Жаңалықтар

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Әмбебап тәртіп сақшысы, тергеуші Жандар Болатбекпен сұхбат
«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»
16.11.2020 11:42 6909

Әр саланың өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі бар. Ал тергеу қызметінің басқа салаларға қарағанда, ар алдындағы жүгі ауыр. Олар ақиқаттың ақ жолынан таймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы қылмыскерлерді құрықтап, істі жан-жақты зерттейді. Осы орайда біз Тергеу қызметінің қыр-сырымен таныс болу үшін арнайы Нұр-Сұлтан қаласы ПД Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Жандар Болатбекпен сұхбаттасқан едік.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласы ПД Басқармасының тергеуші – Жандар Болатбек)

Полиция капитаны Жандар Айдарұлы Нұр-Сұлтан қаласы ПД Тергеу Басқармасының Мүлікке қарсы қылмыстарды Тергеу бөлімінің тергеушісі болып қызмет етеді. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бақалы елді-мекенінде туып-өскен кейіпкеріміз Тараз қаласындағы облыстық Дарынды балаларға арналған спорт мектебінде білім алған. Ішкі істер органдарында 9 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі тергеуші Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясын үздік дипломмен тәмамдаған. Оқу орнын аяқтап, алғашқы қызметін елордамыздағы Сарыарқа ауданы жанындағы Полиция Басқармасының Тергеу бөлімінде тергеуші лауазымынан бастаған.

–Тергеушінің қызметі – жауапты міндет. Ең алғаш академияны аяқтап келгеннен кейін тергеу бөлімінде жүріп, әр түрлі бағыттағы қылмыстық істер бойынша тергеу жүргіздім. Шыңдалып, тәжірибе жинадым. Содан 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы ПД Тергеу басқармасында қызмет атқарып келемін,– деп әңгімесін бастады Жандар Болатбек.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Тергеуші сұқбат барысында өзінің әр іске тыңғылықтылығы мен жауапкершілігі мол қызметкер екендігін көрсете білді. Оның өзін-өзі ұстауы, сөз саптауы, құқықтық білімі, қызметін баяндауы –  мамандығына деген ерекше ықыласын білдіреді.

Жандар жас та болса, өзінің өте жауапты әрі маңызды қызметте жүргендігін жақсы ұғынып, әрбір қылмыстық істің нәтижесі тергеушінің кәсіби шеберлігіне байланысты екендігін айтады.

«Полицияға жүрек қалауыммен келдім»

Әр мамандықтың қиындығы мен қызығы болады. Бірақ полиция қызметкері болу қоғам алдындағы жауапкершілік пен үлкен сенімді қажет етеді. Себебі ел тыныштығы жолында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына артылатын жоғары жауапкершілік бар.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Ең бірінші әскери адам боламын деген ниетім болды. Әскери мектепте білім алдым, спортпен шұғылдандым. Уақыт өте келе, тәртіп сақшыларының қызметіне қызығушылық таныта бастадым. Арманымды орындау жолында академияға оқуға түстім. Бүгінде өз жүрек қалауыммен келген салада қызмет атқарып келемін, – деп мамандығына деген құрметін жеткізді Жандар Айдарұлы.

Тергеушінің тәртіп сақшысы болуына бірден-бір себепкер болған әкесінің ағасы екен. Білімін шыңдап, спорт пен қызметті қатар алып жүрген полицей бүгінде өзінің мамандық таңдауына ықпалы болған жандарға үлкен алғысын білдіреді.

«Әртүрлі бағыттағы істерді тергейміз»

Жалпы Тергеу Басқармасы әр түрлі бағыттағы істерді тергеумен айналысады. Оның ішінде: ауыр және аса ауыр, резонанстық, алаяқтық және тағы да басқа қылмыс түрлері бар.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

– Біз көптеген шағымдармен жұмыс істейміз. Елордамызда өздеріңіз білетіндей төрт аудан бар. Әр ауданның белгіленген тергеушілері болады. Олармен де тығыз байланыстамыз. Мен қызмет ететін Мүлікке қарсы қылмыстарды тергеу бөлімі көбінесе алаяқтық қылмыстарды тергеумен жұмыс істейді. Бүгінде ең көп белең алған – интернет алаяқтары. Одан бөлек адамдарға көбінесе пәтер алып беру мәселесі бойынша қылмыстың саны азаяр емес. Бүгінде халықтың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Сондықтан, адамдардың көбі тез арада, тиімді бағамен пәтер алуға ұмтылады. Ал алаяқтар соны пайдаланады,– дейді тергеуші.

Полиция капитаны одан бөлек бүгінде белең алған «пирамида» деп аталып кеткен алаяқтық туралы да айта кетті. Аталған жүйенің құрбаны болғандар - оңай жолмен ақша табуды көздейтіндер.

Алаяқтар халықты 50 мың берсең, 100 мың аласың деп алдап соғады. Және де артыңнан адам жинап әкелсең, саған қомақты мөлшерде қаражат түсіп тұрады деп сендіреді. Осылайша еңбексіз ақша табудың барлығы ертесіне жәбірленушілердің сан соқтыруына әкеледі. Қазіргі таңда осындай қылмыстардың саны көп. Мысалы, бүгінде мен тергеп жатқан іс бойынша жыл басынан бері 60-қа жуық адам алаяқтың арбауына түсіп қалған. Әр адамның шығын мөлшері 2-15 млн теңгені құрайды. Істі зерттеп, тергеу барысында алаяқтың үйін тінту кезінде жеке өзім 300-ге жуық адамның құжаттарын анықтадым. 2017 жылдан бастап алаяқтықпен айналысып жүрген азамат өзін Ұлттық комитеттің қызметкері ретінде таныстырып, пәтер алып беремін деп, талай адамды алдаған. Адамдар жақын күндері жеке пәтерім болады деп сеніп, өзінің жиған-тергенін, соңғы ақшасын, көлігін сатып, бар қаражатын өз қолымен берген дейді,– кейіпкеріміз.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Әңгіме барысында тергеуші алаяқтық қылмыстардың жазасын күшейту керектігін де атап өтті. Себебіе олар қаншама жанның ақшасын алдап алып, 7-8 жыл абақтыда жазасын өтеп келгеннен кейін де баяғы әдетіне қайта басады екен. Және жәбірленушілерге шығындарын қайтармайтын көрінеді. Сондықтан да қатаң жаза қолданылса, алаяқтық жолмен жасалынатын қылмыстың дәрежесін төмендетуге мүмкіндік болар еді.

Бүгінде интернетті ашып қарасаңыз, көп қылмыстардың алаяқтықпен жасалынатынына куә боласыз. Көрген жанды әп-сәтте сендіретін түрлі жарнамалар тағы бар.

–Алаяқтар интернетте кейбір заттарды сатып, бағасын арзандатып қойып жатады. Содан кейінгі олардың айласы алдын-ала төлем жасау болып табылады. Сол себептен барша халыққа айтарым, ешқандай адамды танымай, шынайылығына көз жеткізбес бұрын қаражат жібермеулеріңізді сұраймын, дейді тергеуші.

«Карантин кезінде қылмыс саны азайды»

Тергеуші Жандар Болатбектің жұмыс күні таңғы сағат сегізде басталады. Одан кейін Тергеу басқармасында басшылығымен таңғы жиын өтеді. Жиында әр тергеушінің өзіне не жоспарланғаны баяндалып, жазбаша түрде олар жұмыстарын ұсынады. Одан кейін тергеуші күнделікті ертеңгі күнге жоспар әзірлейді. Сол жоспар бойынша қылмыстық істерге қатысты куәгер мен күдіктіден жауап алу, сұрау жолдау, жолығу барысын дайындайды.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

­Карантин уақытында қылмыс саны азайды. Себебі, қызметтік органдардың көбі жұмыс істеген жоқ. Барлығы электронды түрде болды. Адамдардың басым көпшілігі ары-бері жүре алған жоқ. Карантиннің септігі тек алаяқтық қана емес, басқа да қылмыстарға аз да болса тосқауыл болды. Пәтер ұрлығы аздап тиылды. Себебі, адамдар үйлерінде отырды. Мектептер мен балабақшалар жұмыс істемеді. Осы уақыт аралығында біз қылмыс дәрежесінің төмендегенін байқадық, - дейді Жандар Айдарұлы.

Тергеуші өз қызметінің барысы жөнінде: "Әр тергеушіге қылмыстық істі ашуға екі ай мерзім уақыт беріледі. Егер сол берілген мерзімде істің мән-жайын анықтап, тергеп үлгермесек, бізге қисынды мерзімде істі тергеуді ұзарту мүмкіндігі бар. Екі ай ішінде өзіміз жүргізіп жатқан іс бойынша сараптама тағайындаймыз. Сараптаманың уақыты бір ай уақытты алады. Одан да бөлек тапсырмалар тағы бар. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы болғанан кейін, шеттен келіп-кетушілер көп. Егер олар қылмыстық іске қатысы болса, оларды басқа қала мен облыстан шақырту да уақытты алады".

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Тергеуші күнделікті шамамен кешкі сағат тоғызда жұмысын аяқтайды. Сенбі, жексенбі күндері де қызметте.

Біз қылмыстық істі тергегенде, әділ шешім қабылдауымыз керек. Әр қылмыстық істің артында жәбір көрген адам жатады. Кейбір адамдар "мен арыз жаздым, ол бойынша жұмыс істелінбей жатыр" деп шағымданып келіп жатады. Бізге түрлі шағымдар келіп түседі. Ол кісінің жазған арызы сияқты жүздеген жәбірленушілер болуы мүмкін. Олардың кезегінің келуі белгілі бір мерзімді талап етеді. Осыған бәрі түсіністікпен қараса екен дейміз. Өмір болғаннан кейін, әкесі мен баласының, жан жолдастардың, анасы мен қызының бір-біріне арыз жазып жатқандарын көреміз. Сондықтан біз тергеуші болғаннан кейін, жәбірленуші жаққа да, күдікті жаққа да бірдей қарауымыз керек. Тергеуді жүргізу барысында істі тыңғылықты әрі мұқият тексеру - біздің міндетіміз. Қарыз мәселесіне байанысты арыз жазатындар болады. Олар "мен танысыма осыдан екі жыл бұрын қарыз бері едім. Сол қарызымды ала алмай жүрмін" деп жатады. Заң бойынша қарыз азаматтық сот тәртібі бойынша екі тараптың келіскен шарттары. Екі тарап келісіп, бір-біріне шарт қояды. Ол орындалмаған жағдайда, өтініштерін білдіріп жатады. Біз ондай істерді қарамаймыз,– деді кейіпкеріміз.

Бүгінде алаяқтық қылмысымен айналасатындар саны өршіп тұр. Тергеуші Жандардың айтуынша, алаяқтардың өзіндік әдістері мен тәсілдері бар.

– Ішкі істер органдарындағы басқа саланың қызметкерлерін ешуақытта жоққа шығара алмаймыз. Олардың да өзіндік қызметтері бар. Біз жалпы барлық саламен тығыз байланыстамыз. Оның ішінде жедел уәкілдерді және криминалист мамандарын айтуға болады.

«Қызметте түрлі оқиғалар орын алады»

Тергеуші қызмет барысындағы есте қалған оқиғаларымен бөлісті. Олар түрлі жағдайда, әрқандай себеппен орын алған.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

– Шамамен осыдан үш жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа ауданы жанындағы Полиция басқармасында жұмыс істейтінмін. 23 маусым Полиция күні мерекесінде кезекшілікке түстім. Ұрлық дерегі бойынша шақырылымда жүргенімде, кезекші хабарласып мен жүрген жақын маңайда өрт болып жатқанын, жедел түрде жетуім керектігін айтты. Оқиға орнына тез арада жеттім. Елордамыздағы шағын аудандардың бірінде 4 қабаттан тұратын тұрғын үйде бір пәтер өртке ораныпты. Өрт сөндірушілер өрт сөндіріп жатыр екен. Сыртқа жәбір көрген бірнеше адамды алып шықты. Өрт сөндірілгеннен кейін пәтерден үш азаматтың денесі табылды. Кейін тергеу барысында адамдардың өрттен емес, қасақана кісі өлімінен қазақ болғаны анықталды. Себебі, олардың денесінен пышақ жарақаты анықталды. Сонымен бірге, пәтерге қылмыстың ізін жасыру үшін өрт қоймас бұрын, пәтердің ішіндегі адамдардың кілем, төсеніштермен оралғаны да анықталды,– дейді.

Мұндай істерді тергеуде тергеушіге қырағылық керек. Сонда ғана олар шын мәнінде оқиғаның қалай, қашан орын алғанын анықтап, істі ашуға мүмкіндік алады.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Ол істі мен өзім тергеген жоқпын. Алайда өзім ол кезде Сарыарқа ауданы жанындағы ПБ жұмыс істегендіктен, іс Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаментте тіркелді. Одан кейін біршама уақыттан кейін қылмыскерді ұстады деп естідім. Бірге ішімдік ішкен азаматтар арасында ұрыс-керіс туындап, соңы кісі өліміне әкеліп соққан. Күдіктінің бұрын сотты болғаны да анықталды. Сол себептен де қылмысты тергеуде  тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек,– дейді полиция капитаны.

Тергеушінің айтуынша қылмыстардың орын алуы жыл мезгелдеріне де байланысты болады екен. Мысалы, қыс мезгілінде күн қатты суып кеткен уақытта, көше қылмысының саны азаяды екен.

– Жалпы қылмыстың болуы ауа-райына да байланысты.Ал енді кей уақыттарда жауын-шашын немесе қатты аяз болып тұрса, қылмыс сәл бәсеңдеп қалады. Қар жауған кезде де көп қылмыскерлер қарда ізі немесе бағыты қалып кететіндігін біліп, барынша қылмысқа бармауға тырысады.

   «Сегіз қырлы, бір сырлы...»

Полиция капитаны Жандар Айдарұлы әмбебап полицей. Ол өз қызметімен қатар Нұр-Сұлтан қаласы ПД ұйымдастыратын барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. ПД атынан берілген марапаттары да жоқ емес. Ән айтады, ұлттық аспапта ойнайды. Актерлік шеберлігі тағы бар. Ол 2017 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «Әке жолы» қойылымында басты рөлді сомдады.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

«Әке жолы» қойылымы 40 минутқа созылған театрлық қойылым. Онда кезінде бірнеше жылдар бойы Ішкі істер органдарында қызмет етіп, қайтыс болған полиция қызметкерінің орындалмай қалған арманын театралдық түрде тек қана қызметкерлердің арасында сомдадық,– дейді тергеуші.

Сонымен қатар, Жандар Болатбек жыл сайын тәртіп сақшыларының арасында өтетін республикалық «Парасатты полицей» конкурсына Нұр-Сұлтан қаласы ПД атынан 2017-2018 жылдары қатысқан.

Республикалық байқау болғаннан кейін, ең үздік деп танылған полицейлер ән айтып, қойылым көрсетіп, би билеп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған түрлі сұрақтарға жауап береді. Қазақ тілі туралы түрлі ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқиды. Әр жыл сайын байқаудың бағыты мен белгілі бір талабы болады.

«Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек»

Жандар Болатбек Наурыз мерекесінде, тергеушілер күнінде және де өзге де іс-шараларға бір кісідей қатысады. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласы ПД Тергеу басқармасының атынан өлең жолдарын оқып, эстафетаға қатысыпты.

– Кез келген жағдай мен оқиғаға Бауыржан атам айтпақшы: ептілік те ерлік керек. Мен елім үшін әрқашан мемлекетке, қазақ халқына адал қызмет етуге дайынмын, – деп әңгімесін аяқтады.

Бөлісу:
(Суреттер: Бауыржан Жуасбаевтікі) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға