Жаңалықтар

Серік Есматов: Өмірдің сәтсіздіктері - бақытсыздық емес 

Қазақстандағы 100 есім жобасының қатысушысы Серік Есматовпен сұхбат
Серік Есматов: Өмірдің сәтсіздіктері - бақытсыздық емес 
12.04.2018 11:12 14203

Қайрат, қажыр, даналық генмен берілетін немесе жүре қалыптасатын дүние емес. Бастан кешіп, өмірдің тезінен өтіп, шыңдалғанда келетін қасиеттер сияқты. 19 жастағы Серік Есматовтың бойындағы күші, мықты руы, ойындағы даналығы қырықтың қырқасынан асқан жігіт ағасында кездесуі де сирек. "Менің биологиялық жасым 18 болса да, интеллектуалды жасым 60-тан асқан",- дейді Серіктің өзі.

Қазақстандағы 100 есім жобасының қатысушысы, Туризм және спорт академиясының студенті, Қазақстанның волейбол бойынша жастар құрамасының капитаны – Серік Есматовтың өмірін өзгерткен күн және оның өмірге құштарлығын оятқан не екенін білгіңіз келсе, оқыңыз. 

Серіктің өмірін бір сәтте төңкеріп тастаған оқиға болғанда ол небәрі 13 жаста еді. «Бұл шақта мені спорт пен кітаптардан басқа ештеңе қызықтырмайтын еді. Алаңсыз, бейқам жүрген қарапайым баламын. Бүгінгі күнімді ойлап қана өмір сүретінмін. Өмірге көзқарасым тым үстірт еді. Араласатын адамдарым көп, достарым сирек. Қызығушылығым көп, мақсатым аз еді» деп еске алады Серік.

***

2011 жыл, 30 тамыз. 13 жасқа толғаныма 1 ай ғана болды. Бассейндегі жаттығудан келе жатқан сәтім.  Біздің үйіміз Алматы-1 вокзалының маңында. Үйге жету үшін теміржолды қала жақтан жағалап өту керек. Ауыр жаттығулар титықтатып, бойым дел-сал күйдемін. Үстімде термокиім, иығымда ауыр рюкзак. Күн шыжып тұр. Шөл қысып бөтелкедегі салқын суды бір-ақ төңкердім. Кенеттен келген су мидағы қан айналымын бұзған болу керек, бірден көзім бұлдырап, әлсіздікті сезіндім. Сол сәтте жолға тым жақын болсам керек, созылған қолым екпінмен келе жатқан теміржол құрамына тиіп кетіп, мені тартып әкетті. Бәрі лезде болды. Сол аяғым тіземнен жоғары бірден кесілді. Құлағанымда екінші аяғымды құрам дөңгелектері екі рет басып өтті. Айналам у-шу. Достарым жүгіріп үй-ішіне айтуға кетті. Бағыма орай, сол жерде теміржол бойындағы күзетші жүр екен. Ол менің «кетіп қалмауым» үшін сөйлеумен болды. Бәрі жақсы деп қояды. Бірақ жұлынған аяғым желкеме соғылғанын өз көзіммен көрдім ғой. Сол сәтте аяғымның жоқ екенін түсіндім. Бар ойым «енді үй-ішіне не деймін» болды.  Білесіз бе ең қатты ауырғаны трагедия сәтінде емес, кейін болды. Ал сол сәтте тек адреналинді сездім. Шок...

Екі айдан соң ауруханадан шықтым. Бұл өте ауыр кезең еді. Мен үшін емес, отбасым үшін. Екі ай бойы кесілген аяғымды көріп, көзім үйренді ғой. Үйге келгенде жақындарым әлі менің кейіпіме мойынсұнып, үйренбегенін байқадым. Менің әкем жас кезінде Астраханда электрші болып жұмыс істепті. Сол кездерде оның аяғын вагонетка басып, сүйектерін үгітіп кеткен екен. Бірақ сүйектері өзінде қалды ғой. Ақырындап сүйектері бітіп, жазылып кетті. Ал менің аяғым мүлдем жоқ. Мүмкін мүгедек болып тусам басқаша болар ма еді. Әке-шешем, ағаларым менің жүгіріп жүрген шағымды жиі еске алады. Кеше ғана ағаларыммен алысып ойнап жүргенім көз алдарында. Бұл естеліктердің маған қалай қиынға соғатынын білсеңіз ғой.  Әрине, туғандарым менің аман қалғаныма шүкірлік етті. Бірақ көздерінен аяныш, күйінішті көретін едім. Сол кезде, егер бір адам жыласа және оның көз жасы қуаныштан болмаса, демек бұл – проблема екенін және оны шешу қажеттігін түсіндім. Сол сәтте өзімді қолға алдым.

Бастапқыда төсекке таңылып, төбеге қарап қана жататынмын. Екі ай бойы ауыру сезімін басатын дәрілер, морфий күшімен жүрдім. Ауырығанда шыдатпайды. Сол жақ тіземнің, оң жақ тобығымның, балтырымның ауырғанын сеземін. Бірақ дәрменсізбін, тіпті ауырған жерімді сипай алмаймын. Себебі бұл дене мүшелерім жоқ. Бұл физикалық жара емес. Бұл санадағы, ойдағы жарақат екенін түсінемін. Сол кезде түрлі әдебиеттер оқып, санаммен жұмыс жасай бастадым.

Бастапқыда мен үшін тік қалыпта 15 минут отыру үлкен жеңіс еді. Себебі қан айналымының өзі өзгерді, денем көлденең қалыпқа үйреніп қалды. Басымды көтерсең көзім қарауытып, құлағым шыңылдап, жүрегім лоқсып кететін. Бірақ бұл барьерден де өттім. Таңертең оянғанда үйде ешкім болмайды. Бірі сабақта, бірі жұмыста. Оң жағымда үнемі анамның дайындап кеткен тамағы мен асығып жүріп жазған хаты жататын: «Балам, тамағыңды іше ғой, бір нәрсе қажет болса телефон соқ 8...» Бірақ ешқашан телефон шалған емеспін. Ақырындап диванға шығып, диваннан түсіп, үй ішінде қозғала бастадым. Кейін салмақ жинап, өзімді көтере алмайтынымды білгенде жаттығуларымды одан да күшейте бастадым. Маған ешкім көмектескен жоқ. Үйге келген психологтарды өзім әдейі итеретінмін. Маған олардың көзқарасы, жұмыс жасау әдісі ұнамайтын. Жұрттар мені депрессияға түсіп кетті, ешкіммен араласпайды деді. Бірақ мен ешнәрсеге алаңдамастан өзіммен жұмысымды жалғастыра бердім. 14 жастан асқанда алғашқы протезімді алдым. Бұл күнді әлі ұмытпаймын. Мен екі рет жүруді үйрендім. Біріншісі - 1 жастан асқан сәби шағымда, екінші рет 14 жастан асқанда. Бірінші тәй-тәй басқаным есімде жоқ. Ал  екінші рет жүруді үйренгенім әлі есімде. Ағаш рет 2 қадам жасадым. Кенеттен ауыру сезімі жанымды қысып жіберді. «Жаны көзіне көрінді» деген сөзді естіген шығарсыз. Ал мен сезіндім. Бүкіл салмағың шолтиған аяқтарыңның нәп-нәзік  терісіне түседі. Аяғыңның сүйектері терідегі тігісті тесіп жіберетіндей. Бар салмағымды қолыма түсіріп, протез киген аяқтарым құр салбырап тұрды. Екінші рет протезге тұруым үшін біраз уақыт қажет болды. Менің екінші рет жүруді үйренуім бір жыл үш айға созылды. Алғашқы кездерде тепе-теңдікті сақтау қиынға түсті, оның үстіне протез қажайды. Балдаққа сүйеніп жүрдім. Кейін бір таяқпен жүрдім. Қазір протездеріммен 12 мүшесі сау адам сияқты еркін жүре аламын.

Мен қайта туған сияқтымын. Өмірге құлшынысым, көзқарасым өзгерді. Тіпті өмірдің бояуларын әлдеқайда қанық көретіндеймін.  Әрине, өз дене мүшемді, жағдайымды ескеріп интеллектуалды қызметпен айналысып, сол салаға кетуіме болар еді. Алайда спортқа деген махаббатым мені қайтадан жаттығу залына әкелді. Менің сол кездегі арманым – жүгіру,  тым болмаса отырып-тұрып жаттығу жасау, велосипед тебу еді...

Бірде анам екеуміз протезімді ауыстыру үшін протез жасау зауытына келдік. Сол жерде Қызылорда қаласындағы волейбол құрамасының капитаны әрі жаттықтырушысы Эрик Қасқабаев мені байқап қалып, анамнан мен туралы сұрапты. 

– Балаңыздың спортпен айналысқаны шымыр денесінен көрініп тұр.

– Иә, бұрын спортпен шұғылданатын. Поездың астына түсіп қалып осындай жағдайға душар болдық...

– Өкінішті, әрине. Ұлыңыз спортқа оралғысы келе ме?

– ... Есіңіз дұрыс па? Менің баламның аяғы жоқ. Қалжыңыңыз орынсыз.

 – Жо-жоқ, апай, сіз мені қате түсіндіңіз, - деп Эрик шалбарының балағын көтерді.

Оның да аяғы дәл менікіней протез еді. Тек симметриялы – оң аяғы жоғары жақтан, сол аяғы сәл төменірек шорт кесілген. Содан соң ол еденде отырып ойнайтын волейбол туралы айтып берді, видеоларын көрсетті. Анамның көзі жайнап, бірден маған айтып келді. Мен волейболды мектепте ғана ойнағам. Бірақ бұл ұсынысқа жүрегім жарылардай қуандым. Анама бірден «кеттік, жинал» дедім. Сөйтіп жаттығу залына қайта оралдым. Мені жаттықтыра бастады. Төрт айдан соң жастар құрамасына жолдама алдым. Бұл жерде волейбол әлеміне жол сілтеген Эрик Қасқабаев бар еді. 

Аяғыма ампутация жасалғанына 2 жылдан кейін мен ұлттық құрама сапында алғашқы халықаралық турниріме қатыстым. 2013 жыл 29 қазан. Біздің команда  Малайзияда өткен жастар арасындағы Пара-ойындарда қола медаль жеңіп алды. Біздің команда үшін, мен үшін бұл керемет қуанышты сәт болды.

Қазір үлкен спортта жүріп басқаларға үлгі болып, мотивация беретінімді білемін. Мен ешкімге «бәрі керемет болады, өмір сондай» деген сияқты жұбату әңгімелерін айтпаймын. Қолынан жетектеп, спорт залға апарып, физикалық жүктемелер беруге тырысамын. Арасында қатерлі ісік нәтижесінде ампутация жасалған, туа мүгедек болған, ДЦП, жол апатына ұшыраған жастар бар. Көбісі спорт арқылы өмірге қайта оралып жатады. Осы бағытта тындырарым әлі көп. Болашақта жүзеге асырамын деп ойлаймын. 

Біздің қоғамымыз әлі де толық инклюзивті емес. Жағдайы менікінен мүшкіл адамдар бар. Олар бөгде адамның көмегінсіз жүріп-тұра, қозғала алмайды. Көшедегі әр бордюр, жерде жатқан әр таяқ олар үшін үлкен кедергі. Қала көшелері олар үшін қатігез, қатал. Сондықтан олар үйлерінде, төрт қабырғаға қамалып отыра береді. Мен барлық адамның мүмкіндіктері бірдей болғанын қалаймын. Ал аяқ-қолың сау, бауырың бүтін бе, жылап, налуға қақың жоқ! Өз күшің мен ерік жігерің саған кез-келген қамалды алуға мүмкіндік береді.     

Фото: Дамир Өтеген

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға