Тас ғасыры «жырлайды».
Археолог Айбар Касеналинмен СҰХбат

Археология саласына қызығушылық қайдан пайда болды?
— Оның ешқандай сыры жоқ. Көне тарихқа бала кезімнен-ақ қызыққан едім. Әрине, қызығушылық өздігінен пайда болған жоқ. Оған қандай да бір адамдар, өмірлік жағдайлар ықпалы етеді. Менің жағдайымда, бір жағынан ата-анам болса, екінші жағынан ауыл мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі себепкер болды.
Ата-анам жаз мезгілінде тарихи орындарды аралау, ел тану үшін кішігірім сапарлар ұйымдастырып отыратын. Есімде, ол кезде 5-сыныпта оқимын, қашық болғанына қарамастан Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Айша бибі мен Бабаджа-хатун, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Әмір Темір сынды тарихи тұлғалардың кесенелерін көрсетіп, Отырар мен Түркістан, Бұқара мен Самарқан сияқты көне қалалардың орындарын аралаған едік. Осылайша байырғы мекендерді тануға деген ынта өздігінен, қазіргі тілмен айтсақ «по умолчанию» қалыптасты. Кейіннен, тарих пәнінің мұғалімі осы көрген жерлерді ғылыми жұмысқа бейіндеп жазуды ұсынды. Ол ғылыми шығармашылықтағы тырнақалды ізденістеріме негіз болды.
Сонымен қатар, туып-өскен елімде, яғни, Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Төртүй ауылының маңында Қазақстан археологиясына біршама жаңалықтар әкелген бірегей ескерткіштер орналасқан. Олардың ішінде, ерте темір дәуірінің, яғни, сақ мәдениетінің жарқын үлгілерін паш еткен Тасмола, Қарамұрын, Нұрманбет қорымдары бар. Осы ескерткіштерде қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған заттай деректердің негізінде Мир Қадырбаев әлемге Тасмола мәдениеті деген атауды ұсынды. Қазіргі таңда сол кездегі мәдениет өкілдері ұлан-ғайыр атырапты алып жатқаны толығымен дәлелденіп отыр. Міне, осының барлығы болашақта археология мамандығын таңдауға түрткі болды.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Павлодар қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернатын тәмәмдаған соң, әрине, таңдау тарихтың қатпарлы сырларын тануға бағытталған археология мамандығына түсті. Ол кездері археолог мамандарды Қазақстан бойынша 2-3 жоғары оқу орны ғана дайындайтын. Алғашында менің таңдауым С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне түсті. Алайда, маған белгісіз себептерге байланысты ол мекеме мен оқуды аяқтаған жылы археология мамандығына құжаттар қабылдамайтын болып, мен ойда-жоқта Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне құжаттарымды тапсырып, оқуға қабылдандым.
Студент кезде, нақтырақ айтар болсам, 1-курсты аяқтар шақта Орталық Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстарын жасап жүрген ғалым Арман Бейсеновпен танысудың орайы түсті. Міне, осы ғалымның арқасында археологияға түбегейлі бет бұрдым. Жасыратыны жоқ, бастапқыда сол бала кезгі сапардың әсерінен бе, ортағасырлық ескерткіштерді алғаш көргендіктен бе сол дәуірдің мәселелеріне арналған ғылыми жұмыс жазсам деген ой болатын. Бірақ, 2005 жылдан бастап атқарып келе жатқан далалық зерттеулер Орталық Қазақстанның қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне баурап алды.
Әрине, далалық жұмыстар археологияны тәжірибелік тұрғыда меңгеруге ықпал етсе, теориялық жағын әл-Фараби университетінің білікті ұстаздарының дәрістерінен алдық. Соның ішінде тарих ғылымдарының докторлары Жәкен Таймағамбетов, Мадияр Елеуов, Әбдеш Төлеубаев, Ғани Омаров пен Ғалымжан Бексейітов сынды алдыңғы буын оқытушылары бар.
Төрт жылдық оқу барысында үзбей Орталық Қазақстан жеріндегі археологиялық экспедициялардың тұрақты мүшесі болдым. Беғазы, Талды, Отыз жеті батыр сынды Сарыарқаның археологиясындағы бірегей ескерткіштердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлес қостық. Жоғары курстарда далалық тәжірибені жинағаннан кейін жеке қазба жасауға мүмкіндік алдық. 2008 жылы магистратура бөліміне қабылдандым. Оны бітіргеннен кейін өзім оқыған факультетте оқытушы қызметін атқардым.
2014 жылы алғашқылардың бірі болып Қазақстанда PhD бойынша Орталық Қазақстанның қола мен ерте темір дәуірлері арасындағы өтпелі кезең ескерткіштері бойынша докторлық диссертацияны сәтті қорғап шықтым.
Қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарудамын.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Жамбыл облысы. Қостөбе қалашығындағы жұмыстар
Қай дәуір ескерткіштерін қазу жұмыстарына қатыстыңыз? Бұл кезеңдегі құнды мұралар жайлы не айта аласыз?
— Жоғарыда айтып өткендей бірінші курстан бастап Беғазы қорымындағы зерттеу мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатыстық. Сол кезде қазба жұмыстарымен де айналысқан болатынбыз. Қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің ортасында «өтпелі кезең» деген ұғым бар. Сол кездерде өтпелі кезеңнің ескерткіштерінде қазба жұмыстарын жасадық. Осының негізінде диссертациямды да қорғадым.
Енді, археолог ретінде барлық дәуірдің жәдігерлеріне қызығамын. Жаңа «өтпелі кезең» деп айтып отырмын ғой. 2010 жылы Орталық Қазақстан, Сарыарқа көлемінде Доңғал кезеңі уақытындағы алғашқы жерлеу қорымын ашқан болатынбыз. Яғни, оған дейін олардың қоныстары белгілі болатын. Бұл жерде біз сол замандағы адамдардың өмір сүру мәдениетін, оған дейінгі кезеңдердегі жерленген адамдардың мысалымен салыстырып отырып, бұл кезеңнің діни наным-сенімі деген секілді дүниелерге жауап іздейміз.
Ал жылына мынша экспедицияға шығу керек деген жоспарларыңыз бар ма және ол сапарлар қанша күнге созылады?
— Ондай ереже жоқ. Қазіргі таңда бұл экспедиция ғылыми жобалар аясында жүреді. Жобаны жүзеге асыру үшін қанша қазба жұмысы керек болса, сонша қазба жасалады. Ұзақтығы да сол жобаның міндеттерінен шығады. Үлкен қазба болса, сәйкесінше уақыт та көп кетеді.
Өзім ең ұзақ экспедицияма студент кезімде барған екенмін. Ол кезде 3-курсты аяқтаған кезіміз. Бесінші маусым кетіп, қазанның алтысы күні қайтқанымыз есімде. Уақыты ұзақ болғанымен арасында 3-4 күндік демалыстар болып тұрады.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Қарағанды облысы. Беғазы кесенелері
— Қазіргі ғалымдар барлық дерлік ғасырлардың тарихын жүйелеп, құнды еңбектер жазды. Ал кейінгі археологтар жаңалық ашу мүмкін бе?
— Әрине, зерттейтін дүние жетіп артылады ғой. Бірақ, мәдени мұрамыз көп деп жөні жоқ қаза беруге де болмайды. Қазір археологиялық ескерткіштерге басқаша тұрғыдан қарауымыз керек. Қазір заман өзгеріп, технология дамып жатыр. Археология дегеніміз тек қана жер қазу емес. Түрлі зерттеу әдістері бар. Пәнаралық зерттеулердің болашағы зор. Осы бағытта қазақ жастары іздену керек.
Қазір қазба жасап, есепті беріп, жәдігерлерді музейге тапсырып қойып қарап отыратын заман емес. Табылған жәдігерлерді бүге-шігесіне дейін зерттеу қажет. Сүйек табылса палеогенетика, антропологтарға, қыш табылса – қыш зерттейтін адамдарға, тас табылған жағдайда – трасологтарға, тіпті топырақ құрамына дейін зерттеу керек, басқасын айтпағанда.
Өзіңіз тапқан жәдігерлер туралы айтсаңыз. Оның ішіндегі ең құндысы қайсы?
— Жалпы, әр кезең өзінше құнды ғой. Жәдігерді құнды-құнсыз деп бөле алмаймыз. Мәселен, бір қарағанда түкке тұрғысыз болып көрінетін тас дәуірінің жаңқалары – сол дәуірдің көптеген сұрақтарына жауап бере алады. Сол сияқты қола дәуірі үшін қыш ыдыс немесе металл бұйымдар да құнды. Солай-солай жалғасып кете береді.
Өзім қатысқан экспедиция кезінде табылған жәдігерлердің ішінде Тағыбайбұлақ қонысындағы жәдігерлер, Қызылшілік қорымындағы табылымдар құнды дей алар едім.
Әрине, археолог болғаннан кейін дүниежүзілік құндылыққа ие бір ескерткіш ашсаң деген арман көкейде болмайды емес, болады. Бірақ, дүниежүзілік құндылық деген не? Ол табылған жәдігерлеріңді әлемге қалай жеткізе аласың соған байланысты. Кейбір кездерде Хеопс пирамидаларынан, я болмаса Цинь Шихуандидің әскерінен құндылығы кем түспейтін жәдігерлер табылып жатқанмен, әлем ол жайлы білмей де қалып жатады.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Жамбыл облысы. Жайсан-14 кешені
Кейінгі кезде жиі табылып жатқан «Алтын адамдар» жайлы не айтасыз?
— Алтыннан жасалған киім элементтерімен бірге жерленген сақ дәуірінің адамдарының ареалы кең, ол – сөзсіз. Әуелде «Алтын адам» деген атау Есік қорымынан табылған жәдігерлерге байланысты қойылған болатын. Сөйтсек, ондай адамдар Шығыс Қазақстанда да, Орталық Қазақстанда да бар болып шықты. Кейде маған әр аймақ өзіне бір-бір «Алтын адам» тауып алғандай болып көрініп кететіні бар. Бұл бір қызық тенденция болып кетті. Шыны керек, қазір адамдар шатасатын болды. «Неше «Алтын адам» бар?» деген сұрақтар мен «Біздікі бірінші, сендердікі бесінші» деген даулар да туындап жатыр.
Осы орайда «Алтын адам» деген түсінікті, ұғымды пайдалануға мұқият болу қажет сияқты. Менің пікірімше, «Алтын адам» деген тіркесті тек Есік обасындағы жәдігерлерге қатысты пайдалану қажет. Қалғандарына басқа атау пайдаланса да болады. Мысалы, Қарқаралы адамы немесе Тарбағатай адамы деген сияқты атаулар несімен жаман? Біздікілер болса айналдырып келіп «Алтын адам» деп шулата береді.
Қазба жұмысын жасау оңай ма әлде қалпына келтіру жұмыстары ма?
— Екеуі де оңай емес. «Ломать - не строить» деген дүние біздің салаға келмейді. Себебі, біреу қазып кеткен дүниені сен қалпына келтіруің керек. Оның жазған қағаздарының, есептерінің барлығын қарап шығасың. «Ол қалай қазып алды? Қай бұрыштан, қай жерден бұрылды?» – деген сыңайдағы сұрақтарға жауап іздейсің. Ол бір бөлек әлем. Менің негізгі мамандығым археолог. Сол себепті көбінесе археологиялық нысандардағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысамыз.
Көп жағдайда елімізде реставрация жүргізетін мамандар қайта қалпына келтіреміз деп ескерткіштің ескі кейіпін жоғалтып алады. Әр ескерткіштің өзіне тән «атмосферасы», «аурасы» болады. Енді жаңадан қалпына келтірілген ескерткішке барсаң, су жаңа болып тұрады. Бір ыңғайсыз сезім тудырады.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Қарағанды облысы. Сарыарқа пирамидасы
Қазақстандағы соңғы жылдардағы археологиялық жетістіктер деп нені айтар едіңіз?
— Алфавиттің басында «А» тұратыны секілді тас дәуірінен бастасақ. Тас дәуірін зерттеуге байланысты халықаралық экспедиция нәтижелері бойынша алдыңғы жылы Үшбұлақ деген қоныс ашылған болатын. Бұл еліміздің шығыс өңірі үшін ғана емес, жалпы Қазақстан палеолиті үшін бірегей ескерткіш. Өте сирек кездесетін, көп табыла бермейтін, мәдени қабаты бар тұрақ. Тас дәуірінің ескерткіштері екіге бөлінеді. Біреуі жердің бетінде шашылып жатады, екіншісі топырақпен көміліп қалады. Үшбұлағымыз сол екінші түріне жататын өте құнды ескерткіш. Ол жерде биыл да қазба жұмыстары жүріп жатыр. Жетекшісі - профессор Жәкен Таймағамбетов.
Қола дәуірі бойынша тоқталсақ. Қарағанды облысындағы Сарыарқа пирамидасын атауға болады. Бұл тектес ескерткіштер бұрыннан бартын. Тек, бұл Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тән ашылып отырған соңғы ескерткіштердің бірі.
Сақ дәуірі бойынша айтатын нәрселер өте көп. Кейінгі жылдары Орталық Қазақстанда сақ дәуірінің қоныстары табылуда. Олар сақтардың шаруашылығы бойынша, көшпелі мәдениет деген атау бойынша бірқатар тың жаңалық әкелуде.
Орта ғасырлар бойынша «Жібек жолының» ЮНЕСКО-ның тізіміне кіріп жатқанын айтуға болатын шығар. Жалпы, «Сакралды Қазақстан» бағдарламасын да жетістікке балар едім.
Археологияға мемлекеттің бөліп жатқан қолдауы жеткілікті ме?
— Жеткілікті я жеткіліксіз деп бір жақты айтуға болмайды. Кем-кетік тұстары да жоқ емес. Мәселен, кей жұмыстарды Мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырады. Бір жобаларды Білім және Ғылым министрлігі қаржыландырады. Кейбір дүниелер облыстық бюджеттен қаржыландыру арқылы жасалынады. Кейбіреулері жеке қаржыландыру бойынша жүріп жатады.
Қараңыз, Қазақстанда бір жылда қанша қазба жұмыстары жасалынатынын, кімдер жасайтынын ешкім нақты білмейді. Бұл жұмыстардың есебінің бір жерге шоғырланбайтындығы тағы бар. Әркім өзі тапсырыс алған жерге есебін тапсырып кетеді. Болды! Ол есептер дұрыс па, бұрыс па, ешкім нақты басып айта алмайды. Дұрыс деп жүрген есептердің өзінде күмән бар. Себебі, бізде археологиялық жұмыстар есептерінің бекітілген ережесі әлі күнге дейін жоқ.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Жамбыл облысы. Қарасай петроглифтері
Ежелгі заман жәдігерлеріне сараптама Қазақстанда жасалмайды. Бұл нені білдіреді? Маман тапшы ма? Технология кемшін бе?
— Антропологияға келер болсақ, бізде жалғыз Оразақ Смағұлов ақсақал бар. Ол кісінің Айнагүл деген қызы әкесінің жолын қуған болатын. Бұл салаға жастар көп қызыға қоймайды. Жастарды оқытып, тәжірибе алмастырып отыру керек. Ескерткіштердің жасын анықтау мәселесінде де біз шетелдік мамандардың сараптамасына жүгінеміз. «Қазақстанда ашылатын болды» дегенді арагідік естіп қаламыз. Бірақ, әлі күнге сол "ұзынқұлақпен" шектеліп келе жатырмыз.
Өзбекстан туризм бойынша қарқынды дамып келе жатыр. Археологиялық ескерткіштер турларына шетелдіктердің қызығушылығы көп. Еліміздің оңтүстігінде де ежелгі қалалар бар. Неліктен бізде археологиялық туризм дамымай отыр?
— Өзбекстанның қалаларын мен өз көзіммен көрдім. Әңгімемнің басында да айтқан едім. Қазір бұл дүниелер енді-енді қолға алынуда. Отырарда, Сығанақта басқа да Қазақстандағы ортағасырлық қалаларда жасалып жатқан дүниелер бар. Біз – археологтар өзіміздің қолымыздан келгенді жасап отырмыз. Келесі кезек, реставрация мәселесі, одан кейін туризм саласының өкілдерімен жасалу керек дүние.
Одан бөлек елімізде ескерткіштеріміз туралы ақпарат беретін онлайн платформалар болуы қажет. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша «Әулиеатаның қасиетті жерлері» жобасын жүзеге асырудамыз. Жамбыл облысы елімізде алғашқылардың бірі болып ескерткіштерге арналған бөлек «Қасиетті Тараз» порталын құрып жатыр. Оның ішінде Жамбыл облысы бойынша ескерткіштерге қатысты ақпарат, карта, 3D моделдері болады. Кез келген интернет қолданушы осы портал арқылы Жамбыл облысының қасиетті жерлерімен таныса алады.
Тас ғасыры "жырлайды". Археолог Айбар Касеналинмен сұхбат
Жұмбақ жер бағдарламасын түсіру барысында
— Бұдан басқа қандай жобаларды жүзеге асырып жүрсіз?
— Қазір қазба жұмыстарынан бөлек тарихи-мәдени мұраларды насихаттау жұмыстарына көп көңіл бөліп жүрмін. Солардың қатарында жаз маусымында «Balapan» телеарнасымен бірлесіп жасаған «Жұмбақ жер» бағдарламасын айтса болады. Бағдарлама аясында Қазақстандағы 50-ге жуық археологиялық нысандарында болып, 12 сериядан тұратын бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты кішкентай балаларға елінің, жерінің тарихын кеңінен түсіндіру, тарих пен археологияға баулу.
Одан бөлек, тағы бір жеке жоба ретінде «archeology.kz» веб-сайтын айтса болады. Әзірше, бұл жоба бойынша жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Бұл жобада Қазақстанның археологиясына қатысты мүмкіндігінше барлық ақпаратты беруге тырысамыз. Сайтта Жаңалықтар, Кітапхана, Археологиялық карта, Энциклопедия сияқты бөлімдері болады.
Бізбен ашық сұхбат құрғаныңызға алғысымыз шексіз. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!