Қандастар Ассамблея

Өмірін өнерге арнаған өнерпаз

Қытайдан көшіп келген қандасымыз Талғар Толқынұлымен әңгімелескен едік

Биыл шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға көш түзегеніне отыз жыл толып отыр. Шамамен бір миллионнан астам қазақ тарихи Отанына оралды.  Солардың бірі – 25 жастағы виолончелист Талғар Толқынұлы. 

Қандасымыз Талғар Толқынұлы  1995 жылы Қытай Халық Республикасының Пекин қаласында дүниеге келген. Балалық шағы әке-шешесінің туып-өскен топырағы Алтай өңірінде өтеді. Мұнда ол ата-әжесінің тәрбиесінде болады. Ал төрт жылдан кейін Пекинге әке-шешесіне біржола көшіп келеді. 


– 2000 жылы әке-шешем Қазақстанға көшеміз деп шешім қабылдады. Мемлекет тарапынан қандастарға берілетін квота үлкен көмек болды. Соның арқасында олар елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия Ұлттық университетіне жұмысқа қабылданып, баспаналы болды. 2001 жылы астанаға түбегейлі қоныс аудардық, - дейді Талғар Толқынұлы.

Қандасымыздың әкесі Толқын Төлеуханұлы Пекиндегі қазақ радиосында біраз жыл журналистік қызмет атқарған. Ал анасы Айгүл Қатысқызы жоғары оқу орындарының бірінде ағылшын тілінен сабақ берген. Бүгін де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетінде оқытушы. Әкесі қытай тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Ал 2019 жылы әкесі дерттен қайтыс болған. 

– Мен – үйдің тұңғышымын,- дейді кейіпкеріміз әңгімесін сабақтап. – Артымнан ерген қарындасым бар. Ол 2005 жылы астанада дүниеге келді. Қазір елордадағы Қазақ  ұлттық өнер университетіне қарасты мектеп-колледжінде «Фортепиано» мамандығы бойынша білім алып жатыр. 


Оның өнер саласына бағыт бұруының өзіндік бір тарихы бар.   

– Марқұм әкем  жас кезінен әнді нақышына келтіріп орындайтын сегіз қырлы бір сырлы адам болды. Кез келген отырыстың шырайын кіргізіп,  домбырамен де, гитарамен де әуелетіп ән шырқайтын. Ата-анам фортепиано аспабынан репетитор жалдады. Ол кісі  біраз уақыт мені аспапта ойнауға үйретті. Бір күні үйімізге  кәсіби дирижер Қарасай Сайжанов келген еді. Менің фортепианода ойнайтын кішігірім жетістігімді көріп, ата-анама музыкалық мектепке құжат тапсыруға кеңес берді. Анам мені бірден сол мектепке апарды. Емтихан барысында педагогтар музыкаға деген махаббатым мен қабілетімді бағалап, виолончель сыныбына қабылдады. Сол уақыттан бері осы аспап өмірімнің бір бөлігіне айналды, - дейді Талғар Толқынұлы.

Кейіпкеріміз астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектеп пен колледжді қызыл дипломға бітірген. Өнерін шыңдау мақсатында Шанхай музыка консерваториясына оқуға түскен.  

– Музыкалық білімімді жетілдіру үшін  Қытайдың жоғары оқу орындарына құжаттарымды өткізіп, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде  шетелдік азаматтарға арналған мемлекеттік білім  грантын ұтып алдым. Бірақ мен сол уақытта қытай тілін білмейтін едім. Сондықтан бір жылдай Пекинде тіл курсын оқып бітірген соң Шанхайда ары қарай білімімді жалғастырдым.Оқуымды былтыр жазда тәмамдадым.  

Оқуын аяқтағаннан кейін Талғар Нұр-Сұлтандағы Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің құрамына виолончелист болып қабылданды.

– Бір айта кетерлігі, тілді үйрену әсіресе қытай тілін меңгеру оңай деп айта алмаймын. Мәселен, мен жарты жылдан кейін сөйлей бастадым. Аз уақыт ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен адамның бейімі болуы керек. Әке-шешем тіл мамандары болғандықтан, тіл үйренуге бейімім бар. Оқу үлгерімім де жақсы болды. Тіл курсын оқу барысында күнде жазу жазудан басқа еш жұмыс жоқ. Біз күн тәртібіне сай таңғы сағат 8:00-ден 16:00-ге дейін жазумен айналыстық. Нәтижесінде бірінші семестрден кейін мені бір деңгейі жоғары сыныпқа ауыстырды.  



Кейіпкеріміз қазір қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде емін-еркін сөйлейді. Сондай-ақ бүгінде  Талғар  бесінші тіл яғни неміс тілін үйреніп жүр.

– Ағылшын тілін қытай тілін үйреніп жүргенде қатар меңгердім. Бір жағынан Қазақстанда оқыған негіз болды. Әрі сол жақта білім алған уақытта әлемнің көптеген елдерінен біраз студенттер жиналды. Олармен қарым-қатынас ұстайтын ортақ тіліміз осы ағылшын тілі болды. Әлемдік деңгейдегі музыканттар шеберлік сабақтарын өткізіп тұрды. Ал олардың барлығы – осы ағылшын тілінде сөйлейтіндер. Мен олармен аудармашының көмегінсіз тікелей қарым-қатынас жасадым. Тіпті кейде өзге студент достарыма қытай-ағылшын тілдерінен аудармашы ретінде көмектесетін кездер болды.


Ол көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты.

– Виолончель аспабы басқа өзіне ұқсас аспаптарға қарағанда әмбебап деуге болады. Мәселен, скрипкада тек қана жоғары дыбыстармен ойналады ғой... Ал виолончель аспабында жоғарымен қоса, төменгі дыбыста да ойнай алады. Ал екінші ерекшелігі – үнінде... Оның үні адамның дауысымен пара-пар... Адамның дауыс тембріне қатты ұқсас келеді. Виолончель аспабының төменгі ішектері ер адамның дауысын берсе, ал жоғарғы ішектері жіңішке нәзік қыз-келіншектердің дауысын береді.

Ол музыкада көбінесе романтизм өкілдерінің композияцияларын ойнағанды ұнатады. Сондай-ақ классикалық шығармаларды да орындап тұрады.

– Ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлер берік сақталған. Қытайдағы қандастар қазақи мерекелердің барлығын әсіресе наурыз мейрамын думандатып тойлайды.

Алдағы уақытта Талғар шетелге магистратураға оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ендігі мақсаты – Қазақстанның шалғай аймақтарында тұратын, түрлі аспаптарға қабілеті бар талантты балаларды жинап, өнеріне қолдау көрсету.