Жаңалықтар

Қарлығаш Қабатова: "Жыныстық сауат ашу - uyat emes"

Зерттеуші Қарлығаш Қабатова жыныстық сауат ашудың маңызы жайлы
Қарлығаш Қабатова: "Жыныстық сауат ашу - uyat emes"
23.01.2019 16:14 15515

Қарлығаш Қабатова - тіл маманы, саясаттанушы. Бірақ соңғы екі жылда ол Қазақстандағы жеткіншектердің репродуктивті саулығы жайлы зерттеу жүргізіп, негізгі проблемаларды шешу жолдарын қарастырып жүр. Сондай-ақ былтыр осы мақсатта жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының жыныстық сауатын арттыруға бағытталған uyatemes.kz сайтын ашқан болатын. El.kz сайтына берген сұқбатында Қарлығыш өзі жүргізген зерттеу нәтижелеріне тоқталып, жыныстық қатынас жайлы ашық айту - оған итермелеу емесін түсіндірді. 

— Қарлығаш, сіз бірнеше мамандық иесісіз, үлкен компанияларда қызмет еттіңіз. Ал қазір сізді қоғам белсендісі ретінде жақсы танимыз. Әлеуметтік зерттеу жүргізіп, осы салаға келуіңізге не түрткі болды?

— Мен 2016-2017 жылдары Сорос қорының жас зерттеушілерге арналған "Қоғамдық саясат" бастамасы бойынша бір жыл тәжірибеден өткен едім. Бағдарламаны аяқтағаннан кейін, зерттеу жүргізсеңдер болады деген соң, досым Сергей Маринин екеуміз ортақ жоба әзірлеуді жөн көрдік. Сол жылдары дәретханадан табылған нәрестелер туралы жаңалық көп тараған болатын. Бұл проблеманың себебін білу үшін осы тақырыпқа тоқтадық. Зерттеу барысында түрлі дереккөздер мен әлеуметтік желідегі парақшаларды зерттедік. Сол кезде қазақстандық интернет сегментте сапалы контент ұсынатын сайттың жоғын байқадым. 
Ал 2017 жылы АҚШ-та тәжірибеде жүргенімде құрбым бір халықаралық ұйым әлеуметтік белсенділерге арналған хакатон ұйымдастырып жатқанын айтты. Олар түрлі әлеуметтік жобалар аясында бірігіп жұмыс жасауға дайын ІТ-мамандар, дизайнерлер мен белсенді жандарды жинап жатыр екен. Осылайша, мен олар ұсынған төрт гранттың біреуін ұтып алдым. 

— Қазір жобада қанша адам жұмыс жасайды? Мамандарға сұрақтар жиі келе ме?

— Uyatemes.kz-те барлығы 6 адам жұмыс жасайды. Командада менен бөлек, психолог-сексолог, гинеколог, аудармашы, иллюстратор мен ІТ-маман бар. 
Ал сұрақтар жиі келеді деп айта алмаймын. Көбіне қыздар хат жазады. Сондай-ақ жыныстық қалауын түсінбей жүрген жастардан да хат келеді. 

— Аудиторияңызды сипаттап берсеңіз...

— Әуелден бұл жоба 11-13 жастан асқан жеткіншектерге арналған болатын. Бірақ қазіргі статистика бойынша сайтқа кіретіндердің 70%-ы 18-34 жас аралығындағы адамдар болса, 22%-ы жасы 18-ге толмағандар. Бұл бір жағынан, біздің негізгі аудиторияның енді қалыптасып келе жатқанын көрсетсе, екінші жағынан, ересек адамдардың да көкейінде сұрақ көбін аңғартады.

— Жоғарыда айтып өткен зерттеу бойынша қандай тұжырым жасадыңыздар?

— Біріншіден, біздің Білім министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында жастардың репродуктивті денсаулығын ойлауға бағытталған ортақ жоспарлары жоқ. Әрқайсысы өз құзіретіндегі жұмысты ғана атқарады. Менің ойымша, бұл тұрғыда екі министрлік тығыз байланыс орнатып, бірге жұмыс жасауы тиіс. Біз жастарға спортпен айналысудың маңызы, темекі шегіп, нашақорлыққа салынудың зияны жайлы жиі айтамыз, бірақ репродуктивті саулық мәселесіне келгенде тіс жарғымыз келмейді. 
Екінші тұжырым - мектепте бұл мәселеге ат үсті қарау басым. Мектеп бағдарламасында 1-2 параграф қана оқытылады, бірақ көбіне оқушыларға өз беттерімен танысуға береді. Тіпті мұғалімдер сабақ берген күннің өзінде, оны ұялып, қысылып өткізеді. "Сондықтан бұл тақырып үйде ғана талқылану керек" деген пікір жиі айтылады. Бірақ отбасында, әсіресе қазақтілді отбасында, репродуктивті саулық жайлы сөз қозғалмайтынын бәріміз де жақсы білеміз. Тіпті баламен әңгіме жүргізсе де, ата-ана сапалы ақпарат бермеуі мүмкін. Себебі жыныстық қатынасқа қатысты миф өте көп. Ал қанағаттанарлық жауап таба алмаған жеткіншек еріксіз экспериментке барады. 

Қарлығаш Қабатова: "Жыныстық сауат ашу - uyat emes"

Сурет: Shutterstock.com

— Қортындыны арнайы мекемелерге жібердіңіздер ме?

— Біз зерттеу қортындысын жарияладық, ол жерде ұсыныстар да көрсетілген. Бірақ үкіметтік органдарға жолдаған жоқпыз. Қазір мен осы мәселе бойынша тағы бір терең зерттеу жүргізудемін. Алдағы уақытта сол зерттеу бойынша Білім министрлігімен тығыз жұмыс жасаймын деп жоспарлап отырмын. Былтыр осы тақырып бойынша үкіметтік органдарда қызмет ететін адамдармен кездесу болған еді. Ол жерде де бірнеше ұсыныс жасағанбыз, бірақ олар бұл мәселені көтеруге қорқатын сияқты.

— Сонда неден қорқады?

— Саясаткерлер және биліктің шешіміне әсер ете алатын адамдар ең әуелі қоғамның реакциясынан қорқады. Екіншіден, олардың өздері де жыныстық сауаттың маңызын түсіне бермейді. Көпшілік пікірінше, мұндай сабақтар балаларға сексті насихаттайды. Бұл, әрине бұрмаланған түсінік. Жеткіншектер өздерінің репродуктивті жүйелерінің ерекшеліктерін, егер контрацептив құралдарын қолданбай жыныстық қатынасқа түссе, оның нәтижесі қандай болатынын білуге міндетті. Яғни, балаларға бұл жайлы ашық айту - оған итермелеу деген сөз емес. Әлемдік тәжірибе балалардың жыныстық қатынас жайлы түсінігі қалыптасқан сайын, оны кейінге қалдырып, жауапкершілікпен қарайтынын көрсетуде.

— Демек, тартынады...

— Иә. Бірақ тартынуға негізделген жыныстық ағартудың да екі жағы бар. Бір жағынан, тартынуда тұрған ештеңе жоқ, бұл контрацепцияның әрі жыныстық инфекциялардан қорғанудың ең сенімді жолы. Алайда соңғы зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 15-19 жас аралығындағы бойжеткен мен бозбалалардың 30%-ы сексуалды белсенді. Егер біз тартыну жайлы ғана айта берсек, онда осы аралықтағы жастардың үштен бір бөлігін сызып тастағандай боламыз. Ал оларға жыныстық саулық туралы кеңесті кім береді? Әдетте біз Батысты үлгі тұтып, жиі мысалға келтіреміз. Алайда бұл көбіне тек Еуропаға ғана қатысты. Ал Американың тек 22 штатында ғана заң бойынша мектептерде жыныстық ағарту пәні жүргізіледі. Басқа штаттарда міндетті емес. Айтып өткен 22 штаттың өзінде жыныстық ағарту діни тұрғыда түсіндіріледі. Бірақ жеткіншек сексуалды белсенді болатын болса, бұл сабақтардың оған қажеті шамалы. Себебі мұнда керісінше, "Сен бұзылғансың, күнәһарсың" деген сияқты стигматтар санасына сіңіріліп, психологиясына әсер етеді. Егер біздің мектептерде жыныстық ағарту пәні енгізілетін болса, ол діни тұрғыда емес, ғылыми тұрғыдағы "Кешенді сексуалды білім беру" (Comprehensive sexuality education) болғанын қалар едім. 

— Абайдағы жантүршігерлік оқиға. Балалардың зорлық жасауы, үлкендердің оған немқұрайлы қарауы, полиция қызметкерлерінің істі тіркемеу үшін барын салуы - басқа әлемде болған оқиғалар сияқты көрінеді. Ал тіркелмеген істер жайлы ойлау тіпті қорқынышты. Оның себебін интернеттің жетпеуінен, сапалы контенттің аздығынан көріп жатамыз...

— Бұл мені де алаңдатады. Сондықтан қазір мен жыныстық сауатты мектептерде арнайы сабақ ретінде өткізу қажетін айтып жүрмін. Себебі тек мектептерде ғана жеткіншектерді 100% қамту мүмкіндігі бар. Егер олай жасамасақ, сайт теңізге тамған тамшымен бірдей болмақ. 
Ал сайтқа келетін болсақ, жастардың көбі ол жайлы білмек тұрмақ, мамандарға сұрақты дұрыс қоя алмауы мүмкін. Себебі жыныс мүшелерінің қалай дұрыс аталатынын білмейді. Бұл да бір проблема деп ойлаймын. Өйткені қоғам үнемі қысым көрсетеді. "Ұят болады!" "Ол жайлы сұрама!" "Оны айтпа!" дегендей тыйымдар көп. Қазақ тілінде тіпті vulva, penis сияқты жыныс мүшелерінің нейтралды атауы жоқ. Бәрі боғауыз сөздерге айналып кеткен. Бұл біздің қоғамда осы тақырыпты қаншалықты "ашық" талқылайтынымызды көрсетеді.

— Сіз былтырғы TEDxYouth@AbaySt-те біздің қоғам зұлымдыққа "жоқ" деп айта алмайды деген пікір айттыңыз. Осы ойыңызды тарқатып берсеңіз...

— Біздің қоғамда зорлық қалыпты жағдай. Күйеуінің әйелін сабауы да қалыпты дүние. Бұл отбасының ішкі шаруасы. Зорлық жайлы естісек, біз әдетте зорланған адам өзі кінәлі шығар деген пікірге бейім келеміз. Зорлық құрбанына айналуына оның араласатын ортасы, киген киімі мен жүрген жері себепкер сияқты. Ал мұндай жағдайлардың алдын алу жөнінде ойланбайыз. Бізде зорлыққа ұшыраған жасөспірімдерге арналған 150 және 111 жедел желілері бар. Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Сондықтан ауруды жасырмай, проблеманы талқылауды үйренуіміз керек. Зорлық құрбаны кінәлауды емес, қолдауды қажет етеді. Егер зорлық фактілері жабулы күйінде қалмай, қылмыскер тиісті жазасын алатын болса, басқа жәбірленушілер де өзі көрген қорлықтары туралы ашық айта бастайды. Сонда ғана зорлық-зомбылық тоқтауы мүмкін. 

Қарлығаш Қабатова: "Жыныстық сауат ашу - uyat emes"

Сурет: uyatemes.kz

— Соңғы уақытта қоғамда Денсаулық сақтау министрлігінің жас қыздардың аборт жасау құқына қатысты позициясы көп талқылануда. Сіздің пікіріңіз қандай?

— Шынымды айтсам, аборт жасатуды қолдаймын я қарсымын деп кесіп айта алмаймын. Бұл тақырыпты журналистер әдеттегідей үзіп-жұлып бұрмалап әкетті деп ойлаймын. Түптеп келгенде әңгіме медициналық қызметтерді пайдалану мен психологиялық көмек алу турасында болған еді. Бұл талқылауға мені де шақырған болатын. Сол жиынға Республикалық ғылыми-практикалық психикалық саулық орталығының директоры Никола Нигай да қатысты. Ол жасөспірімдер суициді проблемасына тоқталып, олардың психологиялық көмекке мұқтаж екенін айтты. Әдеттегі қазақы отбасыларда "Бас сынса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде" принципіне сүйеніп, психолог көмегіне жүгінуге рұқсат бермейді. Сондықтан да біз заң туралы айтқанда фокусты абортқа жасаудың қажеті жоқ. Заң аборт жасауға рұқсат беру емес, медициналық қызметке қолжетімділік туралы. Бұл заң тастанды балалар, ерте жастағы жүктілік, легал және криминал аборт проблемасын шешер еді. 

— Педагогикалық мамандықтар арасында сексуалды білім беретін мамандар жоқ. Егер Қазақстан мектептерінде сексуалды сауат ашу пәні енгізілетін болса, бұл сабақты кімдер беруі керек?

— Мектептер бұл пәнді оқытудың ең арзан жолын қарастырғысы келеді, сондықтан бұл пәнді жүктемесі аз кел келген мұғалімге бере салады. Өз басым сексуалды сауат ашу сабағын басқа пәннен беретін мұғалімнің беруіне қарсымын. Себебі оның оқушылармен өз пәні бойынша қарым-қатынасы қалыптасып қалды. Оқушылардың біреуі оны жақтырып, біреуі жақтырмауы мүмкін. Ол балалар қысылмай, сауалдарын ұялмай қойып, өзін еркін ұстайтын сырттан келген оқытушы болуы керек.
Қазан айында Молдовада жасөспірімдер денсаулығына қатысты конференцияда болдым. Сонда бір француз профессоры баяндама жасаған еді. Мен оған "Мектептерде сексуалды сауатты кім және қалай ашуы керек?" деген сауал қойдым. Ол "Сабақ беретін адам балаларға сексуалды білі беруге шын мәнісінде мүдделі адам болуы тиіс. Еріксіз ұялып, қысылып сабақ беретін адам емес. Кімде мотивация болса, сол жақсы ұстаз болады" деп жауап берді. 

Қарлығаш Қабатова: "Жыныстық сауат ашу - uyat emes"

Сурет: uyatemes.kz

— Ал үйде баламен қалай сөйлесу керек? Ата-аналарға қандай кеңес бересіз? 

— Ата-аналарға көп іздену көрек, оқу керек. Өйткені ерте ме, кеш пе бала өзін алаңдатқан сұрақтарға жауап іздей бастайды. Әрине, біздің қоғамда бала мұндай сұрақты ата-анасына қоюға ұялады. Біздің жобадағы психолог-сексолог Әсел Шаназарованың айтуынша, бала өзі келіп сұрамайынша, бұл туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Бірақ бала ешқашан сұрамауы мүмкін ғой. Сол себепті, баланың бойында өзгерістер байқалған бетте, оған көмек беруге тырысу керек. Ашық айтуға қысылсаңыз, сапалы дереккөздерді тауып, балаңызға ұсыныңыз. Болмаса, uyatemes.kz сайтының сілтемесін жіберуге болады. Бастысы елеусіз қалдырмаңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға