Жаңалықтар

Бала құқығы – басты құндылық

Мектеп инспекторының да жүгі ауыр
Бала құқығы – басты құндылық
13.11.2020 18:17 5476

Полицейлердің қиын да қызықты жұмысын абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті қажет ететіні рас. Расымен де, олар жұмыс барысында темірдей тәртіпті сақтап, болаттай берік болып, қоғам тыныштығын сақтау жолында қажырлы еңбек етуде. Ол үшін білім мен сабыр, төзім мен қажыр-қайрат та қажет. Оларға жұмыс барысында жылдамдық пен ұтқырлық, жылдам әрекет ету мен тез шешім қабылдау қасиеттері де аздық етпейді. Сондай-ақ адамдармен тез тіл табыса білуі, ұстамды әрі сыпайы болуы да аса маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда осындай қасиеттерді бойынан кездестіретін мамандар құқық қорғау саласында аз емес. Солардың бірі — Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданы полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Гүлзат Жеңісханова. «El.kz» порталының тілшісі елордадағы тәртіпті ерлермен бірге иық тіресе жіті назарда ұстап, жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарын алдын алу жолында қажырлы қызмет етіп жүрген маманмен әңгімелесіп қайтқан болатын.

Бала құқығы – басты құндылық

(Суретте: Гүлзат Жеңісханова)

Қоғамдағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу учаскелік полиция инспекторының жұмысы болып саналады. Олар өздері қызмет ететін аумақ бойынша отбасылық-тұрмыстық және қоғамдағы түрлі заңбұзушылықтарды болдырмауды мақсат етеді. Сондықтан олар қызметте әрдайым темірдей тәртіпті ұстануы және адамдармен тез тіл табысқыш қысиетке ие болуы қажет. Біздің кейіпкеріміз Гүлзат Аленқызы — дәл сондай болмыс иесі.

Ол Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Теректі кентінде дүниеге келген. Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының Бильялов атындағы гимназиясын аяқтап, 2008 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түсіп, оны 2012 жылы бітіреді.

— Алғашқы еңбек жолымды 2012 жылдың қазан айынан бастап Ұлан ауданы полиция бөліміне ақпараттық-аналитикалық топтың технигі болып бастадым. Ал 2014 жылы көші-қон қызметінің инспекторы қызметіне ауыстым. Ол қызметте Қазақстан Республикасына келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеу жүзеге асыру көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуге жауапты болдым. Бұл қызметті 2019 жылдың желтоқсан айына дейін атқардым. Ал биылғы жылдың қаңтар айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына отбасымызбен қоныс аудардық, - дейді Гүлзат Аленқызы.

Біздің кейіпкеріміз бала кезінен осы салада қызмет етуді армандағанын айтады.

—«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп бекер айтпаған шығар... Себебі мен бала кезімнен полицияда қызмет етуді армандадым. Жақындарымның көбі қыз бала үшін құқық саласында қызмет ету – өте қиын болатынын ескерткен еді. Алайда анам ғана мінезімнің осы қызметке сай келетіндігін айтып, маған көп үміт артты. Анамның қолдауы мен маған деген сенімінің арқасында әрі өзімнің таңдауым бойынша осы салаға келдім.

Қазіргі кезде Гүлзат Аленқызы елордадағы білім ордаларының бірінде мектеп инспекторы болып жұмыс істейді.

— Қазіргі жұмысыма келетін болсақ, кәмелетке толмағандармен жұмыс жасай отырып, үйдегі ата-ананың тәрбиесінің орыны балаға қаншалықты әсер ететінін түсіндім. Өзімде ана болғаннан кейін, бұл саланы таңдау маған қызығырақ болды. Ювеналдық полиция қызметкерлеріне өзінің қызмет ету аумағы бойынша мектеп бекітіледі. Мен Нұр-Сұлтан қаласы №85 мектеп лицейінде мектеп инспекторымын, - дейді маман.

Бала құқығы – басты құндылық

Бұл сала қызметкерлерінің жүмысы сырттай салмақты әрі жайбарақат көрінсе де, ішкі иірімдері түрлі шытырманға толы болып келеді.

— Менің жұмысым таңғы сағат 08.00-де мектепке келуден басталады. Елімізде болып жатқан пандемияға байланысты қазіргі уақытта кезекші сыныптар ғана мектеп қабырғасында білім алуда. Осыған байланысты кезекші 1-4 сынып оқушыларын мектеп әкімшілігінің қызметкерлерімен бірге қарсы аламын. Мектеп аумағын тексеріп болғаннан кейін, күнделікті жұмыс жоспарына сай кезекші сыныптарға дәрістер жүргізе бастаймын. Көбінесе «Жол жүру ережелерін» түсіндіру, мысал келтіре отырып оқушыларға профилактикалық жұмыстар жүргіземін. Түстен кейін, бейнеконференция арқылы онлайн түрде білім алып жатқан 5-11 сынып оқушыларына жоспарға сәйкес ҚР әкімшілік және қылмыстық кодекстарының баптарымен таныстыру, талдау, мысал келтіру жұмыстарын өткіземін. Ата-аналар жиындары да қазіргі уақытта онлайн түрде өтуде. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық мекемесінің мамандарымен, Нұр-Сұлтан қалалық «Наркология және психиотрия» мамандарымен 8-11 сынып оқушыларына тақырыпқа сай дәрістер өткізіліп тұрады. Жұмыс уақытым сағат кешкі 19.00 шамасында аяқталады.

Бала құқығы – басты құндылық

Гүлзат Жеңісханова мектеп оқушыларымен байланыс құру кезінде олардың барлығын өзіне жақын тартып, біреуін сіңілісі, енді біреуін інісі ретінде ерекше мейіріммен қарайды. Сондай-ақ өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.

— «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді ғой... Сол себепті оқушылармен олардың тілінде сөйлесең, жүрегіне жол табуға болады деп ойлаймын.

Өз жұмысына адал, кез-келген мәселені түпкілікті шешуге бар күш-жігерін салатын инспекторға мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың да сенімі зор. Сонымен қоса, біздің кейіпкеріміз демалыс күндері өзіне берілген аумақтар бойынша өзіне міндеттелген ережеге сай қызмет етеді.

Бала құқығы – басты құндылық

— Аптаның жұма-сенбі күндері кешкі сағат 22.00-ден түнгі 02.00 дейін локальді рейдттік іс-шаралар болып тұрады. Соған міндетті түрде қатысып, ата-анасынсыз түнгі уақытта үйден тыс жерде немесе ойын-сауық орталықтарында жүрген кәмелетке толмағандарды анықтап, ата-аналарын немесе заңды өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке тартамын. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгімелесулер жүргіземін.

Осылайша ол қоғамдық қауіпсіздің сақтауға атсалысады. Қауіптілігі мен қиындығы қатар жүретін қызмет бабында түрлі қызықты жайттар да болып тұрады екен.

— Жұмыс барысында көптеген қызықты да қиын жағдайлар болып тұрады. Қызықтарының бірі кешкі локальді рейдттік іс-шаралар кезінде ұсталған жасөспірімдердің көбі ата-анасына хабарласудан қорқып тұрады немесе «әкеме емес анама хабарласыңызшы, әкеме айтпаңызшы» дейтіндері де кездеседі.

Ол —   жұмыс барысында қатал болатын кезде қаталдық танытып, қажет тұсында кешірімшіл бола алады. Сол себепті мектеп инспекторы күнделікті қызметте барлығымен жылы сөйлесіп, барынша дос, сырлас болуға тырысады.

— Жоғарыда айтып өткендей, күнімнің жартысы мектеп қабырғасында оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізумен өтеді. Екінші жартысы полиция басқармасында есепте тұрған кәмелетке толмағандармен жұмыс жасау, мекен-жайы бойынша тексеру жұмыстары, әкімшілік істер болған жағдайда сотқа дайындау, өз міндетін орындамайтын ата-аналарды анықтап оларды есепке алу, профилактикалық жұмыстар жасау болып табылады.

Гүлзат Аленқызы өз мамандығын мақтан тұтады. Бірақ ол бұл салада қызығымен қоса, бірқатар қиындықтар да барын жасырмады.

— Әйел баласы болғандықтан, отбасыма көп көңіл бөле алмай жататын сәттерім болады. Жұмысымның ауыр жағы да осы деп есептеймін. Кейде таңертең балаларым ұйықтап жатқанда үйден шығып, кеш батқанда келетін кездер жетерлік. Алайда, демалыс уақытымды тек отбасыма арнаймын.

Бүгінде жасөспірімдер яғни кәмелет жасына толмаған оқушылар арасында түрлі қылмыс түрлеріне барып жататынын күнделікті өмірде естіп жатамыз.

— Қазіргі уақытта жасөспірімдер көбінесе ұрлық, тонау және бұзақылық сияқты қылмыс түрлеріне барады. Осындай фактілерді болдырмау үшін, оның алдын алу үшін біз кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мектеп жасынан бастап профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қай жастан бастап кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын және қандай жаза түрлері қолданылатындығы жайлы үнемі ескертіп отырамыз. Мысал келтіре отырып, бейнематериалдар мен білікті тергеу ісінің қызметкерлерін шақырып кездесулер ұйымдастырамыз.

Жалпы мамандар жасөспірімдер арасындағы қылмыс санын азайту үшін ең алдымен ата-аналар өз балаларына жіті көңіл бөлуі қажеттігін айтады.

— Егер әрбір ата-ана өзінің баласына жеткілікті түрде көңіл бөліп, тәрбие беріп баласының қандай қоршаған ортамен араласатындығын тексеріп, болып жатқан мәселесін шешуге ат салысса, жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаяр еді. Кәмелет жасқа толмағандардың ата-аналары баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі, олардың мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін білуі қажет. Сонымен қатар, баласының бос уақытында немен айналысатындығы және түнгі уақытта қайда баратындығын біліп, оларды кешкі уақытта үйге ерте оралуын қадағалап, өтпелі кезеңде барынша қолдау көрсетіп отырғаны абзал.

Мектеп инспекторларының қызметі пайда болғанына арада көп уақыт болмаса да, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің бір көрінісі болып біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Бір айта кетерлігі, мектеп инспекорының жұмысы – өте жауапты міндет.

Бала құқығы – басты құндылық

— Кәмелетке толмағандар қылмыс жасағаннан кейін міндетті түрде олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Ішкі істер органының ювеналдық полиция бөлімшесінің профилактикалық есебіне алынып, тұрғылықты жерінен, оқу орнынан мінездемелер жиналады. Ата-анасымен бірге жасөспірімдерді мінез-құлқының ауытқуы мәселелері бойынша оқыту семинарларын өткізуге, кәмелетке толмағандардың заңды мүдделерімен құқықтарын қолдауға және қорғауға әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетуге, психолог, құқықтық кеңес беруге, бағытталған «Құқық» қоғамдық қорына бағыттаймыз.   Әр тоқсан сайын мекен-жайы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп отырамыз.

Мектеп инспекторының жұмысы оңай еместігі баршамызға белгілі. Оларға әрдайым қалыпта әрі психологиялық тұрғыда мықты болып, сондай-ақ спортпен ұдайы шұғылданып отыруы қажет. Біздің кейіпкеріміз де өзінің ішкі сезімдерін бақылай алатын әрі спортты жанына серік еткен полицей. Қызметінің жеңіл емесін жіті түсінген Гүлзат Аленқызы кәсіби біліктілігін арттыруды әрі қырағылық пен шапшаң әрекет етуді де күнделікті жұмысында еш ұмытпайды.

— Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге, мектеп оқушыларына құқыбұзушылықтан, қылмыстан аулақ болуға, заңға қайшы әрекет жасар алдында ата-аналарының абыройы жайлы және өзінің болашығы туралы ойлауға кеңес беремін. Ата-аналарына отбасылық құндылықтарды нығайтуға, кәмелетке толмағандарға жеткілікті көңіл бөлуге және мектеп инспекторларының кеңесімен үйде де құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу бойынша профилактикалық әңгімелесулер жүргізуге шақырамын. Сондай-ақ балаңыздың кіммен араласатынын біліп отырған да артықтық етпейді. Оған жақсы жағынан тәрбие беріңіз. Бастысы өз балаңызды қалай баптасаңыз, солай өсетінін әсте естен шығармағайсыз. Өз перзентіміздің ақылды, білімді, көзі ашық азамат болып қалыптасуы сіз бен біз үшін жалпы қоғамымыз үшін байлық деп айтар едім, - деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға