Жаңалықтар

Қалила Омаров: «Маған деректі фильмнің құны кез келген көркем кинодан жоғары»

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні
Қалила Омаров: «Маған деректі фильмнің құны кез келген көркем кинодан жоғары»
21.05.2021 15:04 6181

«Деректі кино өнерінің негізгі міндеті – халық өмірінде маңызды орын алатын тарихи оқиғаларды баяндау арқылы белгілі бір уақыттың бейнесін жасайды, сол арқылы деректік сипатын жоғалтпай тарихи мәні бар мәлімет қалдырады» деген талап тұрғысынан қарасақ, өмірінің қырық жылын осы өнермен байланыстырған Омаров Қалила Нематуллаұлының шығармашылығы еске түседі.

Қалила Омаров – танымал кинорежиссер, документалист. Қазақстан Киноматографистер одағының мүшесі. Ол 1992 жылы Қазақстан Жастар одағы және 1996 жылы Халықаралық Жамбыл атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленген. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері бүгінде елуге жуық деректі фильмге режиссерлік жасаған.

Осы саладағы алғашқы туындысын студент шағында 1982 жылы қазақтың атақты күйші-сазгері Құрманғазы туралы түсірілген «Вооплощение» («Кісен ашқан») қысқаметражды фильмі «Ақ түндер-82» кинофестивалінде бас жүлдені қанжығалауының өзі алдына қойған мақсатынан хабардар етсе керек. Ал одан кейінгі толайым табыстары көптің көз алдында.

c7d749e3-f043-4638-8481-c933678df48b.jpg

«Хабар мен деректі фильмді айырмашылығын ажырата алмайтын орта пайда болды»

Белгілі режиссер Қалила Омаровтан қазіргі телеарналардан көрсетіліп жүрген деректі фильмдерге көңілі тола ма, сапасы сын көтере ме деген сауал негізінде пікірін білген едік. Деректі фильм түсіруде көп жылдық тәжірибесі бар кинорежиссер жалпы бұл істің айналасындағы мәселелермен етене таныс екенін, сондай-ақ мұндай жағдайларды кәсіби тұрғыдан қалай шешуге болатынын айтып берді.

- Біз негізі кеңестік дәуірде қалыптасқан режиссерміз. Біздің заманымыздағы кеңестік билік идеологиялық мемлекет болды. Білесіздер, Лениннің өзі киноны өнердің ішіндегі ең қадірлісі деп атап көрсетті. Олар киноны үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін құрал ретінде де пайдаланды. Ол кезеңде деректі фильмге режиссер болуға басқа бір мамандықтың қыр-сырын меңгерген адамды қабылдайтын. Тіпті оқуға түскенде де осындай талап қойылатын. Басқа бір саланың шұңқырын, кем-кетігін, жақсы-жаманын білген адам ғана қоғамды жан-жақты көре алады, жоспарлай алады деген түсіністік болды, - дейді Қалила Нематуллаұлы.

Кеңестік кезеңде ғылыми-танымдық кинодан бастап өмірдің сан саласын қамтитын кинолар өмірге келді. Ал одан кейінгі буржуазиялық қоғамда идеология тұманданды. Тіптен, идеология қалыптастыратын қоғам керек болмай қалды. Сондықтан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмді» қарасаңыз, репертуарының 80-90 пайызы әдеттегі мерейтойлық фильмдер. Бұл деген ұлттың мешеулігін көрсететін құбылыс. Осындай көзқарасты алға тартқан ағамыз деректі фильмнің төңірегіндегі өзге кемшіліктерді атап өтті.

- Бүгінде телеарналар сенсация деп суицидті тоқтаусыз беріп жатады. Ал мұны деректі фильм режиссеріне тапсыратын болса, ол құбылысты толығымен зерттейді. Кез келген аурудың қоздыратын күштері болатыны сияқты, әлеуметтік мәселелердің де өзіндік тудырушы күштері болады. Оны кәсіби мамандармен зерттеп, зерделеу арқылы тереңінен қозғайды. Қазіргі заманда қоғамның бай мен кедей болып қақ жарылуы жас ұрпақтың мұндай тағдырға көндіге алмауына әкеліп жатыр. Сабақты қанша жерден беспен оқыса да, әлеуметтік жағдай, тұрмыс өз әсерін тигізеді. Телеарнадағы кинолар көбіне жеңіл түсіріледі, - деген пікірін білдірді кейіпкеріміз.

c3c43b3e-7597-4797-aab8-4113098756c7.jpg

Деректі фильм түсірудің майталман маманы, бұл жанрда киноны өз деңгейінде түсіруге, сәтті дүние шығаруға қаржының аз мөлшерде бөлінуі қолбайлау болатынын жасырмады. Сонымен бірге, режиссер өзін барлық жағдайда тәуелсіз сезінуі керек екенін, ешкімге жалтақтап қарамай, басты жауапкершілік пен түсірілетін туындының идеясы мен шешімін шығарғанда аса сақтықпен әрекет жасау, парасаттылық пен пайым тұрғысынан қарау қажеттігін айтты.

- Деректі фильмнің дамуына кедергі болатын тұстар көп. Мәселен, қазір министр ауысқан сайын заң да ауысып тұрады. Бұрын қаржы орталықтандырылған түрде «Қазақфильмге» беріліп отыратын. Ал қазір телеарналардың бюджетіне түседі. Олар хабар түсіріп жатса да, деректі фильм түсіріп жатырмыз деп шығады. Қызығы, хабар мен деректі фильмнің айырмашылығын ажырата алмайтын орта пайда болды. «Не сойса да, қасапшы сойсын» демей?! Ал фильмді түсіремін деп бастаған адам оны аяғына дейін жеткізу керек, оның үстіне жасайтын дүниесінің мәніне, мазмұнына әбден қанық болуға тиіс. «Орындалды» деген белгі үшін жасамау қажет. Ол жұмысыңа, өзіңнің сүйікті ісіңе қиянат жасағанмен бірдей, - дейді кинорежиссер.

«Көзі тірісінде қиянат көрген Мағжанды кинода қиянатқа қимадым»

Қалила Омаров Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары тарихтың ақтаңдақ тұстарын ашып, Алаш ардақтыларына арнап деректі фильм түсірген қайраткер. Ойды берудің түрлі тәсілін меңгерген әрі сөзді астарлап жеткізу арқылы аудитория мен көрермен түйсігіне салып, кері байланыс жасайды. Бүгінге дейінгі туындыларында бұл әдісті қолданып келген.

- Мәселен, Мағжан туралы кино түсіргенде, үш рет репрессияға ұшырап, ақыры атылған қайраткерді фильм жасағанда қиянатқа қимадым. Оның тартқан азабын тұспалдап жеткіздім. Мағжанды кейбір деректерде атылмаған деп те жатады. Қазір біреу туралы деректі фильм түсіретін болса, оны жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Оның көлеңкелі тұстарын ескермейді, болмысын бүтіндей ашпайды. Сонымен қатар, «қиыншылық көрді, қиянат жасаған адамдар болды» деп айтады да, оны факті негізінде дәлелдемейді. Деректі фильмнің басты қағидасы – қызыл сөзді көбейтіп, көркемдікке салыну емес, фактіге құрылған шындықты шығармашылық тұрғыда жеткізу, - деп атап өтті Қалила Нематуллаұлы.

5d9e5afe-7d82-4062-9cf1-0146adc4621f.jpg

Қалила Омаровтың айтуынша, деректі фильм түсірушілер мен тергеушілердің қызметі ұқсас. Тергеушілер адам өлтірген қылмыскерді анықтап, соған сәйкес жазасын өтеу үшін қылмысты толығымен ашады. Ал біз сөз етіп отырған киноны түсіретін режиссерлар ар сотына жауапты. Кез келген деректі фильмге кейіпкер болатын адам – дара тұлға. Ал дара тұлға міндетті түрде өз позициясын дәлелдеу үшін конфликтіге барады. Кейіпкермен көзі тірісінде тайталасып жүргендер кейіннен досы болып шығатын сәттер де кездеседі. Сол себепті кейіпкеріміз деректі фильмді түсіргенде көрерменнің көз алдына шынайы құбылысты әкеліп беруі керек дейтін пікірді баса назарда ұстау керек екенін жеткізді.

- Кейде деректі фильмнің сәтті шықпауына аз қаржы да кедергі болып жатады. Телеарналар көп жағдайда деректі фильмге кино тұрғысынан емес, телевизиялық масштабта қарайды. Мысалы, Панфилов туралы деректі фильм түсіру керек болса, оның Мәскеуде тұратын Зоя деген қызы бар, соған барып, сөйлесу керек. Ал біздегілер қолда бар мәліметпен түсіре салады. Әкесін қызынан артық кім біледі?! Бір жағы, жаңа деректерге қол жеткізеді. Біздегілер қаржылай өткелден өте алмай, бірақ «деректі фильм түсірілді ме, түсірілді» деген белгіні қанағат тұтады, - деген пікірін айтты кейіпкеріміз.

Деректі фильм басты 3 қасиеттен тұрады. Тұлғаның жан-дүниесін ашатын туындылары, екінші тұлғаға қатысты құжаттар, үшінші соның өміріне куә болған адамдар. Қалила Омаров деректі фильм түсіруге бел буса, ол міндетті түрде өз талаптарын ашық айтатын көрінеді.

- Мұхаммед Хайдар Дулати туралы кино түсіретін болдық. Қаражат өз қолыма тиюі керек, мен Дулати жерленген Үндістанға барамын деп кесіп айттым. Сол сияқты Ахмет Жұбанов туралы фильм түсіргенде Парижге дейін бардым. Себебі Құрманғазы оркестрінде ойнап, қазақты әлемге танытты. Мен сол атмосфераны көрерменге сезіндіре алуым керек. Сол кезде ғана менің миссиям орындалады. Тағы бір айта кететіні, қазір режиссерлер бетіне әжім түскен қариялардың орнына жас әртістерді ойнатады, бәрін көркемдеп көрсеткенді жақсы көреді. Ал шын мәнісінде қалай бар, солай көрсеткен дұрыс. Режиссерлер кейде суреткер ретіндегі позициясын қорғай алмайды, - деп қоса кетті кинодокументалист.

4b9b788c-40b3-4042-9b87-d106ed6a9902.jpg

«Қазақ қоғамы сезімтал, астарлап жеткізсең де түсінеді»

Бүгінгі кейіпкерімізге кезінде белгілі кинорежиссер Талғат Теменов деректі фильмді қойып, көркем фильмге ауысуға кеңес берген. Алайда ол Алашордашылардың өмірін зерттеуді өзіне тапсырылған аманаттай көретінін жасырмады. Қалила Нематуллаұлы үшін деректі фильмнің құны кез келген көркем кинодан жоғары. Мұндай туындылардың келер ұрпаққа берер өнегесі бар деген үлкен жауапкершілікті сезінген азамат. Өз ісіне деген адалдық танытып, сүйіспеншілікпен қараған өнер иесі деректі фильм барысында метафора беру, оны салыстырмалы түрде әдеби жанрлармен қабыстыруды шебер қолданады.

- Киноны өнер деп алатын болғандықтан, онда түрлі тәсілді пайдаланасың. Кейде әдебиеттегі көзқарасыңның тереңдігі көмекке келіп жатады. Бір адамдардың болмысын ашуды кейде жанама мамандықтардан іздеймін. Мақтамен бауыздап жеткізу тәсілі де бар. Біздің қазақ халқы дана халық. Қай жерде ағат кеттің, қай жерің дұрыс, бәрін бірден сезеді. Бір уақыттарда ҚР Мұсылмандар қауымдастығының бас мүфтиі болған Рәтбек қажы Нысанбаев қазақ қоғамындағы діннің алатын орны турасында белгілі жазушы Қалтай Мұхаммеджановпен қарама-қайшы пікірде жүреді. Бұл көрініс бір-екі жылға созылады. Бір отырыста Рәтбек қажы Нысанбаев Асанәлі Әшімовпен амандасады, сонда Асекең «молда бол» дейді. Сөз құдіреті қайда жатыр?! Қарапайым адамға молда бол десе, дұрыс жолға түс деп бағыт сілтегені болар еді. Ал мүфтиге молда бол дегені генералға солдат бол дегенімен бірдей емес пе?! Яғни, бұл жерде жазушымен сөз таластырып, қадіріңді кетіргенше өз қызметіңмен айналыс деген ишараны тапқырлықпен жеткізіп тұр, - дейді Қалила Нематуллаұлы.

Режиссер мұндай тапқырлықтың биік шыңында ұлы ақын Абай тұрғанын айтады. Қоянды жәрмеңкесінде Абай өзіне сәлем бере келген Қажымұқанның қолын қысып, «сенде күш көп, ә» деген. Бұл оның «сенің соңыңнан талай қазақ ереді, сенен тайсалады, сол күшіңді пайдаланып, жастарды алға сүйреуге қолдансаң жарар еді» деген ниеттегі сөзі екен. Сондай-ақ режиссер осындай ұрымтал сәттердің шебері Асқар Тоқпанов болғанын тілге тиек етті. Адамдарды сырттай барлап жүріп, сәті түскенде састыратын сәттерін айтты. Бірде бір адамға «сен малта сияқтысың, жып-жылтыр, қолға ұстатпай сырғып кетесің, қай жақтың сойылын соғып жүргеніңді ешкім білмейді» деп турасына тартқан екен. Сол секілді қазақ қоғамындағы мұндай құбылыстар кино түсіргенде шынайы өмірмен біте қатысып, кадрларға сұранып тұратыны жасырын емес. Осындай қазақ әдебиетінің майталмандарының өмірімен қатар суреткеріміз орыс әдебиетінің бай мұраларымен де етене таныс.

- XIX ғасырдағы орыс әдебиеті әлем әдебиетінің жауһарларына жатады. Орыстар бұл аралықты «золотой век» деп атайды. Достоевский, Пушкин, Гоголь болсын, олардың барлығы адамзаттық тұрғыдан әдебиет қалыптастырды. Орыстардың кавказдарға, кіші ұлттарға жасаған қастандықтарын аяусыз жазды. Сондықтан орыстар өзін ұлы санайды. Лермонтовтың, Толстойдың эстетикалық талғамдарын деректі фильмдегі кейіпкерді ашқанда қолданамын, - дейді кинорежиссер.

8c334f0b-1bbf-49f2-a488-b8de8b7a5705.jpg

Суреткер Мағжан Жұмабаевтың орыс әдебиетінен сусындағанын атап көрсетеді. Ол Уфадағы медреседе оқып жүріп, оқудан шығып кеткенін, оған Міржақып Дулатов 3-4 ай көлемінде орыс тілін үйретіп, оның Еуропа әдебиетімен танысуына жол ашқанын айтты. Сондай-ақ Мағжанның өміріндегі Гүлсімнің орнын ерекше сүйіспеншілікпен жеткізді.

- Мағжанның орыстардың арасындағы элиталық ортаға түсуіне сүйгені Гүлсім Камалованың көп көмегі болды. Ол Петербургта ақсүйектің қыздары оқитын институтта оқыған. Шығыстық үлгіден еуропалық үлгіге көшуіне, элиталық ортаға енуіне жол ашқан. Ол Мағжанның бағын ашқан қыз. Алайда мен айтып берген осы тарихи шындық Дулат Исабековтің бір туындысында бұрмаланған. Гүлсімнің жасаған жақсылықтарын әйелі Зылиха жасағандай етіп көрсетіп қойған. Мен кейіннен осы ренішімді Дулат Исабековке айтқанымда, ол мұны жастар көреді, мен Мағжанды екі оттың ортасына қалдыра алмаймын ғой деп уәж айтты, - деп еске алды Қалила Омаров.

Сөз соңында ағамыздан деректі фильм түсірушілердің ішінен кімнің өнерін жоғары бағалайтынын, кейінгі режиссерлердің қайсысы осы бағытта жақсы дүние шығарып жүргендігін сұрадық.

- Қазір көп режиссерлер деректі фильмге қызықпайды. Олар фестиваль мен фестивальдың ортасында жүгіріп жүретін көркем кино түсіргісі келеді. Атаққа, танымалдыққа ұмтылады. Жәнібек Жетіруов деген азамат бар. Осы жігіт бүгінде көркем киноны да, деректі фильмді де қатар алып келе жатыр. «Парасат майданы» бағдарламасына қатысып, өзім ойымды айтып тұрамен. Осы бағдарламаның жүргізушісі Дархан Әбдіктің деректі фильмдері қатты ұнайды. Егер ол бір жерде сабақ берсе, мықты шәкірттер тәрбиелей алады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде соның айналасында жүргендер үйренсе болады, - деп жауап берді документалист.

eb147905-c44d-477c-8315-0351fe17804d.jpg

Деректі фильмнің нанымды, сенімді шығуында автордың шеберлігі басты орында болады. Мәселен, сәтті таңдалған музыкалық шығарма, кадр сыртындағы мәтін, кеңістік, уақыт барлығы бір-бірімен үндесуге тиіс. Деректі фильм авторы «дәл қазір және тек осында» деген принциппен жұмыс істейді. Қалила Омаров осы қағиданы қалт жібермеген режиссер.

Талай өнер тарландары біздің бүгінгі кейіпкерімізге үлкен құрметпен қарайды. Себебі ол әрдайым ойын батыл жеткізіп, тарихи шындықты бірінші орынға қоятын азамат. Сол себепті де оның өмірлік ұстанымы: «Шыңы жоқ тау болса да, шыны жоқ дау болмайды». Деректі фильмнің елімізде кенжелеп қалмай, белгілі бір деңгейге даму тендециясын ұстап тұруы осы Қалила есімімен тікелей байланысты.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға