Жаңалықтар

Таныс болыңыз - Darkhan Juzz

Qazaq Indie стилін қалыптастырушы музыкант монологы
Таныс болыңыз - Darkhan Juzz
27.10.2017 18:31 12890

Ол табиғатынан дарынды, ерекше тембр, өзіндік стиль иесі. Оның музыкалық білімі жоқ, бірақ тыңдармандары бар. Оның әндерін жас режиссерлер, танымал вайнерлер саундтрек ретінде қолданып жүр. Ал алғашқы клипі “Күн мен Айым” 3 ай бұрын “Gakku” арнасында жарыққа шыққан болатын.  YouTube-те оның әндерінің cover нұсқалары пайда бола бастады. Кеңінен танылып келе жатқан талантты музыканттың өзіне кезек берейік...

Балалық шақ. Аяқталмаған колледж

1990 жылы Алматыда туып, Ақсай ауданында көше баласы болып өстім. 9 сыныпты бітірген соң, дизайнер мамандығына түсіп, 1 жарым жылдай оқыдым. Бірақ жалғастырудың мәнін көрмеген соң, колледжді тастап кеттім. Сондықтан музыкалық мамандық та, басқа да мамандық иесі емеспін. Мен ноталарды да білмеймін, бірақ әуенді жақсы сеземін.

Алғашқы гитара. Алғашқы ән

Көшемізге келіп жүретін бір жігіттің гитарада ойнағанына сырттай қатты қызығатынмын. 14 жасқа толғанымда әпкем туған күніме гитара сыйлады. Көптен қалаған аспап қолыма тигенде, таң атысымен көрші досымның есігін тоқылдатып, гитарада ойнауды үйретуін өтіндім. Сөйтіп ең алғашқы үйренген әнім Цойдың “Пачка сигарет” деген әні болды. Ауладағы балаларды жинап алып ән орындап бердім. Олар бір күнде үйреніп алғаныма таң қалған еді. Содан бері гитара менің серігіме айналды. Сабақтан келген бетте, анама “3 сағат мені мазаламаңыз, мен сабақ оқимын” деймін де, бөлменің есігін жауып алып, ақырын гитара ойнап отыратынмын. Ең алғашқы әнімді де сол 14 жасымда жаздым. Махаббат туралы ән. Қазір әуені мен сөздері еміс-еміс есімде.

Ішкі түйсік. ВКонтакте

Бұған дейін түрлі салада жұмыс істедім. Өзімді жоғалтып алған сәттер де болды. Музыкамен айналысатын ешқандай мүмкіндігім болмаса да, ішкі түйсігіммен музыкант болатынымды сезетінмін.

Қазір тыңдалып жүрген әндерім 2013-2014 жылдары досыммен бір студияға бара салып, аяқ астынан жазылған еді. “ВКонтакте” желісінде аудиажазбаларымның арасында жататын. Кейін жас режиссерлер, танымал вайнерлер саундтрек ретінде пайдаланғандарын естідім. Сөйтсем алдында танысқан Aizatulla (Айзат Құссайынов) деген filmmaker арқылы таралған екен.

Жаныңды емдейтін музыка (с)

Кішкентай кезімнен жүйе, шектеу дегенді ұнатпайтынмын. Сабақ оқуға да аса зауқым болмайтын. 2 сынып оқып жүргенімде бір тоқсан бойы мектепке бармай адамдарды сырттай бақылап, қаланы жаяу кезіп жүретінім есімде. Виктор Цой, Боб Марлиді көп тыңдайтынмын. Жалпы мен туып-өскен Ақсай ауданы бұзақылық көп, қатаң орта болатын. Әкем болса суықтау адам. Сыртта мейірім болмағандықтан жылылықты музыкадан іздедім.

Ән. Тыныштық

Өмірімде болған оқиғалардың әсерінен ішкі дүниемнің күйіне сай әуен мен мәтін туындайды. Әндерімді өзім үшін, күнделігім сияқты жазатынмын. Жанымда біреу құлаққап тағып отырса да, бөгет жасап отырғандай көрінеді. Сондықтан жалғыз отырғанда, толық тыныштықта ән жазамын.

Астана. Алматы

Астанаға былтырғы жылдың желтоқсан айында аяқ астынан келдім. Бәрін тастап басқа жаққа, жаңа ортаға кетіп қалғым келді. Бұл қалада көп қиындықтарды шешу арқылы күш жинағандай болдым. Сөйтіп сүйікті Алматыма оралдым.

Qazaq Indie

Qazaq Indie деген атау аяқ астынан пайда болды. Шығармашылығыма арналған кешке шақырылдым. Ұйымдастырушылар қандай стильде ән орындайтынымды сұрады, досыммен ойланып отырып, Qazaq Indie деп атадық.

Алғашқы клип 

Алғашқы клипім ешқандай қаржысыз түсірілді, таза энтузиазммен. Айтөре Жолдасқали деген жігіттің бастамасымен “Qazaq brothers” деген шығармашылық студияның балалары түсірді. Түсірілім өткен жермен келісім жасалды, make-up артист, актриса, бәрі сол таныстар арқылы табыла кетті. Клип менің және режиссердің көңілінен аса шыға қоймады. Менің нағыз табиғатым көрсетілмеді, мен клипетегідей қатты романтик емеспін. Жалпы алғашқы тәжірибе ғой.

Музыка. Жаңа қадамдар

Соңғы 2-3 айда тек музыкамен айналысып жүрмін. Кештерде ән орындаймын.  Жақында жаңа бейнебаяным жарыққа шығады. Нұртас Адамбайдың жуырда шығатын фильмдеріне саундтрек жаздым. Лос-Анджелесте, Германияда оқитын қазақ бауырларымның таратуымен сондағы колледждерде тыңдармандарым бар екенін білдім.  “Мүмкіндігің пайда болысымен кел, бәрін ұйымдастырып береміз, сенің кеш өткізуіңді күтіп жүрміз”, - деп хабарласты олар. Қазір жазылған алты-жеті әнім ғана. Ал жалпы отызға жуық. Алдағы уақытта альбом шығару жоспарда бар.

Қазақ тілді аудитория

Бастапқыда әндерімді орыс тілінде жазатынмын. Бірақ қазір тек қазақ тілінде. Заманауи әндер де қазақ тілінде әдемі орындалатынын жеткізгім келеді. Тыңдармандарымның арасында орыстілді адамдардың да бар екенін байқадым. Мына әннің мағынасы нені білдіреді, мәтіні бар ма деп сұрайды. Әндерімді кейде тіпті қазақ тілді аудиторияның өзі қабылдамай, түсініксіз деп жатады. Оған үйреніп алдым. Кейде Молданазармен салыстырып жатады. Ғалымжанның шығармашылығын құрметтеймін, бірақ салыстырғанды ұнатпаймын. Мен қарапайым адаммын. Арбатта ән айттым, түрлі қызмет көрсету салаларында да жұмыс істедім.  Достарыма менің танымал болғаным, болмағаным маңызды емес. “Әндеріңді жазып берші”, - деп соткаларымен келеді, отырып диктофонға жазып берем, сөйтіп олар тыңдап жүреді. Маған сеніп, шығармашылығыма қолдау көрсетіп жүретін достарыма алғысым шексіз.

Дайындаған: Шырақ Байкенова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға