Жаңалықтар

Мемлекеттің рухани тірегі берік болуы керек

02.07.2018 01:08 3902

Еліміз сан ғасырлар бойы сан түрлі ұлттар мен халықтарға қорған болып, бірліктің қарашаңырағына айналды. Бүгінде діни сенімі мен мәдениеті алуан болғанымен, достық диалогынан, конфессияаралық келісімінен айнымаған еліміз әлемдік дәстүрлі діндердің заңдық құқықтарын да айшықтап берді. Елбасы Жарлығымен құрылған Қоғамдық даму министрлігі де осы мемлекеттік маңызы зор мақсат жолында құрылды. Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаевпен болған сұхбат кезінде еліміздегі дін саласындағы атқарылған жұмыстар мен салмақты мақсат-міндеттер туралы әңгіме өрілді.

– Еркін Әнуарұлы, қазіргі уақытта рухани дүние басты құндылыққа айналды. Сол сияқты дін де мемлекеттің негізгі діңгегі мен әрі тұрақтылық кепілі. Ел руханиятын жаңғырту жолында қандай жұмыстар атқарылды?

– Елімізде ресми тіркеуде бар барлық діндердің рухани мұрасын құрметтеу, әр азаматтың сенім бостандығына қол сұғуға жол бермеу заңмен қорғалады. Бүгінгі күні республикада дінге деген көзқарас орнығып, оған деген талап-тілек күшейіп, атқарар міндеті артуда. Бәрімізге белгілі, дін – өзара тұтастықты, ауызбірлікті, қоғамдық келісімді нығайтушы фактор. Оның үстіне елімізде түрлі конфессия мен этникалық топтар өмір сүріп жатыр. Біз осы үлгі арқылы дүниежүзіне танылып отырмыз десем, артық айтқандық емес. Президентіміз Н. Назарбаев Қазақстандағы конфессияаралық келісімді сақтап қана қоймай, дүниежүзіндегі дәстүрлі діндердің татулығын сақтау жолында да аянбай еңбек етуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Елбасының бастамасымен Қазақстанның Астана қаласында үш жылда бір рет өтуде. Дәл қазір еліміздегі дін саласындағы мәселелер дұрыс шешімін тауып қана қоймай, дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп айта аламыз.

– Қазіргі уақытта дін саласының бағыт-бағдары қаншалықты қадағаланады? Елімізде ресми тіркелген неше бірлестік бар? Сондай-ақ, министрлік діни саланы реттеуде қандай қағидаттар ұстанады?

– Сандарды сөйлетсек, бүгінде елімізде 18 конфессия өкілдерінің ресми түрде 3715 діни бірлестігі тіркелген. Олар елімізде белгіленген заңның аясында тірлік етіп, қоғамымыздың саяси тұрақтылығына үлес қосып, өзара келісім, бірлікті сақтай отырып даму үстінде. Жалпы, елімізде ертеден сан түлі мәдениет пен діндер тамырын жайған. Олар тәңірге табыну, буддизм мен христиандық жол, сондай-ақ, елімізді құрайтын негізгі ұлт ұстанатын ислам діні ғасырдан-ғасырға жетілдіріліп, ілімге негізделіп, дамып келеді. Әрі олар елдегі дін саласындағы заңнамалық құжат, тұжырымдама аясында тең әрекет етуде. Бір сөзбен айтқанда, заң шегінен аспай, өз құқығын біліп, сол шеңберде жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Қазақстан бұл тұрғыда тұрақтылық пен мызғымас бірліктің кепілі ретінде әлемдік елдердің сенімді серіктесі болуға толық негіз бар. Халық арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қортындысына сүйенсек, республика тұрғындарының басым бөлігін, яғни, 84,9 пайызын дінге сенушілер құрайды. Ал, 14,5 пайызын дінге сенбейтіндер мен агностиктер құрайды. Дінге сенетіндердің 16,7 пайызы дінге сеніп қана қоймай, діни рәсімдерді толықтай ұстанатындар екенін айта кеткен жөн.

Бүгінде зайырлылық принциптерін қамтамасыз ету мен діни ауызбірлікті сақтау стратегиялық мақсаты аясында көптеген жұмыстар қолға алынып, шешімін тапты. Атап айтқанда, бүгінде министрліктің бастамасымен қоғамда діни алауыздық пен лаңкестік әрекеттің алдын алу бойынша іс-шаралар жүзеге асуда. Әсіресе, мінәжат ететін орындарда, оның айналасында қауіпсіздікті сақтауға байланысты жұмыстың күшейтілгенін айта кеткен жөн. Ол үшін жер-жерде ақпараттық-түсіндіру топтары құрылды. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Соған қарамастан, кеңейтілген түрде түсіндірме жұмысын жүргізіп отыру артықтық етпейді. Мәселен, дәл осындай алпыс мыңнан астам іс-шараның өткізіліп, өз нәтижесін бергені белгілі. Әрине, бұл жұмысқа ақпарат құралдарының да көмегі орасан. Діни заңдарды тәптіштеп түсіндіріп, ақ-қарасын ажырату білу, бәзбір діни ағымдардың жетегінде кетпеу үшін жұртшылықты барынша шынайы әрі нақты мәліметке қанық ету де маңызды. 2017 жылы осы бағытта 42 мыңнан астам  мақала жарық көріп, республикалық телеарналарда 110-ға жуық бағдарлама көрсетілген.

— Елімізде ислам дінін ұстанушы қауымның басым екенін ескере келе, бұл саладағы жауапкершіліктің бір ұшы имамдарға да тиетіні белгілі. Діннің дұрыс бағытын дамыту үшін имамдардың білім-біліктілігіне қандай талаптар қояды?
— Жыл өткен сайын мұсылмандықтың дұрыс жолын ұстанатындардың,  оның ішінде жастардың қатары артуда. Білместікпен ислам атын желеу еткен басқа ағымға ергендер райларынан қайтуда. Имандылыққа қараған бірқатар бақуатты азаматтар өз қаржыларымен мешіттер тұрғызып, оны ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде. Министрлік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, діни тұрғыда білім беруді жетілдіруді қолға алды. Қазір мешіт имамдарының білімі таяз деген пікірлер айтылады. Діни мамандардың білімін толықтыру мақсатында әрі экстремизмнің алдын алу үшін «Нұр Мүбарак» университеті жанынан Қайта даярлау институты құрылған болатын. Бүгінде мұнда жүздеген иамам мен теолог-мамандар білімін жетілдірді. Бұл не үшін керек? Бейресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 16 мыңға жуық адам жат діни ағымдарға кіріп кеткен. Олар өз еркімен кірді ме, әлде бәзбір арнайы топтардың алдап-арбауымен өтіп кетті ме? Өмірден баз кешіп, түңіліп жүрген жандарды үгіттеу қиын емес. Жылы сөзге жан семіртіп жүріп, пиғылы басқа ағымның ортасынан бір-ақ шыққанын білмейтіндер қаншама? Ал, оларды бұл ортадан қалай аман алып шығамыз? Әрине, ол үшін сол адасқан адамдармен жан-жақты сөйлесетін сауатты, білімді, білікті имамдар, теологтар қажет. Бұл жауапты міндетті өз мойнына алған Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының ісіне сәттілік тілейміз. Қазіргі кезде институтта 45 теолог 2-айлық біліктілігін арттыру курстарынан өтіп отыр.
Жалпы, 2017-2018 жылдар аралығында 5 520 имам мен теологтар білімін жетілдірген болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде имамдардың қоғамдағы рөлі артып, деструктивті діни ағымдарға қарсы жұмыстың деңгейі де көтерілді. Мысалы, ҚДМ-нің нұсқаулығына қарасақ, Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ, облыстардың әкімдіктері жанындағы Дін істері басқармалары 2017 жылы аудандық және ауылдық имамдар үшін оқыту семинарын ұйымдастарып, оған 5069 имам қатысса, имамдардың білімін жетілдіретін ислам институтында 2017 жылы 244 имам, 2018 жылы 84 имам біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, «Әлжан мешіті» жанындағы имамдар орталығында 60 ауданның бас имамы қайта даярлау курстарынан өтті. Мұнымен қоса, жастардың діни сауаттылығын арттыруға деген ынтасын арттыру мақсатында 2017-2018 оқу жылында мемлекеттік білім беру гранты 10 мыңға арттырылды, оның ішінде дінтанулық мамандықтарына грант саны өсіп отыр. Шетелде діни білім алып жатқан 104 студент елімізге қайтарылып, тағы шетелге оқуға аттанғалы отырған 223 студент райынан қайтарылды. Дәстүрлі емес діни қозғалыстардың жұмыстарын қадағалап, олардың мүшелерінде жүрген қандастарымызды теріс жолдан бет бұрғызу мақсатында қолдан келгенше профилактикалық шаралар өткізілуде. Және де елімізде діни ағымдарда адасып жүргендерге көмектесу мақсатында көптеген оңалту орталықтары жұмыс жасауда. Тұрақты түрде діни бағыттағы кітап және брошюра, буклет, журнал секілді баспа өнімдері де қадағаланып, талдау жұмыстары жүргізіліп отырады. Мұндай қадағалаудан қылмыстық атқару жүйесіндегі кітапхана қоры да қалыс қалмайды. Және еліміздің барлық түзету мекемелеріндегі радикалды көзқарастағы жазасын өтеушілермен тұрақты түрде оңалту жұмыстары жүргізіліп тұрады.
— Әлем елдерін дүрліктірген діни экстремизмнің қауіп-қатеріне қарсы Қазақстан да тиісті іс-қимылдарға көшіп, маңызды бағдарламалар қабылдағанынан хабардармыз. Осы бағдарламалар жайында оқырмандарға тарқата айтсаңыз.

— 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі» мемлекеттік бағдарлама бар. Бағдарламаның басты мақсаты — лаңкестік әрекетке жол бермеу, қоғамның қауіпсіздігін сақтау. Бұл соңғы кезде елімізде орын алған жайттарға орай қатаңдатылып отыр. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 202 комиссия жұмысқа кіріскен. Ал, Елбасының тапсырмасына сәйкес жасақталған Қазақстан Республикасында «2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы осы бағытта басталған жұмыстарды жалғастыра бермек. Шын мәнінде, ислам діні — ізгілік пен төзімділікке үндейтін дін. Ғылым мен білімді негізгі қайнар көзі етіп алған дін тұрақтылық пен тыныштықты насихаттайды. Ал, дініміздің атын жамылып, топтар арасына іріткі салып, алауыздықты туғызатындарға бүгін тосқауыл болу керек. Сондықтан да, халық жат діннің ықпалына өтіп кетпес үшін жан-жақты ақпаратқа қанық болғаны шарт. Сондай-ақ, Президенттің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017- 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл бойынша аймақарда кейбір жат діни ағымдардан зардап шегіп, тығырыққа тірелгендерге көмек беретін арнайы орталықтар жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдар белсенділік танытып, кеңес беру орталығының желісін құрды. Дәл осындай 24 үкіметтік емес ұйым министрлікпен әріптестік байланыста әрекет етуге кірісті. Мамандар бағыт беруден бұрын, адасқандарға психологилық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, «Ақниет» ақпараттық-насихат және оңалту орталығы» атты қоғамдық қор терроризм мен діни экстремизм үшін сотталғандарды, сондай-ақ, олардың отбасыларын дерадикалдандыруға мамандырылған. Соңғы 4 жылдың ішінде түзету мекемелеріндегі 2745 жазаға тартылғандардың 276-і өз райынан қайтса, 600-і дәстүрлі дінге бет бұрды.
Аймақтарда осы жұмыс оңалту орталықтары тарапынан жүргізіледі. Атап айтқанда, «Ансар» (Ақтөбе облысы), «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету орталығы (Атырау облысы), «Шаңырақ» (Алматы қаласы), «Насихат» (Ақмола облысы), «Нұрлы білім» ҚҚ (Қарағанды облысы). Сонымен қатар, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және  Оңтүстік Қазақстан облыстарында қоғамдық ұйымдардың негізінде психологиялық оңалту қызметтері жұмыс істейді.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында атап өткендей, біз кез келген радикализмге жол бермеуіміз керек.  Діни радикалдар қазақстандық қоғамның дәстүрлі рухани құндылықтарына қауіп төндіреді. Сондықтан, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алудың жүйелі мәселелеріне тұрғындардың барлық белсенді азаматтарын жұмылдыру маңызды.
— Дәстүрлі дінімізді дамытып, халқымыздың төл танымын тарата түсу мақсатында министрлік қабылдаған шаралардың тағы бір парасы «Уақып» қорының құрылуы, ел мұсылмандарын қажылыққа апару қызметін ұйымдастыру жұмыстарымен жалғасып жатқанын көрдік. Бұқара халықпен осындай тығыз байланыс орнатқан ведомствоның өткен жылы еңсерген елеулі жетістіктеріне тоқталсаңыз...
— Баршаңызға белгілі, «Уақып» корпоративті қайырымдылық қоры Елбасының тапсырмасымен құрылды. Қор коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде әлеуметтік жобаларды қаржыландырады. Нәтижесінде  ағартушылық шараларды жүргізуге, сонымен қатар, діни бірлестік қызметкерлерлері жұмысының тиімділігін арттыру және діни мекемелердің қызметін жан-жақты қолдауға мүмкіндік туғызады. Алыс аймақтардағы дәстүрлі емес дін өкілдерінің ықпалы бар мешіттердің имамдарына қолдау көрсету де осы қордың негізгі міндеттерінің бірі. Тағы бір айта кетерлік жайт, 2017 жылдың негізгі жаңалығы – қажылық маусымында құлшылық етушілерді отандық әуекомпанияның  тасымалдауы. Бұрын қажылыққа аттанғандар Түркия, Араб Әмірліктері арқылы ұшып, уақыттарын заяға келтірсе, былтырғы жылдан бастап тікелей рейспен Астана, Алматы және Шымкент шаһарларынан Жидда мен Мәдина қалаларына небәрі 6-7 сағатта Жидда мен Мәдина қаласына ұшып келеді. Тағы бір қуантатын жаңалық, биылдан бастап құлшылық жасаушылардың сегіз қалада екпе алуына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, министрліктен арнайы өкілдер қажылық сапардың құрамына енгізілуі де 2017 жылдан бастап қабылданған оң шешім болды. Қажылық сапары мен вакцинацияны ұйымдастыруға да өткен жылы министрлік көмек көрсетіп қана қоймай, жоғары деңгейде болуына ықпал етті. 2017 жылы өткен Қажылық ұйымдастырылуы жағынан жоғары бағаға ие болды.

Дін – саясаттан бөлек, мемлекеттен бейтарап болғанмен, рухани құндылық ретінде ажырай алмайды. Елімізде діни конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында ауызбірлікте өмір сүруі — ең негізгі мақсат. Біз өзге дін өкілдерін сыйлай отырып, ата дін — Ислам дінін ізгілік пен мейірімділікті, тыныштық пен сабырлылықтың қайнар көзі етуге тырысуымыз керек. Сол арқылы мемлекетті зайырлы етуге әбден болады. Әр азаматтың ар-ожданы, құқығы, бостандығына қол сұғылмауы керек. Мұның бәрін ретке келтіретін арнайы заңнамалық құжат бар. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда конфессияаралық ынтымақтастыққа сызат түспеуді жан-жақты тұрғыда қарастырған жөн. Бұл ел алдында тұрған басты міндет.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға