Жаңалықтар

Генерал-майор Нұрмагамбетов Талғат Сағадатұлы

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-майор Нұрмагамбетов Талғат Сағадатұлы
27.09.2017 15:16 3972

1952 жылы 27 қазанда дүниеге келген. 1975 жылы Томск медицина институтының әскери-медицина факулътетін, 1983 жылы Әскери-медицина академиясын бітірген. Офицерлік қызметін оқу-үйрету взводы командирінен бастаған. Полк медицина қызметінің бастығы болған. Медицина баталъонының командирі, танк құрамасы медицина қызметінің бастығы, армиялық корпус медицина қызметінің бастығы, армия медицина қызметінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас медицина басқармасының бастығы лауазымын атқарды. Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан. «Красная звезда» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған.

Шамалы ауырып қалсақ дәрігерге жүгіретініміз белгілі. Ол кемшілік емес, адамның жаратылысы солай. Ақ халатты абзал жандарға қаншалықты сын айтсақ та, қиналған сәтте соларға сенім артамыз, көмек күтеміз. Әлбетте, Гиппократ антына адал жандар жетіп артылады, бұған еш дауым жоқ. Десе де, әскери дәрігерлерді жарты бас жоғары қоямын. Бұндай эгоистік көзқарас үзіліссіз солардың қарауында, үнемі соларға жақын жүргеннен қалыптасса керек. Сондықтан да, әскери госпиталь, лазарет, медициналық роталар мен санитарлық бөлімде қызмет етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелерді өз ісінің генералдары деп бағалаймын.

Бұл салада нағыз «медицина қызметінің генерал-майоры» деген жоғары атақ бір ғана адамда бар. Ол – генерал Талғат Нұрмағамбетов. Ең бір ауыр кезеңде төл әскеріміздің медицина саласын басқарды. Кейінгі жылдары әскери медицина жақсы табыстарға қол жеткізсе, бұл жерде де генералдың қолтаңбасы бар деп білемін.

Қордай асуын білмейтін замандасым кемде-кем шығар. Байтақ жеріміз қаншалықты жазық та жазиралы десек те, осындай әдемі орындар жеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөлейді. Кеңдігі өзінше, әрқилылығын айтыңыз.

Бұл тек сұлу аймақ емес, сонымен қатар қатер төндірер жол кесіндісі. Жолаушыға, әсіресе көлік тізгінін ұстаған жүргізушіге «сақ бол» деп, ескерту жасап тұрғандай қауіпті жер. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін аталмыш асуда қайғылы оқиғалар орын алады. Сондай жан түршігерлік факті 94 жылы тіркелді. Оқиға болған жерге ең жақын орналасқан медициналық мекеме – Отардағы дивизиялық әскери госпиталь. Алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен де әскери медиктер болды. Адам жанына араша түскен әскерилер жайында мақалалар жаздық. Сол тұста кейіпкерлеріміз бірауыздан генералдың жасап отырған қамқорлығын айтқан еді. Таяу арада келіп-кеткенін, госпитальға қажет арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілуіне тапсырма бергенін айтты. Талғат Сағадатұлының қамқорлығына қатысты жылы әңгімелерді басқа да ірі гарнизондардан жиі еститінмін.

Кейінгі жылдары көптеген жас офицер-мамандар әскери медицинасы жақсы дамыған озық мемлекеттердің арнайы оқу орындарында білімдерін шыңдады. Бұл сала бойынша бойымызды тік ұстай алатындай дәрежеге жеткізді. Қайсыбір мәселелер бойынша басқаларды оқытуға дәрменіміздің бар екенін дәлелдеді. Бұған қалай мақтанбасқа.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға