Жаңалықтар

Әскер Пириев: Адам баласының бойындағы ең асыл қасиет алғыс айта білу

Қазіргі күні түріктердің басым бөлігі оңтүстік аймақтарда тұрады
Әскер Пириев: Адам баласының бойындағы ең асыл қасиет алғыс айта білу
29.02.2020 18:14 3435

Көктемнің алғашқы күні – «Алғыс айту» мейрамы. Бұл ауқымды мерекелік шараның түпкі мақсаты – көп ұлтты қазақ жеріндегі түрлі этностарды бір-бірімен жақындастырып, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтып, достықты бекем ету. Қазіргі кезде ел аймағында көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бірлікте, ынтымақта, ауызбіршілікте өмір сүріп келеді. Солардың бірі – түбі бір түркі бауырларымыздың «Ахыска» түрік мәдени орталығының» Нұр-Сұлтандағы қоғамдық бірлестігі.

   Елімізде алғаш рет бауырмал түрік ұлтының орталығы 1989 жылы ашылған. Бірақ ресми атауын Қазақ елі тәуелсіздік алған жылы алған екен. 1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған сәтте оған ресми мүше болып, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында бірлестіктері құрыла бастайды. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ахыска» түрік ұлттық орталығы бірінші рет қоғамдық бірлестігі   2007 жылы құрылған. 2010 жылы атауын «Ахыска» түрік мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі етіп қайта өзгертеді. Бір айта кетерлігі, бұған қарағанда өзге этномәдени орталықтар біраз уақыт ерте құрылған. Бұған себеп – Нұр-Сұлтан қаласындағы түрік этнос өкілдерінің санының аз болуы. «Түріктердің басым бөлігі көбінесе оңтүстік аймақтарда өмір сүреді» дейді бірлестіктің төрағасы Әскер Пириев.

image-28-02-20-11-26-8.jpeg

(Фотода: Әскер Пириев)

– Жалпы санақ бойынша қазіргі кезде 250-мыңға жуық этникалық түріктер бар. Оның ішінде елордада олардың саны 2000-дай. 2007 жылы мұнда келген көбінесе жастар не жұмыс бабымен келген азаматтардың қатары көбейген соң бірлестік құрылды. Содан жұмысымызды бастап кеттік. Менің туып-өскен жерім бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы. Бірақ 1995 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмын. Мені бірлестіктің мүшелері төраға етіп сайлағандықтан осы қызметті атқарып келемін. Бұл мен үшін үлкен мәртебе деп есептеймін, - дейді бірлестіктің төрағасы.

Құрылғанына биыл 13 жыл болған бірлестіктің жұмысы жанданып, қалалық, республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды ұйымдастырып келеді.

FB_IMG_1578498556223.jpg

– Соңғы сегіз жылдан бері көзі көрмейтін зағип әйелдер қауымына 8 наурыз Халықаралық қыз-келіншектер мейрамында түрлі іс-шаралар өткізіп жүрміз. Мұнда нәзік жандылар өз өнерлерін паш етіп, көпшіліктің жылы ықыласына бөленеді. Олардың жүздеріне қуаныш сыйлайтын мұндай шаралар қоғамда мейірімділік тудырып, қайырымды істерге бейімдейді. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясын өткізуге белсене атсалысамыз. Бұларды әкімшіліктермен бірге, әлеуметтік көмекті қажет ететін жанұялардың балаларына киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар және т.б. қамтамасыз етумен айналысамыз. Жалпы біздің орталық осындай ұйымдастырылған қайырымдылық акцияларына қосылып тұрады не өзіміз өткізіп тұрамыз.

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясы 25 жылдығын тойлайды. Соған орталық мүшелері де түрлі мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында волейболдан турнир, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және т.б. бар. Аталған ойындар қалалық, республикалық деңгейлерінде ұйымдастырмақ.

image-28-02-20-11-26-2.jpeg

– 1 наурыз Алғыс айту мейрамы – Қазақстандағы жас мейрамдардың бірі. Мерекенің түпкі мағынасы – кезінде қазақ жеріне тағдырдың тәлкегімен түрлі себептермен қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алған, бауырына басып, бір шаңырақтың астына алып, бір үзім нанымен бөліскен қазақ ұлтына алғыс білдіруі. Әсіресе бұл дәстүрді қазіргі жас буынға түсіндіріп, айту өте маңызды деп есептеймін. Жалпы адам баласының бойындағы ең асыл қасиет алғыс айта білу деп ойлаймын. Менің қазақ халқына айтар алғысым шексіз.

Қазақстанға қоныс аударған күннен бастап бір-бірін жат көрмей, қоян-қолтық араласып кеткен барлық ұлт өкілдері бүгінде бір шаңырақтың астында татулықта өмір сүріп келеді. «Кезінде қазақ халқы бізді яғни түріктерді жылы қарсы алып, бауырына басты. Содан бері «сен, мен» деп бөлінбейміз» деп сөзін түйіндеді Әскер Аллабердіұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға