Сұлтанбек Қожанұлы – «әлеуетті әдебиетші» әрі пәрменді публицист

02.10.2017 2895

Қазақ әдебиеті мен баспасөзінде өзіндік орны бар тұлға

1905 жылы Ресей революциясының батысында байқалған қыруар қарама-қайшылықтан қазақ елінің қоғамдық-саяси өмірінде, шаруашылық саласында, сонымен бірге, рухани тіршілігінде бұрын-соңды болмаған ереулі серпіліс, ерекше сипат бастауын алды. Себебі, отарлы империяның орталығында болған жарылыстың жаңғырығы оның иелігіндегі шыт-шыған аймақтарға шейін жетіп жатты. Төңкерістің тегеурінді әсері самодержавиенің саясатын мың толқытып, мың түрлентті.

«Патша үкіметі қара шаруа переселендерін сыртқа көбірек жіберіп, орталық Ресейдегі жер дағдарысынан құтылмақ болды. Сол себепті де жер мәселесі «қазақтың тірі иә өлі болу мәселесіне /Ахмет Байтұрсынов/ айналды. Смағұл Садуақасов жазбақшы,  «...патша үкіметі қазақтың жерін алды. Еш қазақтан сұраған жоқ. Столыпин деген министрдің қаулысы «қаулы» болды».

«1905 жылғы революция шығыс халықтарының, соның ішінде қазақтардың да ой-санасының оянуына да қатты қозғау салды».

Соның нәтижесінде Қазақстанда мектеп, медреселердің саны молайды; қазақша кітаптардың қатары көбейді: тың тақырыптарды толғаған ұлттық мерзімді басылымдар шыға бастады; тарихқа үңілу тереңдеді; әдебиет жан-жақты жетілді. Бір ғана 1909 жылдың өзінде үш үлкен дүние – Абайдың жеке жыр жинағы, Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітаптары жұртшылықпен жүздесті. Бұдан былайғы уақытта поэзияда күрес әуені жетекші сарындардың біріне айналды».

Міне, осы кезеңде «қазақ қоғамында ұлт-азаттық қозғалысын дамытуға еңбек сіңірген, халықтың ұлттық сана-сезімін оятуға, оның рухани жағынан өрлеуіне белсене араласқан жарқын жандар аз болған жоқ». «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» /Сұлтанмахмұт/ Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді арыстар бастаған зерделі де зиялы азаматтар аталған мезгілде сап түзеді. Алаш оқығандарының арасында айқындала бастаған екі ағымның – батысшылдық және шығысшылдықтың өкілдері уақытша бас біріктіріп, жалғыз мақсатқа жұмылды. Олардың қатарына М.Серәліұлы, Г.Қарашұлы, Ж.Басығараұлы, С.Лапыұлы, Б.Қаратайұлы, тағы басқа есімдері бүгін біреуге белгілі, біреуге белгісіз көптеген адамды жатқызуға болады.

Ендеше, ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылардың көпшілігі ... қазақтың жаңа бастаған жас интелегенциясынан шықты».

Жас интеллегенцияның жедел жетілуіне және сара соқпақ, соны сүрлеу іздеуіне Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері едәуір әсер етті. Тарихтан белгілі тағлым: осындай өрлеу мен өтпелілікке толы дәуірлер өз қазанында бітімі мен болмысы бөлек ірі тұлғаларды қайнатып шығарып отырады.

Профессор Т.Кәкішевтың: «Қазақ әдебиеті сынының өркендеуіне өз үлестерін қосқандар қатарына қоғам-әлеумет қайраткерлерін қоспау ағаттық болар еді. Олар өздерінің эстетикалық таным-білігі жағынан бірқыдыру биіктен  көріну арқылы сын тарихында іздерін қалдырды»,– деген байламы шындыққа жақын. Қоғам қайраткерлерінің бұл тобы қазақ әдебиетінің де, баспасөзінің де қалыптасып-қанаттануына зор еңбек сіңірді. Сондықтан олардың бізге бұйырыс болған шығармашылық мұраларын саралап, маңызын ашып көрсетуді кезек күттірмейтін ғылыми-зерттеушілік әрі рухани шаралардың қатарында қарастырған жөн.

Қазақ әдебиеті мен баспасөзінің тарихында өзіне тиесілі орны бар тұлғалардың бірі - Сұлтанбек Қожанұлы.

Сұлтанбек Қожанұлы қайраткер және қаламгер ретінде көзге көріне бастаған кезең – біржақты бағалауды көтермейтін, кереғарлыққа толы кезең. Олай болса, Б.Кенжебаевтың: «...қазақтың 1917-1920 жылдар арасындағы әдебиеті өзінің кадры жағынан болсын, Саяси – идеялық бағыты жағынан болсын әр алуан»,– деген тұжырымы талас тудырмайды. Сондықтан – «Әрбір әдебиет сияқты, қазақ әдебиеті таланттары да әртүрлі: кейінгі ұрпақ туралы сөз қозғамағанның өзінде, ұлттық әдебиетіміздің советтік дәуірін бастаушылардың өзі бір-біріне ұқсамайтын еді». Осы орайда Сұлтанбектің тұлғасында да ешкімді қайталамайтын өзгешеліктер көп кездеседі.

Сұлтанбек Қожанұлының қыртыс-қатпары көп қаламгерлік мұрасы ұзақ уақыт бойына зерттеушілер назарына қаға берісте қалды. Тек оқта-текте абайсызда немесе арнайы аты ауызға алынған тұстарда ғана оның жазбагерлік қасиеті жөнінен хабардар ететін азын-аулақ айғақтар, там-тұм топшылаулар ұшырасатын. Сұлтанбектің құжатханалар қоймасындағы шаң басқан шығармаларын бірінші болып ғылыми айналымға енгізген профессор Темірбек Қожекеев осы ретте мерзімді баспасөз бетінде бірнеше мақала бастырды.

Бұл жаңа деректі жарияланымдар автордың «Көк сеңгірлер» атты кітабында /Алматы, 1992/ «Түркістан түлегі» деген тақырыппен жеке тарауға жинақталған. Тың дүниенің сілемі табылып, сүрлеуі тартылған соң, сұлтанбектанудың аясы кеңи бастады.

Сонымен, Сұлтанбек Қожанұлы – «әлеуетті әдебиетші» /Т.Қожакеев/ әрі пәрменді публицист.

Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылғы қыркүйектің 10-ында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе деген жерде, орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Үкіметтің талаптарынан үріксе де, балаларын орысша оқытып, шоқыншақ етуден шошынған атқамінер ағайындарының қолқа салуымен қоңыртөбел шаруа Қожан қой соңында жүрген үлкен ұлы Сұлтанбекті Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-түзем мектебіне тапсырады. Бастапқыда бір ауыз орысша білмейтін бала табиғи зеректігі мен зердесінің арқасында тез арада-ақ қара танып, қиындығы көп оқуға көндігіп кетеді. Алғашқы тәлім-тәрбие ордасын абыройлы тәмамдаған соң, ол үш сыныптық қалалық училищеге түседі. Сол уақытта Сұлтанбектің азаматтық жағынан сабақ түйіп, сақа тартуына септігін тигізген мынадай маңызды себептерді бөле-жара атауға болады.

Біріншіден, Сыр бойындағы ағартушылық мектептің Қалжан Қоңыртабайұлы, Қоңырқұлжа Қожықұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Ералы Қасымұлы, Садық Өтегенұлы, Серікбай Ақайұлы секілді көрнекті өкілдермен аралас-құралас болуы, сөйтіп олардың ақыл-кеңестеріне ұюы оның оң-солын ептеп танытып, ой-санасын едәуір толықтырғаны сөзсіз.

Екіншіден, отаршылдыққа қарсы ой қаузап, қалың елді ауызына қаратқан Арқадағы қарымды қайраткерлердің жазбаша пікір-пайымдарымен құмарта танысып, діттеген арман-аңсауларын құштарлықпен түсініп-түйсінуі Сұлтанбекті ұлтжандылыққа ұмтылдырып, саяси сауатын саралады. Әсіресе, 1912 жылы алақұйын тағдырдың айдауымен Түркістан қаласына ат басын тіреген Міржақып Дулатұлына кездейсоқта кездесіп, ізінше жиілеп дидарласуы жасөспірім жігіттің өмірлік байыбына өзгерістер бойлатқаны – дүдәмалсыз нәрсе.

Үшіншіден, саяси сенімсіздігі мен сыйымсыздығы үшін патша әкімшілігінің пәрменімен жат аймаққа жер аударылып келген еуропалықтардың ортасы да оқшау ойлар мен асау ағыстарға толы болатын. Және «орыстың революцияшыл демократтарының саяси көзқарасы өзге халықтар өкілдерінің сол кездегі ой-пікірлеріне жақын еді».

Былайғы ел сыртқы әлпетіне сәйкес «Ұзынсақал» атап кеткен орыс тілінің оқытушысы Иван Михаилович Яковлев те жергілікті жұртқа жанашыр келімсектердің санатына кіретін. Міне, сол Ұзынсақал – Яковлев қабілетті шәкірттерінің қатарындағы Сұлтанбекті Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарға орналастыруға біраз жігер жұмсап, жәрдем жасайды. Әсіресе, миссионерлік мұратты місе тұтқан бұл оқу ордасына түземдіктер қыруар қиыншылықпен, шиетүйін шарттармен қабылданатын. Зерттеуші Т.Н.Кары-Ниязовтың жазғанына сүйенсек, «Ташкент мұғалімдер семинариясын 25 жыл ішінде жергілікті халықтың небары 65 өкілі ғана бітіріп шыққан, оның 11-і өзбек, түркімен және татар, 54-і қазақ пен қырғыз».

Сынақтан өтіп, санаулы талапкердің сапында тұрақ тепкен Сұлтанбек семинария қабырғасында өзін қоғамдық арнадағы қызметке баулып, әлеумет ісіне әуестене бастайды. «Туркестанская правда» газетінің қосымшасы – «Костры» журналындағы «Біздің қызметкерлер» айдарының аясында жарық көрген өмірбаянында айтылғандай, ол 1915 жылы көңілі ояу, көкірегі отты жастардың «Кеңес» деген жасырын үйірмесін құрған. Бір қызығы, Асқар Мұстафиннің «Аңыз қайсы, ақиқаты қайсы? /МХК деректеріне жүгінсек../» атты мақаласында «1915 жылы М.Шоқаев Ташкенттегі қазақ интеллигенциясы арасында жұмыс жүргізеді, «Кеңес» үйірмесін ұйымдастырады», – деген жоғарыдағыға маңайлас мағұлмат көз тоқтатады. Осылайша аталмыш астыртын ұйым қазақтың екі бірдей арысының есімдеріне еншіленеді. Ақиқатын анықтасақ, бұл арада дабыра қылып, дода қыздырар дәнеңе жоқ. Неге десеңіз, бұл деректер – Сұлтанбек пен Мұстафаның шәкірттік шақтарындағы жұбы жарасқан саяси серіктестігінің және бірлескен түрде қолжазба журнал шығарудан қалыптасқан қаламгерлік қанаттастығының дәлел-дәйегі. Сөйтіп, семинарист Сұлтанбек Қожанұлының алдында бұдан былайғы жерде қиялауы мен құлдилауы қабаттасқан, шырқауы мен шыңырауы шарпысқан өмір жолы өріліп жатты.

Ресейдегі Ақпан төңкерісін қошеметпен қарсы алған қазақтың зиялы қауымы ұлттық өрлеу тудырған өзгерістерді теңдіктің жолына теліп, бостандықтың жарығына балады. Армандай ұйытқан, «алаш автономиясы» ұраны үлкен үмітпен, саф сеніммен ауызға ашық алына бастады. Бұл сәтте – бұрынғы семинарист, бүгінгі Әндіжан уезінің мектеп мұғалімі – жалынды жас Сұлтанбек Қожанұлы да бостандық буына бойын һәм ойын біржолата алдырғанға ұқсайды. Саяси қимылдардан сырт қалмауды ұйғарып, жорықтас жолдасы Күмісқали Бөриевпен бірге «Қазақ» газетінің басқармасына: «Қоқан – 21/111. Мың басылыққа кісі керек болса, біз бармыз», - деген мазмұнда жеделхат жолдауы сол себепті. Әрине, бұл – төңкерістің бастапқы тегеурінді бетіндегі басасаулық қана.

«Февраль төңкерісі Түркістанға көктен түскендей болды. Бітеу жараның бетін ашты. Алғашқы кезде қазақ, қырғыз, өзбек бұқарасы түгілі, Түркістанның орыс жұмыскерлері, солдаттары төңкерісті өздерінше ұғып, мұсылмандардың еншісіне бергісі келмеді. Жергілікті елдің қанын сорып қалған орыс төрелері  бір күнде «төңкерісшіл» болып, өздері билеп, өздері төстеді». Міне, Түркістанның тағдыры осылайша талқыға түскен тұста жергілікті халықтың жолбасшылары түрлі-түлі топқа, тарапқа, тармаққа бөлініп кетті.

Соның нәтижесінде саяси бағыт-бағдар туралы өз түсінігі, өз тұғыры, өз талабы бар әлденеше ұлттық ұйым дүниеге келді. Атап айтқанда, «Шуро-и-исламия» және «Шуро-и-улема» қоғамдары шариғат жолына шырағдан жағып, мемлекеттің мәртебесін сол мұсылманшылықтан іздеді. Бірақ олардың тұтынған тілектері «аспандағы айды әпер» деумен бірдей деп бағаланды. Басқа біреулер діншілдерден бөлектеніп, орыс жұмысшыларының одағымен таразы басын теңестіру талабындағы мұсылман жұмысшыларының мекемесін аяқтандырды. 1917 жылдың маусымында іске кіріскен бұл ұйымның басында Санжар Аспендияров пен Сұлтанбек Қожанұлы тұрған болатын.  Өз қозғалыстарының мақсат-мұраты жөнінде Санжар «Наша газета» басылымында: «Біз өз жұмысымызда, сөз жоқ, орыстың демократиялық ұйымдарымен үзеңгілес болмақпыз. Болашақта орыстар мен мұсылмандардың арасында жаңаша қарым-қатынастар қалыптастыра аламыз ба деген үміттеміз, өйткені тек демократиялық ұйымдар ғана ортақ мәмлеге келмекші және жергілікті халықтың орыстардың менсінбеушілігін жоймақшы. Түркістан мұсылмандарының арасындағы қозғалысының ізашарлары бола отырып, біз өз халқымыздың келешекте бостандық пен теңдікке жететініне, сондай-ақ, саяси күрескер ретінде бүкіләлемдік еңбек шеруіне қосылатынына зор сеніммен қарап, күрделі міндетімізге кірісеміз», - деп жазыпты.

Жиырмасыншы жылдардағы «поэзия, проза, драмматургия жанрларының өсу, нығаюына байланысты... қазақ совет әдебиетінде  әдеби сын туды. Газет, журналдарда бұрынғы әдеби мұралар туралы, әдебиет мәселелері туралы, жеке шығармалар, жинақтар, жеке ақын-жазушылар туралы үнемі мақала, сын, рецензия шығып отырды». Сөйтіп, ұлттық әдебиетіміз «идеялық күрестер, творчестволық айтыстар, полемика-диспут майдандарында шыныға өсті». Сұлтанбек Қожанұлының әдебиет жөніндегі көзқарастары да сол қайнаған ортада қалыптасты.

Алдымен Сұлтанбек әдебиет тарихын дәуірлеу турасында: «Зарқұм», «Сал-сал», «Кербалаға» ұқсаған қиссалар қазақтың ұлт әдебиетіне һәм жазба әдебиетіне жатар ма? Қазақтың ұлт әдебиетіне орыс тілі кіріп кетті қылып, бір-екі қылжақбас тілмаштың өлеңін келтіріп, мұны әдебиеттің бір дәуірі деп санауға бола ма?» - деп дауласты. Әлбетте, бұл секілді байламды ол жалаңқая жанынан шығарып, жаза салмағаны анық. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» қазақтың жазба әдебиетінің тарихын «діндар дәуір» және «ділмар дәуір» деп екіге бөлгенімен: Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес. Басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге араб, парсы әдебиетінен үлгі алып, соларға тіктегеннен пайда болған. Дәлмар дәуір орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соған еліктеуден пайда болып отыр», – деп түйген. Дін қиссаларын әдебиеттегі ағым ретінде бағалаған Мұхтар Әуезовтың пікірінше,  сол бағыттағы дүниелердің «көбінің сарыны шеттікі болудан басқа, мазмұндары да түгелімен мұсылман ғаламынан келген көшпелі, қыдырма әңгімелер».  Біздіңше, сарабдал сыншы Смағұл Садуақасовтың «Әдебиет әңгімелері» атты мақаласындағы: «Сәбит «Еңбекші қазақта» жазған мақаласында «біз орыс әдебиетінен ғана үлгі аламыз» дейді. Орыс әдебиетінен үлгі алу керек, бірақ өзіміздің қазақтың тарихынан да жиренуге болмайды. Қазақ тарихы - бізге үлкен үлгі. Осыны түсінсе, Сәбиттің өсуінде сөз жоқ», – деген дәлел-дәйегі Сұлтанбектің ойларымен әбден орайлас.

Екіншіден, Сұлтанбек жеке тұлғаларға жапсырылған бағаларға байланысты таласқа түсті. Сәкен мен Сәбиттің мақаласында: «Төңкеріске дейін жасап келген әдебиет дәуірінде оза шығып бәйге алатын кісі жоқ. Көптің күшімен атау алып отырғандары әдебиет ағасы деп санауға болмайды», - деген кесімді пікір келтірілген-ді.  Мұны «өзі оза алмағанға ыза болған адамның сөзі» деп тапқан Сұлтанбек: «Ұлт әдебиетін жасау, тіл түзеу 1905-інші жылдан ғана басталады десек, онан бұрынғы Алтынсарин, Абайға ұсағандар орыс тілін таратқан жазушылар болғаны ма? Қазақта жазба әдебиеттің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа да аға бар ма? Бар болса, кім?» - деп қарсы сауал қояды. Ақиқатын айтқанда, Сәкен мен Сәбиттің көзқарастарында сол кезеңде кемшіліктердің кездескені рас. «Мәселен, ескі әдебиет мұрасын игеру мәселесінде Сәкен көпке дейін дұрыс пікірге келе алған жоқ.

Абайды ХХ ғасырдың басындағы демократияшыл ақындардың шығармаларын пролетариат әдебиетінің кәдесіне жарату керектігіне бірталай уақыт қосылмай жүрген»,– деп Е.Исмайылов ескерткен болса, М.Дүйсенов: «С.Мұқанов 1923 жылдары жазған публицистикалық, сын мақалаларында  қазақ әдебиетінің классигі – Абайдың, қазақ халқының ең алғашқы ғалымы – Шоқанның, қазақ халқының ең алғашқы ағартушы-педагогі Ыбырайдың қалдырып кеткен асыл мұраларынан біржола безуді ұсынды»,– деп әлдеқашан айтқан. Ахмет Байтұрсынов туралы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» атты мақаласында /Еңбекші қазақ. 1923. І наурыз. No69/ Сәбиттің: «Қысқасын айтқанда, ақ жаға мырзалар Ақаңды «Ақаң» демей, «құдай» деп, шоқынып отырса да еркі. Бірақ қазақтың еңбекшілдері Ақаңның ұранына қосылмайды... еңбекшіл қазақтың арасынан Ақаңа орын жоқ. Ахмет-байдың Ақаңы, күле кіріп, күңірене шығып жүрген арамзалардың, болмаса ақ жағалардың әкесі», - дегендігі белгілі. Сәкен болса, керісінше, «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақаласында /Еңбекші қазақ. 1923. 2 ақпан/ оны: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді... Ахмет Байтұрсынұлы -  ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл», - деп дәріптеді. Әрине, адасып-алжасып жүрген Сәбит те біраздасын райдан қайта бастаған тәрізді. Бұған Қошке Кемеңгерұлының «Ертеректе Абай мен Ақаңды іске жарағысыз қылған Сәбит бүгінде «ұлтшылдықты отаршылдық туғызды» деп, «Масаны» әжетке жаратып, «Заманды әркім билемек» деп Абайдан мысал келтіріп отыр», – деген аңғарымы айғақ. Әйтсе де, тапшыл идеологияның тегеуріні күшейген тұста да ұлтымыздың асыл арналарынан айнымауы – ең алдымен Сұлтанбек сияқты арыстардың берік мінезі мен биік мәдениетінің артықшылығы.

Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлын ұстаз ретінде ұлықтап, айырықша ардақтаған Сұлтанбек оны «тіл тазартуға тынбай еңбек қылып келе жатқан, амал мәселесін іс жүзінде шешіп, тіл құралдарын жазған, қазақтың ұлт мәдениетінің бірінші қайраткері» деп таниды. Бұл – алашордашылар, оның көсемі Ахмет жайында мансұқ әңгіме, мәнсіз әрекет жайыла бастаған тұста берілген батыл баға.

Сұлтанбек «Еңбекші қазақ» мақаласындағы: «Ақындардың барлығы ноғай һәм орыс ақындарының сөздерінен ұрлап қана жаза алады. Өз миларынан шығарғандар шамалы. Соның бірі – Мағжан Жұмабайұлы. Жұмабай баласы – ноғай мен орыс ақындарының көшірмесі», - деген байламға да байыздамады. Ол соқыр еліктеу мен саналы үйренудің арасындағы жер мен көктей айырмашылықты аңдатып: «Әдебиет ұрлығы деп еліктеуді айта ма, жоқ, Сәкеннің үзеңгі жолдасы Көлбай Тоғысов дегеннің істегендері – біреудің өлеңін көшіріп, астына қол қойғандығын айта ма?» - деп кері шабуылға көшеді. Шындығын айту керек, бұл жерде топаралық тартыстың табы байқалып тұр. Себебі, бұрынырақта – «Қазақ» пен «Бірлік туы» газеттерінде Көлбайдың саясаткерлігін де, суреткерлігін де жоққа шығарған бірнеше мақала басылған болатын. Мысалы, Міржақып өзінің бір мақаласында Көлбайдың «Надандық құрбаны» драмасына сын айтып келеді де: «Сөйтіп, тұңғыш көрген театр кітабымыз өлі туды. Мұны әдебиет кештерінде қоюға жарайды деп айтуға ауыз бармайды», - деп қысқа тұжырады. Әрине, бұл –біржақтылау пікір. Өйткені, қазақ драматургиясының қалыптасуында Тоғысовтың әлгі шығармасының азды-көпті қызметі бар екендігі анық.

Қалыптаса бастаған қазақ баспасөзінің беттерінде «Сауық кештері», «Жастар арасында клубтар», «Қазақ әдебиет кеші», т.б тақырыптармен жазылған дүниелер жиі жарияланып жататын. Оларда ел ішіндегі аяғын тәй-тәй басқан алғашқы театр үйірмелері туралы сөз қозғалатын, сахналық қойылымдар хақында хабарланатын. Расында да елдің өз денесінен шыққан» /М.Әуезов/ бұл өнер бастапқы бетте ісін тез кеңейтіп, тоқтаусыз өркендеді. Түр жағынан түлеп, жанр бітімі жетілді. Соның ішінде «әйел теңдігін суреттеу – жиырмасыншы жылдардағы бүкіл қазақсовет әдебиетінің басты тақырыптарының бірі болды. Қазақ драматургиясында  да бұл мәселе ең негізгі тақырыптың бірінен саналады». Мысалы, Жүсіпбек аймауытовтың «Рәбиға», «Қанапия-Шәрбану», «Сылаң қыз», Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына» пьесалары – сол тақырыптағы тұңғыш сүбелі туындылар.

Міржақып Дулатұлының «Балқия» драмасы да солардың сапына кіреді. Қаламгер мұрасын жан-жақты зерттеп жүрген Ж.Ысмағұловтың: «Сол жылы /1922 жылы – А.Ш./ Орынборда «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазады. Сол кездегі республика астанасында /Орынборда – А.Ш./ қазақтың ұлттық театрының негізін құрған көркемөнерпаздар үйірмесінде қойылып, зор табысқа ие болған бұл шығарманы қазақ совет театрының алғашқы репертуарлық бастауларының бірі десе де болғандай» – деген деректерді толықтыруды тілеп тұр екен. Себебі, аталмыш туындының жазылған уақыты да, сахналанған мерзімі де сәл ертерек болып шықты.

Атап айтқанда, 1921 жылғы қаңтардың 9-ында Ташкент қаласындағы мемлекет театры – «Колизейде» қырғыз-қазақ институтының оқытушылары мен оқушылары сауық кешін ұйымдастырып, сонда осы «Балқия» пьесасы қойылыпты. Бұл жайында Сұлтанбек Қожанұлының «Ақ жол» газетінде /1921, 12 қаңтар, No13/ жарық көрген «Қазақша сауық кеші» атты жарияланымында айтылған.

Сұлтанбектің сөзі жерде қалған жоқ. Сол кезде ТүрОАК-інің жанынан қазақ-қырғыз бөлімі ашылған еді. Оның мүшелері Нәзір Төреқұлов, Георгий Сафаров, Санжар Аспендияров және Сұлтанбек Қожанов болатын. Міне, осы бөлімнің қамқорлығының нәтижесінде, Міржақыптың «Балқия» драмасы қаңтар айының екінші жартысында Әулиеата қаласында өткізілмекші Түркістан аймағы қазақтарының жалпы съезінде делегаттар алдын ала ойналады деген шешім қабылданды.

Демек, әлі күнге дейін талқыға түсіп, толық талданбай жатқан «Балқия» пьесасы туралы сөз тұсының талабына сай тырнақалды пікір айтқан адам – Сұлтанбек Қожанұлы. Бұл – оның Міржақып Дулатұлымен жарастық тапқан жазушылық жолдастығының әрі жақындастығының тағы бір тармағы.

Жиырмасыншы жылдары көркемсөздің кемел тұлғалары мен кесек туындыларын насихаттау ісі назарға ілікпеді деу тарихи тоғышарлық болмақ. Бұл мезгілде ауыз әдебиетінің асылдарын жинап-жариялаумен бірге, жазба әдебиетінің жақұттарын жұртшылыққа жеткізу жұмысы да қалтарыста қалмады. Үздіктің үздігі, үлгілінің үлгілісі дегенде, алдымен ауызға алынатын, әрине, - Абай. Сұлтанбектің ықпалындағы «Ақ жол» да абайтану үшін аз қызмет атқарған жоқ. 1921 жылғы маусымның 19-санында көрнекті ғалым,публицист Телжан Шонанұлының «Абай кітабын бастыру керек» атты мақаласы арқылы басылым басқармасы айы-күні толған маңызды мәселені алға тартты. Айтқандай-ақ, келесі жылы Ташкент қаласында Абайдың жыр жинағы жарық көрді. Мұнан кейін, 1923 жылы «Ақ жол» газеті «Қазақ ақындары» деген айдардың аясында татар ғалымы Абдрахман Сағидың ұлы ақын туралы көлемді мақаласын жарияласа, 1924 жылдың маусымында поэзия пайғамбардың дүниеден өтуінің жиырма жылдығына байланысты арнаулы бет арнады. Осының барлығы – Абай мұрасының айналасында бұрыс қағидалар басымдық қылып, бұрмалаушылықтар қаптағанына қарамастан, оның туындыларын Түркістан аймағына түгел таратуға жәрдем жасаған дұрыс қадам болды.

Сұлтанбек Қожанұлы мен «Ақ жол» газеті қанатының астына алып, қамқорлығын аямаған екінші бір ерек тұлға – Мағжан Жұмабайұлы.

1922 жылы белгілі ақын Бернияз Күлеев Мағжанның өлеңдер жинағының Ташкентте жарық көруіне Сұлтанбектің көмегі тиді.

Дәл осы тұста Мағжан туындылары «Ақ жолдың» бетінде жиі жарияланып жатты. 1923-1924 жылдары бұл газетте оның «Жай әншейін ойын ғой», «Сырдағы алашқа», «Берниязға», «Тірі бол», «Асық иіру», «Еділдің сағасында», «Қызыл жалау», т.б біраз өлеңі жарық көрді. Сондай-ақ, «Ақ жолдың» 1924 жылғы сәуірдің І-індегі санында авторы көрсетілмей, басқарма атынан берілген «Мағжан» атты мақала басылды.

Бұл мақалаға тоқталған себебіміз: ол өзінің сын-сипаты, мазмұн-мәнері жағынан Сұлтанбектің алғысөзімен сабақтас. Мысалы, «Абайдан соңғы шыққан ақындардың тілдері аса дөкір болған жоқ. Бәрі де барларынша ысылған әдеби тілмен жазатын болды. Бірақ соңғы ақындардың ішінде өлеңге тәтті күй, нәзік сезім, майда тіл тудыру жағынан Мағжаннан артық қызмет істегені жоқ»; «Мағжанның қай өлеңі болса да қазақ әдебиетінің тарихынан қалай да сыбағалы орын алуы – талассыз хақиқат»; «Біз бұл жазған мақаламызда Мағжанның өлеңін саяси жағынан яки әдеби жөнінен толық түрде сынамақ емеспіз. Жай әшейін өлеңінің ішкі, тысқы сипаты жайынан бір-екі ауыз сөз жалпы түрде айтып өтпекпіз» - деген тәрізді пікір-пайымдардан Сұлтанбекпен тікелей үндестік танылады. Соған қарағанда, бұл мақала не Сұлтанбектің ұсынысымен жазылған, не оның өз қаламынан туған. Қалай болғанда да, күмән тудырмайтыны – Сұлтанбек пен бұл мақала иесінің көзқарастарының ортақтығы.

Мақаланың аяғына қарай: «Мағжанның өлеңіне әдеби сын жазу қазақтың қаламы өткір, білімі толық, әдебиет заңына жетік қалам қайраткерлерінің борышы деп білеміз», - деп қозғау салынған. Бұл борышты бірінші болып көп өтпей Жүсіпбек Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы» атты мақаласымен өтегені белгілі. Ал біраздасын қоғамдық ортада қым-қиғаш оқиғалар орын алып, Мағжанға қарсы аяқ астынан майдан ашылған еді.

Сұлтанбектің сыншылдығы мен әдебиеттанушылығы жайында бізге дейінгі зерттеушілер тұщымды пікірлер мен ойлар айтқан. Әдебиетшінің бұл еңбектерінің назар аударылмаған тұстары жайында толғауды мақала көлемі көтермейді. Ал М.Жармұхамедұлы назар аударған халық мұрасына жанашырлығы, жинаушылық еңбегіне қатысты бір мәселені ескере кету керек. М.Жармұхамедұлы Сұлтанбекті атақты Фирдоусидің «Шахнамасын» алғаш рет қазақ тіліне аударған және классик шайырдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты мәліметтер қалдырған Ораз молда дегеннің құнды қолжазбасын қазіргі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырған Сұлтанбек екенін нақты айғақтармен дәйектеген. С.Қожанұлының халық мұрасын жинаушылық еңбегінің  біз білмейтін жақтары да мол болуы ғажап емес. Оның бұл еңбегінде Ә.Диваевтың қатысы бары сөзсіз. 1922 жылдың 4 желтоқсаныда уставын өзі бекіткен қазақ, қырғыз мәдениетін көркейтушілердің «Талап» атты қоғамының құрамында Ә.Диваев та болды. Сондай-ақ, академик А.Э.Шмидт, Н.Архангелсикй, М.Әуезов, К.Жаленов, Х.Досмұхамедовтер мүше болған осы ұйымның қызметі әлі күнге дейін анық емес. Бұл да бір арнайы зерттеуге лайық мәселе.

Сұлтанбектің Ә.Диваевпен қарым-қатынасын зеттеу де қызықты сырлардың беттерін ашары кәміл. Осыған қатысты бір қызықты айғақ бар. Сұлтанбек «Көп сұмдықтың бірі» атты тілмаштардың орысшылдығын әшкерелейтін мақаласында: «Орыстың тілі болмаса, һеш пайдаға аспады мұсылманша модаңыз» деген ескі түсінік бар деп қанша айтып келеміз» - деген мағынасы күңгірттеу сөздерді айтады. Бұның кімнің сөзі екені, мұның неге «ескі түсінік» болатыны айқын емес.

С.Қожанұлының әдеби мұрасы шағын болғанымен, оның зерттелуі тиіс мәселелері өте қомақты. Оның әрбір өлеңінің, сыни мақалаларының жазылу тарихы, олардың түпкі ойының пайда болу себептері, өзге де контекстік мәселелері тек Сұлтанбек шығармашылығының әдебиет тарихындағы орнын анықтау үшін ғана емес, әдеби дамудың дәуірлік сипатын дәл бағалау үшін де ділгір. Шынайы түпкі пиғылды түгел жеткізудің мүмкіндіктері шектеулі заманның өнімдері болғандықтан, С.Қожанұлының әдебиеттанушылық, сыншылдық, ақындық туындыларындағы ойлардың мәтіндік астарларын да дұрыс аша білуге тиіспіз. Алайда ол алдағы уақыттың еншісінде.

Ұқсас материалдар