Жаңалықтар

Алтай өңірін мекен еткен тарихи тұлғалар (II бөлім)

«Өшпес есімдер» еңбегі нені баяндайды?
Алтай өңірін мекен еткен тарихи тұлғалар (II бөлім)
Фото: © El.kz 22.06.2021 15:01 8610

Алтайдың ақбас қыраны

Адам баласында қашанда үмітке толы арман, өмірге деген құштарлық болса ғана адамға екі қанат, қайтпас рух, мұқалмас жігер бітетіні күмәнсіз. Бұған Алтайдың ақбас қыраны атанған есіл ердің ғұмыр жолы айғақ.

1889 жылы Баянды шалдың отбасын думанға бөлеп, дүниеге келген балпанақтай ұлдың атын Әбдірасыл деп қояды. Перзенттерінің бәрін мәпелеп өсіріп отырған қария қаншама ұлдары мен немерелерінің ішінде Әбдірасылға ерекше назары ауып, оның ертеңінен үміттене қарайды екен.

Зерек, өжет, жұмысқа икемді болып өскен бала молдалардың алдын көріп сауат ашты, ағашшылық, етікшілік атаулы өнер біткеннің бәрін үйренуге құныға ержетті. Әсіресе, неге екені белгісіз, аң аулап, осынау әп-тәпі тіршілігі бар елін асырауға аңсары ауды да тұрды. Баланың бұл талпынысын атасы ескерусіз қалдырмады. Ауылдағы аң аулаушы адамдарға қосып, сынап отырды. Аңшылар балаға үміттене қарағандықтан, атасы ұлының арманына қанат бітіріп, дүміне күмістен құндақ салдыртып, аң ататын қара мылтықты сыйға тартты. Осыдан бастап Әбдірасыл аңшылыққа біржолата ынтығып, аңшының аңшысы ғана аулай алатын, құны бір жүз қойға бағаланатын бөкен аулауға да шығып жүрді. Бала күнгі арманына жеткен ұлына риза болған әке ауыл ақсақалдарының ақ батасын да алып берді, ол үшін әуелі қоңыр аңның сілесі жоламайтын дұғалық жазып, мойнын тұмарға толтырды.

Мінезі томаға тұйық, сөзге сараң, елімен сыйласымды боп ержеткен Әбдірасылдың 1927 жылы өмірінде күрт өзгеріс болды. Өйткені, осы жылдары Шыңжаң жағындағы Мәнзу ұлықтары арасында тікетірес қақтығыстар күшейіп, Яң зыңшың, Жың шұрындардың билік таласы бірін-бірі өлтіруге дейін барды. Осындай кезде Бурылтоғай ауданына Көгадайдың ұлы Шәріпқан әкім болады да, елді бұрынғыдай мал соңынан салпақтаудан гөрі жер емшегін еміп егін егу, оқу-ағартуды қолға алған науқан етек жаяды. Әбдірасыл осы жаңа ауқымның дұрыстығын тез аңғарып, өзінің тікелей бастамасымен адамдарды егін егуге жұмылдырады. Жыл уағында алынған мол өнім Әбдірасылдың мерейін өсіріп тастайды.

Ал 1933 жылдан оның өмірі Алтайдың саяси ауанымен бірлікте соғыс майдандарында өтеді. Алтай Мәми бастаған «Алты дүнген» оқиғасының аяғы «Дүнген төңкерісіне» ұласты. «Мұсылман мемлекетін құрамыз» деп жалау көтерген олардың мақсаты – Алтайдың билігін қолға алу еді. Соны дер кезінде ұққан жергілікті халық Шәріпқан басшылығында дүнгендерді қуғындау соғысын бастайды. Әбдірасыл жат елдің туған мекенін тартып алуға ұмтылған жат ниетіне көктеніп, атойлап алға шығып, ерекше ерлігімен ел көзіне түседі.

1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл малшылар көтерілісі бұрқ ете түскенде, Әбдірасыл Бурылтоғай өңіріндегі қарапайым халыққа «Банды болуға шықпақшы» деген жала жапқан Гоминдаң үкіметіне де өшігіп, аудандық үкіметке тікелей өзі кіріп, қаныпезер әкімге бетпе-бет жолығып: «Егер мына қырғынды тоқтатпасаңдар, халықты соғысқа өзім бастап шығамын» деп ескертеді. Сөйтіп, бейбіт халықты құтқарып қалады. Әйтсе де қырғындау толастамады. Олар Қапас бастаған 23 адамды еш себепсіз қылыштап өлтіргенін, он үш жасар Қоймұрат деген баланы нысанаға алып ойыншық еткенін, Қабдолабар деген азаматты екі әскер өлтірер алдында алдымен құлағын кесіп мазақ етіп өлтірмек болғанда қарулы азамат екі әскерді ұрып жығып қашып кеткенін, сосын ол Әбдірасылға жалпы жағдайды жеткізген соң ашулы арыстандай атылып шыққан Әбдірасыл жаумен ашық шайқасып, қаншама азаматты бастап Көктоғайдағы партизандар қосынына келіп қосылады. Осыдан кейін Әбдірасыл аты ақбас батыр атанып, бір төбенің иесі ғана емес, қосын бастаған сарбаз, ержүрек батырға айналады. Жүректілігімен, мергендігімен, ерекше соғыс тактикасымен көзге түскен ол партизандар қосынының жоғары қолбасшысы, Оспанның оң қолы дәрежесіне дейін көтеріледі.

Соғыс дегенің құр қан майдан, бораған оқ, өмір мен өлім арасындағы арпалыс екенін таныстырып отырудың қажеті жоқ. Алтай өңіріндегі 1940 жылғы малшылар көтерілісі, Шыңшысай әскерімен табаны күректей үш жыл, Гоминдаң армиясымен бес жыл соғыс, Оспанның Моңғолия үкіметімен байланыс орнатуы, Совет үкіметі Моңғолия арқылы Дәлелқанды Оспанға жіберіп, 1945 жылы Алтайды азат етуі, 1946 жылғы Оспан мен Дәлелқан арасындағы жіктің аяғы Оспан мен Дәлелқан текетіресіне айналған қым-қуыт жағдайлардың барлығын ақбас батыр басынан өткізді. Ең соңы Алтайды азат етуде Алтай қаласын тастап қашқан жаудың 2500 әскерін жиырма адаммен Өрмегейтіде бағындырған да осы ақбас батыр. Үш аймақ басшысы Ақметжанның қолынан «Бейбітшілік» орденін алса, 1946 жылы Ысқақбек Мононовтың қолынан «Садахатлық» медалін алған еді. Үш аймақ әскерінің бас штабы бір семсер, бір дүрбі тарту етеді. 1955 жылы Шыңжан өлкелік үкіметтің төрағасы болған Бұрхан Шәмиди өзінің қолындағы аса таяғын ақбас батырға естелікке сыйға тартып, оның мәртебесін асыра түседі.

Ақбас батыр бала күнгі өз еліне адал әрі жан-тәнімен жұмыс істесем деген арманын осылайша іске асырып, өз өміріне дән разы болып жүргенде, 1958 жылғы «Оңшылдарға қарсы тұру» саяси бораны батырдың қол-аяғына кісен салып, «Көрлә» деген жерге сүргінге айдайды. Батыр бабамыз сол жерде ел білмес жұмбақ сырмен пәниден өтеді.

Алтайдың ақбас қыранының адалдығы, шыншылдығы, халқына істеген ерен еңбектері, ерлікке толы өмірі ұрпақтары есінен ешқашан ұмытылмақ емес. Заман оңалғаннан кейін оған жабылған барлық жалалардың нақақ екені анықталған. Сондықтан да үкімет пен халқы оны әрдайым сағына еске алып отырады.

Ердің даңқы – елдің даңқы

Бас-аяғы көзкөрім осы бір сары даланың жусаны мен изені жайқалып, төрт түлік малы маңырап маңғаз жатқан өңірде 1908 жылы адамдар жүрегіне ерлігімен ұялаған бір бала дүниеге келгенін көпшілік біле бермейді. Міне, сол бала бүгінгі елінің ерен ері Сүлеймен Балағазыұлы еді.

Тынымсыз жұмысымен жүргелі бірнеше күн болғандықтан, кірпігі қатып келе жатқан Сүлеймен мынау талай жылдардан бергі сауда желеуімен еліне Совет жерінен құрал енгізгенін ойлағанда өз-өзіне риза болып көңілі тасқындап сала берді. Жан бағу деген оңай емес қой. Әуелі өсірген мал, азын-аулақ егін егу дегеннің бәріне еңбек күші керегін, оның сыртында жыл сайын қырын беріп шыға келген мынау заманның алман-салығы да ауырлап, елдің басын көтертер емес. Сондықтан әкесінің «Осы аужал тірлікте жетер, ден сау, бас аман болсын» дегеніне қарамай, Әлен уаңға саудагер болған Төлеуқазымен жақындасып, оның қомақты қалтасымен сауда жолын біліп, ептеп орысшаны да үйрене бастаған болатын.

Зерек те пысық, қарулы азаматқа Төлеуқазыға да Сүлеймендей азамат зәру еді. Сондықтан қасынан екі елі қалдырмай, өзі аралас-құралас тұратын Кеңес үкіметі жақтағы саудагерлерге таныстырып қана қоймастан, Сүлейменнің саудагерлік жолды ашып берген екен.

Сүлейменнің орысшаны үйренгенін және шекара саудасына алымдылығы Моллаісләм сияқты саудагерлерге қолайлы болғандықтан, оны өз қатарларына тарта түседі. Бірақ, мына ортада саудагердің көбеюі сол кезде Кеңес үкіметінен бет бұрған Шыңшысай үкіметі үшін қауіпті көрініп, Жеменей елінің шекара саудасын тоқтату арқылы ішкі-сыртқы байланыстарды үзіп, саудамен айналысқандарды қатаң аңду мақсатында «Ұйым құрды», «Шетпен астасты» деген сылтаулармен оларды қысымға ала бастады.

«Қорқақты қуа берсе, батыр болар» демекші, үкіметтің бұл әрекетін қаперіне ілмей, өз жұмыстарын жандандыруға құлшынған Сүлеймендер өздерімен байланыстағы үкіметтің жала жауып, қараңғы қапасқа қамап отырған азаматтарды құтқару амалын қарастырады.

Жәлел Жанатұлы, Құрманғали Бұршақұлы және рубасы Рамазанды өз қатарларына тартып, қалайда қолдағы азаматтарды құтқару жолында талпыныс жасап көреді. Ол үшін үкіметке уәкіл жіберіп, топ құрып, ереуілге шыққандарымен, одан ештеңе өнбейді. 1940 жылы Үрімжіге оқуға кеткен Құсайынның ұлы Қамза демалысқа келіп, Үрімжіде болып жатқан Шыңшысайдың қара әкімияті мен ішкерідегі қызыл әкімияттің күресі және Кеңес большевиктері жайында көптеген түсініктер арқылы ауыл азаматтарын оятады. Бұдан тыс «Самал» мектебіндегі Сұлтанбай, Пәтқолла мұғалімдерді мектеп тексеру деген сылтаумен іздеп барған Жеменей ауданының халық істері мекемесіндегі Ма жұйжаң бұл жолы Сүлейменнің өзімен жеке сөйлесіп, Шыңшысай үкіметі мен шекарадағы коммунистік партия жайын сөз ете келіп «Коммунистік партия – большевиктер партиясымен бір тілді халықтық партия. Бұл партия қашанда әр ұлттың теңдігі, бас бостандығы, азаттығы үшін күреседі» дегенді айтады. Ал Жеменейдегі Шыңшысай үкіметінің түбінде құрып бітетіндігін, ал оларды жеңу үшін Кеңес үкіметімен байланыс жасап, халықты қаруландыру қажеттігін, сонда ғана бостандыққа қол жеткізуге болатындығын түсіндіріп бағады.

Ма жұйжаңмен байланысты үзбеген Сүлеймен талай ақыл-кеңес құрып, ішкі, сыртқы жағдайлардан хабар алып тұрады. Істің оңына басарынан ба, жоқ әлде тағы бір жасырын адамның байланысы бар ма, бір күні түнде шекарадан үйіне келген Встански атты орыс жігітпен Ырысбек есімді қазақ азамат: «Біз большевиктерміз, сіздердің халықтық әрекеттеріңді қолдаймыз», – деген пікірлерін білдіріп, бұдан кейін сауда жасау жұмысымен үнемі шекарада кезігіп тұратын болып келіскен. Бірақ, 1939 жылдан Гоминдаң үкіметі ел ішіндегі пысық азаматтарды аңдып құлағанымен, Сүлеймендер Встански, Ырысбек бастаған Совет уәкілдеріне шекарада жылқы қайырған бақташы ретінде талай рет кезігіп отырды. Осындай бір кездесуде Совет жағындағылардың ақылымен әуелі сенімді топ ұйымдастыру, одан кейін шекарадан құрал алып өту, оны азаматтарға тарату керектігін насихаттай жүріп, Жәлел, Рамазан залың, Құрманғали, Тұрымтай, Сүлеймен, Зәкүн залың, Әнуар, Құрман бастаған азаматтар өзара бас қосады. Осы бір қат-қабат жұмыстар ел ішіндегі тыңшылар жағынан әшкереленіп қалып, алдымен Құрманғали, Ясын, Әнуар, Құмар бастаған бір топ адам ұсталып, үкімет түрмесіне қамалады. Сүлеймендерді аңдуға алуы елді азат ету ниетіндегі ұйымдасқан азаматтарды қатты алаңдатып, халықты дүрліктіріп жібергенімен, халық бостандығы мен еркіндігі үшін тайсалмай күресіп жүрген оларды барынша қорғаштап, тіпті өздерін түрмеге жауып қинаса да ол азаматтарды сатпай, «Тек сауда істеп жүрген» жайларын ғана айтудан тайынбайды.

Сүлеймен бір топ жігіттердің басын біріктіріп, қаладағы Гоминдаң түрмесінде жатқан Файзоллаға тамақ апарған әйелі Зұпаш арқылы хат жіберіп, түнде жамбылдың артынан арқан тастайтындығын, сол арқылы қашып шығуды тапсырады. Осы жоспарларының нәтижесінде Файзолла мен Құрманғали қашып шығып, шекарада бой тасалап жүрген Моллаісләмға қосылады, ал жергілікті халық пен игі жақсылар Зәкүн залың мен Мұстапа залыңды кепілге алып шығады.

Бұл әрекеттерінің жау жақтың сезігіне ілініп қалғандығына алаңдаған Сүлеймен енді өздері қалаға жоламай, ондағы жау жағдайын біліп отыру үшін Құрманғали Сәдуақасұлы мен Ақметнәбиді өздеріне тартып, олардан ішкі жағдайды ерекше қырағы қадағалауды өтінеді, ал елді аудан орналасқан қалашығының төңірегіне қоныстандыру арқылы мұндағы азаматтарға Кеңес елінен өткізген құралдарын таратып беруге Имахан, Сағидолла, Сапиолла, Ахметтерді жауапты етіп қояды, соңыра үкімет үйін басып алу жоспарланады.

Бұл сәуір айы еді. Ағасы Құсайын және Жәлел, Жанаттың отбасылары бір-бірінен іргесін бөлмей, Оралжан қыстауының теріскейіндегі Жалғызтал бойына келіп қоныстанған. Сондықтан таудың теріскейіндегі құлама қорымнан құралды өткізіп алу жұмысына Сүлеймен аттанып кетеді.

Сүлеймен отыз азаматтың алдын ала жоспарланған уағдалы жерге дер кезінде жетіп келгенін көріп қуанып кетеді. Сөйтіп, олар түн қараңғысында құралдарды өткізіп алады. Қанша уақыттан бері аңсаған «Қарулану» арманына қолдары жеткенде төбелері көкке жетердей қуанған азаматтар екінші дүркін келетін құралды және осылай ала алса, екі жүздей азаматты бірдей қаруландырып, Жеменейдегі үкіметтің күлін көкке ұшырып, халықты қара әкімияттан құтқарар еді. Сондықтан олар осы бірінші жолғы құралдарды құрымға жасырып, ертең дәл осы уақытта және осы арадан құрал өткізетін болып уағдаласып тарасады.

Таң қараңғысын жамылып үйін бетке алып келе жатқан Сүлеймен жоғарыдағы оқиғаларды түгел ой елегінен өткізіп шықты да, «Қаратер шабысымның ақталар күні де таяп қалды ғой», – деп әлгінде өзіне құрал өткізіп берушінің «Мынаны сізге Ырысбек беріп жіберді» деп табыстаған құралын алақанымен басып-басып қойып, кәрі әкесі мен бала-шағаларын есіне алды да, «Құрал алып жүргенімді көрсе зәресі кетеді-ау» деп езу тартып күліп қойды. Осындай тәтті қиялмен Сүлеймен таң қараңғысында үйіне де жетіп үлгерді. Ол үй адамдарының ұйқысын бұзбауды ойлап, ептеп басып үйге ене іргедегі түйе қомының арасына құралын жасырды да шешіне бастады.

Ұлын қашан да ұйқысыз күтіп жататын Балағазы қария оның барлық әрекетін байқап жатқан болатын. Сүлеймен төсегіне енгенімен, өзінің күнделік жазып жүретін әдетімен бүгінгі қиялы сан-саққа кетті. Әуелі шам жағып, өзінің басынан кешкен кейбір оқиғаны естелігіне жазып қоюды ойлады. Бірақ, біраз тосырқап сәл кідірде де, қараңғыда шам жағу үйдегі адамдардың мазасын алады ғой деп ойланып қалды. «Сонда бүгін нешесі?», – деді өз-өзіне сұрақ қойып. 1944 жылдың 7 сәуірі. Бүгін 50 мылтық, он дүрбі, екі жәшік гранат, он дана құрал алынды. «Шіркін, ертең және осынша құрал алсақ» деген қиялдың құшағында жатқанда ұзақтан иттердің үрген дауысы естілгендей болған. Сүлеймен туырлықтың саңылауынан таңның рауандап белгі берген сәулесін байқап тұрмақшы еді. Әкесі де таң намазына орнынан апыл-ғұпыл тұрып жатты. Осы кезде Сүлеймен өздерінен бес арқан бойы ұзақта отырған Бұршақбай ақсақал келінінің «Құрманғали, Құрманғали!» деген ащы дауысын естіді. Мұнсыз да алақызып жатқан Сүлеймен басын көтергенше іргеден шыққан ат тұяғымен бірге Құрманғалидың «Қайырқыдан жау асып келеді, қаш Сүлеймен, мен кеттім» деген дауысын құлағы шалады.

Сүлеймен киініп үлгергенше жау Сүлейменді тарпа бас салып ұстап алды. Тұтқиылдан болған мына бақытсыздыққа балалар үркердей боп шуласа, сүйген жары Әлпиза да тәңіріне зар илеп, етегін жасқа толтырып жүр. Аңғарлы әке де саумал сақалын көз жасымен жуа жүріп, мына жаудың үйді тінте бастағанын байқады. Сосын түнде ұлының түйе қомның ішіне тыққаны қару екенін біліп, қомның үстіне отыра кетті. Мұнысы жаудың құралды тауып алса, ұлын дәл осы жерде-ақ су түбі құрдымға кетірерін аңғарғанынан еді.

Үй ішін, қора-қопсыны тінткен жау ештеңе таба алмады. Сосын Сүлейменді жайдақ атқа мінгізіп, екі аяғын аттың бауырына шырмап байлап, кәрі әке, жас жұбай, сәби балаларының зарлап еңірегеніне де қарамай әкете барды.

«Сүлейменді алып кетіпті» деген хабар шартарапқа тарады. Бір Сүлеймен емес, сол күні құрал өткізуге барған отыздай адам тұтастай қолға түседі. Амал не, жауының баспалап аңдып жүргені азаматтардың қырағы көздерінен қағыс қалып, тіпті ойларына да кіріп шықпапты. Кейін білді, өздерін мұндай күйге түсірген аудан қалашығынан өз қатарларына тартқан адамның бірі болып шығыпты.

Гоминдаң үкіметі қолдарына түскен азаматтармен бірге әлгі күдікті адамды да қамап, оның түрме ішінде бұлардың не айтатынын аңдытқан еді. Бірақ, түрмедегі азаматтар мына ілмигенің іштеріне енгізген жансыз екенін сезіп, оны түрме ішінде өлермендей етіп, түтіп жібереді. Жауыз жау өздеріне ертең де керек май шелпегінен айырылып қалмау үшін жансызын түрмедегілердің ішінен босатып алады.

Сүлеймен сынды елінің есіл ерлері қапасқа қамалып, жаудың жан түршігерлік қинауында қалғанын, бұл тұтқындау кезінде әшкереленбей қалған Ахмет Тиекбайұлы халқының ызы-кегін қозғаған жауға және топ құрып, төңкеріс жасағысы келіп, қанша арпалысса да шамасы келмеді. Сүлейменнің өзіне айта беретін Ма жұйжаңға жолығып, одан ақыл сұрамақ еді. Мына қанқұйлы үкімет оны да із-түзсіз жоғалтқан көрінеді. Бұдан кейін Ахмет 1940 жылғы Көктоғайдағы малшылар көтерілісінің қатарына қосылып, олардың Алтай көлеміндегі Шыңшысай үкіметіне қарсы соғыс жүргізіп жатқан «Уақыттық төңкеріс үкіметіне» хат жазып, халық басына түскен қатер мен ауыр хәлді баяндап, азаматтарды құтқаруға жәрдем етуді өтінеді.

Бұл істен хабар тапқан уақыттық төңкерістік үкімет «Жігерлеріңді мұқалтпай, жауларыңмен шайқаса беріңдер, Жеменей халқын тез топтап жауға қарсы тұруға шақырыңдар, біз Жылқайдар бастаған үш жүз партизан қосынымызды үш күннен соң жібереміз» деген хабар алады. Ахмет бұл хатты көргенде азаматтар арасында айқайлап жіберді. Азаматтар да бір мезеттік еңсесін басқан жеңілістен салбыраған бастарын көтеріп сайлана бастады.

Ін түбіне жасырынған суырдай қаладан шықпай жатқан жау Буыршын, Алтайдағы артқы шептерінен қосымша күш алып, ішкі жақтағы тұтқындарға қырғидай тиеді. Партизандық сұрапыл соғыс басып алатын болған соң еріксіз шегінген жау Қанжарбай, Ыдырыс, Батырбай, Жәлел, Қалел қатарлы адамдардың көзін жойғанын көрген партизандар әккі жауынан құрбан болған азаматтардың кегін алуға өкшелей қуып, соғысты одан әрі жалғастырады.

Ахмет Жеменей елінің қадірменді азаматы, партизан қосыны басшыларының бірі Сүлейменнің қаладан шықпағанын көріп, жау «Оларды бірге ала қашты ма» деген күмәнмен қуа барып құтқармақ болады. Алайда, іргеде отыратын бірнеше отбасының ақпан айының 23 күні түнде шыңғырған адам дауыстары мен шалдырлаған кісен үндерін естігендерін, ал ертесіне үкімет үйі сыртындағы бірнеше ескі тамдардың құлап жатқанын айтады. Ахмет табанда сол құлатылған тамдарды қаздырған еді. Ардагер азаматтың қол-аяғы байлаулы күйінде өлтірілгенін көріп, еріксіз көздеріне жас алады, кеш қалғандарына қатты өкініш білдіріседі.

Төңкерістік қосын қашқан жау мен Буыршыннан жәрдемге келе жатқан неше мың үкімет әскерін Шалшықайда (жер аты) ойсырата жеңіп, Сүлеймендей ерлерінің кегін алады.

Жеменей елі Шыңшысай үкіметінен құтылып қаланы өздеріне қаратып алады. Төңірекке бытырап тоз-топалаңы шыққан халық ата жұртына қайта оралып, соғыстың зардабынан түскен жарақаттарын жамап жатқанда марқұм Сүлейменнің жұбайы Әлпиза мен әкесі Балағазы қария да қайғыдан бас көтере алмай төсек тартып қалған еді.

Сүлейменнің ішкі қалтасынан шыққан сақал-мұртын басып жүретін кішкене айнасын сүйген жары Әлпизаға табыс еткенде, ол өзінің о дүниелік боп кеткен аяулы жарының ер тұлғасы мен отты жанарын сол айнадан көргендей еңіреп тұрып айнаны кеудесіне басып жылайды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға