Жаңалықтар

Іскер әйел – механизмі тоқтамайтын шеберхана секілді

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазановамен сұхбат
Іскер әйел – механизмі тоқтамайтын шеберхана секілді
08.03.2017 21:22 11964

Бүгінде елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын 700 мыңға жуық іскер әйел бар. Кәсіпкерліктегі олардың үлесі  шамамен 50%. Осыған орай, нәзік жандылардың бизнеспен айналысуы, мүмкіндіктері мен жоспарлары  төңірегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазановамен сұхбаттастық.

– Ләззат Керімқұлқызы, әңгімеден бұрын сізді бүгінгі Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!

– Рахмет! Мен де әрбір іскер әйелге көктемнің шуақты күнімен қатар келген мерекеде отбасылық бақыт,  бизнесте бастаған қадамдары нық болып, талаптары табысты болсын деп тілек білдіремін.

– «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі қандай мақсатпен құрылды?

– Қысқа ғана мерзімде ҰКП Іскер әйелдер кеңесі бүкіл республика бойынша қанатын жайды. Кеңесті құрудың басты идеясы – еліміз өңірлеріндегі әйелдердің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту. Басты миссиямыз – отандық экономика кеңістігі дамуына өз үлесімізді қосу, уақытын дұрыс меңгере алатын орта класты қалыптастыру. Нақты мақсатын білетін, әр минутын бағалайтын әйелдер маған механизмі тоқтауды білмейтін үлкен шеберхана сияқты көрінеді. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, алдымыздағы ірі жоспарларды орындау үшін облыс, аудандарда кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Табиғатынан ұяң қазақ қыздарының бизнеске белсенділігі қандай? Бұл жағынан ауыл әйелдері мен қала қыздарының арасында айырмашылық бар шығар?

– Бүгінде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылар қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр. Нарық заманы – отбасын да, мансап жолын да қатар алып жүретін іскер әйел болуға талпынғандардың уақыты. Соқпағы мен тәуекелі көп бизнес ортада өз орнын еншілеп қана қоймай, табысқа кенелген арулардың бизнеске белсенділігі жоғары деп айта аламын. Өз ісін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектер қалада болсын, ауылда болсын көшбасшы ретінде көрінуде. Оларға қарап өзгелер үлгі алады, сондай болуға талпынады.

Бүгінде Қазақстанда қанша кәсіпкер әйел бар? Ол ел бизнесмендерінің қанша үлесін алып отыр?

Үйде аяулы ана, асыл жар, ал жұмыста тынбай еңбектеніп, қызметте көшбасшы, шебер ұйымдастырушы бола білетін әйелдер легі қалыптасып келеді. Бүгінде кәсіпкерліктегі әйелдердің саны 700 мыңға жуық, олардың жалпы үлесі 50%. Дегенмен, Кеңес ер-азаматтарды басып озуды, олармен бәсекеге түсуді көздеп отырған жоқ. Қазақ әйелі қандай мықты басқарушы, табыскер болса да ер азаматынан әрқашан бір саты төмен тұрады. Ол – табиғат, ол – дәстүр, ол – тәрбие. Бізді өзге мемлекеттердің гендерлік институттарынан ерекшелейтін де осы қасиетіміз. ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мақсаты мүлдем басқа: Сөзден нақты іске көшу.

– Әйелдердің бастамасы бойынша бизнестің қандай салалары дамуда?

– Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдына экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз етуді, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды, халықтың басым бөлігін кәсіпкерлікке тартуды тапсырды. Осы ретте әйелдердің ЖІӨ құраудағы салымы ­– 40%, бұл жақсы көрсеткіш. Бизнес жобаларды инновациялық бағытқа бейімдеу заман талабы. Алайда, бұл күрделі үдеріске уақыт керек. Ең алдымен, инновация тілінде отандық ғылым сөйлеуі тиіс, жаңа ғылыми жобалар жүзеге асырылуы керек. Нәзік жандылар бизнестің әр саласына өзіндік даму мен өзгеше жаңашылдық әкелуде. Бүгінде сол саланың үздігі болуымен қатар, халықаралық деңгейге шығып жатқандары да аз емес. Әйел білек түріп кіріссе атқарылмайтын іс болмайтынын біздің іскер қыз-келіншектер жетістіктерімен көрсетіп жатыр. Осы қарқын күшеймесе, әлсіремейді деген сенімдемін.

Өңірлік іскер әйелдер бірлестігінің аяқ алысы қалай?

–  Биыл шалғай аудандардағы әйелдерді ақпаратпен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, қаржылық сауаттылықтарын арттыру бағытында жұмыс істеуге кірістік. Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 22 869 кәсіпкер әйел бар. Былтыр 1600 қыз-келіншекке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен. Солардың жеті жүзден астамы «Бизнес кеңесші», «Bastau бизнес» оқу курстарынан өтті. 69 жаңа жоба іске қосылып, он тоғыз нәзік жандыға шағын несие берілді. Осы жылы да кәсіпкерлікпен айналысатын, сондай-ақ өз ісін ашуға ниетті қыз-келіншектерге Кеңес тарапынан бағыт-бағдар мен көмектер көрсетілетін болады.

«Әйел және бизнес» форумы жайлы айтып өтсеңіз...

«Әйел және бизнес» форумы – қыз-келіншектердің тек кәсіпкерлікті дамыту жолдарын ғана емес, мемлекет, қаржылық институттар тарапынан көрсетілетін қолдау туралы, қаржылық сауаттылықты арттыру тәсілдері жайлы сөз қозғайтын алаң. Осы басқосу арқылы әр бизнес-леди өздері кездескен қиындықтар мен бюрократиялық кедергілер туралы ой бөлісуге мүмкіндік алады. Аталмыш форум әр өңірде де тұрақты өткізіліп тұрады.

– Бірлестік тарапынан бүгінге дейін іскер әйелдерге қандай сервистік қызметтер көрсетілді?

  «Атамекенмен» 46 мыңнан аса көрсетілген қызметтің ішінде іскер әйелдерге 17 666 сервистік қолдау көрсетілген, өңірлерде 8 мың әйел оқыту түрінде көмек алды. Облыстардағы бизнес-қоғамдастықтармен бірлесе жұмыс істегенде, көпшіліктің бизнес саласында жұмыс істегісі келетіні, тек қаржы жетіспейтінгі анықталды. «Атамекен» енгізген жаңалықтың бірі – шағын несиелеу. Жергілікті атқару органдарымен жүргізілген келісімдердің нәтижесінде еліміздің бес өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасы іске қосылды. Пайыздық мөлшерлемесі көп емес, 5-8% құрайды. Инвесторлар мен жергілікті атқару органдары бірлесуі нәтижесінде шағын бизнеске қаржы бөлініп отыр.

Бірлестіктің алдағы жоспарларына тоқталсаңыз...

Мінсіз жүйе болмайды. Көштің жүре түзелетіні шындық. Кеңес өте жас, идеялар мен жоспраларымыз көп. Қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Bastau Бизнес» оқу бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Өңірлердегі қыз-келіншектердің оқуға ынтасы жоғары.

Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға