Жаңалықтар

«Бір ғана сөздің астарында бір дәуір жасырылып жатуы мүмкін»

ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетовпен сұхбат
«Бір ғана сөздің астарында бір дәуір жасырылып жатуы мүмкін»
29.01.2021 18:29 6585

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Берік Саймағанбетов Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылында дүниеге келіп, қазақы тәрбиемен атасының қолында өскен. Баба жолын сақтап, әлі күнге Саймағанбеттің баласымыз дейтін өнер иесінің әкесі кезінде белгілі ақын-жыраулар Тұрмағамбет, Омарлармен бірге қатар жүрген кісі. 

Қанмен келген өнер – текті өнер, өрелі өнер

Жалпы, жыршылық Берік Рахманұлының түпкі қанында бар екен. Олай дейтініміз, Әлиакпар Жұматаевтың «Кетенің кемеңгерлері» толғауында айтылған кісілердің ішіндегі Бағдагүл апа, Сүйкімбай, Сүйіндік, Ақдос, Жұматай, Сырбай – Берік жыраудың аталары болып келеді. Өзінің айтуынша, қай уақытта мейлі, қай кезде болмасын, жоғары оқу орнын оқысын, оқымасын қанда бар өнер ешқайда жоғалмайды. Ол өнер, әйтеуір, күндердің күнінде жарыққа шығады. Өйткені ол – текті өнер, өрелі өнер. Сондықтан да Берік Саймағанбетов келе жатқан өнер жолы әкесінің бағыттауымен, сол өлең-жырға әуестендіріп, талай аңыз-әңгімені құлақтандырудан басталған.

Одан әрі өнерінің шыңдалуына, оған қызығушылығының артуына бірден бір себепкер, алғашқы ұстазы – Жадырасын Тасбергенов. Өлеңді тамақпен айту дәстүрін жетер жеріне жеткізіп, шырқау шегіне шығарған тәлімгерінің қоржынында «Ұры қарға», «Көрғұлы» дастаны, Аяған Қожаның көптеген шығармалары кездескен. Оның ішінде Шөмекей шежіресінің бір дастаны да бар екен. Сол дастандарды жоғары деңгейде орындайтын жыршы атанған Жадырасын ұстаздан көп нәрсе үйренген. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы болса керек-ті.

Өнер жолы өз иіріміне түсіріп, уақыт ағысымен оның мәнін түсінген соң Берік жырау бүгінде сол тұнық өнердің өз өкіліне айналды. Сондай-ақ белгілі Сыр сүлейі Бидас Рүстембековтің тәлім-тәрбиесін, өнегесін көрген.

Өткенге көз тастаған Берік Рахманұлы бұрын Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институты, ал қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Алмас Алматов ашқан «Халық әні» кафедрасының ең бірінші және жалғыз студенті болғанын жеткізді. Кейін жалпы музыка мамандығына қосып жіберіп, сол жақтан тәлім алған. Одан кейін Орталық Азия университетінен қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп шыққан.

Без-имени-1.jpg

«Жыраулар шығармасын мектеп бағдарламасына қосу керек»

Шығармашылық деген өте бір нәзік нәрсе. Қанша жерден жырды жаттап жүргенмен жүректен шыққан әрбір шығарма ол өзінің орны бар шығарма. Жалпы Сырдың бойындағы кез келген терме-толғауларды алып қарасақ, олардың әрқайсының ұрпаққа берері бар. Сыр бойындағы жыр сүлейлерінің шығармалары қай дәуірде де, қандай кезеңде де, әуелден ақырына дейінгі уақыт аралығындағы тәлім мен тәрбиенің негізгі өзегі. Осы ретте бүгінгі кейіпкеріміздің мынандай ұсынысы бар.

- Біздің білім беру бағдарламалары «Оқу сауаттылығын» өзіміздің әдепкі «Әліппеге» өзгерткені белгілі. Келесі оқу жылынан бастап оқулық қайтадан келейін деп жатыр. Сондықтан осы «Әліппеден» бастап, 11 сыныптағы әдебиет хрестоматиясына дейін Сыр бойындағы сүлейлердің шығармаларын енгізген жөн. Себебі тәлім-тәрбие деген нәрсе балаға сіңуі керек. Біз есейіп кеткен адамдарға ештеңе жасай алмаймыз. Жасы жиырмаға жеткен балалардың өзіне ол тәрбиені сіңдіруіміз қиындау болады. Сондықтан мектеп жасынан, егер осы тәрбиеге, жалпы қазақы ұлттық болмысқа қарай итермелесек, міндетті түрде нәтиже болады. Болмыс деген салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім. Міне, бұлар жиналып, болмысты құрайды. Ал енді ұлттың болмысы осы нәрселерге ұлттық көзқарасты талап етеді. Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» болу үшін, бізге ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңірген ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет. Осы себепті дәстүрлі жырларды ұрпақтың осы бастан санасына дәнек ретінде еге беруіміз керек, - деген пікірде.

Расында, ұлттық ұстаным болуы керек. Сондықтан да осы ұлттық мүдде, ұлттық құндылық, ұлттық өнер, ұлттық көзқарас қашанда барлығынан биік тұрады. Оны қалыптастыру үшін мемлекеттік ұлттық идеология керек. Енді-енді біз осы нәрсеге қарай мойын бұрып келе жатқанымыз жасырын емес. Берік Рахманұлының айтуынша, батыстың даңғаза әуеніне ергенімізбен, түбінде, айналып келгенде бәрібір қазақ болып қаламыз.

Берік Саймағанбетов музыкатанушы ғалым Алма Құнанбаеваның шақыртуымен 1993 жылы Ленинградта өткен конференцияға Қызылордадан тоғыз адам болып барған. Бес жылда бір өтетін конференцияның негізгі мақсаты – Түркі халықтарының арасындағы жыршылардың басын қосып, жалпы ортақ құндылықтарынан мән табу. Бұл конференцияға Түркі халықтары тегіс жиналып, Ленинград қаласында үлкен жиын болған.

- Бізде жетіспейтін нәрсе – бұл талдау мәселесі. Мысалы, кешегі Сыр бойындағы сүлейлердің, шайырлардың жазып кеткен әрбір сөзінде астар бар. Бір ғана сөздің астарында бір дәуір жасырылып жатуы мүмкін. Сондықтан да біз осы нәрсеге мән беруіміз қажет. Біздің бүкіл тарихымыз, діңгегіміз осы жырда жатыр. Маған осы біздің өлкеміздің талай ақын-жырауларының өмірбаянына қызығушылық болды. Өзіміз ғана біліп қоймай, келешек ұрпаққа да сол нәрсені білдіру мақсатында екі шығарманы «Тынық тұма» деген атаумен кітапқа топтастырып шығардым. Осы кезге дейін әлеуметтік желі арқылы өзімнің ойымдағы Сыр бойындағы өткен батырлардың, билердің әңгімелерін жариялаймын. Жариялап келе жатқаныма 1 жылдан аса уақыт болды. Бүгінде әлеуметтік желіге 300-ге жуық әңгіме салдым. 16 жасымнан бастап термеге, толғауға, жырға ден қойдым. «Өткенінді білмей, болашаққа болжам жасай алмайсың» дейді ғой. Сондықтан да маған осы дүние ұнайды, себебі әр адам туған жерінде өткен батырларды, тұлғаларды қаншалықты деңгейде құрметтесе, соншалықты дәрежеде ол адам ұлтын да, Отанын да жақсы көреді, - дейді.

ccb9d42d-f959-40c0-a185-95af48392c33 (1).jpg

Бір жылда үш мәдениет үйінің бой көтеруіне атсалысқан

Өнер иесі, сонымен қатар, басшылық қызметтерді де атқарған. Атап айтсақ, 2008-2009 жылдары Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейі «Ақмешіт» филиалының меңгерушісі, одан кейін Қармақшы аудандық мәдениет үйлерімен клубтары МҚКК директоры болған. Қандай қызметте жүрсе де, тың идеяларымен жұмысқа жан бітіретін маман атана білді.

Мәселен, музейде жұмыс істеп жүрген кезде бір қабырғаны түгелімен Сыр өңірінен шыққан жырауларға, шайырларға, жыршыларға арнаған. Қандай істі қолға алса да әрбір жасалған дүниенің барлығына ұлттық бояу қосуды дағдыға айналдырған. Кез келген нәрсенің ертеңгі ойы мен идеологиялық мәніне көп көңіл бөлген. Сондай-ақ бір жылда үш ауылдық мәдениет үйінің құрылысына қажет құжатын түгел өткізіп, бой көтеруіне бастамашы болған. Бұл өнерге жанашыр Берік Саймағанбетовтың айтулы істерінің бірі ғана. Ұлттық өнерді қолдаушы ағамыздың пікірінше, мәдениет үйі ауылдағы жастарды тәрбиелеуде өте маңызды рөл атқарады.

- Мәдениет деген идеологияның ең басында тұратын ұғым. Қазіргі кезде осы қай салада болсын атқарушы органдарда, облыстағы әкімдік болсын барлығында да экономика жөніндегі орынбасар бірінші орынбасар болып есептеледі. Негізгі дамимыз деген, біз дамушы елміз деген мемлекетте олай болмауы керек. Бірінші идеология мәдениет саласына бағытталуы керек. Идеология саласы дұрысталатын болса, бүкіл сала өзімен-өзі реттеледі. Себебі кез келген адамның бойына иман ұялайды.

Негізгі тәрбиенің көзі – жыр. Ал енді айтылып жүрген термедегі нақыл өсиеттердің барлығы да бұл Құранның хадистерінен алынған. Сондықтан жыр бұл көкірек сарайыңды ашатын, санаңның ауқымын кеңейтетін, сондай әсерге ие киелі нәрсе.

- Қазір жырдың тыңдарманы жоқ деп айтады. Жоқ, олай емес. Жырдың тыңдарманы қай уақытта да болады. Өйткені, бірінші тілімізді құрметтеуіміз керек. Ана тілін жетік меңгерген әрбір адам жырға қанбайтыны айдан анық. Сондықтан тіл мәртебесін дұрыстасақ, болашақта жырдың төрден орын алатынына күмәнім жоқ. Жырға көңіл бөлсек, біздің дәуір бір ырғаққа түседі.

321c8b16-a925-4131-8dac-11735983ae78.jpg

Өнердегі ізбасары – ұлы Динар

Ұлтына жаны ашитын әр адам ұлттық өнерге қамқорлық жасауы керек. Бабаның қанымен келген бұл өнер, біздің қазақтың соңғы тұяғы жоғалып кеткенге дейін тұрады. Себебі ол – жаратушының берген сыйы.

Мәселен, Қызылорда облысының орталығы – Қызылорда қаласында жыраулар үйі жоқ. Кейіпкеріміз егер жыраулар үйі болса, ол жерде тек балалар тәрбиесі емес, жырдың, жырауларымыздың өткен деректерін жинап, осының бәрін біріктіріп ғылыми бірізділікке түсіріп, сақтаса, ол рухты жаңғыртуға қосқан ең абзал үлесі болар еді деген ойда.

Қазіргі уақытта Берік Рахманұлы Халық шығармашылығын дамыту орталығында мәдени қызметкер. Осы ретте жыршы шәкірт тәрбиелеу туралы ойымен бөлісті.

- Шәкірт – ізбасар деген сөз. Бір адам бір ғана шәкірт тәрбиелеуі мүмкін. Таза өзінің көшірмесін қалдыру үшін бір-ақ шәкірт тәрбиелеуі керек. Өзінің бүкіл білген болмысымен сол балаға беретін болса, ол өте жақсы. Қазіргі кезде «анау да менің шәкіртім, мынау да менің шәкіртім» дейтіндер шықты. Мен ондайдан аулақпын. Менің үнтаспамнан естіп, шәкіртіміз деп айтуды үйренген. Бірақ бұл айтудың бер жағында басқа да дүниелер: сөз бар, ой бар, тұжырым бар. Мінеки, мұның бәрін олар алып жатқан жоқ. Сондықтан да менің тәрбиелеп жүрген шәкіртім, өзімнің балам Динар Рахман. Қазір журналистика мамандығында оқып жатыр. Жақсы жыр айтады. Ақындығы бар, айтысқа қатысады. Жалпы өнерпаз болып өсіп келе жатыр.

Өнегелі өмір иесі ұлттық өнердің насихатшысы, нағыз жанашыры. Өз ұрпағына лайықты тәрбие беріп келе жатқан жыршын өзгеге үгіт-насихат, өсиет, аталы сөз айтуған әбден лайық. «Тұнық тұма», «Ғасырлар толқыны» атты зерттеу кітаптарының авторы қашанда ізденіс үстінде. Саналы ғұмырын мазмұнды дүниелермен байытқан бүгінгі кейіпкеріміздің әлі де танымдық бағытта берер мұрасы мол.


Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға