Жаңалықтар

Славян этномәдени орталығы – екі елдің арасындағы достық көпірі

07.11.2018 05:00 2222

Павлодар облысының «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 1996 жылдың 4-ші қаңтарында ресми түрде тіркеліп, орыс мәдениетін сақтау және насихаттау идеясымен біріккен шығармашылық қауымы үшін тартымдылық пен жасампаздықтың орталығына айналды.

Бірлестіктің жетекшісі Татьяна Ивановна Кузина қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің сақталуына қомақты үлес қосып жүрген тұлға. Ол «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медальдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталған.

— Татьяна Ивановна, бірлестіктің құрылғанына жиырма екі жыл болған екен. Осы уақытқа дейін жұмысы қалыптасып, Павлодар облысындағы бірегей беделді қоғамдық бірлестікке айналған екенсіздер. Жалпы жұмыстың мақсатымен таныстырып өтсеңіз.

— Бірлестіктің мақсаты - этникалық өзіндік ерекшелігін, мәдениетін, славян тілдерін сақтау, Қазақстан Республикасының славян халықтарының рухани дамуына, шығармашылықты өркендетуге, мәдени–ағартушылық және спорттық-сауықтыру жұмыстарын жүргізуге қамқорлық жасау, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, патриоттық және гуманистік тәрбие беру, қайырымдылық қызметін нығайту және этностар арасындағы бейбітшілік пен достық қатынасты орнату.

Ақсу, Екібастұз қаласында, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы, Май, Успен, Шарбақты аудандарында филиалдарымыз бар.

— Әркез еңбектің жемісін көру үшін тынымсыз еңбек ету керек. Оның үстіне ісің берекелі болса – нәтижесі жеміс беретіні мәлім. Бірлестіктегі шығармашылық ұжымдар мен атқарып отырған жұмыс туралы айтсаңыз.

— Бастапқыда «Берегиня» ансамблі 2007 жылы бес адамнан тұратын Ұлттық жаңғыру мектебі бөлімінің негізінде құрылды.

2009 жылдан ансамбльге кәсіби педагог Е. Палевкина жетекшілік етіп келеді. Ол аз уақыт ішінде әнші жастарды біріктіріп, тамаша ұжым қалыптастырды. Ассамблея тарапынан зор ықыласқа ие.

Ұжым облыстық, қалалық ауқымды іс-шараларға қатысып, қалаулы ансамбльге айналды. Жалпы ансамбльде орыс халқының фольклоры насихатталады.

Берегиня «Ертіс – достық өзені», славян жазуы мен мәдениетіне арналған облыстық орыс әндері фестивалінің, облыстық ұлттар фестивалі «Достық жазы» байқауларының лауреаты.

Орталықта «Шай үстінде» қарым-қатынас клубы жұмыс істейді. К. Кузьминская жетекшілік етіп отырған клубта көмекке зәру жандар (жасына қарай және жағдайына қарай) қарым-қатынас клубына келіп, өздеріне дос табады, туған күндерді, әр түрлі мерекелерді атап өтеді.

Орталық бұрынғы «Октябрь» кинотеатрының ғимаратында орналасқандықтан, киноклуб ұйымдастырылды. Мұнда фильмдер көрсетіліп, концерттер қойылады. Клубтың мүшелері өзара әсерлерімен бөлісіп, пікір алмасады.

«Лада» вокалдық ансамблі 2005 жылдың мамыр айында құрылды. Ансамбльде орыс халқының және қазақ авторларының әндері орындалады.

Сонымен қатар орталықта ұстаздар бірлестігі жұмыс істейді. Онда қала мектептерінің мұғалімдері бас қосып, пәндеріне қатысты тәжірибелерімен алмасады.

«Павлодар қалашығы» эстрадалық миниатюралардың әзіл-сықақ театры мектептер мен колледждердің сүйікті қонағы, көптеген қайырымдылық концерттер береді.

«Раздолье» балалар би ансамблі орталықта 2001 жылы құрылып, бес пен он алты жас аралығындағы балалармен жұмыс істейді.

Ансамбль әлем халықтары билерімен үнемі жаңартылып отыратын репертуарымен, эксклюзивті костюмдері шығармашылыққа ерекше көзқарас туғызып, мерекелік іс-шараларда көрермендер көзайымына айналды.

Сонымен қатар «Рябинушка» лирикалық әндер ансамблі, «Серебряная струна» поэзиялық клубы бар.

Жас әнші Н. Наумова жетекшілік ететін «Мен жақсы көремін» әйелдер клубы үлкен жұмыстар жүргізеді, келушілерді ұлы адамдардың өмір тарихымен таныстырады, жастармен кездесулерді, ерекше әдеби кештерді, жергілікті ақындар мен жазушылар кітаптарының тұсаукесерін ұйымдастырады. Клубта Павлодар облысының танымал тұлғаларымен және Ресейден келген қонақтардың қатысуымен қызықты да танымды кездесулер өтеді. Сонымен қатар портреттер кештері өткізіледі. Бізде Ресей халық әртісі, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының профессоры Владимир Хотиненко, Ресей халық әртісі Евгений Миронов, Сергей Газаров (Мәскеу), халық ертегісін жеткізуші Елена Сапогова (Екатеринбург), «Лад» ансамблінің әртістері (Новосібір), Ресей туралы әндердің өзіндік авторы және орындаушысы Николай Емелин (Мәскеу) және көптеген тұлғалар қонақта болды.

— Көңілге қонымды әңгіме өрбіп отыр. Осындай орталықта маңызды, мәнді жұмыстардың атқарылып отырғаны қандай тамаша. Орталықтағы кітап жобасы туралы кеңінен түсіндіре кетсеңіз.

— Орталықтың қарқынды және алуан түрлі қызметінде кітап жобалары лайықты орын алып отыр.

Соңғы жылдары славян мәдени орталығында Павлодарда кітаппен қамтамасыз ету бағдарламасының үйлестірушісі болып табылады. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық саясатын нақты істермен толықтыру, Қазақстанның қоғамдық өмірінде мәдени дәстүрлердің сабақтастығын сақтау, отандастарды ақпараттық қолдау. Славян орталығының ұйымдастырушылық қызметінің арқасында павлодарлық кітапханалар Ресей кітаптарын тегін ала алады. 

Қала кітапханаларымен ынтымақтастықта олардың жұмыс ерекшеліктерін жақсы түсінуге, кітап мәдениетінің мәселелерін білуге мүмкіндік берді.

Кітапхана орталықтың шығармашылық ұжымдарымен бірге әдеби мерекелер мен жаңа кітаптардың тұсаукесерін, авторлармен шығармашылық кездесулер өткізеді. Оқушылар мен студенттер арасында кітап тарихы, жазушылар шығармашылығы бойынша әдеби викториналарды тұрақты өткізіп тұрады.

— «Жақсы жастан шығады, темір тастан шығады» дейді. Жастардың орталыққа өз үлестерін қосып жүрген болар?

Әрине, онсыз болмайды ғой. Славян орталығының жастары – бұл біздің ұжым өмірінің жеке дара және өте көп мүшесі бар бөлігі. Жастар кеңесі бүгінде қырық алты адаммен толыққан.

Олар Қазақстанның барлық ұлттық, мемлекеттік мерекелеріне үнемі қатысады. Бірақ жастар үшін ең маңыздысы - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясы. Осындай іс-шараларға қатыса отырып, жастар өз өмір жолын таңдау алдындағы жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды бағалай білуді үйренеді. Ең бастысы – қоршаған орта үшін жауапкершілікті сезінеді. 

Орталықтың ауқымды жұмысын жастар кеңесі жүргізеді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында жастарға арналған әртүрлі клубтар мен бірлестіктер көп.   

— Орталықта қанша мүше бар? Қандай жетістіктерге жетіп отырсыздар?

— Облыс бойынша 5000-ға жуық адамды біріктірген біздің славян мәдени орталығының қызметі туралы республикадан тыс жерлерде біледі. Шекара маңындағы аймақтармен тығыз байланыс орнатылды. Новосібір, Барнаул, Омбы және Томск облыстарымен түрлі бағыттарда ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Шекара маңы ынтымақтастығы бойынша үлкен үлес қосқаны үшін Алтай өлкесінің губернаторы мені «Алтай өлкесіне 85 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Павлодар облысынан келген делегациямен Германиядағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» фотокөрмесінде бір болдық, ал педагогтар мен біздер, орталық белсенділері Германияның тиісті ұйымдарының жұмысымен таныстық. Германияда Қазақстан күніне орай қабылдауда  Қазақстанның Майнда орналасқан Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында болып қайттық. Біздің делегация Консулдықта сапарымыз туралы естелікке бірнеше фотосурет-жұмыстарды қалдырды.

Осының бәрі біздің ұжымдарымызға фестивальдарға, конкурстарға, конференцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Мәселен, Павлодар облысының орыс мәдениетін көрсете отырып, жастар ұжымдары жүлделі орындар мен гран-при алады, мұғалімдер мен кітапханашылар оқырмандар конференциясын өткізеді. Павлодар облысының кітапханашылар қауымдастығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Славян орталығы Ресейдегі отандастарының халықаралық кеңесіне кіреді, ал мені басқарма мүшесі етіп сайлады. Қоғамдық бірлестік ретінде біз отандастардың Дүниежүзілік үйлестіру кеңесіне кіреміз. Сонымен қатар славян мәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне кіреді.

— Жетістіктеріңіз жайында айтып кетсеңіз.

— Әр бірлестік өзінің жоспарына сәйкес жұмыс істейді. Барлық үлкен іс-шаралардың сценарийлерін дәріскер-музыкатанушы, мәдениеттанушы ретінде мен басқарамын.

Мемлекет тарапынан «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы жоғары бағаланып, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан марапатқа ие болдық. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қатынасқа қосқан үлесім үшін Ресей Федерациясы Президенті В. В. Путиннің марапаты да бар.

Нұргүл ШАТЕКОВА color:#3B3C3C">

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз. color:#3B3C3C">

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға