Жаңалықтар

Генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-лейтенант  Құрбан Қаражанов
01.10.2017 10:13 8348

Өмірбаян беттерінен

1957 жылы 7 шілдеде Қызылорда облысында дүниеге келген. 1979 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1995 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, 2007 жылы РФ Бас штабы Әскери академиясын бітірген. Офицерлік қызмет жолын взвод командирінен бастап, бірқатар штаб жұмысына қатысты жауапты қызметтерді атқарған. Батальон, полк командирі, құрама командирінің орынбасары, құрама командирі болған. «Астана» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымын атқарған. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық бойынша орынбасары болған. Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. 3 баланың әкесі.

***

Әр генералдың өз өмір жолы бар. Өзінің табиғи болмысы бар. Басқа генералдардың шамына тигім келмейді, бірақ, ұлттық колорит тұрғысында генерал Қаражановтың әріптестерінен жұлдызы бір саты жоғары ма деп ойлаймын. Тұрған бойынан «қазақтың иісін» сезуге болады. Сонау 90 жылдардың ортасында, мотоатқыштар полкінің командирі болған тұста танысқан едім. Алғаш алған әсерім – қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлына қатты еліктейді екен. Әсіресе, сөйлеу, қарамағындағыларға тапсырма беру мәнері Батырды айнытпай қайталап тұрғандай. Тіпті жұмыс үстелінің үстінде «Соғыс психологиясы» кітабының жатқанын да байқағанмын.

Үстелінен сол жолы қоңыр мұқабадағы Абайдың қара сөздері кітабын да көзім шалған болатын. Рас, қателесіп нашар ойлағанымды мойындаймын. Әдемілік немесе өзі туралы басқаларда жағымды пікір қалыптастыру мақсатында «ақылды», «маңызды», «өзекті», «қажет» кітаптар жинап, жарқыратып қоятын адамдарды да талай кездестіргенмін. Кейін білгенімдей қатты қателесіппін, ол кітап жүрек қалауымен жатқан екен. Бүгінгі таңда генералды сенімді түрде абайтанушылар санатына қоса аламын. Шынымды айтсам, сол үшін де ол кісімен кездесуге жүрексініп тұрамын. «Сәке, Абайдың топырағында дүниеге келдіңіз, Абайды бес саусағыңыздай жақсы білетін боларсыз, осындай қара сөзінде не деп айтқан еді» деп сұрап қалса, жауап бере алмай жатсам, масқара болғаным ғой. Анда-санда, сәті түскенде генералмен бірге қызмет ететін офицерлерден кабинетінен қөрген кітаптар жайында сұрап тұрамын. Мен көргендегідей, күні бүгінге дейін жанынан тастамайтынын естіп, ұлтының ұлыларын ардақтай білер асыл қасиетіне көңілім марқайып қалады.

Генералмен бір әскери жатақханада тұрдым. Күнделікті ертемен «спортивкасын» киіп алып жүгіріп жүреді. Қысы-жазы. Жалықпайды, уақыт табады. Нағыз салауатты өмір салтын қалыптастырған жан деп айтуға болады. Жалпы, Құрбан Сәкенұлының ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы қай саланың болсын шыңына шығарар шамшырақ іспетті. Ғылымды таңдаса академик болар еді.

Абай мен Бауыржанды жүрегінде ту етіп желбіреткен, ұран етіп қастерлеген азаматқа қалай ғана тәнті болмайсың. Жас офицерлерге, әсіресе қазақ жастарына осы генералдай болыңдар деп бағыт берер едім. Әр генералдың өз өмір жолы бар десек те.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға