Жаңалықтар

Нұрбек Әлібек: Жастар жылы есте қаларлықтай болды

"100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы жоба туралы ойымен бөлісті
Нұрбек Әлібек: Жастар жылы есте қаларлықтай болды
08.01.2020 14:16 4382

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын тәмамдаған Нұрбек қазірде "Жастар" тетарында тер төгіп келеді. Талантымен талайды таңдай қақтырып жүрген актердің еңбегі еленіп, жастар жылында "100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздарының біріне айналды. 

 Нұрбек, Сіз үшін «100 жаңа есім» қандай жоба?

–  Сәлеметсіз бе! Мен үшін «100 жаңа есім» бұрын естіген, бірақ зерттеп көрмеген жаңа жоба. Осыған дейінгі кездесулер, жеңімпаздармен болған отырыстар мен үшін үлкен жаңалық. Өмір – ойын. Әр ойында бір кезеңнен өтесің. Сол секілді бұл менің өмірімдегі жаңа белес, жаңа кезең, жаңа таныстық, жаңа достар, жаңа шығармашылық жобалар және өзімнен басқа мамандық иелерінің шын мәнінде қандай іспен айналысатындарын білу, «100 жаңа есімнің» жеңімпаздарына ілесіп, бір толқында жүру.

 «Қазақстанның 100 жаңа есімі» болған қандай екен, қандай сезімдесіз?

–  Менде болған ең алғашқы сезім – жауапкершілік. Біріншіден, «100 жаңа есім» – тарихта қалу, екіншіден, тарихта қалған атыңды ары қарай алып жүру. Айтады ғой: «Өнердің биік шыңына шығу қиын, бірақ шыққан соң сол шыңды ұстап қалу одан да қиын», - деп. «100 жаңа есім» – жауапкершілік. Сен өзіңнің мамандығың бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандың. Алдағы уақытта жауапкершілігіңді сезіне отырып, өзіңнен кейінгі ұрпаққа немесе өзіңнің алдыңдағы осы мамандықты білмейтін адамдарға мамандығыңның жақсы жағын түсіндіру, көрсете білу. Жауапкершілікті түйеге артқандай тең дәрежеде, бір жаққа ауып кетпейтін қылып алып жүру. 

Театрда ақпарат және мәдениет бөлімі бар. Олар бірнеше адамды жобаға ұсынған екен. Жастығыммен алған шығармын?.. Мүмкін менің еңбегімнің ақталғаны болар?.. Мен бұрын да айтқанмын, өнер академиясына келердің алдында денсаулығыма байланысты үлкен келеңсіздіктер болды. Сахнаға қайта шыға алмай, депрессиялық сәттен өттім. Өнер мені қайта аяққа тұрғызып, сахнаға алып келді. 2 жыл бұрын «Алтын жебе» еріктілер тобын кездестірдім. Қазір сол топта жұмыс істеймін. «Әрбір істің артында бір қайыры болады» дейді ғой. Біз көмектесіп, үміт отын сыйлаған сәбилер мен олардың ата-аналарының алғысы келіп, тиген шығар?.. Маған алғаш «Жеңіске жеттіңіз», - деп хабарлаған кезде мен бір мемлекеттік шарада жүргізуші болып сахнада тұрдым. Шыны керек, күтпедім. Жобаның алғашқы жылы туралы толық білем десем де болады. Ол басқа әлем сияқты көрінетін. Біздің қателігіміз неде? Егер шетелде 13 немесе 18 жасар бала белгілі бір жетістікке қол жеткізіп жатыр десе, біз үшін тек шетелдің адамы ғана сияқты болады. Қазақстандықтардан ондай таланттар шықпайтындай елестейтін. Жобамен танысқанымда: «Бізде де мұндай жеңімпаздары болатын жобаның барына сендім, бірақ оны әрмен қарай жетеледім деп айтпаймын. Сол сәтте сендім, сол жерде қалды. Биылғы жылы осындай бағдарлама болып жатқанын білгенде интернет желісінен ruh.kz порталын ашып, қарадым. Кімдер қатысады, қалай өтеді деген сұрақтар туындады. Жеңімпаздардың қатарында тұру үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Жоба маған тек танымал адамдар емес, белгісіз тұлғалар да жеңіске жете алады деген пікірді қалыптатыруға көмектесті. Алғашында сенбеген едім. Хабарласып: «Сіз дауыс беруден өтпедіңіз. Қазылардың шешімімен 7 адамды ұсынды, ішінде сіз де барсыз», - деді. Қатты қуандым. Еңбегімнің ақталғанын сезініп, шүкіршілік еттім. Одан соң өзіме: «Маған әлі де еңбектену керек шығар», - дедім. 11 жасымда мектеп-интернатта оқуға үйден кеттім. Келер жылы өнерде жүргеніме 15 жыл болады. Бұл өнердегі 15 жылдығыма өзіме жасаған үлкен сыйлық іспетті. Қысқасы, көп жылдық еңбегіңнің ақталғанына риза боласың. 

 Жобаның мән-маңызы неде деп білесіз?

–  Бұл сұрақ турасында қатты ойланатындардың бірі мен шығармын. Менде жоба маған не береді деген сұрақ туындады. Мен жоба арқылы елге не бере аламын? Өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма не бере аламын деген сұраққа жауап іздедім. Себебі ұйымдастырушылар маған сенім артып, «100 жаңа есімге» лайықтысың деген пікірді қалыптастырды. Арқама үлкен жүкті артты.

 Қазақстандық жастардың деңгейі қандай?

–  Қазақстандық жастардың деңгейі әлемдік жастармен салыстырғанда өте жоғары. Театрдан бөлек, театрды сыртқы фестивальдерге алып жүру үшін халықаралық қатынастар бөлімінде жұмыс істеймін. Сол бөлімде қызмет атқару арқылы талай мемлекеттердің жастарын көрдім. Қазақстандық жастар өте талантты келеді. Мойындау керек, жалқаумыз... «Өнерде 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек керек» деп айтылады. Бізде, керісінше, 99 пайыз талант, 1 пайыз еңбекті жасамайтын жастар бар. Ойында тұрады, бірақ әрекет етуге ерінеді. Ол күнделікті тұрмыстан, дайындықтан байқалады. Оған ештеңе айта алмайсың. Өйткені бес саусақ бірдей емес. Бәрі деп айтуға тағы болмайды. Дарынды жастардың деңгейі өте жоғары. Шынымды айтайын, жеңімпаз 32 адамның ішінде осындай дарынды адамдардың бар екенін білмей келіппін. «100 жаңа есім» үш жылдың ішінде орта есеппен 200-ге жуық қазақстандық жастарды танытып, әлемдік деңгейде жұмыс істей алатын, IPO секілді дәрежесі жоғары адаммен еңсесін көтеріп, қатар тұра алатын жастар бар екендігін көрсетті. Сондықтан осындай қаншама дарынды жастарымызды көре тұра қазақстандық жастардың дәрежесі төмен деп айтуға құқым жоқ. Жоба арқылы шабыттанасың. Бұл маған үлкен серпіліс беріп, тоқырау кезеңінде құйылған су секілді болды. Еңбегің еленген сайын шабытың күшейе түседі.

 Жастар жылы несімен есте қалды?

– Театрымызға Жастар жылы өте жақсы жылдардың бірі болды. Театрдың құрылғанына 13 жыл. 13-ші маусымымызды халықаралық байқауда 13-ші Гран-Примен аштық. Мемлекетіміздің ішіндегі гастрольдерді жүзеге асырдық. Түркияда өткен фестивальде үздіктердің қатарынан табылып, жүлделі орын алдық. Әлем бойынша екінші орында тұрған фестивальге 3-ші рет шақырту алып, барып қайттық. Өзімізді әлемге таныттық деп айта аламын. Өйткені біз 28 күннің ішінде 73 спектакль қойдық. 600-ге жуық жіберілген өтініштің ішінен олар 8 театры ғана қабылдады. Солардың бірі – біз. Әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері өнер көрсеткен сахнада қазақтың «Қыз Жібегін» қазақ тілінде қойып, қазақтың фальклорлық рок бағытына жаңа бағытты ұсына алғанымызға өте қуаныштымыз. Келесі жылға 4-ші мәрте шақырту алдық. Сондай-ақ Грузия, Түркменстан, Беларусияда өткен фестивальдерде бардық. Айталық, шетелге шығатын қаржымыздың барлығын мемлекет көтереді. Бұл Жастар жылы аясында еліміздің ең жас театрларының біріне көрсетілген мемлекеттік көмек, үлкен қамқорлық. 

Аружан Мырзатай, Ruh.kz

Фото - Джамиля Мурзабекова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға