Жаңалықтар

Қалың қазақтың қадірлісі

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековпен сұхбат
Қалың қазақтың қадірлісі
30.06.2020 22:19 11441

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастыруда белгілі түрколог ғалым, мемлекет қайраткері, ұлтжанды ақсақалымыз Мырзатай Жолдасбековтің еңбегі ұшан-теңіз. Ол – біздің дербес ел ретіндегі іргемізді бекітіп, тәуелсіздік тұғырын нықтауымызға аянбай тер төгіп, елеулі үлес қосқан тұлға. Осы орайда ағамызға арнайы сәлем бере барып, еркін сыр-сұхбат жасауды жөн көрдік.

1560774451_zholdasbekov-m-kopirovat-900x_.jpg

Мырзатай Жолдасбеков өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесін ұлықтауға, ұлтымыздың жоғын жоқтауға, ұлт мерейін көтеруге, халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіруге арнап келеді. Ағамыз – тіліміздің, салт-дәстүріміздің, төл әдебиетіміздің, соның ішінде халқымыздың сан ғасырдан бергі алмастай жарқылдаған жауһар өнері айтыстың да жалынды жанашыры, қолдаушысы әрі қорғаушысы.

– Мырзатай аға, осыдан екі жыл бұрын 80 жас мерейтойыңызды тойладыңыз. Шын жүрекпен құттықтаймыз! Ұзақ жасаңыз! Енді 80 жасты қалай бағамдадыңыз?

– 80 жас – ол оңай жас емес. Қазіргі дәуірде «сексенге келдім» деп өмірден күдер үзуге болмайды. Өмір – жақсы. Бүгінде армандаған тәуелсіздігімізге қолымыз жетті. Барлық даналарды айтпағанда, кеше бізге сабақ берген, өнегесін алған Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұлан секілді ұстаздарымыз осы күнге жеткен жоқ. Олар армандады, бірақ жетпеді. Біз жеттік. Осы күнімізге тәуба! Біз –сондай бақытты ұрпақпыз. Әсіресе, біздің жастар бақытты. Олар өзінің Отанында туып, Тәуелсіз Қазақстанында өмір сүруі – соның өсуіне, өркендеуіне өз үлесін қосу болып табылады. Сондықтан құдайға шүкір, мен сексенге толғанымда ел жақсы қарсы алды. Үлкен халықаралық конференция болды. Көп мақалалар жазылды. Конференцияда жасаған баяндамалар мен 80 жылдыққа арналған газеттегі мақалаларды құрастырып, «Қалың қазақтың қадірлісі» деген кітап шығарды. Кітаптың таныстырылымы өтті. Мен туралы біреу артық айтты ма, жұрт өзінің шын көңілімен айтқан сияқты. «Абыз» деген сөздер де айтылып жатыр. Бірақ мен өзімді абыз деп ойламаймын. Елім үшін, мемлекетіміз үшін еңбек етіп келе жатқан азаматпын.

Қазақта «ата-ана алтын тұғырың» деген сөз бар. Сіздей ел ағасын, ғалым, академикті өмірге әкелген жандар туралы айта отырсаңыз...

– Менің әкем – Жолдасбек Ақботаев деген кісі. Заманында большевиктер партиясына ерте өткен адамдардың бірі. Жасыратыны жоқ, қоғамның мүлкіне қол сұқпайтын, өтірік айтпайтын, сұмдық таза кісі еді. Әкем ағам екеумізге түнде соқыр шамды қойып, етік тігіп беретін. Бізге:«Мына етікті көкем тігіп берді», деп айтпаңдар!», – дейтін. Ол уақытта большевикке етік тігуге болмайды. Сұмдық оларды санасы сондай болған! Әкем мінген атын өзгертіп тұратын. Парткомның секретары еді. Әлі есімде, бір сайлау болатын. Сол сайлауға қызыл маталар берген. Соны колхозға апару керек болды. Үйге әкеліп: «Мынаған тиіспеңдер! Бұл – қоғамның мүлкі»,– деп, оған бізді жолатпайтын. Ол кісі туралы ел ішінде аңыз көп. Өзі өте адал еді. Біз әкеден ерте айрылдық. 1947 жылы 11 мамырда ол кісі қайтыс болды. Мен ол кезде 10 жаста едім. Әкемді ақтық сапарға шығарып салатын болды да, сүйегін атарбаға салды. «Мырзатайын «Жәумелегім» жақсы көруші еді. Осы атты соған жетектетейік! – деп ауыл ақсақалдары аттың басын маған ұстатты. Қабірмен екі орта бірталай жер. Әкемнің сүйегін салған арба жегілген атты жаяулап жетектеген мен зираттың басына жеткенде, атыздан бір қоянның көжегі атып шықты. Содан шылбырды тастай салып, соны қуа жөнелдім. Баламын, әкем өлгенімен шаруам жоқ. Сонымен не керек, мен көжекті қуамын, жұрт мені қуады. «Өй, әкең өліп жатқанда, мынауың не?!», – деп мені құшақтап алып келіп, атты қайта жетектетті. Сол кезде көпшілік ақ матаға оралған әкемді жерлеп, бетіне тас жапқан сәтте шырылдап, айқай салдым. Бұрын ондайды көрмегенмін, «Жаппаңдаршы! Көкем тұншығатын болды ғой! Ашсаңдаршы!»,– дедім. Сонда үлкен ақсақалдар: «Сорлы-ай, әкесінің өлгенін жаңа түсінген екен ғой...», – десіп жатты. Жақын інісі Әбдірасыл деген молда құран оқыды. Мен сонда бірінші рет құранның қасиетін сезіндім. Бойым балқып, өзім еріп кеткендей болдым. Кейін ағам екеуміз ана тәрбиесімен өстік. Жоқшылық, қиындықты көп көрдік. Мен төртінші сыныпты бітіргенде ауылда басқа мектеп жоқ, анамның алыстағы әпкесінің үйінде оқыдым. Көрмеген қиындығым жоқ. Жалаң аяқ, жалаң бас, итшілеп жүріп Тараз қаласындағы интернатқа келдім. 6-сыныпта сол жерде оқыдым. Мемлекеттің қарамағында болып, тамақ тегін, жататын жер бар, біраз жанымыз кіріп қалды. Ал мектепті Қаратау деген қалада бітірдім. Қиын кезең болғандықтан, апамның бар тапқан-таянғаны маған жұмсалатын. Ол кісі шалбарымның ышқырлығының ішінен қалта тігіп, үйге келген сайын азғантай ақша салып берші еді, жарықтық. Содан оқуымды аяқтап, КазГУ-дің филология факультетіне түстім.

DSC_2669.JPG

Апам сондай сұлу кісі болатын. Екі көзі оттай жанып тұратын. Менің де бала кезінде кірпігім ұзын болатын. Сол кезде анам: «Кірпігі қайқайған қараңғағыр!», – деп ұрсатын еді. Алаша тоқығанында қасында отыратынмын. Апам керемет ән салатын. Дауысы ғажап еді. Ол кісінің айтатын «Әгугәй, армандадым жаратқанға», «Бедел-ай, бөпем-ай» деген екі әнін 65 жылдан кейін есіме түсіріп, нотаға салдырттым. Апамның өзі де әжептәуір ақын болатын. Ол бастап, біз қостап, ауылда қыздармен айтысатын едік. Өкініштісі, ол кісі көп жақсылықты көре алмады, менің жетілмеген кезімде дүниеден өтіп кетті. Мен оқуды 1960 жылы бітірдім, ал апам 69 жасында қайтыс болды.Үй жоқ,күй жоқ сандалып жүрген кезіміз болатын. Әлі күнге дейін өкінемін. Менің ән-күй шығаратыным бар. Күй көп те емес, «Ойтолғау», «Қосбасар» деген екі ғана күйім бар. Оларды ең алғаш Жанғали Жүзбаев деген күйші тартты. Оған ерекше қараймын. Мен – атақты Сүгірді үш рет көрген адаммын. Сол үшеуінде де ол біздің ауылға келген еді. Күйшілердің бәрі алқа-қотан отырып күй тартқанда, менің ауылым сол әуенмен тербелетін.

– Ал сіздің «Академик Мырзатай, ғалым Мырзатай, зерттеуші Мырзатай» атануыңызға септігін тигізген ұстаздарыңыз кімдер?

– Мен – Мұхтар Әуезов сияқты кісіден сабақ алған адаммын. Құдайға тәуба! Менің осындай дәрежеге жеткенім – Мұхтар Әуезов, Есмаханбет Исмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов ұстаздарымның арқасы. Нығмет Сауранбаев деген кісі де сабақ берді. Өмір бойы азбайтын-тозбайтын азық алдық. Мұхтар Әуезов мен оқыған курста үш жыл қатарынан сабақ берді. Бұрын-соңды тарихта ондай курс болмаған. Бірінші курста «Қазақ халқының ауыз әдебиетінен», екінші курстың бірінші семестрінде «Абайтанудан», үшінші курста «Сыр халықтары әдебиетінен» лекция оқыды. Алланың жарата салған адамы, данышпан, өте кең, кемел, шешен, көсем еді. Өзі сондай жақсы кісі болатын. Сондай тұлғадан білім алған соң, қалайша мұғалім болмасқа?! Өте шешен Зейнолла Қабдолов ағамыздың жүріс-тұрысы мінсіз, өзі де сондай әдемі. Мені осы ғылым жолына әкеп салған, жанымды көп қинаған ұстаздарымның бірі – Бейсенбай Кенжебаев.Өзі момын кісі болса да, іші қайнап жататын. Ол – ең қиын-қыстау кездің өзінде «Мағжанды ақтау керек!», – деп мәселе көтерген адамдардың бірі. КазГУ-де мені аспирантураға алған кісі болатын. Әлкей Марғұлан деген мүйізі қарағайдай ұстазым болғанын да мақтан тұтамын. Олардың бәріне күні бүгінге дейін ризамын. Ұстазым Бейсекең: «Түбіңде көресің, бәрі жақсы болады, Мырзатай!» , – деп отыратын.

DSC_2685.JPG

– Ақын Қадыр Мырза Әли:

«Перзентің бе, базардың пұлына алаң?

Әлде ол сенің, Ұлы Отан, ұлы балаң?..

Кім екенін айтпа оның, арманын айт,

Арманына қарап-ақ біліп алам!» деген өлең жолдары бар. Сіздей алаштың ардақты ұлының арманы қандай?

– Мен ел алдында елші болып жүргенде Елбасымен жақсы сапарлар жалғасып, жақсы әңгімелер өрбіді. Шығарып салардан бұрын, Иран Президенті жайғастырған резиденцияға барып, бірталай отырып әңгімелесіп, елдің келешегі ,халқымыздың ертеңі туралы әңгімелескен кездеріміз болды. Сонда Нұрекең: «Менен нені армандайсың?», – деді. Кішкене ойланып қалып, Елбасымыз: «Иә, нені армандайсың?», – деді. Мен сонда: «Алжымай, қадірім кетпей қартайсам деп армандаймын», – дедім. Сонда менің жасым алпысқа жеткен жоқ еді. Елбасымыз қарқылдап тұрып күлді, «Сені әлі алпысқа да жеткен жоқсың. Қайдағы кәрілік?» деп. «Жоқ, Нұреке, Жамбыл атам «кәрілік қырдың астында тығылып жатыр. Ол тез жетіп келеді. Қойныңнан қонышыңа кіреді. Түнде түсіңнен, күндіз өңіңнен шықпайды» деп айтпады ма» деп едім, «Мынауың дұрыс екен», – деді. Мен – әлі сол ұстаныммен келе жатқан адаммын. «Қиянат жасамасам, қолымнан келгенінше жақсылық істесем» деп ойлаймын. Осы жасқа дейін мен университет бітіріп, сабақ бердім. 23 жасымнан бастап жалпы халыққа, әсіресе жастарға қамқорлық жасап келе жатырмын. Менің қанатымның астында өскен шәкірттерім аз емес. Өзімнің сексен жасымды кез келген қазақ секілді өткіздім деп ойлаймын. Менің өмірлік қағидам – кісіге қиянат жасамау, өтірік айтпау, шамам келсе жақсылық жасау, қол ұшын созу. Әлі күнге дейін алдыма алыс-жақын жерлерден жұрт келіп жатады. Көбі ақылдасып, кеңесіп отырады. Құдайға шүкір! Сол жұрт білмейтін де ұмытып қалған қарияға айналып кетпей халықтың ойлағанын беріп жатқан адам болғандықтан, өзімді дұрыс жолда келе жатырмын деп есептеймін. Армансыз адам болмайды ғой. Енді бір Алла біледі, арманым – Қазақстан осылай дами берсе екен. Көзден, тіл-сұқтан, пәле-жаладан, неше түрлі сұмдықтан аулақ болса екен. Нәубет Қазақстанға қайтып келмесе екен. Менің ұрпағым – қыздарым немере-шөберелерім бар. Солардың өмірі тыныш болса екен деп армандаймын. Қазақстанымның жарқын болашағын армандаймын.

– Бірде сіз «қазақ – өз асылын бағаламайтын халық» депсіз. Шынымен бағаламай жүр ме? Бүгінгі күннің асылдарына кімдерді жатқызар едіңіз?

– Иә, ол сөзді айтқаным бар. Қазақ – өз асылын бағаламайтын халық. «Өз жақсысын өзінен қызғанады» деген де сөз бар. Маған ол сөзді айтқызған – Өтебойдақ деген кісінің «Шипагерлік баян» кітабы хақындағы пікірлер. Сол кітап шыққанда біздің ағайындар жан-жақтан шабуылдап, «бұл қайдан шыққан данышпан?» деп байбалам салды. Мен сол кезде осы сөзімді айтқан едім. Шынында да біздің кейде өз жақсымызды өзімізден қызғанатын кездеріміз болады. Өзгенің қаңсығын таңсық көреміз. Кім көрінгенді мақтағанда алдымызға жан салмаймыз. Ал өз жақсымызға сараңдық жасаймыз. Жалпы, өз басым жұртты алалап көрген емеспін. Жақсы көретін адамым Әбіш Кекілбаев еді. Жұбымыз жазылмаған. Аға тұтатынмын. Мен оны «363-ші әулие» деп мақала жазған едім. Қазақ сонда да алалаған. Әбекең расында да әулие еді. Менің қадірлейтін адамдарымның бірі – Олжас Сүлейменов. Ол туралы «Елдің елшісі, ұлттың ұяты» деген мақала жазған едім. Олардың барлығы «Менің асылдарым» деген кітабыма кірген. Асылдарым – осы кісілер. Кітапханамды мемлекетке тапсырдым. Қазір 12 мыңнан асқан кітап болған шығар. Ылғи соларды тасумен жүрмін. Маған сыйға берген кітаптар да көп. Ұстаздарымның ішінде Әбділдә Тәжібаев ағам да бар. Ол кісі кітабының біріне «Өзімнің өзегімнен жаратылған Мырзатайыма», деп жазып, қолтаңба берген екен. Оқып алып, жыладым. Жарықтығым-ау, қазақтың ұлы ақыны еді ғой, ол кісі! «Ол туған ағам еді» деп қалай айтпайсың?!

Біздің жастарымызға айтар қандай ақыл-кеңесіңіз бен тілегіңіз бар?

– Біз жастар үшін бәрі дейміз ғой. Оның барлығы сөзге емес іске айналуы керек. Жастар – келешегіміз. Жағдайды жастарға жасау керек. Мен өзім жас болып қиындықты басымнан кешкенмін. Егер қиындық көрмегенде көп нәрсе бітірер едім. Мына бүкіл университеттердің студенттеріне жатақхана жетпейді деген әңгіме құлағыма жақпайды. Мен Талдықорғанда университет басқарып жүргенде, жатақханамен қамтамасыз ету жүз пайыз болды. Ол үшін әрекет жасау керек. Ректорды сол үшін қояды. Ректор – баланың әкесі, ағасы, әкесі және қамқоршысы. Жағдай жасау керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
(Суреттер: автордыкі ) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға