Жаңалықтар

Ғылымдағы әйелдер

Өмірлік мақсатын ғылыммен байланыстырған арулар
Ғылымдағы әйелдер
11.02.2019 17:06 13864

UNESCO статистика институтының соңғы дерегі бойынша әлемдегі ғалым әйелдер саны 30 %-дан асқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын артса да, ер адамдарға қарағанда әйелдердің ғылыми жолында кедергілер көп кездеседі екен. El.kz порталы Халықаралық ғалым әйелдер мен қыздар күніне орай ғылым жолында жүрген қазақстандық арулармен сұқбаттасқан еді.

Хадичахан Рафикова

PhD, Қ.И. Сәтбаев атындағы (ҚазҰТУ) Қазақ ұлттық зерттеу ғылыми-зерттеу университеті мен Қазақ-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) аға оқытушысы

Ғылымдағы әйелдер

Фото: Андрей Лунин

Мен ғылымға қалай келдім? Мектеп кезінен-ақ сабаққа зейінім мықты болды. Есеп шығаруды, күрделі тақырыптарды зерттеуді жақсы көретінмін. Есеп күрделі болған сайын оны шығару ләззаты да жоғарылай түсетін. Одан кейін университетте оқып жүргенде профессор болсам, бір жаңалық ашып, менің ғылыми еңбегімнің адамзатқа пайдасы тисе екен деген арман болды. Кейін доктарантураға түсіп, диссертациялық жұмысым барысында осы арманымды орындауға мүмкіндік туды.

Әйел адамның функциясы көп. Бізге жұмыс та жасау керек, ғылыммен де айналысу керек, үй-ішінің тірлігі мен бала-шағаның тәрбиесі бар. Бірақ уақытты тиімді пайдалансаңыз бәріне үлгеруге болады. Керісінше көбірек міндет болған сайын уақыттың қадірін жақсы білеміз. Тұрмыстық міндеттер ғылыммен айналысуға кедергі болмайды деп ойлаймын.

Менімен бірге жұмыс жасайтын еркек әріптестер еңбегімді бағалайды, мойындайды, құрметпен қарайды. Мүмкін ғылымда жүрген ер азаматтар стереотиптерден алыс шығар. Олар жынысқа емес, еңбегіңнің нәтижесіне көбірек мән береді.

"Қыздың жолы жіңішке" деген мақал ғылым саласында жүрген қыз-келіншектерге де қатысты. Ғылымда өз орнын алу үшін әйел өте көп еңбек етеді. Кейде өзіне жұмсамайтын күш-жігерді ғылым жолында сарп қылады. Мысалы, еркек адам түнімен мақала, кітап оқып бос уақытын өзін дамытуға жұмсай алады. Ал әйелдер ше? Ол үй-тірлігін тындыруы керек, балаларының сабағын қарап, тамағын беріп, ұйықтатуы керек, өзіне де көңіл бөлуі тиіс. Сөйтіп әбден шаршап, шалдығып, көзіне ұйқы тығылғанда кітабын оқуға уақыт табады. Сондықтан әйел ғалымдар әр жұмысын, уақытын жоспарлап жүреді. Бұл тиянақтылық ғылымда да байқалады. Әйел ғалымдардың жауапкершілігі де жоғары деп айтар едім.

Нұргүл Сихаева

PhD, Ұлттық биотехнология орталығының аға ғылыми қызметкері

Ғылымдағы әйелдер

Фото: Нұргүлдің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Мен ғылымға қалай келдім? Мектеп кезінен ғылымға қызығып, олимпиадаларға қатысып жүрдім. Оқуды үздік аяқтағаннан кейін, биотехнология бойынша білім алуды жөн көрдім. Солайша бакалавриат пен магистратураны тәмамдап, 2017 жылы PhD доктор ғылыми дәрежесін қорғадым. 

Ғылыми жетістіктерім жайлы айтар болсам, ол менің жеке басымның ғана емес, үлкен ғылыми топтың еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі күні мен биомедицина, адамдар ауруларының генетикасы бойынша зерттеулермен айналысамын. Онкологиялық, диабет немесе семіздік тәрізді әлеуметтік маңызды аурулардың дамуының генетикалық факторларын анықтап, превентивті және персоналды медицинаны дамытудамыз. Қазіргі кезде біз анықтаған генетикалық детерминанттарды анықтау арқылы сол аурулардың даму қаупін бағалап, превентивті (алдын алу) шараларды ауру дамымастан бұрын өткізуге болады. 

Мен тұрмыстамын, екі баланың анасымын. Өзімнің тәжірибеме сүйенсем, бұл әйелдердің ғылыммен айналысуына еш кедергі келтірмейді. Еркек әріптестерім мені үнемі қолдап отырады, олардың зерттеулерімді мойындамаған кездерi болмапты. Барлығы жоғары білімді, саналы, тәрбиелі жандар. Шынымды айтсам, мен ешқашан жұмыстағы гендерлік айырмашылықтар туралы ойланбаппын. Себебі ғылымда әрбір ғалымның жетістігі оның публикацияларымен, патенттерімен және т.б. ғылыми жұмысының нәтижелерімен бағаланады. Ол жетістіктер адамның жынысына емес, өзінің профессионалдық біліктілігі мен біліміне байланысты.

Анара Молкенова

Назарбаев Университеті Ғылым және Технологиялар мектебі Химия департаментінің постдокторанты

Ғылымдағы әйелдер

Фото: sst.nu.edu.kz

Мен ғылымға қалай келдім? Мектепте оқып жүргенде химия пәніне ерекше қызықтым. Химия пәнінен олимпиадаларға қатысып, республикалық олимпиадада 3 орын алдым. Сол кезде болашақ мамандығымды таңдау туралы шешімімді қабылдадым. Осылайша мектепті тәмамдап, «органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға түстім. Университетті бітірген соң Болашақ бағдарламасы аясында University College London-да нанотехнология саласы бойынша магистр дәрежесін алдым. Магистратурада ғылыми жұмысымды жүргіздім. Ол кішкентай ғана ғылыми жұмыс еді. Бірақ сол жұмысым үшін Oxford Instruments Plasma Technology компаниясы менің жұмысымды ең үздік деп танып, марапаттады. Бұл жетістіктер одан әрі ғылымға қызығушылығымды оятып, ынталандырды. Содан соң PhD Докторы ғылыми дәрежесін алу үшін Жапонияға аттандым. Ол жақта мен әртүрлі наноматериалдармен жұмыс жасадым, бұл наномматериалдар литий-йонды аккумуляторларды жасау үшін қолданылған болатын. Кейін электр автокөліктер құрылысы үшін қолданылатын болды. Осындай қызықты ғылыми жұмыстармен айналыстым. Докторантураны бітірген соң мен Назарбаев Универсететінде пост докторант болып жұмыс жасай бастадым. Қазір мен Ғылым және технологиялар мектебінде жұмыс жасаймын. 1-2 курс студенттеріне химия пәнінен сабақ беремін.

Әйел адамдардың тұрмыстық функциялары өте көп. Мен осыдан екі жыл бұрын бір мақала оқыған едім. Онда балалары бар әйелдер ол жақсы ғалым болады деген ой айтыпты. Яғни бала саны көбейген сайын тиімді әсері артады, себебі бала көп, уақыт аз. Ғылымға бөлетін уақыты тапшы болғандықтан, басқа ғалымдарға қарағанда оның пайдалы әсер коэффициенті жоғары. Сондықтан ғылыммен айналысатын әйелдерге жанұя, бала тәрбиесі, тұрмыстық шаруалар ешқашан кедергі келтірмейді деп санаймын.

Қазіргі кезде еркек әріптестеріміз біздің ғылыми жетістіктерімізді мойындайды, себебі ғылымда адамдар жынысқа бөлінбейді. Мен қызмет ететін Назарбаев Университетінде осылай. Әйел ғалымдардың ешқандай артықшылығы жоқ. Аяғы ауыр кезеңде ғана ғылымға бөлетін уақыт азырақ болады. Бірақ кейін ғылымға қайта оралуға ешқандай кедергі жоқ. Мен өзім әзірше тұрмыс құрмадым. Бірақ біздің университетте бала-шағасы бар постдокторанттар көп. Мысалы, өзім тамаша ғалым санайтын Әлия Мұқанова екі баланың анасы, біздің үздік PhD студентіміз Айымгүл Керімрай да ана атанған ғалым.

Материалды әзірлеген:
Бэлла Орынбетова
Мөлдір Дарханбаева
Перизат Кәрімқұл

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға