Жаңалықтар

«Девиантты балалар» бөтен емес

Әсем Асанханованың орталығындағы балалар жетістігі
«Девиантты балалар» бөтен емес
24.10.2019 11:57 4992

Әсем Асанханова есімін жезқазғандық тұрғындар жақсы біледі. Ол 2013 жылы қоғамдық жұмысқа белсене араласып, бүгінге дейін айтулы жобалар ұйымдастырып, балалар мен жастардың жарқын болашағы үшін аянбай тер төгіп келеді.

«Заман жарғысы» қоғамдық бірлестігінің негізінде «Ханшайым» әйелдер клубы, «Алаңым» жастар театры, «Jez jastar» жастар орталығы құрылған.

– «Заман жарғысы» ҚБ құрған әрбір жобаның ғұмыры ұзақ болуы тиіс. Біз бірінші кезекте осыны негізге аламыз. Бір-екі айдан соң, өмір сүруін тоқтатын жобалардан аулақпыз. Сол себепті де, «Ханшайым» клубы мен «Алаңым» жастар театры әлі күнге дейін қиын жағдайға тап болған әйелдер мен қыздардың, девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің панасы болып, көмек қолын созып келеді. Мұнда келген кез келген жан қолдаусыз емес екенін сезініп, жаңа өмір бастауға бекінетініне күмәніміз жоқ.

Тағдырдан теперіш көрген балалар мен «Ханшайым» әйелдер клубы арасында тығыз қарым-қатынас орнап, бұл екі ұжым бір отбасыға айналып кеткен.

– Біздегі әрбір баланың ішінде үлкен жара жатыр. Олар соның кесірінен сан өзгеріп, іштегі мұңды шығару мақсатында түрлі әрекеттерге барған. Ал мектептегі мұғалімдер олардың осындай девиантты мінез-құлығын көргенімен, терең түсінуге тырыспаған. Біздегі «Жүректен жүрекке» деп аталатын шарада әр бала іштегі мұңымен бөлісіп, ортаға салады. Оларды алаңдататын жайттардың бетін ашады. Және міндетті түрде қолдау табады.

Әсем Серікқызы 2018 жылдан бастап, мінез-құлқы өзгерген балалардың 47-не көмек беріп үлгерген.

– Біз балалардың жүрегіне отбасыда, қоғамда, мектепте жетіспейтін жылулықты, мейірбандықты толтырғымыз келеді. Әрбір баламен тіл табысу арқылы олардың жаңа қырын ашуға болады. Алғашында қаладағы талапты жастардың басын қосу мақсатында «Алаңым» жастар театрын құрған едік. Ұйымдағы девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер сол белсенді, талантты қатарластарын көрген соң, театрға келіп қосылды. Біз аз уақыттың ішінде  бірнеше қалаларда спектакльдер қойып, гастрольдік сапар ұйымдастырдық.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізуді көздейтін театр Жезқазған қаласының әкімдігінің қолдауымен «Жаз 2018» турын сәтті аяқтап, Қарағанды-Астана-Екібастұз-Павлодар-Жезқазған бағыттарында өз қойылымдарын қойған. Дарынды балалар «Glamorous Fashion World» және «Есті мені» музыкалық туындыларын көпшілікке ұсынып, екі әлеуметтік бейнеролик түсіріпті.

– Одан бөлек, осы жылы «Құс фестивалі», «Сұлтанның үйлену тойы», «Есті мені», «Сән әлемі», «Дуаланған ханзада», «Жаралы гүлдер», «Айман-Шолпан», «Бүлдіршіннің тілегі» секілді спектакльдерді қалың көрерменге ұсындық. Бір қуантарлығы, балалардың ішіннен ұйымдастырушылар, сценаристшілер мен жүргізушілер шығып отыр. Ілгеріде атап өткен «Есті мені», «Бүлдіршіннің тілегі» қойылымдары  мен «Сән әлемі» секілді мюзиклді орталықтың мүшесі Мұхамбет Аланның өзі жазып шыққан. Ол жақында «Реванш» деп аталатын көркем фильмнің сценарийін аяқтады. Бұйырса, ол туындының түсірілімін 2020 жылы түсіріп бітеміз деп жоспарлап отырмыз.

Жастармен театр режиссері Ж.Түсіпбеков қарқынды жұмыс істеп, бұрын-соңды актерлік шеберліктен дәріс алмаған балаларды өнерге баулып келеді. Әсем Серікқызының айтуынша, мұндағы жасөспірімдердің ата-аналары да қалыс қалмай, балаларының өнерін тамашалауға жиі келіп тұрады екен.

– Девиантты мінез-құлықты балаларға туған-туыстардың қолдауы өте маңызды. Сонымен қатар, біздің театрдың құрамында болғандар болашақ мамандығын актерлік өнермен байланыстырып жатады. Қазір біздің жастар жан-жақты дамып, түрлі өнер түрлеріне ден қойып келеді. Ата-аналары да балаларының өнер жолына түсіп, өздерінің жан дүниелеріне жақын жолды таңдағандарына қуанышты екенін айтып жатады. Бұл біздің мерейімізді көтеріп, одан әрмен белсенді жұмыс жасай беруге итермелеп келеді.

Театр жастары тек актерлік өнердің айналасында қалып қоймай, қайырымдылықпен жиі айналысып тұрады. Олар «Аналар үйіне» осымен екінші рет бас сұғып, өнерлерін ортаға салып, өмірдің ауыртпалығын бастан өткерушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, алғыстарын алып қайтады екен.

– Бұған дейін жабық, тұйық болып келген балалар сахнаға шығу арқылы қорқыныштарын жеңуды үйренді. Әрине, бұл олардың болашақтарына керек қасиет.

Әсем Асанханова «Jez jastar» жастар орталығын ашу арқылы әрбір жасқа өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік сыйлап отыр. Орталықтың басты мақсаты – шығармашылық, спорттық, ғылыми және қоғамдық іс-шаралар арқылы жасөспірімдердің зейін-мүмкіндіктерін шыңдау.

– Бұл орталықта вокал және хореографиялық сабақтар бойынша секциялар жұмыс жасайды. Бізде 14-21 жас аралағындағы 50 бала бар. Оларға өз ісінің майталман мамандары дәріс өткізеді. Орталық ашыла сала, «Ашық аспан астында» атты қала жастарына арналған концерттік бағдарлама ұсындық. Сол сияқты «Қолшатыр кеші» іс-шарасы да жоғары деңгейде өтіп, қала жастарынан керемет қолдау тапты.

Орталық жастары хореографиялық, вокалдық сабақтардан бөлек, қаладағы болып жатқан түрлі оқиғаларға да белсене қатыса алады. Орталықтың осы уақытта атқарған іс-шараларының бірі – Жезқазған балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қайырымдылық концерті, онда орталықтың балалары би нөмірлерін көрсетіп қана қоймай, тәрбиеленушілерге қолдау көрсетіп, достық қарым-қатынастарын да ұсына білді.

Хореограф Е.Малютина мен ваокалдан дәріс беруші А.Сүлейменнің арқасында балалар көптеген жаңа дүниелермен танысып, өнерлерін шыңдап жатыр. Би өнерінің сан саласына жол ашылып, олар әр халықтың ұлттық билерін, заманауи би өнерін үйреніп келеді. Сауатты ұстаздардың табанды жұмыстары өз нәтижелерін беріп жатқаны шын қуантады. Балалар да екі ұстаздың сабақтарын өткізбеуге тырысып, ден қойып тыңдап, тапсырмаларын екі етпей орынадуға үйренген.

«Алаңым» театрының жастары мен ««Jez jastar» орталығының қатысушылары бірнеше фестивальдер мен байқауларда өнер көрсетіп, алдыңғы орындардан көрініп жүр.

– Мәселен, Қарағанды қаласында өткен Жастар жылына арналған фестивальде біздің бишілер «STREET SOUND» номинациясын жеңіп алды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен PRO ТАНЦЫ КZ шығармашылық конкурсында жеңімпаз атандық. Қазір балалар 17 қарашада өтетін BiG StArS KZ шығармашылық конкурсына қызу дайындық үстінде. Олардың басты мақсаты – жеңімпаз атану.

Әсем Серікқызының бастауымен «Менің жарқын жолым» атты бірінші жастар фестивалі ұйымдастырылған. Олар ауыр дертке шалдыққан балаларға да жиі концерттік нөмірлер қойып, көңілдерін көтеруді әдетке айналдырған. 2019 жылдан бастап, бұл ұйым әлеуметтік кәсіпкерлік ретінде тіркеліпті.

Келер жылы «Томирис» қоғамдық бірлестігімен біріге отырып, «Нәтиже үшін әйелдер көшбасшылығы» атты жоба бастағалы отырмыз. Мақсатымыз алты ай ішінде ауылдық өңірлерден 50 әйелді іскерлікке, көшбасшылыққа үйрету. Ағаш отырғызу арқылы отбасылық дәстүрді жалғастыратын «Эко әулиет» атты жобамыз да бар. «Ол» («Она») телебағдарламасын «Ханшайым» әйелдер клубымен бірлесе отырып, жүзеге асырмақпыз. ТВ арқылы нәзікжандылар заманауи әйелдердің жаңа тенденциясынан хабардар болып, өзін-өзі тану мен  қалыптастыру жайында көптеген ақпараттар алатын болады.  «Алға қадам» атты инклюзивті студиясы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға арналған. Яғни, спорт пен шығармашылық арқылы мүгедек балалардың коммуникативті және физикалық икемділігін арттыруға бағытталған. «Заман жарғысы» қоғамдық бірлестігі «Спортты дамыту орталығымен» бірлесе отырып, жүзеге асыруды көздейді.

Келер жылға арналған тағы бір үлкен жоба – «Скауты Улытау». Ол әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға керемет жазғы демалыс сыйлау мақсатында жүзеге аспақ. Балалар Ұлытауға саяхат жасап, қазақ даласының табиғат ғажайыптарымен жақын танысады.

Бізге Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов пен  «Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ бастығы Мереке Мырзабекова ерекше қолдау көрсетіп келеді. Сол сияқты Жезқазған қаласының Қазақстан іскер әйелдер төрайымы Айман Исина ханымнан жақсы қолдау тауып келеміз. Ол кісілерге менің ғана емес, балалардың да айтар алғысы шексіз.

Төрт баланың анасы Әсем Асанханова қоғамдық жұмыспен айналысуды міндет санамайды. Бірақ, өмірлік миссиясы ретінде қабыдайды. Жақсылық жасауды жаны сүйетін оның еңбегі еш кетпей орталықтан жылу тапқан балалар ертеңгі елдің бетке ұстар азаматтары болады деген сенімдеміз.

(Суреттер Ә.Асанханованың жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға