Жаңалықтар

Қанат Исламның өмірлік ұстанымдары

Ең үлкен орындалған арманым – Қазақстанға келгенім!
Қанат Исламның өмірлік ұстанымдары
06.04.2017 11:00 5911
  • Өз елімнің атынан, қазақ елінің атынан шығу мен үшін қуаныш. Мен жеңіске жетіп жатсам, елімнің абыройы еселей түседі деп білем.

  • Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс. Бұл жігіттікке сын. Жеңілсең жеңіске қарай ұмтыл, жеңсең тағы да жеңуге еңбек ет! Жеңіс пен жеңіліс өмірдің шындығы, заңы, талабы.

  • Мен ең алғаш залға барғанда бәрімізді қабылдап алған жаттықтырушы «бұнда неге келдіңдер» деп сұрады. Бәріміз бір ауыздан чемпион болуға келгенімізді айтамыз ғой. Сонда ол кісі «маған чемпионның керегі жоқ. Бірінші адам болуларың керек» деп еді. «Сендер чемпион болып, артынан тілдеріңді шайнап, бір жерде топыраққа аунап жатсаңдар, немесе ел амандаса алмайтындай дәрежеде талтаңдап жүрсеңдер ол дұрыс болмайды» деген еді. Бұл он бес жыл бұрын айтылған сөз болса да, әлі күнге санамда жаңғырып тұрады.

      

  • Сен чемпион болып мойныңа медаль ілдің, содан кейін тұғырдан түскен соң чемпион емессің. Енді келесі уақытта нағыз чемпион екеніңді дәлелдеуге талпынуың керек.

  • «Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл!» деген Бөлтірік шешеннің сөзін жадымда ұстаймын.

  • Марқұм ұстазым айтатын «жігіт адам сылтау айтпау керек» деп. Қателессең мойында, болмаса қателеспе. 

  • Халықтың көңілінен шыға аламын ба деген қорқыныш үнемі ойымда жүреді. 

     

  • Менің осы жеңістерім – тек өзім үшін емес. Бұл артымнан еріп келе жатқан інілерім үшін. Қазақ спортшыларына жол ашқым келеді.
  • Құлдық санасы басым кейбір адамдарда өзін-өзі жек көру, жан жағына жалтақтау, басқаға еліктеу сынды сезімдер болады. Дегенмен, біздер «өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанына түңілсін» деген қағиданы ұстануымыз керек. 

  • Басты назарымда – ұлтымның тағдыры. Келешекке жоспар құрмаймын. Спорттан кетсем де, келгісі келген жігіттерді қолдаймын.

  • Ең үлкен орындалған арманым – Қазақстанға келгенім. Тәуелсіз елім болмаса, мен қайда барар едім?!

  • Біреулер мені саясатқа тартар, өзінің қолшоқпары еткісі келер. Бірақ мен спортшымын ба, өз саламда еңбек етемін. Саясаттан алыс жүргім келеді.

     

  • Өзім оралман атанып келсем де, менің ұрпақтарым қазақ болады!

  • Ұлт үшін бір сөз айтып, артынша бұғатын жандардың қатарынан емеспін.

  • Мақсатым – дүние табу болса, талай мүмкіндік болды. Бизнесмен болып кетуге де жолдар шыққан. Бірақ, менің мақсатым ол емес, мақсатым өзім армандаған биікке жету.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға