Жаңалықтар

Сәбит Досановтың шығармашылығы

Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?
Сәбит Досановтың шығармашылығы
26.09.2017 11:08 4921

Әйгілі жазушы Сәбит Аймұқанұлы Досановтың қазақтың киелі мекені – Ұлытау  өңірінде болғанын жол-жазбасын жариялап отырмыз.

Уақыт ұзақ толғатып, сирек туатын ұлы тұлғалар ақала бас шыңдары алқаракөк аспанмен таласқан асқар таулар тәрізді. Асқар таулар қашықтан қарасаң айбынды, сұсты, кейде тіпті суық болып көрінеді. Ал, сол алыстан айбынды көрінген асқар таулардың жанына жақын келсең өзгеше бір жылылық, тартымдылық табасың. Ұлы таулар мен ұлы адамдар арасында ғажайып бір ұқсастық табиғи туыстық, оны айтасыз қандастық тұтастық бар. Есімі мен еңбегі елімізге, оны айтасыз бүкіл дүние жүзіне мәшһүр сұңғыла суреткер Ғабиден Мұстафинмен алғашқы кезеңдердегі сырттай таныстық, кейінгі жылдардағы жанында бірге жүрген жақындастықтан түйер бір ой осы.

Ұзақ жылдар бойы өз үйінен алысқа ұзап шықпаған Ғабең жол бойы қалып жатқан кең дала мен елді мекендерге ұзақ сүйсіне қарап ара- тұра сол елді мекендер жайлы сұрап, ойға шомып келе жатты.

Жезқазғанға ертесінде таңғы сегізде жеткен біз қалада көп аялдамай, Ғабең алыстан аңсап келе жатқан Ұлытауға жүріп кетуге ниет еттік. Оған облыстың бірінші басшысының қабылдауы, облыстық теледидар белгілеп қойғанхабар, газет тілшілерінің Ғабеңнен интервью алуы бөгет болды.

Ұлытауды көруге біз де құштар едік. Міне, соның сәті түсті. Дел шаңқай түстің шағында Ғабең бастаған жолаушылар межелі жерге жетіп, «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе» дейтін әйгілі Ұлытаудың баурайында тұрмыз. Ескі аңыз, ежелгі тарих қоймасы – Ұлытаудан бірұлылық ұғардай болып, кең дала төсіндегі кербез тауға тесіле қараймыз. Күнгейден қарасақ, шөгіп жатқан бураға, теріскейден қарасаң, ілгері созып жіберген алдыңғы аяғына басын салып ұйықтап жатқан арыстанға, орта тұсына көз тастасаң, жарыса шапқан салт аттыларға, тағы бір қырынан қарасаң атылғалы тұрған жолбарысқа ұқсайтын айыр таудың алқаракөк аспанның өзіне асқақ қараған тәкаппар шыңдары аңыздағы батырлардың алып дулығасын еске түсіреді. Сол дулығалардан қиғаштай қулаған күн нұры Арқаның алып арғымағындай Ұлытауды емірене еміп тұр. Өзінің ұлылығын ұққандай кең төсіне кең дүниені сыйгызып, кеудесін көтеріңкі ұстаган Ұлытаудың төскейі жақпар тасы көп, жасылы аз жалаңаштау болса да етегі шалқып жатқан көк теңізге ұқсаған көк орай шалғын. Кең дала төсіндегі кербез тау табиғат ана кемеңгерлігінің бір белгісіндей болып, ұлылығы мен сұлулығын қатар аңғарта көрген кісінің көз жанарын суарады, көңіліне көп ойлар салады. Бұған қоса биылғы көктемгі көл-көсір жауын таумен жапсарлас жатқан жазық даладағы бар тамырды көктетіп, айналаға жасыл кілем жайып тастапты.

Сөзуарлығы жоқ Ғабең ел құшағына ендеп енген сайын сөзшең болып барады. Ата салтымыз, азаматтық қалпымыз, әйел затының инабаттылығы, ер азаматтың имандылығы, халықтың салт-дәстүрлерді сақтау... жәйлі тереңнен толғап, тебірене айтқан жазушы сөзі жүректен шығып, жүрекке жетіп жатты. «Ұлылықтың бір белгісі осындай дастархан басындағы сөзінің өзінде де ұлағатты ойлар айтады екен-ау» деп ойладым мен.

Ғабең түйдек-түйдек ойларын бір түйіп тастап, ойлы жанарын өзен жағасындағы шоқ талдарға қадады. Сол сәт барлық бұтақтары бүр жарған сұңғақ, сұлу ағаштардың жасыл жапырақтары: «Дұрыс, дұрыс айтасыз» дегендей алақан соғып, сыбыр-сыбыр етісіп сыңғырласа жөнелді. Сәлден соң жолға жиналдық. Соны күтіп тұрғандай манадан бері бір сіркіреп, бір басылып тұрған жаздың жұмсақ жаңбыры үдей жауды....

Кез келген ұлттың басында сын артар тарихи кезеңдер болады. Сыннан сүрінген ұлттың сағы сынады. Сыннан сүрінбей өткен ұлттың бағы жанады. Біздің ұлт қазіргі таңда дәл осындай бір тарих толқынына түсіп, бағы үлкен сын үстінде тұрған ұлт екені ақиқат.

Елбасы аузымен айтылған Ұлытау толғанысын оқып отырып, өз басым осы бір тамырын тереңнен тартар, тәлімі зор, ұлт тағдырын анықтар еңселі мұраттың ел үшін, ұрпақ үшін қаншама қажет екенін іштей қайыра бір сезіндім. Бұл, әсіресе, бүгінгідей жаһандану дейтін жанды, жүректі арбаудың жаңа сатысына көтерілген, адам ойы мен санасын жаулаудың ал­уан-алуан түрлері жан-жақты игерілген дәуірде маңызы артып отырған тарихи қажеттілік екені күмәнсіз.

«Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз»-деген еді елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлытау төріндегі толғамды сұхбатында.  Бұл  қазақ жұртының өтені  мен бүгінін бағамдаған тарихи сәт болды десек артық айтқандық  емес. Бүгінде халықты ойландырған өзекті мәселелерді сол жерде Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жік-жігімен талдап берді.

Бұл сұхбат жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин былай деген еді:

«Ия... Бұл сөз, яғни елдік пен бірлік хақындағы Ұлытау толғауы осыған дейін сан мәрте айтылып келген Елбасының тіл мен дін, тарих пен мәдениет, ұрпақ пен ұлт мәңгілігін қамтамасыз ету хақындағы толғауы тоқсан ой-пікірдің заңды, жүйелі жалғасы.

Сұхбатта ұлтты ұйыту мен мемлекет іргесін бекіте түсудің алғы шарттары барынша қамтылып, ұрпақ санасын тәрбиелеу мен ұлт бойындағы күрескерлік рухты қалыптастырудың жолдары қайсы деген сұрақтарға мейлінше қадау-қадау, кең, тынысты жауап берілген.

Бір сөзбен айтар болсақ, бұл сұхбат дүние әлем тапырақ күй кешіп, кешегі Киевтің Майдан алаңынан басталған демократиялық сипаттағы түрлі-түсті ревалюциялық ахуалдардың ақыры Батыс пен Шығыстың үлкен майданына айналып отырған тұста, Араб елдеріндегі түлеу көктемнің соңы қақыраған қара күздің жан түршіктірер қара суығына, мүдделер мен мақсаттар соғысына жалғасып жатқан кезеңде елді сақтандыруға, жұртты қобалжытпауға, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саяси, экономикалық және рухани бағыты мен бағдарын анықтауға көмектесер бағдаршам – пікір екені анық».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға