Жаңалықтар

Білімдіге бес сауал | Санжар Керімбай

Заман өткен сайын түзелемін деген кісіге адамзат өркениеті оңтайлы жағдай жасап берді
Білімдіге бес сауал | Санжар Керімбай
15.05.2017 10:12 17005

Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітәбінан дәлел көрсет деймін, (демеймін ?  Ж.Ж) тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын бәрібір, бірақ жауап қазақ тілімен жазылсын, яки, қазақша тәржіме етілсін. Бірлі-жарым араб, парсы, яки, орысша сөз кірсе, қазақша тәржімесі жазылса екен. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен һәм не «Айқап» арқылы, не тура өзіме төмендегі адрес бойынша хатпен жіберілсе екен. Екеуінің қайсысына жазылса  да, қол қойылған болып, адресі көрсетілу тиіс, себебі, құдай жеткерсе, бұл туралы жазылған сөздердің бәрін жинап кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын. Ол ойымды дұрыс көрсеңіз жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміт етемін.

Бес сауал мынау:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?

Шаһкарим Хұдайберді оғлы

Адрес:

Ст. Аркат, Семипалатинская обл. Чингизской волости,

Шахкариму Худайбердину

(«Айқап». 1912.  №5,  96-бет)

Шәкәрім атамыздан аманатқа қалған бұл бес сұрақтың мәні мен маңызы қазіргі заманда да артпаса кеміген жоқ. Сол бес сұрақты біздің заманның білімділері  мен ұлт зиялыларына қоюды жөн көрдік. Бес сауалдың бүгінгі  жауап берушісі ─ шығыстанушы Санжар Керімбай.

─ Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

─ Діни танымда мынадай қызық ұғым бар. «Алла құпия жатқан қазына еді. Мәңгілік  қазынаның кәдеге аспай тығулы жатқанын Ұлық Алла қаламады. Сосын оны іздеп тауып, рақатын көрсін деп адамды жаратты». Маған осы таным ұнайды. Осы концепцияны рухани тұғыр етіп алсам, сарқылмас рухани қазына іздейтін бір қызықтың соңына түсерім анық. Онда адамның мақсұты да анық болады. «Қазына аралын» академиялық тілде объективті немесе трансцендентті әлем деп алсам: онда ойымды  былайша тарқатамын. Тұлға болып қалыптасып, нағыз өмірді (Professional life) сүріп бастаған адам Ар алдында, Қоғам алдында, Адам алдында немесе Құдай алдында бір жауапкершілікті арқалайды. Арқалаған жауапкершілік 18 мың ғаламның мүддесімен үйлесіп, ортақ гармонияға келуі шарт. Яғни жалпы тіршілік атаулыға мейлінше зиянсыз болуы керек. Жауапкершілік сезімі жүрекке бекіген сәттен бастап ғайыптың  пердесі түріледі. Сосын объективті әлемдегі құндылықтар немесе рухани қазыналар жауапты кісінің жүрегіне  ағылады. Оны түнімен мазалап «Менің материға айналып, әлемге көрінгім келеді. Мені туынды етіп жаса. Бір қалыпқа түсір. Мәңгілік бұйым етіп мүсінде» деп көңілін мазалап, тыныштық бермейді.  Сол сәттен бастап, оның түн ұйқысы төрт бөлінеді. Бейне бір жүкті  әйелдей көңіліне енген құндылықтарды әртүрлі формада толғатып «туа» бастайды. Осылайша өнерлі адамның артында ғибратты із қалады. Олардың қалдырған ғибратты ізі мен ғажайып туындысы кейінгі толқынның шабытпен өмір сүруіне жол ашады. Тіршіліктің неше түрлі соққысына төтеп беретін иммунитет қалыптастырады. Адам өлген соң Алла адамнан сұрау алады деп сенсек: сұрақ мынадай форматта болуы керек деп топшылаймын. «Ал, құлым, өмірің бітті. Менің қазына аралымнан Жер бетіне неше тонна құндылық тасыдың? Артыңда қандай ғибратты  із қалды? Кейінгі буынды маған ынтық қылатын қандай өнегелі сөз қалдырдың?» Егер осы сұрақты бала кезден қойып үйренсек, өмірді «кәсіби деңгейде» сүру жеңіл болар еді деп ойлаймын.

─ Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

─ Тіршілік ең бірінші Адамның екі түрлі феноменді арқалуы үшін берілген деп танимын. Біріншісі – Еркіндік. Екіншісі – Жауапкершілік. Жауапкершілік арқалау үшін адамның бұл өмірде азат болуы шарт! Себебі Еркіндік феноменін тіршілікте ғана тамашалай аласың. Жердегі тіршілікте ғана Адамның өзінің емес, басқаның мүддесі үшін пайдалы шешім қабылдайтын қаһармандығы айқын көрінеді. Егер Жаратушы тіршілікті еркіндікпен бірге бермесе бұл өмір озалдан анықталып, бәрі сызылып, өлшеніп қойылған түк те қызығы жоқ қатал тағдырға айналар еді. Онда ерлік істер атқарған неше түрлі тарихи тұлғаларды ұлықтаудың түк те мәні қалмас еді. Пайғамбардың да, батырдың да, ғұлама ғалымның да қадірі болмас еді. Сондықтан ақылды адам ес біліп, етек жиған күннен бастап: «Осы менің қалау еркім бар ма, жоқ па? Өмірді өз қалауыммен сүріп жатырмын ба әлде тағдырдың жазуымен дөңгеліп жүрмін бе? Ерік қалауымды қай тарапқа бұрсам өмірдің азабынан құтылып, мәңгілік рақатқа бата аламын?» деп сұрайды. Сұрақпен қорықпай бетпе бет келген сайын адамның өмірі мазмұндық жағынан қоюланып байи түседі. Өлім сәті соғып, ажал келіп бас салғанда еркіндік нығметі мәңгілікке жоғалады. Бұдан соң «Мен болғанда өйтер едім, бүйтер едім. Қайта тусам «қопарушы» едім. Дүниені гүл жайнатар едім» деп өкінуден пайда жоқ. Еркіндік нығметі қолда тұрғанда ғана жасарыңды жасап қаласың. Еркіндікпен зейнеттелген  мұндай ғажайып тіршілік қайта айналып қолға келмейді.

─ Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

─ Логикаға ғана сүйеніп «жаман іске азап, жақсы іске рақат бар» деп сенемін. Бірақ өлімнен соңғы өлім тым құпия болғандықтан анық жауабын білмеймін. Әрине діни танымға сүйеніп «Иә, бар. Ол жайлы Құранда айтылған» деп қысқа қайыруға да болады. Бірақ оның өзі эмпирикалық әдіске емес, сенімге сүйену болып шығады. Яғни мен тозақ пен пейіштің барына иман келтіре саламын. Бірақ бұл рационалды танымдағы кісіге ұнамауы мүмкін. Жалпы жүрегі сезімтал ақжүрек кісінің бәрі қайырлы ісінің о дүниеде  рақат болып алдынан шығарын анық сезеді. Бірақ онысын ашып айта алмайды. Айтса жағымсыз уағызға айналады. Сондықтан бұл таным мен сезім іште ғана қайнап жатады.

─ Ең жақсы адам не қылған кісі?

─ Қазір өмірден біршама тәжірибе жинадық. Енді осы тәжерибеге қарап,  әуелі сұрақты былай қоямын. «Кімнен көбірек зиян көрдім? Кім маған қиянат көбірек қылды?» Жауабы анық. Басқаның бағын көре алмайтын бақталас адам барлық жерді былғайды. Қай ұжымға барсаң да былық солардан шығады. Біреумен іштей күндес болып, жатса-тұрса өзгенің өркендеуіне жол бермей барын салатын бақталас пенделерден адамзат мезі боп бітті. Іштарлығын жоя алмайтын күншілмен өлгенше тіресуге тура келеді. Ал, дүниеқұмарлығын тоқтата алмай дәулет үшін, мал үшін жолыңды кесетін пендені айналып өту соншалықты қиын емес. Ең жақсы адам - басқаның даралығын, дарынын, өнерін, тағы басқа толып жатқан қасиеті мен талантын жазбай танып, қызғанышқа берілмей, дер кезінде бағысын беріп, оны төбесіне тұтатын адам. Яғни өзін емес өзгенің жетістігін көріп, біліп, танып соның жолындағы кедергіні жоюмен айналысатын пенде: кісінің ең асылы саналады.

─ Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

─ Адам заманға тәуелді деп санамаймын. Қазір әлемді тұтас бақылау жеңілдеді. Ғаламтордың құдіретімен барлық елді барлайсың. Бір заманда былыққа белшеден батқан елдер қазір әлемге үлгі шашып отыр. Бір заманда жұртқа өркениет үйреткен ұлыстар бұл күндері азғындықтың жеті атасын жасайды. Сондықтан «Адамдар түзелді яки азды» деп біртекті айта алмаймын. Заңы мен билігін реттеген елдер заманды ығына көндірді. Керісінше заңы мен билігін қисайтқандар қолайлы заманды қолдана алмай өз жұртын қолдан бұзды. Ал, егер сонда да болмай тым жалпылама алсақ 21 ғасыр бәрібір түзелемін деген адамға қолайлы кезең туғызды деп сенемін. Қалай десек те қазір адамды нақақ өлтіру қиын. Сондықтан бұл сұраққа «заман өткен сайын түзелемін деген кісіге адамзат өркениеті оңтайлы жағдай жасап берді» деп қана айта аламын. Ал, ондай мүмкіндікті құр жіберіп алған адамға не айта аламыз?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға