Қандастар Ассамблея

Сұлтанбек Қожанұлы редакторлық еткен «Бірлік туы» және «Ақ жол» басылымдары хақында

02.10.2017 5370

Қазақ әдебиеті мен баспасөзіндегі белді тұлға

Қиын-қыстау әрі қым-қуыт кезеңнің өзінде Сұлтанбек Қожанұлы қалам ұстап, жазумен шұғылдануды ұмыт қалдырған жоқ. Сұлтанбектің бұл мезгілдегі шығармашылығы көрініс тапқан бірден-бір басылым – «Бірлік туы» газеті.

«Қазақ» газетінің шапанынан шыққан «Сарыарқа» /Семей/, «Жас азамат» /Қызылжар/, «Ұран» /Орда/, «Абай» /Семей/ басылымдары секілді «Бірлік туының» да тарих кітаптарында арагідік аты аталғанымен, шын заты көпшілікке беймәлім яки көлденең көзден бүркеулі еді. Сондықтан ол жайында сөз қозғалған жерлерде қателіктер мен қайшылықтар жеткілікті.

Мысалы, Жолтай Әлмашұлы: «Сұлтанбек сол кезде Түркістан өңірінде шыға бастаған «Қырғыз» газетіне қолұшын берді. Бұған дейін де ептеп жазу өнерімен шұғылданған кісіге газет шығару өте қызғылықты көрінді»,  – деп жазады. Зерттеушінің мұнысы – ақиқаттан мүлдем алшақ. Себебі, баспасөз тарихында «Қырғыз» атаулы газет тіпті болмаған. Және Сұлтанбектер газетті «газет шығару өте қызғылықты» көрінгендіктен шығармаған. Шамасы, автор «Костры» журналындағы : «Ақпан төңкерісінен бастап ғұламашыларға қарсы – олардың ұйымы ресми түрде жойылғанға дейін – кескілескен күрес жүргізген  газетін шығарып тұрды», - деген жолдарды жөнді түсінбесе керек.

Бұл газет – «Қырғыз» емес «Бірлік туы».

Жазушы Әнуар Әлімжанов «Мұстафа Шоқай!.. Ол кім?» атты мақаласында былай депті: «Ұлы Түркістан» Орталықтың Мұстафа Шоқайұлы бастаған мүшелерінің қанатының астына шығып тұрса, «Бірлік туы» болса, «Алашорда» қазақ ұлттық партиясының органына айналып, оған осы партия басшыларының бірі Міржақып Дулатов редакторлық етті».

Бұл да - шындыққа шалыс. Өйткені, Міржақып бұл басылымға мақалалар беріп тұрғанымен, редакторлық етпеген. Оның үстіне, «Бірлік туы» Алашорданың одақтасы болғанымен, органы еместігі белгілі.

Сол секілді: «Ташкентте 1917 жылдың тамызынан 1918 жылдың сәуіріне дейін шығып тұрған буржуазиялық «Бірлік туы» газеті контрреволюциялық үкімет – «Қоқан автономиясының» жаршысы болды»,  – деген дерек те басылымның жарық көрген уақыты жөнінен жаңсақтық жіберілген.

Енді терісті түзеп, олқылықты оңалтатын кез келді.

«Қазақ» газеті 1917 жылғы шілденің 17-сіндегі 236-санында төмендегі тілек-хабарды оқырманға тарту етіпті: «Бірлік туы» атты қазақ газетінің 1-ші һәм 2-ші нөмірлері басқармамызға келді. Шығарушысы – Мұстафа Шоқайбаласы. Газет жетісіне бір шығады. Жылдық құны 5 сом, жарты жылдығы 3 сом, үш айлығы 1 сом 70 тиын. Баспасөздің ең керек уақытында көтерілген «Бірлік туына» құтты болсын айтамыз. «Бірлік туы» алаш арасына жала жапқан марқұм «Алаш» газетіндей болмай, қазақ-қырғыздың шын қызметкері, шын жолбасшысы болсын!»

Міне, осы «Бірлік туының» тігіндісі Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінен табылды. Айта кететін нәрсе, газеттің біраз санында «Жансүгірұлы Ілияс» деген сөзтаңба тұрса, кейбірінде «Сабынкөл мектебі» - «Өнеге» делінген мөр басылғандығы көрінеді. Кейінгісіне «Павлов почта бөлімшесі. Қостанай уезі. Никентев поселкесі. Тәшбайұлы Асылбекке» дейтін сиямен жазылған тіркес қосарланып отырады. Сөйтіп, кездейсоқ сақталып қалған аталмыш газеттің қолға түсуі – үлкен олжа. Неге десеңіз, оның Ташкент, Мәскеу, Санк-Петербург кітапханаларындағы тігінділері бізге белгісіз себептерге байланысты іс-түссіз жоғалып кеткен.

Қолдағы мағұлматтарға қарағанда, 1917 жылғы маусымның 24-і мен 1918 жылғы сәуірдің ортасына шейінгі аралықта өмір сүрген «Бірлік туының» бас-аяғы жиырма тоғыз саны баспа жүзін көріпті. Алғашқы екі санына Мұстафа Шоқайұлы жетекшілік жасаса, одан соңғы он төрт санына Хайретдин Болғанбайұлы редакторлық еткен. Ал желтоқсанның 16-сында тасқа басылған он жетінші санынан бастап газет жабылғанға дейінгі жауапты шығарушысы – Сұлтанбек Қожанұлы.

Газетте мәнді дүниелер мол құнды деректер қыруар. Әсіресе, Міржақып Дулатұлының «Ұлт қазынасы», «Кім дос, кім қас?», Хайретдин Болғанбайұлының «Иман күші», «Ескі тәртіп һәм халық хакімдігі», «Санаққа қарсылық», Ахмет Байтұрсынұлының «Шыдай алмадым», «Бостандық һәм автономиялар», «Өткен іске өкінбе» атты мақалалары тың да тосын, мазмұнды да маңызды. Бұлардан басқа, Шамғали Сарыбайұлы, Нұрғали Құлданұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Қазмұхамет Құлетұлы басылым жұмысына белсене атсалысқандығы байқалады.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақтың қалам қайраткерлерін баулыған бапкердің бірі әрі бірегейі – баспасөз. Соған сүйенсек, Сұлтанбек Қожанұлының өміріндегі әдебиетпен байланысқан әдемі, әсерлі, әрлі сәттермен бірге, тарих тәлкегіне тапсырған қиын, қырсық, қытымыр мезеттер «Ақ жолдың» тағдырынан ажырағысыз. Сұлтанбек десең – «Ақ жол», «Ақ жол» десең – Сұлтанбек ойға оралады. .

1921 жылы толтырған анкеталарының біріндегі «Әдеби жұмысқа орналастыңыз ба?» деген сұраққа Сұлтанбек Қожанұлы: «Қырғыз /қазақ - А.Ш. /газетінде редакторлық еттім және редакторлық етіп келемін», - деп жауап қайтарыпты. Оның «редакторлық еттім» дегені «Бірлік туы», ал «редакторлық етіп келемін» деп айтып отырғаны -  «Ақ жол» газеті. Сұлтанбектің қаламгерлік қолтаңбасы негізінен осы екінші басылымның беттерінде қалды. Күні кешеге дейін тарих күресіне тасталған «Ақ жолдың» тағдыр-талайы да тылсымға толы.

Қазақтар қоныстанған Жетісу мен Сырдария облыстарының 1925 жылға дейін Түркістан автономиялық республикасының құрамында қалып қойғандығы мәлім. Міне, осы атамекен аймақтағы қалың алаштың «көзі, құлағы һәм тілі» боларлық басылымның қажеттігі күн кестесіне қайта-қайта қыстырылды. Әуелі жарыққа шыққан «Жаңа өріс» газетінің тынысы тез тарылып, жедел жабылды. Мұнан соң да матбұғатқа қатысты мазасыздық бір мысқыл азаймады. Архив құжаттарының айғағынша, Халел Досмұхамедұлы, Сәдуақас Оспанұлы, Міржақып Дулатұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы, т.б айтулы азаматта баспасөз ісін баяулатпауды дүркін-дүркін талап етіп, тілекхаттардың легін толастатпаған.

Мына нәрсе – сол майдангерліктің нәтижесі:

«Түркістан республикасы Кеңестері Орталық Атқару

Комитетінің төралқа мәжілісі

1920 жыл, қарашаның 1-і.

Тыңдалды: «Ақ жол» және «Қызыл байрақ» газеттері туралы.

Қаулы етілді: 9. Үстіміздегі жылғы желтоқсанның 1-інен бастап «Ақ жол» және «Қызыл байрақ» газеттерін ақылы түрде шығаруды жолға қою қажет деп табылып, соған сәйкес төмендегідей төлемдер белгіленсін:

а/ Мемлекеттік баспадан бір данаға жұмсалатын еңбек пен қағаз үшін – 550 сом;

ә/ Бір дананы түзету мен қайта көшіру үшін – 29 сом;

б/ Бір дана үшін қызметкерге берілетін жалақы – 100 сом;

в/ Кеңсе және редакция бойынша бір данаға жұмсалатын шаруашылық шығындары – 150 сом;

г/ Бір данаға жапсырылатын почта маркісі – 50 сом.

Барлығы: бір дана газеттің өзіндік құны – 879 сом.

Сату үшін белгіленсін:

1. Бір дана газет – 1000 сом;

2. Бір айға жазылушылар үшін газеттің бір данасы 12 000 сом;

3. Үш айға – 30 000 сом;

4. Тұрғылықты мекен-жайын ауыстырғаны үшін – 30 000 сом.

Газеттің соңғы бетінде жарияланатын хабарландырулар үшін әр петит жолға 2000 сом және құжаттарды жоғалтқандығы жөніндегі және т.б құлақтандырулар үшін 1000 сом белгіленсін».

Ал қазақтың «Ақ жолы» мәжілісте межеленген мерзімнен бір жетідей бөгеліп, желтоқсанның 7-сінде жарық дүниемен жүздесті. Бұдан тура бір ай бұрын, қарашаның 7-сінде Орынборда «Еңбекшіл қазақ» газеті елмен қауышқан еді. Алғашқысының жолы ауыр, кейінгісінің көшесі кең болатындығын ол кезде ешкім білген жоқ.

«Ақ жолдың» алғашқы редакторы /жауапты шығарушысы/ - Сұлтанбек Қожанұлы.

Басылымның басшысы ретінде ол ұдайы қызметкер таңдау және қаражат табу мәселелерімен тынымсыз шұғылданған. Өйткені: «Ташкент қаласындағы барлық мерзімді басылымдардың редакциялары, соның ішінде «Ақ жол» газетінің басқармасы өз бастамалары бойынша жаңа шаруашылық бағытына көшті. Бірақ мұсылман газеттері толығымен өзін-өзі ақтауға үміт артпайтындығы сөзсіз, себебі, жергілікті қалың бұқараның қараңғылығына байланысты олардың оқырмандары аз. Дегенмен, «жаппай жатып ішерлікке» қарағанда, «жарым-жартылай өзін-өзі асырау артығырақ»,  – еді. Соған сәйкес, редакция атынан Түркістан Орталық Атқару Комитетіне қатынас қағаз жолданып, несие ақша сұралыпты. Өтініштің соңында «Қожанов жолдасқа баяндалсын. 28/1. 1922»  деген жазу бар. Мұнан кейін Сұлтанбек Қожанұлы өз қолымен бұл құжаттың сол жақ шекесіне: «Қаржы бөліміне. Барлық анықтама және қатынас қағаздары түгенделіп, бұл туралы тағы жеке өзіме мәлімделсін.  Түр ОАК-інің төрағасының орынбасары С.Қожанов. 30/1. 1922», -  деп жазыпты. Бұл – басылым басқармасының талап-тілегі дұрыс шешімін тапты деген сөз. Асылы, қос тізгінді қатар ұстаған қарымды қайраткер Қожанұлы қызмет бабын қазақ баспасөзінің қамымен тығыз қабыстырып отырған. Айталық, ТүрОАК-інің тағы бір мәжілісінде редакцияның жауапты хатшысы Ғазымбек Бірімжановтың өтініші қаралыпты. Ол былайша қанағаттандырылған: «Бірімжанов жолдасқа бір айлық демалыс беріліп, емделуі үшін екі жүз мың /200 000/ сом мөлшерінде ақша бөлінсін. Түркістан ОАК-інің төрағасы: Сұлтанбек Қожанов». Қаламгерлерге қамқорлықтың бір үлгісі – осы.

Кадр іріктеуге келсек, жауапты шығарушы бұл жөнінен де көп жаңылыспаған. «Қазақ тілі» газетінің бас жазушысы – Міржақып Дулат баласы». Газет жұмысына өз жұртының ойы озық, ақылы асық зиялыларының үлкен шоғыры араласқан. Олар: Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Абдолла Байтасұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Біләл Сүлейұлы, Телжан Шонанұлы, Қазмұхамед Құлетұлы, Иса Тоқтыбайұлы, т.б.

«Ақ жолда» қызмет істеу құрмет саналған. Мысалы, ТүрОАК-інің жанындағы қазақ-қырғыз бөлімінің 1921 жылғы ақпанының 5-індегі мәжілісінде Құлетов, Мадалиев, Қасымов және Досмұхамедов қолдағы қызметтерінен босатып, газет жұмысына жіберу жөнінде өтініш білдірген. Бұған байланысты: «Досмұхамедовты жіберуге келісім берілмесін, ал газеттегі идеялық жұмысқа сұранып отырған басқаларына қатысты мәселе осы мәжіліске қатыспай отырған қазақ-қырғыз бөлімі мүшелерінің, негізінен «Ақ жол» газеті редакциясының жауапты шығарушысы болып табылатын С.Қожановтың келуіне қарай шешілсін», - деп қаулы қылыпты. 1924 жылғы қаңтардың 30-ында Қожанұлы мынадай бір құжатқа қол қойыпты: «Құлетов жолдас «Ақ жолдың» редакциясына тұрақты түрде жұмыс істеуге жіберілсін».

Кадр жағынан көркейіп, қаражат жайынан қамсызданған басылым үшін ең керектісі, ең көкейкестісі – саяси соқпақ, идеялық иланым мәселесі. Түркістан үкіметінің тілі – «Ақ жолдың» осы орайдағы бағыт-бағдары туралы төмендегі жолдарда тарқатыла жазылған:

«Күншығыстың кеудесі толассыз күдікке толы. Социалистік революцияның нәтижесін ол батыстан – өнеркәсіп пролетариаты бар елдерден күтеді. Күншығыс халықтарының  Батысқа үлгі бола алатындығына сендірерліктей құдірет жер бетінде жоқ. Егер Күншығыс халықтары әлемдік империализмнің бишігінен безе қашып, Жетісу қырғызы кулактан қайтарылған жерлерді қоныстанудан қорықса, онда олардың көңілдеріндегі күмәнді сейілтіп, сенімдеріне кіру үшін көп тер төгуге тура келетіндігі даусыз.

Міне, осы қараңғылық пен қауіпшілдікке қарсы әйтеуір біреу күресуі тиіс. Әйтеуір біреу қырғыздарға өте түсінікті тілде Кеңес өкіметі оларға қандай қамқорлық жасап отырғандығы туралы айтуы керек. Оларға отаршылдықтың және Ферғанадағы, тіпті одан берідегі «басмашылдықтың» мәнін түсіндіру қажет. Ұлт мәселесінің Кеңес өкіметінде  және Батыста қалай шешіліп отырғандығы  жайында да оларға ұғындыру -  міндет...

Қырғыздар үшін газеттің маңызы ерекше. Ол қырғыздарға түсінікті және жақын болумен бірге – «анықтамалыққа», ал редакция «анықтама бюросына» айналды. Редакцияға арыз-шағымдар да түсіп, олар тиесілі мекемелерге жіберіліп отырады».

Сол кездегі басқа басылымдардағы секілді, «Ақ жолдың» да «ішкі хабарлар», «сыртқы хабарлар», және «ресми» деп аталатын бөлімдері болған. Газеттің кескін-келбетін айшықтап, көзқарасын айқындайтын дүниелер «Қазақстанда», «Елден», «Ашыққандар үшін», «Жастар арасында», «Әйел теңдігі» атты айдарлардың аясында түрлі тақырыпта жарияланып тұрған. «Ақ жол» отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсы күресіп, қазақ-қырғыз кедейлерінің тұрмыс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын жан-жақты қамтып келеді», - депті Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрғасы Айтақов газеттің үш жасқа толуына орай жолдаған құттықтауында. Шындығында да, «Ақ жол» - жиырмасыншы жылдардағы Түркістан аймағының тынысын толық танытатын бірден-бір басылым.

Бұл арада бірден байқалатыны – «көсемнің» өзі бақылап-бағалап отырған басылымды оқымақ түгілі, қолына да ұстап көрмегендігі. Болмаса, «Ақ жолдың» журнал емес, газет екендігін білер еді ғой. Ендеше ол дайын деректерге жүгінген. Сталинге мәлімет беруге міндеттегендер – қуыршақ қайраткерлер немесе тәржімашы-тыңшылар. Мысалы, архив бумаларының арасынан мынадай мазмұндағы жадығат жолықты: «Совершенно секретно. Заместителю председателя СредАзБюро тов.Карклину. 20/ҮІІІ. КССР тов.Мендешова, напечатанного в газете «Ак жол» от 12/ҮІІІ. 1924 года за No463 для сведения. Прилодение: вышеупомянутое на 2-х листах. Зам. ПП ОГПУ в Ср.Азии: Берман, пом.нач.ВО: Дьяконов, уполномоч. ВО: Ветлучин. Перевел: помощник уполномоченного ВО:Мухамедов». Бір жаманы, бұл аудармаларда бұрмалаушылықтар жиі орын алған. Мухамедовтың мойнына да мұндай кінәні артуға болар еді. Ол «Меңдешов айтты» қылып: «Киргизии остаться без Ташкента – это равно-сильно тому, что человеку остаться без головы», - деп сөз ішіне қосып қойыпты. Түпнұсқадан тура осындай тілектегі тіркес табылған жоқ. Олай болса, жалған ақпар, жаңсақ аударма – сол дәуірдің саяси «делдалдарының» әдейі пайдаланған әккі әдісі.

Әрине, сондай солақай деректер сезікпен уланған сананы ушықтыруға қатты септескен. Бұл – бір. Екіншіден, Сталиннің арнайы ауызға алған адамы- Мұстафа Шоқай. Бұл да тегіннен тегін емес. Себебі, бұрынғы шоқаевтық –қожановтық «Бірлік туы» мен аталмыш «Ақ жолдың» арасын байланыстыра салу оп-оңай.  Оның үстіне, газеттің сол сәттегі редакторы Иса Тоқтыбайұлы да – баяғы «бірлікшіл». Сөйтіп, қазан төңкерісінен бергі тұста қазақтың ұлттық интеллигенциясының төбесіне екінші рет қаһарлы қара бұлт үйіріле бастады.

Және де «И.Сталиннің осы хаты тек ескі интеллигенцияны қуғындауға жол ашып қана қоймай, 20-шы жылдардың алғашқы жартысында Қазақстанда жарық көрген көптеген ұлттық басылымдарға да үлкен соққы болып тиді және жариялылық пен демократия атаулыны әміршіл-әкімшіл социализм соқпағынан тысқа ұзақ жылдар бойы лақтырып тастауға негіз жасап берді». Сондай-ақ, «барлық дәрежедегі мерзімді басылым, кітап шығару ісі үстінен қуатты партиялық бақылау орнады, газет-журналдар алдымен партиялық позицияны білдіруге, жүргізуге тиісті болды».

Жаңа жағдайға сәйкес «Ақ жолдың» қызметі түбірімен қайта құрылды. 1925 жылғы желтоқсанның басында болып өткен Өлкелік партия конференциясы бұл басылымның идеялық-саяси бағытының өзгеріп, бұрынғы қателіктерден тазарғанын атап көрсетті. Бірақ тұғыры бөлек, тұрпаты басқа «Ақ жолдың» ғұмыры да бәрібір ұзаққа бармады.

Сырдария губерниялық комитеті 1926 жылғы наурыздың 27-сінде «Ақ жол» және «Смычка» газеттерін өлкелік «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» газеттерімен біріктіріп жіберу жөнінде қаулы алды. Сол жылғы сәуірдің 21-інде Қазөлкеком Секретариатының кезекті мәжілісінде баспасөз бөлімінің меңгерушісі Т.Рысқұловтың хабарламасы тыңдалып, жоғарыдағы шешім негізінен мақұлданды.

«Ақ жолды» жаптырып қайту мақсатында Әбдірахман Байділдин жолсапарға жөнелтілді . Бір ескеретін нәрсе: осының сәл-ақ алдында, сәуірдің 18-і күні Қазөлкеком бюросы «Еңбекші қазақ» туралы мәселе қарап, Смағұл Садуақасовтың редакторлық қызметтен босатылуын бекіткен болатын.

2010 жылы Алматыдағы «Ан арыс» баспасынан жарық көрген «Шолпан» кітабының заңды жалғасы ретінде 2011 жылы «Ақ жол» кітабы шықты. Шолпандай түнде туып, таңда болса да алаштың аманатын арқалаған алаш көсемсөзі ғасырға жуық уақыттан кейін қазақ жұртымен қайта қауышып, саналы оқырман қауымға жол тартқан еді.

Шыққан уақыты мен ұзақтығы жағынан «Шолпаннан» көш ілгері барған «Ақ жол» газеті 1920 жылдың 7 декабрінен бастап, 1926 жыл көлемінде Түркістан республикасының кіндік басқарма комитеті һәм ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан Ташкентте жеті сайын үш мәрте үзбей шығып тұрды. Түркістан республикасының Қазақстанға қосылған соңғы 1925 жылы 19 июнь 577-санынан бастап Сырдария атқару және партия комитетінің атынан Шымкент қаласында шығып келген. Алайда кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймаған алаш ардақтыларының көсемсөзі кейінгі ұрпақ санасынан әдейі өшірілді. Жазуымыз төте араб әліпбиінен латынға, іле-шала кириллицаға көшірілді. Халқымыз өткен тарихынан еріксіз көз жазып қалды.

Алаш ардақтыларының аманат сөзін мойнындағы парызындай көрген ақын Ханбибі Есенқарақызы 2008 жылдың соңына қарай Ташкент мұрағатынан «Шолпан» (1922-1923) журналымен қатар «Ақ жол» газетінің ондағы бар сандарын алып келді. Онымен қоса аталмыш газетті араб әліпбиінен кириллицаға аудару үстінде Мәскеудің Химкиіндегі Ресей мемлекеттік кітапханасының бөлімшесімен, Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи кітапханасымен және Алматыдағы ұлттық, орталық ғылыми кітапханалармен «Мұрағат ісі және құжаттану жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат» орталығымен тығыз байланыста болды. Соның нәтижесінде ұзын саны 613 нөмірдің ізін тауып, табылған, қолға тиген 38 санының басын қосып, сол жылы екі кітап дайындады.

Осы орайда «Ақ жол» газетін төте араб жазуынан кириллицаға аударуда Шығыс Түркістанның Алтай өлкесінен келген жас маман, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ғылыми қызметкері Ғалымбек Елубай есімді жігіттің еңбегін атап өту керек. Кітапты баспаға жіберер алдында көпке танымал Тұрсынбек Кәкішев, Тұрсын Жұртбай, Сейіт Қасқабасов, Мәмбет Қойгелді, Хазретәлі Тұрсын, Дихан Хамзабекұлы қатарлы алаштанушы ғалымдардың оқып шығуына ұсынған.

Ұқсас материалдар