Жаңалықтар

Елбасының сүйікті әндері

Елбасының сүйікті әндері
30.11.2021 16:04 6096

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Аталмыш мерекеге байланысты Елбасы сүйіп тыңдайтын әндерге тоқталғанды жөн көрдік. 2015 жылы алғаш рет Ақорданың ресми сайтына «дербес парақша» атты бөлім қосылып, Елбасының авторлық әндері, сондай-ақ сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындылары енгізілен болатын. Бүгін де дәл осы бөлім Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің ресми сайтында тұр.

Елбасының сүйікті әндері

Өнерге деген құштарлық

Дербес парақшадағы «Музыка» бөлімінде «Президент өмірінде музыка маңызды орын алатынын анық аңғартқан еді. Тұңғыш Президентіміздің отбасында ата-анасы әрдайым ән-күй тыңдауды ұнататын және өздері де ән сала білетін. Әсіресе анасы Әлжан Назарбаева әнді жақсы айтқан екен. Оның сол қабілет-дарыны ұлына берілгені сөзсіз. Жас Нұрсұлтан бала кезінен «есте жоқ ескі кездердегі» де, өз заманындағы да түрлі әндер мен әуендерді тыңдап, құлағына және зердесіне сіңіріп өсті. Нұрсұлтан Назарбаев бос уақытында өзі де домбыраны шебер тартып, ән салады. Президенттің үш ән шығарғаны, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әнұраны мәтінінің телавторы екені де баршаға белгілі. Бұл бөлімге Нұрсұлтан Әбішұлының авторлық әндері, сонымен қатар ол сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындылары енгізілді», – деп жазылған.

Елбасының «Біздің қазақ халық әндері сезім мен философиялық мазмұнға толы. Қазақ әндерінде әуенді емес, сөзін тыңдау керек. Сөздің мағынасы зор»,- деп айтқан сөзі бар.

Елбасының сүйікті әндері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың музыкалық қабілеті баршаға аян. Белгілі бір жиындарда қолына домбыра алып, күй шертуі, нақышына келтіріп ән орындауы, әнге сөз жазуы Елбасының шығармашылыққа деген ерек көзқарасы мен қабілеті барын көрсетеді.

Авторлық әндер

Нұрсұлтан Назарбаев бес әннің авторы – «Шұбарат» (1973 жылы шыққан, әні мен сөзінің авторы), «Елім менің», «Жерім менің», «Үшқоңыр» (2001 ж), «Город мой!» (2012 ж). Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мемлекеттік Гимнінің мәтінін жазған авторлардың бірі.

Елбасы сүйіп орындайтын әндерінің бірі Иосиф Кобзонның «Песня о тревожной молодости» әні. Бұл әнді мемлекет басшысы бірнеше жиындарда орындады.

Осы жылы Қарағанды облысына жасаған сапары барысында да мемлекет басшысы Теміртаудағы саябақта Кобзонның репертуарындағы “Песня о тревожной молодости” әнін шырқағаны көптің есінде.

Елбасы қазақтың халық әндерін сүйіп орындайды. Сол әндердің бірі Сегіз серінің әні – «Гауһартас».

Ол кісі «Весна на Заречной улице» кинокартинасындағы «Когда весна придёт не знаю» әнін баяу бір қоңыр дауыста, әуелете шырқайды.

Нұрсұлтан Назарбаев домбырада да ойнайды, қазақ күйлерін нақышына келтіріп орындайды.

Елбасының сүйікті әндері

elbasy.kz сайтындағы дербес парақшада сөзін өзі жазған авторлық әндері енгізілген болатын. Бүгінгі таңда халық арасына кеңінен тараған және үлкен ықыласқа бөленген патриоттық рухты көтеретін «Елім менің», «Үш қоңыр», «Шұбарат», «Жерім менің» сынды әндер орналасты. Сонымен қатар, Елбасы сүйіп тыңдайтын: «Жұлдызым», «Көзімнің қарасы», «Беу- айдай», «Сәулем-ай» секілді туындылар жүктелген.

«Шұбарат» әнінің сөзін жазған Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған Шәміл Әбілтай. Осы «Шұбарат» әнінің шығу тарихы туралы күйші, композитор Шәміл Әбілтаев ағамыз мынадай пікір айтады: «Елбасы Уақап Қыдырханның бастамасымен бір топ журналисті қабылдап, «Шұбар ат» өлеңін оқып береді. «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына арналған үлкен жинаққа енгізген. 2011 жылы Қазақстанның 20 жылдығына орай Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген Елбасы» атты кітабы жарық көрді. Бетін парақтап отырсам, «Сағыныштан туған шұбар ат» деген очерк жарияланыпты. «Шұбар ат» өлеңін оқығанымда еріксіз жаным тебіреніп, шалқар шабытпен ән туды. Қисыны келіп қалған сазды нотаға түсіріп, 2013 жылдың бас кезінде «Айқын» газетіне «Қырық жылдан кейін қайта туған шұбар ат» деген тақырыпта әнді жазғаным жөнінде жарияладым. Мақаланы оқыған Махмұт Қасымбеков әнші Досымжан Таңатаровты шақырып, осы әнді орындауға кеңес береді. Досымжан бірден ұнатып, әрлеуші Бағлан Омаровқа әнді өңдетеді. 28 маусым күні Нұрсұлтан Әбішұлының алдында, Қазақстан Президенті оркестрінің сүйемелдеуімен әннің тұсаукесері өтті».

Әнші Досымжан Таңатаров: «Шұбар ат» әні – халықпен бірге жасайтын, өміршең ән. Автор бұл өлеңді мемлекет басшысы болмай тұрып жазған. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағыныштан риясыз көңілден туындаған. Сондықтан болар әннің әуені сөздің мағынасын ашқан. Сазды, лирикалық бағытта өрбіген халық әні іспетті әнді халыққа насихаттап келеміз».

Патриоттық әндер

«Елім менің» әнінің музыкасын Бекболат Тілеухан жазған. Әйгілі әнші Бекболат Тілеуханның «Елім менің» атты әні – патриоттық тақырыптағы қазақ әндерінің арасында айрықша орын алатын шоқтығы биік туынды. Әнге тәуелсіздік алған қазақ елінің ұлан-асыр шаттығына үн қосқан шынайы қуаныш сезімі арқау болған. Отаншыл мазмұндағы, асқақ рухты бұл шығарма жұрт жаппай шырқайтын танымал әнге айналды.

Елбасының сүйікті әндері

«Үшқоңыр» әні – Елбасы түлеп ұшқан құтты мекен Үшқоңыр туралы белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың әні. «Муз­АРТ» тобы нақышына келтіре шырқап, барша тыңдармандардың жүрегінен орын алған тамаша ән!

Президенттік оркестр өнерпаздарының айтуынша, ол кісі халық әндері мен ретро әндердің басым көпшілігінің сөзін жатқа біледі. Бұл Елбасының өнерге деген, халық музыкасына, ұлттық дәстүрлерімізге деген құрметінің, сүйіспеншілігінің айрықша белгісі екені сөзсіз. Бір жылдары ішіне бірталай халық әндері топтастырылған 200 беттік кітап жарыққа шығыпты. Сол кітапты Елбасына тарту еткенде «Мен, тек осынша ғана біледі деп ойлайсыздар ма?» деп кітапты тарту еткен адамның өзін ұялтқан екен.

Елбасының «Домбыра үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақты қазақ деп айтудың өзі қиын»,- деген сөзі бар. Халық арасында Нұрсұлтан Әбішұлы Абайдың әндерін, қазақ вальсінің патшасы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін жақсы көреді деген сөз бар.

Бақытгүл Абайқызы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға