан бес томы жарық көрді. Соңғы жылдары Алматыдағы ғылыми орталық кітапханада «Ұлы тұлғалар» сериясы шығарылып келеді.

Тоқтар Бейісқұлов- қазақтың маңдайына сыймай кеткен аса дарынды, иманжүзді азаматы Бейімбет Майлиннің трагедиялық  тағдыры мен қаламгерлік дарынының бәріне дейін еңбектеніп зерттеп келе жатқан ғалым.

Бейімбет поэзияны былай қойғанда жаңа замандағы проза мен драматургияның да бастауы болды. «Шұғаның белгісі», «Жалбыр», «Күлпаш» секілді прозалық дүниелер «Неке қияр»,  «Шаншар» секілді пъесаларының өзі неге тұрады. Осының бәрін тереңнен толғап зерттеп, ғылыми деңгейге жеткізген ғалым адам Тоқтар Әбдірахманұлы Бейісқұлов. Т.Бейісқұлов өмірде Бейімбетке табынып өтті. Оның қаламгерлік қуаты мен адамгершілік болмысын да барынша зерттеген Тоқтар аға еді. Тоқтар ағаның «Жалған жаланың құрбандары» атты соңғы кітабында Бейімбет Майлиннің өмірінің әлі ашылмаған құпия жақтары баяндалады. Тоқтар Бейісқұлов, Б.Майлиннің  МҚК-ндегі ісімен танысуды тағы да жолға қойдым. Нәтижесінде біраз кітаптарын оқуыма мүмкіншілік туды. Көп сұрақтарға жауап табылды, себептері анықталды деп алғыс сөзде айтып кетіпті. Шынымен де Бейімбет Майлиннің бүкіл өмір жолы, атқарған қызметтері, шығармашылықтары жаңаша баян етіліп, жинаққа айналған. Жазушының бұл соңғы еңбегі немересі Берік Ермекұлы Бейісқұловтың демеушілігімен жарыққа шығып отыр.

Тоқтар Әбдірахманұлы өз еңбектерін әлдекімдерге тықпалап, жылы лебіз білдірсе екен деуден аулақ, тек өз жандүниесінің жаралмыс, табиғи таразысымен жүреді.

Тоқтар аға классикалық жазушымыз Б.Майлиннің трагедиялық өмірі мен бай шығармасын зерттеуге ұзақ уақытын арнады. Иә, Биағаның шығармалары ел ішінде ерте тараған. Прозалық, поэзиялық, драматургиялық дүниелері 1938 жылға дейін барлық газет-журналымызда жиі шығып, көзі қарақты қазақтың айыбын қандырды. Оның «Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз» өлеңі жырланбаған ауыл сахнасы жоқ шығар!

«Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз

Ауыл-дене, біз қозғатар жанымыз.

Кел, еңбекші, қол ұстасып бір туға

Жиналайық, қалмай жасы-кәріміз!» Биағаның бұл өлеңі бүгін де құнды, бүгін де жаңа. Әдеби шығарма ойлылығымен шырайлы да өміршең. Бейімбеттің қай туындысы болса да осы қасиетімен бағалы да құнды. Т. Бейісқұловтың оқырмандық сезімін баурап алған қаламгерлік ынтасын күшейткен қуаты осы болар. Өзі шығарған 18 кітабының алтауы Бейімбет туралы. Іңгәләп келген жарық дүниеде 44 жыл болып, елін, халқын сүйе қалам тербеп, ақырында зұлым топтың торына тап болып, адами, азаматтық адалдығын дәлелдеуге мұршасы келмей қаза тапқан қайран Биаға туралы қара сөзбен жазған мақалаларды тебірене оқып шығуға болады.

Бүгінгі өресі биік, талабы да, талғамы да жоғары қалың оқырмандар арасында қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі-Бейімбет Майлиннің сан алуан көркем шығармалары халқымыздың рухани қазынасына айналып кеткелі де біршама уақыт өтті. Әйтсе де үлкен жазушының бұған дейін сирек сөз болып келе жатқан журналистік қызметі кімді де болса қызықтырмай қоймайды.

Тоқтар Әбдірахманұлы Бейімбеттің журналистика саласындағы қыруар еңбегін жүйелі зерттеп, бір арнаға түсіруді көздеген. Жанрлық тұрғыдан топтастырып саралаған. Көрнекті жазушының алғашқы қаламдарының қалай және неден басталғанын білу кімге де болса қызық екені даусыз.

Тоқтар аға Б.Майлиннің Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде Қазақ шәкірттері «Садақ» атты қолжазба журнал шығарған кездерінен 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне келгенге дейінгі журналистік қадамдарынан деректер беріп өтеді. Қазақ баспа сөзінің қара шаңырағына қызметке келгеннен кейін Б.Майлиннің қаламгерлік творчествасының бір арнаға түсіп, жемісті өрлеуге ұласқанын аңғарамыз.

Осы жерде бір атап өтер жай жиырмасыншы жылдардың басынан былай қарай бізде ұйымдастырылған газет журналдарда мейлі, ол барлық жерде болсын Бейімбеттің қамқорлығы мен қолтаңбасы сезіледі. Кітаптың Бейімбет очерктерін, фельетондарын мақалаларын талдайтын тұстарында тың деректер, жүйелі топшылаулар мол ұшырасады. Осы орайда Тоқтар Бейісқұловтың: «Сөйтіп Б.Майлинді қазақ совет әдебиетіндегі пән журналистикасындағы очерк жанрын алғаш енгізуші, қалыптастырушы және оның реалистік бағытта дамуына ықпал етуші деп есептейміз. Советтік дәуірдің алғашқы кезеңінде одан бұрын очерк жазған және өте көп жазған қаламгерде кездестірмейміз»  деген пікірін орынды деп ойлаймыз.

Б.Майлиннің журналистік қырлары мына кітапқа дейін оқырмандар алдында көмескі қалып келген, тіпті тың жатқан, тусырап жатқан сала екен ғой деген пікірге тоқтаймыз. Бейімбет нағыз талантты, жүйрік журналист ретінде қалам тартпаған тақырыбы жоқтың қасы. Жаңа заман орнату жолындағы кедей қауымның әр қадамы, күнделікті өміріндегі ірілі-ұсақты барша құбылысы сол сәтінде сөз болып, хабар, корреспонденция, мақала, фельетон, очерк түрінде газеттерге үнемі толассыз шығарып отырған. Белгілі және көп жазған журналистердің кей-кейде бүркеншік ат қолдануы-ежелден келе жатқан әрі қалыптасқан дәстүр. «Б.Майлин де отызға жуық бүркеншік ат қолданған деп айтқан ғалым, профессор Т.Нұртазин, ал Тоқтар Бейісқұлов бұл бағыттағы іздену жұмыстарын тереңдете түсіп. «Әзірге 43 бүркеншік атын жазып алдық. Біз де бәрін түгелдейді дей алмаймыз» - дейді. Тоқтар аға жасырын аттардың Бейімбеттікі екендігін тұспалмен емес нақтылы мысалдармен дәлелдейді. Мысалы Б. Майлиннің «Еңбекші қазақ» газетіне 1925 жылдың өзінде 7 өлең, 7 әңгіме, 6 фельетон, 55 мақала жариялағаны туралы тың деректер келтіреді. Бейімбеттің бүркеншік аттары сол кездегі заманның тынысына сай: «Малай», «Жалшы», «Жорналшы», «Малшы», «Тілші», «Мырқымбай», «Көз», «Мен», «Быж» деп жалғасып кете береді. Осы бүркеншік есімдерді оқи отырып, өзім де таңқалып, Т.Бейісқұловтың өте ізденгіш публицист-журналист екендігіне көз жеткіздік.

Тоқтар Әбдірахманұлы өз кітабында Бейімбет Майлиннің журналистік творчествосын жан-жақты талдап, шеберлік сырын тілдік, стильдік тұрғыдан саралай келіп, оның жас қаламгерлерді тәрбиелеу, баулу, газет-журналдардың маңайына топтастыру турасындағы қыруар қызметіне тоқталып отырған. Жазушы Б.Сарыбаев Тоқтар Бейісқұловтың «Қанатты қаламгер» атты зерттеу еңбегі тұтасымен Б.Майлиннің публицистикалық творчествосына арналған. Бұл тарау, еңбектердің қай-қайсысы да дерекке бай, керек еңбектер. Олар Бейімбеттің творчествосын жаңа қырымен таныстырады. Б.Майлин жалынды да жігерлі журналист, ұшқыр да үздік публицист. Ол пайымды фельетоншы, ойлы очеркші, сындарлы сыншы. «Қазақ әдебиеті» газеті 1983 жыл 6 мамыр Тоқтар Бейісқұлов туралы жазушы Ғафу Қайырбеков «Осы кітапты құрастырып, соңғы сөз жазған Т.Бейісқұлов турасында шынымды айтамын, осы кезге дейін мен бұл кісіні білмейтін едім. Өзінің жазған сөзінде сол жетпіске жуық естелік иелерінің қайсысы қай тұста, қай баспасөзде материалдарын бастырғанын іздеп, жинап, бастырудың, құрастырудың қаншалық қиын жұмыс болғанын айтады. Құрастырудың өзі алуан түрлі болады. Одан да қиыны жинастыру. Т.Бейісқұлов өзінің зертшілдік, жинаушылық қабілетін, әрекетін біржола Б.Майлин өмірі мен шығармашылығына бағыттаған адам. Бейімбеттің қазақ журналистикасындағы алатын орны туралы саланы зерттеген, көптеген қорытынды пікір, ғылыми тұжырымдар жасаған ол жұмысына «Биаға» материалын арқау еткен. Әуелде Тоқтар аға материалдарды, естелік әңгімелерді негізгі ғылыми жұмысына қажеттілігімен іздеп табу кейін осы кітапты құрастыруға заңды иелік етуге әкеп тіреген.

Тоқтардың айрықша еңбегі – Б.Майлиннің қазақ баспасөзін кеңестің алғашқы дәуіріндегі он бес жыл (1922-1937жыл) бойына үздіксіз дамытуға сіңірген еңбегін ізденгіштік қасиетімен зерттеуі. Оны он бес жылда Б.Майлиннің әр жаңадан ашылған газет болсын, журнал болсын бәрінің тұсау кесерінде, ұйымдастыруында міндеттітүрде болғанын зерттеуші Тоқтар бірін қалдырмай айтады. Олардың аттарын тізіп шығудың өзі жұмыс. Соларды жалықпай тізіп шығарады. «Еңбекші қазақ», «Ауыл», «Ауыл тілі», «Әйел теңдігін», «Жаңа әдебиет», «Лениншіл жас», «Жаңа мектеп», «Жыршы», «Әдебиет майданы», «Қазақ әдебиеті» т.б Бейімбет бәрінің ұйымдастыруына жәрдем берген, көбінің редакторы болыпты. Тоқтар соны зерттеп, мысал, дәлелдермен айтады. «Еңбекші қазақ» кейін «Социалды Қазақстан» газеті редакциясында қызмет істеген мерзімі, атқарған қызметі өте мол. Ол бұл газетке «1922 жылы келгеннен кейін әсте қол үзбеген. Басқа редакцияларға, баспа орындарына ауыстырылғанның өзінде Биағаң осы газетпен байланысын жоғалтпаған» деп келеді де, Т.Бейісқұлов: «Тек осы газет бетінде Б.Майлиннің көзі тірісінде жарияланған дүниелері 60 әңгіме, 85 өлең, 42 очерк жолдап», «Елден», жазушы қойын книжкасы деген айдармен, 88 фельетон сықақ әңгімелері,  287 мақала,  «Бөліс», «Қоссын», «Ұлы жолға» поэмалар, «Қоңсылар» романынан үзінділер, «Қызыл жалау» романының «Кен құшағында» атты үлкен тарауы, «Талтақбайдың тәртібі», «Амангелді» пьесасы, «Жалбыр»повесі жарияланған деп нақты жылдары мен санына дейін көрсетіп отырған. Әрі қарай «қазақ кедей шаруасының типтік образын жинақтаған өзінің қимас, сүйікті кейіпкері Мырқымбайды жырлаған бір топ өлеңдері осы «Еңбекші қазақ» арқылы жалпы елге жетіп, кең тарады. Тоқтар Әбдірахманұлы осылар арқылы Бейімбеттің ғажайып журналистік талантын жарқыратып жіберген. Сол кездегі туған шаңырағындай болған, өзінің алтын қазығындай болған газеттер  «Социалистік Қазақстан» «Егеменді Қазақстан» газетінің еңбегін, қадір-қасиетін өте жоғары бағалаған. Ұлы зиялы азаматтардың Бейімбет туралы айтқандары. Естелік кітапта М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаевтан бастап, көптеген белгілі қайраткерлердің есімі берілген.

С.Мұқанов: «Жұмысының көптігі және өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, әсіресе журналист аз болатын».

М.Әуезов: «Дүниежүзілік әдебиеттің барша мәдениеттік дәстүріне сүйенетін реалистік прозамызда жасаған жазушылар роман жазушылар мен әдебиет жазушылар. Мысалы қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасынан танылатын. Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дәуіріндегі қазақ ауылдарында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады».

Ғ.Мүсірепов: «Б.Майлиннің ілуде бір адамда боларлық еңбекқорлығы мен іске қабілеттігі туыстарын таң-тамаша қалдыратын. Талантпен тізе қосқан еңбек аумағы мол, маңызы баға жетпес қымбат көркем мұраны бізге сый етті. Жиырма жылғы қажырлы, барынша қарқынды да нәтижелі жұмыс, мәңгі жасар он бес томдық шығармалар деп түйіндер едім. Биағаның мен әртүрлі толқу үстінде көрсеткен сенімі болмағанда өзімнен жазушы шығады деген үмітім бұлдыр да буалдыр еді. Тәуекелмен бастап кетпей, тастап та кетуім мүмкін еді. Жастарға сенім көрсетудің, жастармен жұмыс істеудің үлгісі солай болса етті деген оймен «Біздің Би аға» деген очеркімді жазуға тура келді, - дейді.

1937 жылғы зұлматтың жазықсыз құрбаны болғандардың бірі Б.Майлиннің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан» баспасы осы мерейтойға өзіндік тарту әзірледі. Ол-Бейімбет мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген ғалым-Тоқтар Бейісқұловтың «Дарын Даралығы» атты зерттеу еңбегі. Ғалым Тоқтардың бұл кітабына жазушының өмірі, оның әр жылдары жазған шығармалары, олардың туу тарихы туралы қысқаша мағлұматтар енгізілгені. Кітап екі бөлімнен тұрады. Б. Майлиннің журналистік жолының ең бір ұзақ та құнарлы кезеңі Сәкен Сейфуллин арнайы шақыртып, орналастырған «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінен басталады. «Мырқымбай», «Қара сор» өлеңдері, «Күлтай болыс», «Жол үстінде» атты қалың оқырманның жүрегіне жол тапқан туындылары алғаш рет осы газетте жарық көрді. Зерттеуші аталмыш еңбегінде Биағаңның бізге беймәлім көптеген қырларын ашады. Биаған Ғабит Мүсіреповпен бірігеп ең алғашқы көркем фильм «Амангелдінің» сценарийін жазған тұңғыш қаламгер. Қос алыптың достығы тек қана шығармашылықта ғана шектеліп қалмай, қиын-қыстау сәттерде бір-біріне демеу бола білді. Биағаң «халық жауы» атанып, түрмеге қамалғанда марқұм Ғабең «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп жалтақтамай жанұшыра айқайға басуы шынайы азаматтықтың үлгісі емес пе?

Кей зерттеушілер Б.Майлиннің баспа бетін бірінші көрген туындысы «Көңіліме» деген өлеңі, ол «Айқапқа» 1914-1915 жж бастап жазып тұрады дегенді айтады. Ал зерттеудің барысында баспасөз бетінде ең алғаш жарық көрген мақаласы «Қостанай уезі Дамбар болысы». Бұл мақаласы 1913 ж «Айқап» журналына жарияланды. «Айқап» журналына Майлиннің көптеген мақалалары «Айыртау», фельетоны т.б жарық көрді. Бұл мақалалар соңына «Б.М», «М.М» деп қол қойғандығы, олардың Бейімбеттікі екендігі Ұ.Субханбердинаның «Әдеби мұра» деген кітабында айтылады Б.Майлин осы тақырыптарында да ескі әдет-ғұрыпты, салт-сананы сынап жазған. Өзі кезінде редакторы болған «Садақ» қолжазба журналы Бейімбеттің журналистік творчествосының ең алғашқы баспалдағы, алғашқы кезеңі. «Садақтағы» кезін Б.Майлиннің жазушылық, публицистикалық шығармашылық пен журналистік қызметінің бастауы деп білеміз. Бұл журналдың қазақ баспасөз тарихындағы елеулі фактор екенін Т.Бейісқұлов дәлелдеп берді.

Тума талант, дара дарын күндердің күнінде, қайнар көзін ашып шыққан мөлдір су сияқты, қазанда қайнап бетіне шыққан сүт қаймағындай белгі бермей, өзін әйгілемей тұра алмайды. Б.Майлин тап сондай қаламгер. Ол мұғалімдіктен журналистік қызметке «Еңбекші қазақ» газетіне келгеннен кейін оның таланты ерекеше ашылып, қаламгерлік қуаты буырқана тасыды. Сол тұста-ақ ол ел-жұрттың, зиялы қауымның көзіне түсіп, аты белгілі бола бастайды. Алашордамын дейтін А.Байтұрсынов пен М.Дулатов та, төңкерісшіл дейтін С.Сейфуллин де оны байқамай қалған жоқ. Сондай кездің бірінде Сәкен Бейімбетті «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке шақырады. Бұл Бейімбет үшін қуанышты күн болды. Б.Майлиннің творчествосын тиянақты зерттеген зерделі ғалым Т.Нұртазиннің айтуынша Бейімбет мұнда 1922 жылдың тамызынан 1923 жылдың шілде айына дейін істейді. Газетте кандай қызмет істегенін анықтауда көптеген қиыншылықтар кездесті. Сондықтан әртүрлі пікірлер айтылып жүрді. Ешқандай өзі толтырған анкеталық деректер болмаған соң Бейімбеттің өзімен қызметтес болған, араласып жүрген замандастарының пікіріне сүйенулеріне тура келді. Сондай-ақ көп жыл зерттеу жүргізген ғалымдардың түйгендері де құнды. Естеліктерді жинап «Би-аға кітабын құрастырып шығарғанда оны білетін бір де бір адамның Бейімбет «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болмаған зерттеушілер де ондай пікірде емес. Ендеше ол редактор болды деген шындыққа мүлде жанаспайды. 1922 жылғы қазан айында кеңестердің ІІІ-сьезінде С.Сейфуллин Қазақстан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып бекітіледі, орталық атқару комитетінің мүшелігіне екінші рет сайланады. Алайда «Сәкенге үкімет билігі мен қатар редакторлықта қоса жүктеледі», ал ғалым С.Қирабаевтың зерттеуінше «20 жылдардың басында «Еңбекші қазақта» редактор болған Сәкен сол газетке хатшы етіп, Қостанайдан Бейімбет Майлинді шақыртқан еді» («Сәкен Сейфуллин», 1974ж 97-бет) С.Сейфуллин басқаны шақырмай неге Бейімбетті шақырды? Осындай сұрақ туды.

Бейімбеттің ұшқыр қаламды, жүйрік ойлы қаламгер, жаны таза азамат екенін Сәкен өте жақсы білді. Бірін-бірі жақсы түсініп, екеуінің де пікірлері бірдей болып, ортақ шығып отырды. Бейімбет Сәкеннің сенімінен шыға білді. Ол газеттің барлық жұмысына тікелей араласып, жандандырып жіберді.

«Еңбекші қазақта» Б.Майлиннің қаламы ширай түскен оны Қостанай губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің органы жаңадан ұйымдастырылған ауыл газетіне жібереді. Онда екі жылдай істегеннен кейін «Еңбекші қазаққа» қайта шақырылады. Бірақ ол редактор болып келген жоқ. Осындай түйінге табан тіреу үшін кімдердің айтқанына, қандай деректерге сүйендік. Жазушы Ғ.Мүсірепов: 1965 жылы Б.Майлиннің 70 жылдығы өтіп жатқан шақта «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты хатшылығынан Сәбит Мұқанов босады да, оның орнына Б.Майлин келді деп жазды.Бұл 1925 жвл ол кезде Ғ.Мүсірепов «әдеби қызметкер деген лауазымы бар корректор» болып істеп жүрген «орынбор рабфагінің студенті» екен. Қалай сонда Ғ.Мүсіреповтей көзімен көріп, қолымен ұстаған адамға сенбейміз бе?

Бірінші тірек етер дерек-осы дейді академик Т.Бейісқұлов. Одан кейінгі пікірді «Б.Майлиннің творчествосы» атты кітапта ғалым Бейімбеттің жауапты хатшы болып келгендігін растап айтады.

«Еңбекші қазақта» 1928 жылдың ортасына дейін істеген Б.Майлин үлкен бедел-абыройға жетеді. Бұл-оның журналистік қызметінің жазушылық творчествосының ең бір шұрайлы, қомақты, жемісті кезеңі. Ол газет ісіне аса зор, аса жауапты, аса маңызды іс деп қараған. Бейімбет газетінің сан қилы қырлары мен сырларын жетік игерген. Қызметтес болған жазушылардың, журналистердің айтуынша ол газет ісіне өте шапшаң, тапқыр болған. Қаламгер журналистің әйел теңдігін қорғап жазған материалдары да біршама. Бұл тақырып-Бейімбеттің назарынан түспеген ең күрделісі. «Ауылда» да сол мәселені әр қырынан көтерген «Ауру қалса да әдет қалмайды», «өте ме десең, өрши түседі», «Қалың мал алғыштарға жаза» қалың мал беру туралы, «Бітсін күндік» (әйел теңдігін қорғау 18.03.24 ж) «Губерния әйелдер жиналысы»(02.07.24 ж) атты мақалаларын атау керек. Майлин бірыңғай журналистікпен шұғылданып кетпеген, жазушылығында ұмытпай қаламын көркем шығармалар тудыруға да қадай түскен. Бұған тек осы газетте жарияланған жұрт арқасында кеңінен белгілі болған «Айранбай» (19.11.23 ж) «Раушан-коммунист» (1923 ж) «Ақыр заман» (24.02.24 ж) әңгімелері. Кейін «Раушан-коммунист» атты туындысын қайта қарап, өзгерістер енгізіп, толықтырып повесть етіп жазып шықты. Б.Майлиннің «Ауыл» газетіндегі қызметі де, жазушылық және журналистік творчествосыда өрісті болды. Ол бұрынғыдан да қаламын ұштай түсіп, қайнаған өмірдің нағыз проблемалық, көкейтесті дүниелерді жазып, қазақ әдебиеті мен баспасөзінің өркен жаюына мол үлес қосты «осы газетте ақындық таланты кең ашылды» деп жазды ғалым Т.Нұртазин.

Б.Майлиннің «Ұмытпаспын» деген өлеңінен:

- Кетпейді өзің түгіл, сөзің айдан:

Қайғыны көңілдегі сенсің жайған

Қалайша мұң шағудың жөнін таппай

Жүргенде кез боп едің, құрып айлам, деп Майлин бұл өлең жолдарын кімге айтқан, кімге арнаған деген ойға қаласың. Өлеңнің жазылу стиліне, «Шаңқан» деп қол қоюына қарағанда Бейімбет жазған. Бұл кезде Б.Майлин қайда болды, не істеді, жағдайы қандай еді деп зерттеу жүргізгенде біраз нәрсеге көз жеткізгендейміз. Ұлы жазушы Бейімбет жан-жақты дарын иесі, халық бойындағы үздік қасіреттерді жіті аңғара білетін сара жанды сөз зергері болғаны. Б.Майлиннің шыншыл қаламгер екендігін зерттеушілердің қай-қайсысы да дәлелдеген. Сыншылдығы да бар. Майлин фельетон ғана жазып қоймаған. Ол әлеуметтік мәні бар, республика экологиясы мен мәдениетін көтеру жайында сан алуан мәселелер көтерген мақалалар жазуға да уақыт тауып, «Ауыл» газеті бетіне жариялап отырған. Мақалаларының тақырыбы алуан түрлі: әйел теңдігі, сауатсыздықты жою, оқу-ағарту, ауыл шаруашылығы, еңбекақы төлеу, денсаулық сақтау, мәдениет, әдебиет мәселелері, дінге, ескі ғұрыпқа қарсы күрес мәселелері, партия, комсомол, пионер ұйымдарының жұмысы.

Әр уақыттың өз таңбасы, әр заманның өз келбеті бар. Ол қандай бағыт-бағдарлама ұстанған саясатқа да байланысты. Тарихты жасайтын адамдар, оларға жетекшілік ететін саясаткер басшылар десек, солардың іс-қимылымен, ойлау өрісімен қоғам ілгері жылжиды. Бірақ, қандай бағытпен ілгерілейді, мәселе сонда. Қазақ халқының да басынан кешкен заман кезеңдері бар. Заман күн санап ілгері кетіп барады. Жиырмасыншы, отызыншы жылдарында уақыт аумалы-төкпелі болды. Сол кездің бет-бейнесін, қым-қиғаш аласапыранын, тарих үрдісін Б.Майлин шығармаларынан айқын көреміз. Өз заманының ірі саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерін көркемсөз арқылы суреттеуге үн қосқан ол аса құнды, мағыналы шығармалар қалдырды. Совет одағының алғашқы жиырма жылдық тарихы реалистік тұрғыдан көрсетілді. Ол қаламын қадамаған бірде-бір құбылыс, оқиға жоқ десе болғандай. Қоғамда туып жатқан сан алуан жаңалықтардың күнгейін де, көлеңкесін де, өткені мен бүгінін де, тіпті келешегін де көркем әдебиет тілімен шебер суреттеді. Асырып та, кемітіп те көрсеткен жоқ. Болған оқиғаларды өз қалпында бейнелей білді., бірақ көркем тілмен, жұртқа түсінікті етіп жеткізді. Сөйтіп, халқының тарихи шежіресін жасауға үлкен үлес қосты. Б.Майлиннің осы қасиетіне ғұлама жазушымыз М.Әуезов «Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды боп шығады. Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады» деп жоғары баға берді.

Әлеуметтік мәселенің бірі-әйел теңдігі болса, Б.Майлин «Шұғаның белгісі»  әңгімесінде сол теңдіктің аяққа тапталғанын суреттеуден бастап, совет дәуірінде қазақ әйелдерінің санасы ояна бастап, ерлермен тең құқыққа ие болып, көзі ашылған жаңа іске белсене кіріскен  Раушан, Күлтай, Камила, Берен тағы сол сияқты тұлғаларды жасады. Осы тақырып Б.Майлиннің көптеген өлең, поэма, әңгіме, пьесса, повесть, романдарына арқау болғаны айқын.

Қазан төңкерісін жылы қабылдаған Б.Майлин он алтыншы жылғы оқиғаға көбірек көңіл бөлді. Себебі, қазақ халқындағы ұлт-азаттық қозғалыс оның тарихындағы үлкен саяси маңызы бар оқиға болды.

Ұлт-азаттық қозғалысы, азамат соғысы кезінде өмірде болған адамдардың тұлғаларын сомдаған Б.Майлин «Амангелді», «Біздің жігіттер» атты пьессалары мен «Жалбыр» атты опералық либреттосын үлкен шабыт үстінде жазды. «Жалбыр» 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы кезінде көрсетіліп, зор бағаланды. Бұл пьессалар мен либретто өліспей беріспес тартыстарға, адам жүрегін езгілейтін трагедиялық жағдайларға толы. Осы шығармаларын оқи отырып бәрі трагедиямен аяқталғанын, қозғалыстың басылғанын көреміз. Ал алған әсеріміз рухани азық болып, есімізде мәңгі қалды. Сондықтан жазушы «Амангелді», «Жалбыр», «Біздің жігіттер» пьессаларын сол тарихи дәуірдің аласапыран, қанды күрес кезіндегі саяси-әлеуметтік мәселелерін, аумалы-төкпелі халық өмірінің сан-алуан көріністерін көркем суреттеген. Ұлттық характерлерді, мінез-құлықты аша отырып, ұлттық мансұқпен арды мақсат етеді. Ондай идея Бейімбеттің көп шығармаларында көрініс береді.

Заманға реніш білдіру коллективтендіру, колхоз ұйымдастыру кезінде арта түспесе, бұрынғыдан әсте кемімейді. Бұл өзгеріс оңайлықпен жүзеге аспайды, қиян-кескі тартысты майдан үстінде жасады. «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» дегендер бір топ құрады. Олар колхоздың не екенін түсінбей, оған кіргісі келмеушілер. «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деген жоғарыдан түскен солақай саясатты ұстанғандар. Бұл саясат әпербақан, ұрдажық, соқыр, сойқандарды туғызды. Ендігі бір топ байлар, олардың құйыршықтары, олардың әрекеті колхоздасуды құбыжық қып көрсетіп, өсек тарату, іріткі салып, іштен бүлдіру, кедергі келтіру. Келесі топ-кедейлердің ішінен шыққан еті тірі белсенділер. Езгіліктің қамыты мойнынан түсіп, еркіндіктің иісін сезінген олар колхоз құруға бел шешіп кіріседі. Олардың ұйытқысы, дем берушісі партия және комсомол ұйымдары, кеңестер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға