Жаңалықтар

Қазақ мюзиклінің серісі

«Астана Мюзикл» театрының актері Саламат Мұқашевпен сұхбат
Қазақ мюзиклінің серісі
24.09.2018 16:16 9681

Екі жыл бұрын ғана құрылған «Астана Мюзикл» театры тек қазақстандықтардың ғана емес, еуропалықтардың да жоғары бағасын алып үлгерді. Театр «Қыз Жібек» спектаклін этно-фольклор жанрында Берлин, Кан, Брюссель, Вена мен Мәскеу сахналарында қойды. Ал «Ромео мен Джульетта» мюзиклі алғаш рет қазақ тілінде сахналанды. Аз уақытта бірнеше сапалы туындыны көпшілікке ұсынған театрдың бетке ұстар әртістерінің бірі – Саламат Мұқашевпен әңгімелескен едік. 

– Бала кезден өнерге жақын болдым. Ата-анам да талантты жандар. Ақтөбе облысында мектепті тәмамдаған соң, қаладағы агротехникалық колледжге оқуға түсіп, техник-механик мамандығын алып шықтым. Иә, дәл солай, техник-механик дипломым бар. Оқу оқып жүріп, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Болашағымды оқып жүрген кәсібімнен емес, өнер жолынан көрдім. 2010 жылы Астана қаласында өткен республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы "Менің Қазақстаным" байқауында лауреат атанып, алғашқы жетістігіме қол жеткіздім. Бұл жеңіс маған үлкен шабыт берді. Бұрын-соңды тамыр-танысы жоқ ауыл баласы осындай салмақты сында жеңіске жете алады деп ойламаушы едім. Бәрі де мүмкін екен! Содан өнерімді кәсіби біліммен ұштастыру мақсатында  Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы музыкалық театр әртісі мамандығына оқуға түстім.

Оқуын тәмамдаған жас маман еңбек жолындағы алғашқы қадамын туған жерінен бастауды жөн көрді.

– Өзімнің қаншалықты қабілетті екенімді сынап көру үшін Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына жұмысқа орналастым. Онда алғашқы ойнаған спектаклім М.Баджиевтің «Махаббат жағалауы» болды. Алғашқы спектаклімде басты рольді сомдап шықтым.

Дәл осы «Махаббат жағалауы» Ақтөбе жастарының көңілінен шығып, аншлагпен өтті. Халыққа ұнағаны соншалық, біраз уақытқа дейін кассадан билет табу мұң болатын. Көрерменнің көңілінен шыққан қойылым туралы әлі күнге дейін жақсы естеліктер айтылады. Спектакль халықтың ыстық ықыласына  бөленуіне Саламаттың да қосқан үлесі зор.

– Драма театрында өткізген бір жылдың ішінде 3-4 рольді алып шықтым. Ал 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Мюзикл» театры құрылады дегенді естіп, бағымды сынап көру үшін кастингке қатыстым. Өзім секілді көптеген әртістер үш ай көлемінде сынақ мерзімінде жүрдік.

Ақыры, бағы мен бабы келіскен Саламат «Астана Мюзиклдің» актерлер құрамына алынады. Ол театрдың алғашқы қойған спектаклі «Достар сертінде» Жұматайды сомдап, одан соң, «Ер Төстікте» Төстікті ойнайды.

– Бала кезімде достарыма «кейін мені теледидардан көресіңдер» деп қалжыңдайтынмын. Әрине, оның астарында балалық зор арман да жатқан болар. Бүгінге дейін бірнеше спектакльде басты рольді сомдау бақыты бұйырды. Оған әрине «тойып секірмеймін». Арасында кемшін кететін тұстар да болады. Біздің өнер сахнада сол сәтте қойылатындықтан, кино секілді он қайталап, ең жақсы түскен эпизодты көрерменге сүзіп бере алмайсың. Сондықтан да, қателіктер кетіп жатады. Әлі де аянбай тер төгіп, алға қарай ұмтыла беру керек. Бәрі тәжірибемен келеді ғой.

Бүгінге дейін «Астана Мюзикл» театры 5-6 қойылым қойды десек, оның ішінде, «Қыз Жібек» пен «Ромео мен Джульеттаның» салмағы басым. Ілгеріде айтқандай, этно-фольклор жанрында қойылған «Қыз Жібек» еуропалық көрермендерге жол тартып, жоғары бағаларын алды. Оларға ұнағаны біздің мәдениеттің, руханияттың сақталғаны, сол күйінде бүгінге дейін жеткені. Онда Саламат 2-құрамдағы Төлегенді ойнайды. Ал «Ромео мен Джульетта» ЭКСПО көрмесі аясында бірнеше рет сахналанып, сырттан келген қонақтардың қошеметіне бөленді. Талантымен көптің ықыласына бөленген Саламат Мұқашевті көпшілік «Қазақтың Ромеосы» деп атап кетті.

– Кез келген актер Ромеоны ойнағысы келеді. Студент кезімде бұл рольді алып шыға алмайтын шығармын деп ойлайтынмын. Десе де, ішімде «осындай әлемдік туындыдағы басты роль бұйырса екен» деген бір арман бұлқынып жататын. Бұл мюзиклдің алдында да кастинг жарияланды. Ромеоны ойнау үшін 3-4 актер бақ сынастық. Хореограф,  балетмейстрлер Ресейден келді. Режиссер Асхат Маемиров бірнеше күн бәрімізді сүзгіден өткізіп, әбден көріп-біліп, ақыры мені таңдап алды. Ойымда «алып шыға алам ба?» деген күдік тұрды. Шын қабілетімізді сынап көрер кез келді. Не де болса қызу дайындыққа кірісіп, аз уақыттың ішінде көрерменге ұсындық.

Саламат отыздан аса қойылған мюзиклдің 2-3 ғана көңілімнен шықты дейді. Екі жарым сағат бойы сахнада актерлік сызықты үзіп алмай жүгіріп жүріп, ән айту кімге де болсын оңай тимейді. Десе де, актер армандаған рольдерін ойнап, оның көрермен жүрегіне жетуіне аянбай тер төгіп жүргені шын қуантады.

– Кезінде колледж қабырғасында жүргенімде, болашақта бәрі осылай боларын ойламаған едім. Армандап, мақсат қойып, соған қол жеткізгендегі сезім басқаша. Өмірді құр бекерге сүріп жатпағаныңды түсінесің. Әрине, алда әлі табысты жылдар болады деп үміттенемін. Кез келген әртістің арманы – театр сахнасында табысты қызмет ету шығар. Табысқа жету үшін де осындай баспалдақтар арқылы көтерілесің ғой...

Ол өнер жолында өзі көңілі толмайтын рольдері болғанын да айтып қалды.

– «Соны сомдамай-ақ қойғанда ғой» деп қынжыла еске алатын рольдер бар. Оған себеп – уақыттың тапшылығы, дайындықтың жеткілікті деңгейде жүргізілмеуі. Бірақ, оның бәрі өмір жолымда керек сабақтар. Барлық рольден өзіңе жақсы болсын, жаман болсын бір нәрсе түйесің.  Бір кейіпкерді толық өз бойыңа сіңіру үшін біршама уақыт берілу керек деп есептеймін. Себебі, сахнаға шығып кеткен соң, көрермен бұл спектакльге қанша уақыт дайындалғаныңды сұрамайды, сенен жақсы қойылым күтеді. Ал сахна сыртында әсер етіп жатқан жағымсыз факторларды оларға түсіндіріп жүрмейсің ғой. Жалпы айтқанда, сахна сыртында болып жататын оқиға бір спектакльге тұрарлықтай дүние.

Сахна сыртында ғана емес, спектакль барысында да көптеген қызықты дүниелер болып тұрады. Саламат басынан өткен қызықты оқиғаларым өте көп дейді.

– Сахнада болсын, сыртында болсын әрқашан қызықты сәттер өтіп жатады. «Ромео мен Джульетта» спектаклінде екі акт болады. Соның арасындағы үзілісте, сахнаға қайта шығуды ұмытып кетіппін. Грим жасайтын бөлмеде отырмын. Сахна жақта музыканың үні құлағыма келеді. Екінші акт бастала сала, орындайтын әнім бар, бір жақсысы оны мен ғана емес Меркуцио мен Бенволио да бірге шырқайды. Сахнаға барып қалсам екеуі айтып жүр, әйтеуір соңына жетіп қалса да, шығып үлгердім. Сосын олардың мені келіп, «сатқынсың» деп ұратын жері бар. Екеуі «қайда жүрсің?» дегендей мені аямай ұрған. «Достар серті» спектаклі барысында шалбар жыртылған кез болды. «Ер Төстіктің» премьерасында оңбай құлағанмын. Артымызда анимациялық экран тұрады. Соның алдында тұрған биіктеу жерге баспалдақ арқылы көтерілуім керек. Репетиция кезінде басқа зат тұратын. Ол жолы ауыстырып, астында доңғалағы бар тақтай қойып қойған. Жүгіріп кеп, басып қалғаным сол, шалқамнан түстім. Менімен бірге экран да кеткен шығар деп ойлағам. Шүкір, ол аман екен. Әніме дейін орнымнан тұрып үлгердім.

«Достар серті» тағы бір қызықты оқиғамен есте қалды», – дейді Саламат.

– Балконның астына келіп, қызға бата алмай, айта алмай жүрген сөзімді айтуым керек. Балконда көрермендерге көрінбей, тек өзіме көрініп қыз шығып тұратын. Спектакль жүріп жатыр.  Зал адамға лық толы. Балконға қарап қалсам, қыз емес басқа әртіс тұрып алып, әртүрлі қимылдар көрсетіп, әбден күлкімді келтірсін. Өзімді әрең ұстап тұрмын. Тілімді тістеп алғам. Әйтеуір есімді жиып, басқа нәрселерді ойлап, әнімді айтып шықтым.

Оның айтуынша, бүгінге дейін орындаған рөлдердің ішінде жанына жақын болғаны – Ромео. Ал болашақта психологиялық рольдерді сомдағысы келеді.

– Сахнада жеке қалып, монолог оқып, ішкі күйзелісті жеткізгім келеді, – дейді Саламат.

«Астана Мюзиклдің» келесі дайындап жатқан спектаклі – «Нотр-Дам де Пари». Әлемнің үздік мюзиклі әзірге қазақшаланып жатыр. Қоюшы режиссерлер Франциядан арнайы келіп, әртістерді таңдап, рөлге өздері бекітпек. Егер жоспардағыдай болып жатса «Нотр-Дам де Пари»  желтоқсан айында көрерменге жол тартады.

– «Астана Мюзикл» қазақ театрына жаңа леп әкелді деп ойлаймын. Басқа театрлардың алға ұмтылуына сеп болған сияқтымыз. Осы өнер саласында бәсекелестік өсті. Қазақ қоғамы мюзикл өнерімен жақын таныса бастады. Аз болса да отандық мюзикл дамуына өз үлесімді тигізіп жүргенім қуантады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға