Жаңалықтар

Бауырмалдық – депрессияны дендетпеудің жолы

Күйзелістің себептері мен одан шығудың жолы қандай?
Бауырмалдық – депрессияны дендетпеудің жолы
13.04.2017 16:18 7609

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биылғы Денсаулық күнінің тақырыбын «Күйзеліспен күреске» арнады. 2017 жылдың 31 наурызындағы дерек бойынша, жер бетінде 300 млн. астам адам депрессияға ұшырапты. Бұл 2005-2015 жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда 18%-ға көп. «Өмірден күдер үзу» деп аталатын осы дерт 2050 жылға барғанда жер бетін жайлайды деген дерек те бар. Депрессияның мән-мағынасына үңілсек пәниден түңілген жанның ең соңғы таңдар жолы – өз-өзіне қол жұмсау екен. Ал, Қазақстан сол суицидтен әлем бойынша 3-орында тұрған көрінеді. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада сағы сынбаған халық, ашаршылықтың арынына төтеп берген ұлт, қырық жыл қырғын болса да қабырғасы қайыспаған қазақ неге бүгін өзге жұрт алдында осалдығымен өрге озып жүр? Күйзелістің себептері мен одан шығудың жолы қандай? Депрессия дертін қалай анықтауға болады? Осы төңіректегі сауалдарға жауап алу үшін біз «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық бірлестіктігі Астана қаласы филиалының директоры, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының персонал бойынша психологы Майра Тойшыбекованы әңгімеге тартқан болатынбыз.

 – Майра Қанапияқызы, ең алдымен «депрессия» деген сөздің мәніне тоқталсаңыз...

– «Депрессия» сөзін латын тілінен аударғанда торығу, күйзелу деген мағынаны білдіреді.  Ол көпке созылмайтын, бірақ созылып кетсе невроз немесе психоздың бастауына айналатын түңілу мен пессимизм арқылы бейнеленетін көңіл-күй жағдайы. Депрессияны бір сөзбен «өмірден түңілу» деп айтуға болады.

– Адамның депрессияға түсуінің себептері қандай?

– Депрессияның себептері бір жақтылы болмайды. Оны біз биологиялық, әлеуметтік және психологиялық факторларға бөліп қарастырамыз. Биологиялық факторларға тұқым қуалау, адам ағзасына қажетті заттардың жетіспеуі және аурулар мен дәрі-дәрмектің әсері т.б. жатқызамыз. Адамның ортаға бейімделе алмауы, әлеуметтену барысындағы қиындықтар әлеуметтік факторлар деп қарастырылса, бала кезден көңілге түскен сызат, жақын адамынан айырылуы, ішкі қайшылықтар, өз-өзін кемсіту – психологиялық факторларға кіреді.

– Смартфонды көп қолдану да адамды депрессиялық жағдайға түсіреді деген пікір бар. Ол қаншалықты рас? 

– Мүмкін. Бірақ ол дертке шалдығудың бірден-бір себебі емес. Смартфонды көп қолданған адам өз ортасынан алшақтап, шынайы өмірден виртуалды өмірге ауысуы мүмкін. Интернеттегі бәз біреулердің өміріне қызыға қарау сияқты алданыш күй пайда болады. Кей адамдар ақпаратты ой елегінен өткізе алмағандықтан қате ақпараттарға сеніп, теріс пиғылдағылардың шырмауына түсуі де ықтимал. Смартфонға деген тәуелділік өз ортаңнан оқшаулап, қарым-қатынасқа түсіп, адамдармен сөйлесу нәтижесінде өмірге жауап іздеуге кедергі жасайды.

– Қазақтай қайсар халық осы бір ауруға не үшін оңай кіріптар болып отыр? Әлде бұл ұлттық рухтың өшкіндеп, құндылықтарымыздың құнсызданғанының белгісі ме?

– Сөзіңіздің жаны бар. Қазақ ежелден бауырмал, қайырымды, қайсар халық. Ертеде бір рудың немесе ауылдың дауын шешетін аузы дуалы ақсақалдар болған. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Қазақ бір-біріне сүйеу болып, бірін-бірі қорғап отырған. «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деп, көршінің өзіне қорған бола білген. Яғни, қазақтың ұжымдық рухы өте күшті болған. Ал қазір әркім өзінің жағдайын жасап, туыстық қарым-қатынастың да қасиеті қалмай бара жатқаны рас. Сондықтан маңайымыздағы кез-келген адамға көмектесуге ұмтылып, мейірімділік таныта білгеніміз дұрыс. Сонда ғана адам жалғыздықтың жапасын кешпейді, тығырыққа тірелмейді. 

– Осы «дертке» шалдыққан адамды қалай анықтауға болады?

– Депрессияға ұшыраған адам көбінесе мазасыз, ашушаң, ызақор, уайымшыл болып келеді. Көпшілік ортадан алыстап, оқшау қалғанды ұнатады. Іштей өзін жек көріп, үнемі кінәләуі мүмкін. Күнделікті әрекеттерге деген құлшынысы төмендеп, өзін қажетсіз сезінеді. Маңайында болып жатқан жағымды жағдайлардың өзіне теріс ой қалыптастырып, әр іске үмітсіздікпен қарайды. Күш-жігері кемиді, зейіні төмендейді. Ұйқысыздық, семіздік және арықтау белгілері пайда болады. Өлім туралы айтып немесе ойлай бастайды. Ішімдікке, нашақорлыққа салынуы өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін.

– Ендеше, депрессиялық күйден қалай құтылуға болады?

– Ең алдымен адам өз-өзін бағалай білу керек. Көпшілікпен емен-жарқын араласу, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту, сол арқылы әлеуметтік ортада өзінің орнын табу. Адамдар бір-біріне бауырмал, кешірімшіл болса, өзара көмектесуге, қолдау көрсетуге ұмтылса депрессия жайлы айтудың қажеті де қалмас еді. Психологияда депрессиядан шығудың арнайы техникалары бар. Мысалы, жол бойы миымызға жағымсыз ойлар келе бастады делік. Сол сәтте адам ішкі ойды  тоқтатуы тиіс. Жан-жағына барлап, назарын басқа затқа аудару немесе сол сәт маңайында болып жатқан оқиғаларға зер салуы керек. Тығырықтан шығудың тағы бір жолы – адам өзіне жайлы орынды таңдап көзін жұмып әдемі қиялдарға шому, көз алдына  бақыттты сәттерді елестету арқылы көңіл күйді көтеру. Бұдан бөлек, физикалық жаттығулар жасау, ән айтып, би билеу, пихологиялық тренингтерге бару және әдебиеттер оқу. Егер бұлардың көмегі болмаған жағдайда психолог мамандардың кеңесіне жүгініп, депрессияның деңгейін, себебін анықтаған жөн. Жан дүниемізді өзгертуге тырысқанымыз абзал. Көп жағдайда адамдар өмірдің мәнін сыртқы себептерден іздейді. Бақытқа, табысқа жетудің жолы жан дүниенің ақаусыздығында жатқанын сезінбейді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға