Жаңалықтар

«Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза»

Намыс жоғалса ар да құрбан болмақ
«Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза»
29.03.2019 14:36 15903

Қазақ дүниетанымында адам бойындағы ең ұлы қасиет ар мен намыс. Адамды адам ететін де сол. Ар аяққа тапталса намыс көтеріледі. Намыс жоғалса ар да құрбан болмақ. Ұрпаққа «ар ілімін» оқыту керек деп өткен Шәкәрім неткен әулие дерсің. Қазақтың қамсыз жатқан қараңғылығына намыстанған Хәкім Абай сынап та алды. Сол қоғамды түзете алмаса да ой биігінен күллі дүниеге күндей жарық шашты. Алыптардың аманатын арқалаған кемеңгер Мұхтар қазақты әлемге танытып қана қоймай, қаламына табындырып, ұлы қазақ мәдениетіне ғашық етті. Олар жеке басы емес, рулық орта емес, жалпақ жұрттың, ұлтының ар-намысына айнала білді.

«Пайда ойлама, ар ойла», – деп өткен Абай ар тазалығының мән-маңызының қаншалықты екенін ұқтырып кеткендей. Дүниедегі жауыздық пен опасыздықтың барлығы арсыздықтан бастау алады. Ар алдындағы жауапкершілігін сезінген жан ғана құдай алдында таза болса керек. Тіпті сүйікті ұлы  Әбдiрахман өлгенде күңіренген ойшыл «Тұл бойың ұят, ар едiң» деп жоқтайды. Осыдан-ақ арды қаншалықты биік қойғанын парықтай берсеңіз болады.

Абайдың туысқан інісі әрі рухани шәкірті болған Шәкәрім «Бостандық таңы атты» өлеңінде: «Арға ие басшының соңынан еріңдер» – деп еліне насихат айтады. Арға ие басшы ғана халқын жарқын өмірге, тура жолға бастайды. Осындайда ойымызға құран сөзін жүрегіне тұмар етіп, қалың елінің иесіне, қасиетті киесіне айналған Құнанбай оралады. Не нәрсені әріден ойлап, арымен өлшеген тұлға. Әке өнегесін көріп, қадіріне жеткен Абайдың өзі Әбдірахманы өлгенде: «Арғы атасы қажы еді, Бейістен татқан шәрбәтті» демей ме?! Міне, асылдан арлы, жалтақтан жарлы туатыны осыдан-ақ көрінсе керек.

Байқап қарасақ қоғамдағы болып жатқан барлық дау-дамайлар, қазақ ұғымындағы жер дауы мен жесір дауы осы ар-намыстың айналасында бастау алып жатқандай. Оған мысал жетерлік. Шетін түртіп қалсаңыз тұтанып кетердей. Қатал өкіметтер орнатқан таптық жік-жікке бөліну бізді ауыр күйге түсірді. Қорғансыз кедейге қорлық көрсетіп, ынсапсыз байдың аранын ашты. Әділетсіздікпен әуре етіп, жазықсыз көз жасын төкті. Аяулы  ар-намысты қорлады. Бір ғана Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күнін» қарайықшы, есіл Ғазизаның күйі: «Жас күнінен бір үйдің түгелімен еркелетіп, алақанына салған баласы. Ешуақытта қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан емес. Жүрегінде ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен. Кедейлігінен, қорғансыздығынан басқа міні жоқ, салмақты, таза тәрбиелі бала – бұл күнде сол не көріп отыр?».

Нәпсі билеген қара күшке қорланған қыз намысы ажалға апарды. Жарық күнде қапас тағдыры адастырып түнекке тықты. Қазақ қызының намысын қаншалық биіктігі жазушының осы шағын әңгімесінен-ақ көрініс тапты.

«Қараш-қараш оқиғасындағы» ағайынды Бақтығұл мен Тектіғұлды алайық. Тектіғұл Сәлмен байдың босағасында өледі. Ағасы Бақтығұлды кек билеп, Сәлменнің жылқысын ұрлайды. Сәлмен осы жағдайды біліп, Бақтығұлды сабап тастайды. Кейін ол үміт етіп Жарасбайға көмек қолын созуды сұрайды. Бірақ Жарасбай оны сатып кетеді. Оған шыдай алмай кегінің орнына Жарасбайды мерт қылады. Міне, мұнда да қорланған намыс, тапталған ар.

 «Абай жолы» романынын алсақ та «атақты» Қодар мен Қамқа оқиғасынан басталады. Ата мен келін арасындағы сорақылықты топ ішінде Құнанбайдың бетіне шіркеу қылады. Шарасыз Құнанбай ақ-қарасына көзі жеткен соң намыстан өртеніп, шариғат жолымен жазалайды.  Ардан аттағандарға мұндай ауыр жаза, қанның тазалығына қатты мән беретін қазақтан басқа қандай халықта бар? Тағы да сол ар мен намыс. 

Түйіндей келсек, ұлттың бойындағы осы ұлы қасиеттерді шығармасына арқау етіп ұрпаққа аманаттаған бабалар өнегесін зердемізден шығармасақ екен. Көкейімізге түйіп, кейінгіге насихаттау біздің де асыл парызымыз болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға