Жаңалықтар

Кәсіп түбі – нәсіп

Жеке кәсіпкер Сырым Ертаевтың әңгімесі
Кәсіп түбі – нәсіп
09.08.2018 18:10 11426

Сырым Ертаев «Қайып ата» ЖШС директоры қызметін атқарып келеді. Ол 1982 жылы 22-қарашада қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында өмірге келген. Сайрам ауданына қарасты, Қайнарбұлақ ауылында 2014 жылы «Мал сою бекеті» мен «Ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехының» құрылысын бастайды.

Аталған құрылыс 2016 жылдың жаз мезгілінде іске қосылады. Сырым мемлекеттің кәсіпкерлерге бөлінген несие алып (құрылыс жұмыстарына 231 млн теңге, құрал-жабдықтарға 115 млн теңге) іске кіріскен еді. Күніне 30 тонна өнім өндіруге қуатты жобада бүгінде 28 адам тұрақты жұмыс атқарып келеді. 

Қазақ еліне еңбек етіп, фермамызды кеңейтіп, ауыл жастарын кәсіпке тартып, халыққа қызмет ете бермекпіз, – дейді Сырым.

«Қайып ата» ЖШС тек елімізге емес, шетелге де ет өнімдерін экспорттайды.

– Өткен жылы шамамен 400-500 тонна етті Өзбекстанға асырдық. Ал жыл соңына қарай Біріккен Араб Әмірлігі өніміміздің дәмділігіне қызығып, сұраныс жіберді. Осылайша, 2200 бас қойды арабтарға аттандардық. Сол сияқты Иран елімен келісімшартқа отырдық. Ол елге жетісіне бес мың бас қойдың етін жібереміз.

Ферманың 5000 бас ірі қара малды бағып, азықтандыратын шамасы бар. Еуро стандартқа сай, шетелдік экспорттың барлық талаптарына жауап беретін ет комбинаты да белсенді жұмыс жасап келеді.  

– Қазақстанда өзіміз семіз малдың етін пайдаланамыз, ал ирандықтар ондай қоңды мал өніміне қызықпайды. Оларға ешқандай бордақылаусыз адырда, жайлауда жайылып жүрген малдың етін жіберсе болғаны. Қарап тұрсаңыз, жем-шөбіне шығындалмайсыз. Осы қадамымыз арқылы басқа да мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге үлгі болсақ дейміз. Олар да БАӘ, Иран секілді елдерге эксперт жасауға ұмтылса екен.  

Сырым Махамбетұлы осы саланың қыр-сырын толық меңгеріп, тәжірибе алмасу мақсатында  жиі шет елдерге шығып тұрады. Сондай сапардың бірінде Оңтүстік Кореяға барып, мал шаруашылығына пайдаланатын заманауи әдістерді көреді. Бәрінен бұрын кәсіпкерді таң қалдырғаны  азиялықтардың малды бордақылау үшін жем-шөбін АҚШ-тан арнайы алдыратыны. Бұл қаншама қаржыны талап етеді десеңізші...

 – Кең байтақ, шөбі шүйгін жеріміз бар. Осындай байлықты неге керегімізге жаратпасқа? Біз тек еңбек етіп, кәсіптің көзін тапсақ болғаны. Әрине, алғашында менің де алдымнан кедергілер кездесіп жатты. Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттерден тәжірибе жинап, ауылға қарай тартып кеттім. Ойым ауылдағы кіші кәсіп иелерінің басын қосу, оларға білген-түйгенімді үйрету. Оның үстіне, кәсіп бастаушыларға мемлекет те керемет қолдау көрсетіп жатты. Ондай мүмкіндікті мүлт жіберіп алуға болмайтынын түсіндім. Ауылда ізімнен ерген жандардың бұрын 5-10 қойы болса, қазір олардың саны 50-100-ге жеткен.

«Қайып атадан» шыққан өнім Шымкент, Алматы секілді ірі қалаларға жеткізіледі, сол секілді ілгеріде айтқандай шетелге экспортталады. Шетелге ет жеткізу алғаш рет 2013 жылы қолға алынған болатын. Бұл ферманың өніміне сұраныс білдірген бірінші ел Өзбекстан еді. Ал бүгінде БАӘ, Иран секілді елдермен келісімшарт жасалып отыр.

– Мал шаруашылығын ілгерілету үшін әрқашан ізденісте жүруге тура келеді. Жаңа туылған төлдердің қоңды болып өсуіне күн көзінің тигізер пайдасы жайында оқып қалдым. Мұны біле сала, арнайы күн энергиясын беретін шамдарды алып, әр өгіздің үстіне байладық. Шын мәнінде, олар бұрынғыдан да жақсы семіре бастады. Бірақ, шығын көбейді. Басқа амалдар іздестіре келе, күннің өзінің сәулесі түскені дұрыс екеніне көзіміз жетті. Осылайша, бірнеше жобаларды сызып көріп, күннің шығысы мен батысын басты назарда ұстап, қоралар тұрғыздық. Күн сәулесіне малынып өскен мал жиі ауырмайтынын, өте қоңды болатынын, жақсы ет жинайтынын байқадық. Қазір осы әдісті пайдаланып келеміз.

Бір кездері Голландиядан арнайы мамандар келіп, Сырымның кәсібіне қатты қызыққандары соншалық, «Сырым, қандай әдіспен мал шаруашылығын өркендетіп отырсың? Канадалық әдіс пе? Еуропалық әдіс пе?» деп сұрапты. Ал кейіпкеріміз мұның нағыз қазақ әдісі екенін айтады.  

– Корпоратив болып жұмыс істегеннің көп тиімді жақтары бар. Мәселен, бір фермамыз тек жем-шөппен қамтамасыз етсе, басқасы малды сатып алып, қайта әкеп берумен айналысады. Ал тағы біреуі ірі қара малды жақсы бағады. Ауыл жастары қазір тынбай еңбектеніп жатыр, - дейді Сырым.

Кәсіпкер өзінің біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен бір ауылдың әлеуетін көтеріп келеді. Ауыл тұрғындары оның кеңпейілділігіне дән риза. Қолы ашық, көңілі кең, жаны жомарт жан елді-мекендегі ескірген стадионды толық жөндеуден өткізіп, жастардың спортпен шүғылдануына ықпал етіп жүр. Одан қала берді, тұрмысы нашар отбасыларға қаржылай демеушілік танытып келеді. Қарамау, Жаңабазар ауылдарында бірнеше тұрғын үй салып беріп, көптің алғысын алуда.

Сырымның еңбегі еленіп, ол "100 жаңа есім" жобасы жеңімпаздарының біріне айналды. Жас кәсіпкер ауылдағы тіршілікке жан бітіріп қана қоймай, Қазақстанның экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Біз өз кезегімізде, білікті жанның кәсібіне табыс тілейміз! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға