Қандастар Ассамблея

1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Сұлтанбек Қожанов

03.10.2017 4419

Қазақ әдебиетінде орны бар тұлға

Отыз жетінің қуғын-сүргінінде жазықсыз жалаға ұшыраған  азамат Сұлтанбек Қожанұлының  ресми тұрғыда анықталғанына қырық жылға жуық уақыт өтсе де, күні бүгінге дейін ол туралы мағұлмат аз. Бұлай болуының өзіндік себебі, өзгеше астары бар. Ең бастысы, басқа замандастарының көбісіне қарағанда оның өне бойынан өзі өмір кешкен кезеңнің бүкіл қарама-қайшылығы артығырақ табылып, айқынырақ танылады. Мұның мәнісін түсіну үшін Сұлтанбектің қоғамдық-саяси қызметін түбегейлі зерттеп, аманат еткен әдеби-публицистикалық мұрасын тереңірек зерделеу қажет.

Осы арада зерттеушілеріміздің назарынан тыс қалып жүрген тағы  бір жайтты қозғай кеткен жөн. «Жерлестік» ұйымының жиналысы өтерден бес күн бұрын, 1924 жылғы қарашаның 19-ында РК/б/П ОК-інің баспасөз бөлімінде кеңес болып, онда «Ақ жол» газетінің жұмысындағы кемшіліктер көрсетілген-ді. Біздің пікірімізше, сол іркес-тіркес екі басқосудың арасында белгілі бір дәрежеде байланыс бар. Болмауы мүмкін емес те.

Мағжанның кітабына жазған алғысөзінде Сұлтанбек: «Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көзде тұттық», - деген еді. Алайда, алдын ала айтылған «ақталу» сөздері оны қатаң айыптаулардан құтқара алмады. Мағжанды талқылаған, шынына келгенде, талқандауға тырысқан мәжілістің қаулысында: «Қазақ еңбекшілеріне коммунистер партиясының бағытымен жөн сілтеп, түзу басшылық етеді дейтін бірсыпыра  коммунист жолдастар / Мағжан кітабының басылуына себепші болған жолдастар кіреді /  жауапқа тартылсын», - деген бап бар-тұғын. «Бұл – сол кездегі Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Сұлтанбек Қожанұлының адресіне айтылған «сәлем» еді. Және бір жазығы, «Жерлестік» ұйымының жиналысы өтіп жатқан кезде Сұлтанбек әлі бұл лауазымда бекімеген болатын. Тек үш күннен соң, қарашаның 27-сінде ол Қыробком бюросының құрамына кіргізіліп, жауапты хатшылыққа тағайындалды. Сонымен, жоғарыдағы жиындардың Сұлтанбектің қызметке орналасу қарсаңында өткізілуі әрі қаулысында оған қатысты әңгіме қозғалуы кездейсоқтық қана ма екен?.. Біздіңше, «Ақ жолға», Мағжанға, Сұлтанбекке қарсы шаралардың ұйымдастырылуы қазақтың ұлттық интеллегенциясын қайта қудалай бастау бағытындағы «сценарийі дайын спектакльдің» алғашқы «репетициясы» секілді нәрсе.

Мұны Сұлтанбек толық сезінді. «Менің жауабым» атты мақаласында : Енді Мағжан өлеңдеріне келейік. Бұл жөнінен менен қателік кеткен. Бастырғанымнан да, менің сол кітапқа саясаттан тысқары қылып баға беріп, сөз басы жазып бергенім -  үлкен қате. Мұны мен түсінген жолдастарым көрсеткен күні-ақ мойныма алдым. Бұл туралы партиямыздың жоғары ұйымдарында сөз болып, менің қатемді көрсеткен қаулылар да болған. Бастырған кезімде өзімше дәлелдерім бар еді, бірақ қателікті мойныма алған соң қайта күйзеп, уәж етіп отыруды орынсыз деп білемін», - жоқ кінәсін жуып-шаюға көшіпті. Бірақ саяси саудагерлерді сынап, «коммунистік пен әулиелік бір денеге сыймайтынын» айтқан ол сөз арасында: «Көргенді ұғып, білгенді істеу деген «кемшіліктен» әлі де сау емеспін. Сондықтан мұнан былай да «түк қате қылмаймын» деп, «түк қате сөйлемеймін» деп уәде бере алмаймын. Бірақ мен жаңылсам, көп жаңылмас; мен қателессем, партия түзер деп ойлаймын», - деп те қойды. Әйтсе де Сұлтанбектің ойы орындалмады.

Сол 1925 жылдың күзінде ол Қазақстандағы қызметінен кетірілді. Соңында Голощекин мен оның гөй-гөйшілері шығарған «қожановшылдық» деген лақап қалды. Күні кешеге дейін Сұлтанбектің атына көрпе-көрнеу тағылып келген айдар әдебиетіміздің тарихына да азды-көпті келеңсіз әсерін тигізді. Ғылыми еңбектерінде: «Қазақстан партия-совет орындарындағы жауапты қызметте отырған С.Ходжанов, С.Садуақасовтар сияқты оңшыл коммунистер байшыл-ұлтшыл ақын-жазушыларды қолдап кетті. С.Ходжанов пен С.Садуақасовтар 1924 жылы баспадан шыққан М.Жұмабаевтың таңдамалы шығармалар жинағына кіріспе сөз жазып, ол жинақты мадақтады», – деген жолдардың ара-тұра ұшырасуы – соның салдары. Қарап отырсақ, мына жерде Сұлтанбектің қасына ойда-жоқта Смағұл қосақтала салған. Өйткені ресми идеологияның реттеуі солай қалыптасқан еді. Айталық жиырмасыншы жылдардың ішінде Ғаббас Тоғжанұлы: «Смағұл, Сұлтанбек жіктері – беті қайпай келген, соңғы уақытқа дейін үстем болып келген жіктер. Қазақ жұртшылығына өздерінше әсер беріп келген жіктер», – деп жазса, оны Ілияс Қабылов отызыншы жылдардың ортасында: «Қожановшылдық пен садуақасовшылдық – өздерінің әлеуметтік жаратылысы жөнінен біртекті топтар. Саясаттың барлық түбірлі мәселелері бойынша олар өзара ымыраға келіп, әр уақытта партияға қарсы бірлескен күрес жүргізеді», – деп қайталайды.

Сөйтіп, қайраткерлік жағынан ұдайы қудалауға ұшырап, «қожановшылдықтың» қамытынан қайтсе де құтыла алмай қойған Сұлтанбек әдебиетшілікпен бұрынғыдай әуестену мүмкіндігінен ақи-тақи болмағанымен, әжептеуір қол үзіп қалды. Өзінің бір кездегі қаламдас серіктерінің көбі баспасөз түгілі, бостандықпен қош айтысып жатқанда, оның әдебиет әлеміне жуысып-жақындасуы қауіпті болуға қарағаны рас. Ауыздағы сөз аңдуға, қағаздағы жазуы қадағалауға жолыққандықтан, ол ақырын жүріп, анық басқанды қалады. Қазақша жазуды қойып, отызыншы жылдарға тақау баспасөз бетінде орысша мақалдарымен кей-кейде ғана көрінуі сол себепті.

Сондай сиректің бірі – «Әдеби тіл мен термонология туралы» / «О литературном языке и терминологии»/ атты мақаласы /Правда Востока. 1929. 6 маусым/. Сұлтанбек бұл мақаласында түркі тілдерінің тазалығы туралы мәселе қойды. Өзбектің әдеби тілі менен ауызекі тілінің арасындағы едәуір алшақтықтың түп-тамырына үңіліп, оның тарихи себептерін түсіндіруге тырысқан. Бұрынырақта өзбектің ұлы ағартушысы Абдурауф Фитрат: «Түркі тілінің бақытсыздығына басты себеп – араб басқыншылығы. Араб жаулап алушылары өлкемізге жалғыз саяси ел билеу жүйесін ғана емес, оған қоса діни идеологиясын, жазуын, әдет-ғұрпын, салт-санасын ала келген еді... Бірақ тіліміз тығырыққа тірелмес, өшпес, жасай берер. Неге десеңіз, оның тамыры терең, байлығы мол. Алайда, ол араб, парсы тілдерінің тұтқынынан бұлқынып шығып, құтыла алар ма, әлде қол-аяғы байлаулы қала берер ме?» – деп қамыққан еді. Сұлтанбек те осы тәрізді ойларды тарқатып, өзбек тілін араб, парсы және шағатай тілдері шұбарлауды «шығыстық интернационализмнің» көрінісі деп сынады.

Сондай-ақ, «шығыстық орта ғасырдың әлі тұлыбын  тірілтуге талаптанушылықтың» қазіргі өмірге қайым еместігі ескертті. Ол өзбектің әдеби тілінің бұдан былай халықтың бұзылмаған табиғи тіл қайнарынан сусындайтынына сенім білдірді. Сұлтанбектің бұл мақаладағы байламдары ертеректегі «Жақындық па, жалақорлық па?» атты мақаласындағы  дін қиссалары жөніндегі пікірімен астарлас жатқандығы аңғарылады. Ілгеріде ол көзқарасын көрсетумен ғана шектелсе, енді өз тұжырымын әдеби тілдің тұрғысынан тиянақтап отыр. Қысқасы, Сұлтанбектің айтылмыш мақаласындағы ұсыныстар мен ұйғарымдардың тіл төңірегінде таласты ойлар болып жатқан бүгінгі дәуірде де методологиялық жағынан мәнін жоғалтпағаны, маңызын жоймағаны айқын.

Жинақтай келгенде Сұлтанбек Қожанұлы – өзінің әдеби-сыншылық көзқарастарын әдемі сөздермен көмкерумен ғана шектелмей, оларды өмірде орнықтыру үшін жан-тәнін жұмсаған жігерлі қаламгер-қайраткер. «Оның бұл саладағы қадір-қасиетін арттырар ісі – Абай мен Ахметтің қазақ әдеби тілін жетілдірулегі еңбегін, Мағжан ақындығының деңгейін жұрттан бұрын танып, асқақ бағалағандығы». Сонымен бірге, «Ақ жол» газетінің төңірегіне алашқа жаны ашитын. Қаламы қарымды азаматтарды топтастырып, шығармашылықтарының шыңдалуына жан-жақты жағдай жасауы – Сұлтанбектің қазақ әдебиетіне қылған қамқорлығының даусыз дәлелі.

1957 жылы Сұлтанбек Қожанұлы ақталғаннан кейін сіңірген еңбегін мойындау тек қана 1994 жылы басталды. Жарты ғасырдай кемсіту көрген отбасы мен жақындары таза ауа жұтқандай болды.

Ташкенттегі туысқандардың көбісі «біз сендерді танымаймыз» деп, теріс қарады. «Халық жауының» туыс-туғандары жұмысқа алынбайтын.

Сталиндік қатыгез дәуір құрбандарының бірі түйе баққан, егін еккен кедей, тоқсаннан асқан Сұлтанбектің әкесі Қожанды адам жүрмейтін айдалаға апарып тастаған жерінен жерлестері жасырын қайтып әкеліп, баққан. Сұлтанбектің інілері Раис, Қамар, Сәрсекей, Сейділдә қарындастары Бзау-апа, Бибираль, басқа ағайындары қуғын-сүргінге ұшырады. Артында қалған жылдар қорлығына қарамай Қамар – жақсы мұғалім, Сейділдә – атақты шахтер болды.

Замандасы Н.Оңдасынов айтқандай: ««Халық жауы» болған жоқ, қайта өз халқының жарқын болашағы үшін күресті, сол үшін жазықты болды, сол үшін шыбын жанын құрбандыққа қиды». Қазақ елінің тұтастығы, тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлға еді. Қазақ халқы атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азамат болатын».

Ақиық азамат Сұлтанбек Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына әзірлену мен өткізу туралы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 12 сәуір 1994 жылы No370 қаулысы шыққан. Республика сарайында Бес арыс - І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов – 100 жылдығына арналған кеш өтті. Бүкіл өмірлерін ұлтты, халықты сақтауға, сүюге бағыттаған, ұлтжандылық пен ақыл-ойдың ғажайып үлгісіне, өнегесіне айналған арыстардың есімдері еркін, азат елдің аспанында қатар аталды.

«Қожанов ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі бола алады. Рухы күшті, биік азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны үшін қарыз да, парыз да», - деп жазады Б.Қойшыбаев. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Өз ұлыңды өзің бағалап, ардақтамасаң, сені өзге жұрт қалай құрметтеп, қалай қадірлемек?».

...1937 жылы жазда Сұлтанбек Қожанұлы демалысын Қырымда өткізді. «Үлкен террор» елдің үрейін алып тұрған кез. Сол сапар Зиба Сұлтанбекқызы әкесімен бірге болған екен. Әкесінің жағдайды лауазымды кісінің өз аузынан біле кетпекке бекінгенін, сөйтіп, қайтар жолда Мәскеуге соққанын еске алатын. Бір заманда өзімен «дос-жолдас» болуға әзірлігін жазбаша білдірген «халықтар әкесіне» сәлемдесудің реті келмепті, бірақ, өзінің байырғы әріптесі, бүгінде бүткіл елді тітіретіп тұрған ішкі істер халық комиссары Ежовқа кіріп шығудың сәті түскен көрінеді.

Бас чекист «Қожанов жолдас қобалжитындай ештеңе жоқтығын, өз орнында шаруасына кірісе беруі керектігін» сендіріп айтады. Сөйтіп, алаңдамай, еліне қайтуына кеңес береді. Бірақ жендеттерінің құбыжық-қызықтарында шек болмайды... Пойыз Ташкенттен түнделетіп жеткен. Таң ата үйге НКВД қызметкерлері сау ете түсті. Олардың келген мақсатын естісімен, Сұлтанбек әлдекімге телефон шалмақ болды. Бірақ аппараттан дыбыс шықпады да, сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Гүләндам оған әдеттегісіндей сүт қатқан күрең қызыл шәй берді. Келген жаналғыштарға да бір-бір ыстық кеседен ұстатты. Бәрі үн-түнсіз кеселеріндегі шәйді тауысты. Гүләндам Сұлтанбекке тағы бір кесе шәй құйды. Соңғы кесе...

Сосын ол жары мен балаларына мұңды жанарын ақтық рет қоштаса тастады да, қос қапталынан қаумалаған жаналғыштардың алдына түсіп кете барды. Қожанов сол күні темір торлы вагонмен Мәскеуге аттандырылды. Бұл 1937 жылғы 16 шілде еді.

Сұлтанбек Қожанұлы сталиндік тізім бойынша атылды. Есімі, атқарған істері терістеліп, ұмыттырылуға жатқызылды. Үлкен ұлы әкесінің абыройын қан майданда қорғамаққа соғысқа аттанып, сонда қаза тапты. Екінші ұлы мен қызы халық жауының балалары ретінде көп түртпектелді, оқуда, қызметте ұдайы шеттетіліп жүрді. Жұбайы тек халық жауының зайыбы болғаны үшін ұзақ жылдар айдауда болды.

Жиырма жылдан кейін оның заңсыз репрессияланғаны мойындалды. Бірақ адал есімі қоғамдық өмір үшін ақтала қоймады. Ол жайындағы әділ сөз тек үкімшіл мекеменің реабилитациясынан соң отыз жыл өткенде  ғана айтыла бастады. Содан бері де жиырма жыл өтті. Осынша уақыт бойы оның өмір жолын, халқына сіңірген еңбегін жаңғыртып халыққа таныстыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы кезде еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді, демек, оны өз деңгейіндегі дәрежеде танитын, мойындайтын, тиісінше, ұлықтайтын уақыт тақалып келеді.

Ұқсас материалдар