Жаңалықтар

Міржақып Дулатұлының күрескерлік жолы

Ұлттық идея
Міржақып Дулатұлының күрескерлік жолы
15.09.2017 15:07 26291

Адам басындағы, адамзат тарихындағы немесе ұлт тағдырындағы әрбір іс белгілі бір жолмен жүзеге асады. Алдымен ой туындап, белгілі орта қоғамға идея арқылы әсер етеді. Яғни бастапқы идея бастапқы бір тұлғаның қалауы. Ол идеяны жүзеге асырушы күш - қарапайым халық. Сол себепті көзделген мақсатқа негізделген идеологияны елдің санасына сіңіру үшін түрлі шаралар жасалады. Идея халық санасына сіңген соң ол бастапқы тұлғаның ғана емес қоғамның қалауына айналып, жаңаша сипат алады. Қоғам болып күресіп идеяны жүзеге асыруға тырысады. Істің орындалу барысы оның маңыздылығына, ол идеяға қарсы бұрыннан қалыптасқан тамыры терең идеяның беріктігіне және де қарсы тараптан жасалған идеяның күштілігіне байланысты. Сондықтан да жүзеге асу барысы әртүрлі. ХХ ғасыр басында қазақ санасында идеялар қақтығысы болды. Ескішіл жұрттың тозығы жеткен түсініктерден арыла алмауы, бір жағында орыс үкіметінің отарлық бағытта жасалған идеясы. Осы екі идеяға қарсы жаға бағыттағы ұлттық идеяны ұстанған алаштықтар.  Кейде жоспар идея авторы тарих қойнауына аттанғаннан кейін жүзеге асады. Біздің мақсат идеялар ішіндегі «ұлттық идея».

Ұлттық идея - ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие түсініктер. Ұлттық идеяның табиғатын түсіну үшін, алдымен «идея» мен «ұлт» түсініктерінің ғылыми анықтамаларына тоқталуымыз қажет. Идея сөзі грек тілінен аударғанда – көрініп тұрған нәрсе, бейне, яғни, мағына, ой, пікір, маңыз, мән ұғымдарын білдіретін, түрлі мағынада қолданылатын философиялық термин. Идея болуға тиістінің жалпы кескінін көрсетеді, соның жалпы бағытын анықтайды. Яғни ұлттық идея ұлттың ойы, мән-мазмұны дегенге саяды. Қоғамдағы әрбір адамның өзіндік идеялары, өмірге деген көзқарастары, идеалдары мен құндылықтар жүйесі бар. Бұлар жиналып келіп, адамның рухани жан дүниесін құрайды.

Ал, «ұлттық» термині ұлтқа тиесілі деген мағынаны білдіреді. Ұлттың ең бірінші рухани құндылығы мәдениеті мен тарихы. Жеке тарих деп те алсақта қате болмас. Мәдениетті елеп-екшеп, өз кезегінде байытып келешекке тасымалдаушы тарих екені ақиқат. Сондықтанда ұлтқа қатысты қандай да бір рухани мәселе қозғалғанда істің басы тарихтан бастау алмақ. Ұлттық идея туралы да сөз қозғап,  идеологияны қалыптастыруды ойлаған жан тарихтан тағлым алмай болмас.

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысы, Торғайүйезінеқарасты Сарықопа болысында (қaзipri Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы) туған. Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерліктей дөңгелек қана шаруасы бар, тауфиқты адам болса керек. Шешесі — Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған. Дулат балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, сонсоң орысша оқытып, заң қызметіне бейімдеп, заман талабын ерте түсінген әке осы ізбен кіші ұлы Міржақыпты да оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін,  ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды. Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді. Міржақып «Менің алғаш білімге көзімді ашқан сол кісі еді», - дейді екен. Міржақыптың бұл сөзі оның өнер-білім жолындағы ұзақ жылдар бойғы ізденістерінің бастауы дәл сол кіндік қаны тамған жер – Торғайдың өз топырағында жатқанын аңғартады.

Анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылған Міржақып ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болыпөсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Бұл кезде Торғай топырағының құнарына мәуелі білім нәрін сеуіп кеткен Ыбырай Алтынсарин атамыздың мектебі іргесін бекітіп, еңсесін көтеріп, айналаға өзінің ықпалымен әсер етіп, ел ішінде білім жолында қозғау сала бастаған кезі еді. Ағасы  Асқар оқыған және Ахмет Байтұрсынов, Мұқан ұстазы оқыған аталмыш оқу орынына Міржақыпта келіп түседі. Осылайша 1897 жылы ол Торғай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебіне қабылданып, бес жыл оқып, 1902 жылы үздік бітіріп шығады. Жаңа оқу бітірген жас ұстаз алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады.Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды. Әлі шәкірт жасындағы ұстаздың кейінгі ғұмырында кеңінен өріс алған белсенді әлеуметтік, ұлттық, саяси, шығармашылық қызметі осы кездерден басталады.                                           

Бұл кезең талай халықтардың үстінен небір сұрапыл дауылдарды соқтырып тұрған ХХ ғасырдың басы,патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. ХІХ ғасырдың аяқ кезіндегі атышулы Стольпин заңынан кейін қазақ даласына жаппай көшірілгенорыс шаруалары патша әкімшілігінің отаршыл саясатымен жергілікті халықтың ең шұрайлы, суы тұнық, оты шүйгін, топырағы құнарлы жерлері жаңа қоныстанушыларға тартып әперілген. Атамекеннің асылынан айырылған қазақ халқы мыңғырған малмен тастақты жерде қалып қойды.

Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Наразылық туды. Елі үшін уайым шегер азаматтар адамзаттың тарихи көшінен қағаберіс қалып, марғау жатқан елдің тығырықтан шығар жолын іздеп шарқ ұрды. Күресудің жолдары қарастырылып жатты. Қапастан құтылудың ең бірінші баспалдағы – озық елдердің қатарына қосылып, өнер-білімге  тартылу деп білген олар өздерінен бұрын өткен ағартушы ағаларының дәстүрін жалғастырып,қалың бұқара арасында осы бағытта насихат жұмысын күшейтті. Оқуға, білім алуға ұмтылыс арта түсті.. Бірте-бірте халық саяси құбылысқа айналып, ел ішінде отаршыл саясатқа қарсы ұлт-азаттық идеялары туындады. Патшалық Ресей де бірінші буржуазиялық-демократиялық дүмпудің қарсаңында болатын.

Осындай тарихи ахуалда ел ішінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген Міржақып секілді көзі ашық, көкірегі ояу, көңілі сергек  жас ұстаздың туған халқының тағдырына байланысты саяси-әлеуметтік мәселелерден  оқшауланып, қалыс қалуы мүмкін емес еді. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлап,халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салды. Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді.

«Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,

Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай.

Шамаңды қадари хал көрсетсеңші,

Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай», - деуінің өзі алда күреске толы күндер барын сезіп, өз-өзін қайрағанын байқатса керек.

«Қалың қазақы ортадан шығып, айналасы төрт-бес жылдың ішінде үйездік мектептен дүниелік пәндердің негізі бойынша жалпылама ғана мағлұмат алып шыққан жас жігіттің болашақта үлкен білімдар болып шығуы үшін және заманның аяқ алысын аңғарып, соған қарай қарекет жасайтын қайраткер болып қалыптасуы үшін, өзгесін былай қойғанда, мынадай екі қасиет қажет сияқты болып көрінеді.

Біріншісі – мектептен алған білімдік-танымдық мағлұматтарды өздігінен оқу арқылы жүйеге келтіріп, жетілдіру және екіншісі – сол білгенін ел өмірімен салыстырып, оның тілек-талабына бағындыра білу, соған қарай іс-қимыл жасауға бейімделу.

Жасы жиырмаға толмаған балаң жігіттің бойында осы екі қасиеттің екеуі де бар еді», - дейді филология ғылымының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов.

Және бұл кезде Міржақыптың бойынан ақындық өнер де көріне бастаған болатын. Дүниетанымы кең, терең ойлайтын жас жігіт алыс қияндарды аңсаған қырандай кең өріс іздеп, биік мақсаттар мен асыл мұраттар жолындағы күресті аңсады. Жігерін жанып, қайраты тасып тұрған ол бар күш-қуаты сарқылғанша елге қызмет етер ортаны іздеді.

Жақсының өзі алыс болған сайын аты зорайып отыратын қазақ елінде Ахмет Байтұрсыновтың есімі азаматтығымен жаңғырып жатқан кез болатын. Тың сонар даңғыл жол салып өткен Ахмет ағасының есімімен Міржақыпта таныс бола бастаған еді. Ел ертеңі жолында тер төгер қайнаған ортаны аңсаған ол 1904 жылы Арқадағы қазақ оқығандарының бас қосатын бір орталығы - Омбы қаласына алыс та ұзақ сапарға аттанып,осында ұлт зиялыларының ұстазы, Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық алғашқы революцияның қарсаңында ел іші дүрлігіп, қоғамдық қозғалыс қазандай қайнап жатқан шақта елге ұйтқы болған асыл ер Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта біpi — ұстаз, бipi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бipгe Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады. Бұл петиция М.Әуезовтың мақаласына сүйенсек: «1905 жылы Қарқаралыда Ахаң менен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз, тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуына болғандықтан, қазақ жұртын мүфтилікке қаратуды сұраған.

Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған », - дейді.   Міржақып жастығына қарамастан ұлт жолында үлкен істерге кірісіп, қызу қимылмен көзге түседі. Оралдағы қазақ конституциялық-демократиялық партиясының съезіне қатысып, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петербургке барады.  Жаңа ғана Торғай топырағынан аттанған ауыл мұғалімінің әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына, ой-өрісінің кеңейіп, мақсат-мұраттарының нығая түсуіне бұл сапардың маңызды рөл атқарғаны анық. Омбы мен Қарқаралыда саяси күрескерліктің алғашқы сабақтарын Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынұлынан алған Міржақып ел астанасына барғанда одан әрі пысықтай түседі.

Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне “Жастарға" деген өлеңін жариялайды. Бүркеншік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақаласы  жарияланған «Серке» газеті аталмыш мақаланың себебінен біржола жабылып, сол санын шығаруға қатысқан адамдардың барлығы да жауапқа тартылсын деген үкім шығады. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. «Бірақ, кейінірек, Міржақыптың үстінен «Оян, қазаққа» байланысты іс қозғалған кезде, бұрынғы «Серкенің» мәселесімен айналысқан шенеуніктер әлдеқандай бір сезікпен газет материалдарын архивтен қайта көтерген де, екі істің арасында ұқсастық барын анықтаған сияқты. Сол жолы «Серкеге» байланысты барлық материалдар соттың шешімімен түгелдейжойып жібергенге ұқсайды.

Біздің байқауымызша, мына жинақтағы мақаланың мазмұнына қарағанда, мұның мәтіні де түгел сақталмаған тәрізді. Олай дейтініміз, бас жағында бодандықтың зардаптары жайында отаршылардың шамына тиетін бірсыпыра сөздер айтылғанымен, мақала тақырыбындағы мақсат жөнінде бірауыз сөз жоқ. Айтар ойына әрдайым мұқият автордың тақырыпқа сай ләм демеуі мүмкін емес еді деген ой келеді». Автордың ел алдында ағынан жарылып алдағы жүзеге асырмақ болған мақсаты, жалпы ұлт зиялыларының мақсаты жазылған мақала осылайша жойылуы мүмкін.

Өз мақсатына, ұстанымына берік ол ұлт жолындағы күресін күшейте түседі. 1909 жылы  М. Дулатұлының "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап та патша әкімшілігінің қуғындауына ұшырайды. Жандарм қызметкерлері таққан негізгі кінәсі – жоғары да атап өткендей Петербургта тұтқындалған газет мақаласының идеяларын әрі қарай уағыздағаны деп көрсетілді.

Өлең жинағы кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырған еді.

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбеі қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты...»

Осы бір шумақ автордың қаймана қазаққа, оқырман қауымға айтпақшы болған ойының шоғырланған негізгі түйіні болса керек. Кітапқа ат болып алынған қаратпа екі сөз елін ұйқыдан оятуға жанталасқан ақын өмірінің символы іспеттес.Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген Міржақып: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады.

Бұл сол кездегі қазақ даласында қалыптасып келе жатқан қоғамдық ой-пікірдің, қазақ қоғамында анық бой көрсете бастаған әлеуметтік қозғалыстың көрінісі еді. Елдің оянуынан шошыған патшалық әкімшілік ұлтты «оятушы» топтың белсенді мүшесі ретінде Міржақыпты қатаң бақылауға алған болатын. Шәкірт кезінде ойына оралып жүретін  ұйқасты ырғақтарды елемесе де, одан кейінірек өз өлеңі тасқа басылып шыққан соң қоғамға әсерін байқаған ол бойдағы дарынына басқаша қарай бастайды. Сол кезеңнің ұлттық, демократиялық қозғалыстың басқа да белді қайраткерлерімен танысып, өзін де таныта білді.

Ақынды ерекше тебіренткен және оқырманға қатты әсер етіп, қалың жұртшылықты елең еткізген нәрсе қазақ қауымының ғасыр басындағы әлеуметтік хал-ақуалы жайлы жазылған шығармалары еді. Автор дүниге келген ХІХ ғасырдың аяғы мен өмір табалдырығын аттап, қоғам өміріне араласа бастаған ХХ ғасырдың басы Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясаты шырқау шыңына жетіп, өмірдің барлық салаларында да асқынып тұрған кезі болатын.

Патша әкімшілігі қазақ даласына үңги кіріп, ел басқарудың тарихи дәстүрлі тәртіптерін жойып, орнына орталық аймақтардағы әкімшілік-басқару жүйелерін енгізе бастайды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірінде ауыр сілкіністер туғызған осы және басқадай терең тамырлы өзгерістер бодан елдің болашағын тығырыққа тіреп, күнделікті тіршілік тынысын тарылта бастайды. Бұл қасіретті хал ақын шығармаларында ерекше  әсер күшімен суреттелген-ді. Ащы шындықты тайсалмай жазған автордың еңбегі қолдан-қолға, ауыздан-ауызға тарап, аз уақыттың ішінде атақ-даңқын алты алашқа танымал етті. Ізін суытпай, жинақты екінші рет бастыруға тура келді.

Бірақ бұл кітап жас авторға халық арасындағы беделмен бірге патшалық әкімшілік тарапынан қуғын-сүргінді қоса алып келді.  Қуғындау шаралары туып, тергеу мекемелерінде жас қаламгердің жағымсыз бейнесі қалыптасты. Ақыры ол туған жерден алшақтап, өзі көрген Омбы жаққа, Ақмола облысындағы Қызылжар қаласына қарай жылыстап кетеді. Артынша «Оян, қазақ!»та тәркіленеді.

Қоныс аударғаннан соң да бақылауда жүрген Міржақыптың ресми орындарда белсене жұмыс істеуіне мүмкіндігі болмайды. Сот кеңсесінде тілмаштық қызмет атқарып, жеке адамдарға жалданып, мұғалімдік қызметін жалғастырады. Ұлт үшін күрестің қай саласында да озық шығар ол өз құқығын қорғай білуі, жаңа заманға икемді болу үшін қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Осы тұста одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алса керек.

Революция толқыны күшпен басылған шақта да әр қадамы аңдулы саяси сенімсіз жігіт басқа қоғамдық істерге бара алмасын білген соң, бар күш-қуатын шығармашылыққа арнайды. Тынымсыз ізденіс үстінде тың сонарларға ұмтылып,   жаңа жолдарда қалам тербейді. Поэзияда қаламы төселген ақын енді жаңа бір шабытпен проза саласында өзін сынап көрмек болады. Күрделі жанрда жазылған шығарма дәл сол 1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» деген атпен басылып шығады. . Кітап 1914 жылы екінші peт басылды.  Бұл роман жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. "Бақытсыз Жамал" қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т.Жомартбаевтың "Қыз көрелік", С.Көбеевтің "Қалың мал", С.Торайғыровтың "Қамар cұлу", т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезеңдегі аса маңызды әлеуметтік мәселелерді қозғаған туындылар болатын. Бұл шығармаларда қазақ ауылының тұрмыс жайы, әйелдердің бас бостандығы және қоғамдағы басқа да келеңсіз жағдайлар туралы баяндалды.

"Бақытсыз Жамал" романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы. Шығарма сол кезеңдегі қазақ даласының шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін эпизодтан басталады. ... Жайлауға жаңа көшіп қонған ауыл. Саумалкөл маңына жағалай тігілген киіз үйлер. Бие байлап, қымыз сапырған жайма-шуақ ауыл адамдары. Қыстай араласа алмай, сағынысқан жұрт енді бірін-бірі қонаққа шақырып мәз. Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Осылайша жайбарақат жатқан ауылға патша ұлықтары келе жатқаны туралы хабар тарайды. Абыр-сабыр басталады. Ауыл сыртына үй тігіледі. Арнайы үйге келіп түскен екі ұлықты "ләббай, тақсыр" деп күткен ауылнайдың сөзінде де ерекше бір мақтаныш сезіледі. Міржақып Дулатұлы осы шағын көріністі суреттеу арқылы өз заманының тұрмыс-жағдайын, адамдардың психологиясын дәлме-дел береді. Ауыл адамдарының өзара әңгімелерінен, ауылнай бастаған белсенділердің іс-әрекет, мінез-құлықтарынан жазушы мол сыр ұқтырады. ...Дәл осындай абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге қыз бала келгені туралы қуанышты хабар жетеді. Дүниеге келген бұл сәби романның бас кейіпкері Жамал болатын. Табиғатынан зерек жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Түрлі хисса-дастандарды көп оқиды. Бірқатарын жатқа да айтатын болады. Сөйтіп елдің көзіне түсіп, қыз айттырам деушілердің назарына ілігеді. Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де "Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар" деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Қыз шешесінің қарсылығына қарамастан, Сәрсенбай болашақ құдасының байлығына қызығып, құдалыққа келіседі. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысып, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні жылап жатып қайтыс болады. Романда оқиға желісі—суреттелетін ауыл өмірі, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен жекелеген адамдар түсінігіндегі қайшылықтар шырмауына түскен Жамал мен Ғалидың мөлдір махаббаты, өз еркіндіктеріне жету жолындағы ұмтылысы осы арнада өрбиді. Ақыр аяғында трагедиямен аяқталады. М. Дулатұлы бұл оқиғаны кездейсоқ болған бірді-екілі жай ретінде қарамайды. Ғашықтар трагедиясын ол қазақ даласындағы әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Сол арқылы қазақ қыздарының бас еркі, жастардың өз қалауымен өмір сүру қажеттігі туралы ой ұсынады. Жазушы үшін әйелдің бас бостандығы, өзінің сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы ең бір түйінді мәселе болды. Ол әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Міржақып Дулатұлының романдағы Жамал бейнесін сомдаудағы жаңалығы да өзінің осы идеясына негізделеді. Романдағы Ғали — сол замандағы оқыған, мәдениетті жастарының жиынтық бейнесі. Сырт келбетіне ақылы сай жігіт Ғалидың әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген , жазған хаттарынан бұл қасиет айқын аңғарылады. Ал шығармадағы Байжан бай, оның баласы Жұман, сондай-ақ Жамалдың әкесі Сәрсенбай, үлкен шешесі Қалампыр — ескі психологияның адамдары. Оларға адамгершіліктен гөрі байлық, шен мақтанышы қымбатырақ. Тұтастай алғанда, "Бақытсыз Жамал" романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне дәстүрлі жол көрсетті, үлгі болды.

Бұдан әрі Міржақып өз шығармашылығын өлең мен проза жанрында қатар дамытады. Өз туындыларын әр жерде шығып жатқан қазақ тілді басылымдарға, әсіресе «Айқап» журналына үзбей жариялап отырды.  Сонымен қатар қазақ даласындағы болып жатқан әр істі жіті бақылауда ұстап, халық тұрмысының жай-жапсарын қадағалап отырады. Әр өлкедегі ел тұрмысын өз көзімен көріп-білгісі келген ол Семей облысына қарай сапарға шығады. Осы сапарында алдында ғана саяси айыппен қамауға алынған Ахмет ағасының артынша Міржақып та бір жарым жыл абақтыда жабылады. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын қазақтың қайсар ұлы түрмеде де шығармашылығын шыңдай түседі. Патшалық үкімет қаншалықты қыспаққа алып, қаншалықты тар қапасқа қамап шығармашылық өрісін тарылтқанымен сол тұстағы руханяты шөлдеген ел арасында ақын өлеңдері аса жылдам қарқынмен тарап жатты. Сол тұстағы қоғамның кемшіліктері, қазақтың қараңғылығы мен ұлтқа жасалған зорлық-зомбылығы кеудесінде запыран болып жиналып, сыртқа зар болып ақтарылды. Міржақып ақындықты аңсамаса да арқаға артқан ел міндетін сезінгендіктен және де талай ғасырлық тарихы бар ауыз әдебиеті сәулет құрған қазақ даласында өлең тез тарап, ел жадында ұзақ сақталатындықтан осы жолды таңдаған еді. Өмір жолы тарылғанымен ой-өрісі, дүние танымы кеңие түскен ол ұлттың санасын тез оятуды, әрі жас ұрпақты жаңа заманға лайықты етіп даярлауды көздеді. Өне бойы қазақ деп шымырлаған, ыстық қаны қазақ деп тулаған ақын Міржақып:

«Алыстан Алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ -

Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!», - деп жырлайды.

Бұл жолдар Міржақып шығармашылығының өне бойына тартылған темірқазығы, идеясының басты бағдары болатын. Өнегесімен де, ерлігімен де, кеңпейіл, данышпан, көрегендігімен де қай халықтан болсын басым түсетін қазаққа қазақ деуден артық лайықты мақтау сөз жоқ екені анық. Осыны санасына берік тоқыған халқының нағыз ұлы ұлтының қазақтығын сақтауымен ғана мәңгі, әрі ұлы екенін өскелең ұрпаққа дәріптейді. Сол кезеңдегі жұтылып бара жатқан қазақ құндылықтарын сақтай отырып тарих толқынында өтпелі және сындарлы шаққа тап келген елін жаңа сатыға шығару жолында тынымсыз еңбек етті.Білім саласында, теңдік турасында артта қалған елін алға сүйреуді мақсат тұтты. Жер билігі өзінен кеткен, діні бұзылған, тілі шұбарлана бастаған елінің болашағы үшін көз майын сарп етіп, қасық қаны қалғанша күресуді асыл мұрат етті.Ақын үшін халқының өмірін жырлаудан асқан мәртебелі тақырып жоқ еді. Көп өлеңдерінде ол қазақ елінің ауыртпалықтағы, отарлық езгідегі жағдайын баяндай келіп, елдің мүддесіне қызмет ету—әpбip азаматтың парызы екенін ескертеді. Атап айтқанда, "Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі", "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат", "Сайлаулар хақында", "Жастарға", “Қазақтың ру басшыларына", "Атқамінер сұмдарға", тәрізді өлеңдерінде қазақ қоғамының сипаты, ондағы адамдар психологиясы, соларды көрген ақынның өкінішті күйі анық бейнеленген. Ақынның сол тақырыптағы шығармаларының бipi — "Шағым" өлеңі.

Бір қарағанда "Шағым" өлеңі ақынның аз ғана сәттік көңіл күйінен туған тәрізді. Әйтсе де мұнда жеке бастың мұңынан гөpi әлеуметтік ой басым жатыр. Ел ішіндегі білімсіздік, бойкүйездік, жалқаулық, енжарлық, алауыздық тәрізді толып жатқан кеселдерді көре тұрып, ақын мұңаяды. Тығырыққа тірелгендей болады.

Жүректен қашан шығар қадалған оқ,

Жандырған жанды нахақ сөнер ме шоқ?

Қажыған қам көңілді бip көтерер

Жанымда жан ашитын адам да жоқ, —

деп Міржақыптың өзі айтқандай, халқының тұрмысындағы әлгіндей керітартпа кемшіліктер оның жүрегіне оқ болып қадалады. Дегенмен ақынның мұңы терең қайғыға ұласып кетпейді. Өлеңінің соңында: "Әділдік аста қалған еш күні жоқ", — деп, түптің түбінде әділдіктің жеңетініне сенеді. Сол жолда өзінің бар күшін, өмірін аямайтынын былайша жеткізеді:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!

Өзін қазаққа түбегейлі арнаған  қайраткердің әр сөзі елі үшін жазылып, әр нүктесі елі үшін қойылды. Аталған өлең азамат ақынның алдына қойған мақсатын қаншалықты айқын түсінетінін байқатады. Ақынның мақсаты—халқының тағдырына ара түсу, елі үшін еңбек етуге бел буу. Сол себепті де ақынның өлеңдері ел ішіндегі надандықты, әділетсіздікті әшкерелейді, олардан арылудың жолын іздейді. Мәселен, "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат" өлеңінде қазақ ауылының көpiнісі суреттеліп, ондағы ішкен-жегенге мәз, жайбарақат тіршіліктің беті ашылады. Ел ішіндегі бірліктің, ынтымақ пен бірауыздылықтың жоқтығын айта отырып, ақын ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен әділетсіздікті сынға алады.

Міржақыптың осы тәрізді азаматтық, әлеуметтік сарындағы өлеңдерінің тақырыбы да, айтар ойы да, кұрылысы да, айтылу ерекшеліктері де әр алуан. Ақын бірде халықтың тағдырын, бүгінгісі мен келешегін толғаса, бірде жастарды оқу-білімге шақырған насихат айтады немесе күнделікті өмірдегі құбылыстарға қатысты адамгершілік мәселесін қозғайды, ал енді бірде патша өкіметінің озбыр саясатын, ел билеушілердің әділетсіздігін сынайды.

Міржақьш қаламынан туған көркем де күрделі туынды — "Алашқа" өлеңі. Ақын халқына қарата сөйлеп, оның өткендегі өмірін есіне түсіріп, жақсы мен жаманды, кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып, бірқатар әлеуметтік шындықтың бетін ашады.

Ақын алдымен күні кеше төскейі төрт түлік малға толған бетегелі қырлардың, онда көшіп-қонған берекелі ауылдардың сәнін әсем суреттейді, ел баскарған ақылды хандар мен билерді еске алады.

Салтанат Сарыарқада кұрған қазақ,

Толықсып жүрген кеше күнің қайда? — дей келе ел ішінен халқының сөзін сөйлейтін шешендер мен елін, жерін қорғайтын ерлер, ақылдың кені іспетті дана қарияларын іздейді. Солар бар жерде елдің берекесі де артык болмақ.

Бірақ өмір Міржақып ойлағандай емес. Би — парашыл, қарттары — қарау. Бірлік жоқ, алауыздық үстем. Ақын осыған өкінеді.

Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан

Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес.

Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,

Көре бер өз бетіңмен күніңді өлмес, — деп, туған халқын ойлануға шақырады. Қойды қасқырға бақтырғандай әділетсіз заманның жайын түсіндіреді. Ел басқарушы залымдарға сенбей, өз күшімен күн көру қажеттігін айтады.

Мiржақып ел ішіндегі кемшіліктерді әшкерелей отырып, халқына одан арылудың жолын көрсетеді. Өзінің "Шәкірт", “Насихат ғумумия" тәрізді бірқатар өлеңдерінде өнер мен білім жинаудың пайдасын бipiншi кезекке қояды. Tіпті адамгершіліктің өзі білімнен, оқудан басталады деген ой айтады. Оқығандарға ой салып, қазақ даласында оқымаған адам қалмауы үшін  мақалалар жазып, халықты білімге үгіттейді. Саяси білімі жетілген, тұлға болып толысқан Міржақып ендігі өмірін қазақ халқын сауаттандыруға жұмсайды. Осылайша жас ақынның саяси күрескерлік жолы басталады.

Қорыта айтқанда ХХ ғасырдың басында қазақ даласы күрескер азаматтарға зәру еді. Осы тұста елдің ертеңі үшін бар күш-жігерін жұмсап қызмет еткен тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатов. Келешек ұрпақ егемен елде өмір сүру үшін өз өмірін қысымда өткізуге бел буды. Шұрайлы жерінен, сес көрсетер қаруынан, басындағы билігінен айрылған, қара түнекке бет алған елін орыс бодандығынан арашалап алмақ болды. Халықтың санасына әсер етсе, елдік ойлау жүйені қайта қалпына келтірсе қазақ елінің қандай болмасын бұғауды жеңіп шығатынына сенді. Осы мақсатына жету жолында көптеген қиыншылықтарына қарамастан ел арасындағы «ояту» шараларын жүргізіп, жалпы жұртты сауаттандырудың ауқымын кеңейтті. Жалпақ жұртты бірауыздан бірігіп, мектеп-медресе салуға шақырды. М.Дулатовтың ұлт санасына сіңіруге тырысқан құндылықтары қазақ халқымен мәңгі бірге жасайтын қасиеттер. Ол аңсаған сана егемендігі тәуелсіз заман туса да әлі де толық жүзеге асқан жоқ. Автордың еңбектері, «Оян, қазақ!» концепциясы осы олқылықтың орнын толтырар құнды қазына.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға