Жаңалықтар

Құрман Бисеғалиев: Тұрғындарды медиация институты жайлы ақпараттандыруды күшейту қажет

29.08.2018 12:33 2372

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылы Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қарауға жататын дау-дамайларды сотқа жеткізбей, ел ішінде шешімін табуды қарастыратын бітімгершілік пен медиация рәсімін енгізуді тапсырған еді.

2011 жылы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды.

Қазақ халқына бітімгершілік сөзі жат емес. Ерте ғасырларда дау-дамай, жанжал, жесір дауы, жетім дауы билердің алдында шешімін тауып, жүйеленген.

Үш жүзге аты мәлім үш би: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің халық арасындағы билік жүргізгені күні бүгінге дейін аңыз болып тарқатылып келеді.

Дау иесінің биге құрметі бір ауыз сөзге тоқтағандығынан байқалады. Бұл туралы біз мұра болып қалған шешендік сөздерінен оқып, зердемізге жаттап өскенбіз. Ақылды, дана, ойшыл бидің билігіне бүтін бір ел бас иген. «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман» деп Қазыбек бидің айтқан осы бір екіауыз дана сөзінде қаншама мән жатыр.

Қазіргі жаңарған дәуірде  жасы 25-тен асқан жоғары білімді, арнайы бағдарламаны меңгерген тұлға кәсіби медиатор бола алса, жасы 40-қа жеткен, , қарапайым тілмен айтқанда «қоғамдық медиатор».

Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі інің ынтықмақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Артынша Астана қаласында медиаторларға арналған семинар өтті. Онда  кәсіби және кәсіби емес медиаторлар бас қосып, өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті, судьялар медиацияның тиімді жағы мен оның қоғамдағыбасымдықтарына тоқталды.

Кәсіби емес медиаторлардың қазіргі хал-ахуалын білу үшін семинарға Батыс Қазақстан облысынан келген Құрман Бисеғалиевтен еліміздің батыс өңіріндегі медиацияның ахуалы  жайында сұхбаттасқан едік.

— Құрман Жанзақұлы, әңгімемізді қоғамдағы медиацияның дамуынан бастасақ.

— Қазіргі уақытта республиканың сот жүйесі қарқынды даму үстінде. Елбасы сала мамандары алдында сот беделін арттыру, оны ізгілендіру (гуманизациялау) міндеттерін қойған болатын.

Біріншіден, сот саласындағы дауларды шешуде азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ете отырып, шешудің қосымша әдістерін енгізу. Екіншіден, медиация институтын енгізу және жетілдіру керек деп басып көрсетті.

Бір анығы, бұл институт қазақ қоғамына жат емес, ұлтымыздың тарихында билер институты болғаны мәлім және туындаған дау-дамайды әділ шешіп, келген шығынды қалпына келтіріп отырған. Ол кездегі қоғамның өз талабы, өз заңы да болған.   

Қазіргі жаһандану заманында отбасылық кикілжіңді, адамдар арасындағы дауды сот таразысына салып шешкеннен гөрі, азаматтардың құқықтарын сақтай отырып, ағайындық жол – медиация тәртібімен келісімге келсе, кешегі дала заңына бағынған бабалар ісін жалғаған болар едік.

Дұрысы да сол, кеткенді біріктіру, кемді толтыру, екеуді татуластыру, азаматтың құқығын аяқ асты етпей, санаға салмақ салмай, сыйластықпен мәселені шешу –бабалар ісінің көрінісі.

Ал бүгінгі жас ұрпаққа осындай өнеге көрсетіп, «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» қағидасымен тәрбие берсек, ұтылмаймыз.

Кешегі ата-бабадан мирас болып қалған осындай құндылықтарды жаңғырту өмір талабы болып отыр.

— Медиатор ұғымы жайында пікіріңіз қандай?

— Бүгінде жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты талабы — ұлттық кодты сақтау. Адамзат баласы ұлттың рухани тамырынан нәр алмаса, жаңғырудың жолы жіңішке. Қазіргі уақытта сананы жаңғырту керек. Сананы жаңғырту дегеніміз тән құмарлығынан жан құмарлығына өту. Сол кезде жүректің кілті ашылып, хақтың сәулесі түсіп, іштегі кір тазарады.

Бүгінгі медаиторлар осы істің дәнекері, сондықтан олар осал адамдар емес. Бұлар тұтас бір ауылдың, бір ауданның жоқ-жітігін түгендеп, тентегін түзеп, дау-дамайын шешіп, ұрпақ бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді сіңіріп отырған әр өңірдің бағалы тұлғасы, сөзінің нәрі бар азаматтар. Медиация саласында білім алып, осы тұрғыда тәжірибе жинақтаған тұлғаның бәрі би болуға лайық адамдар.

 — Батыс Қазақстандағы медиацияның жай-күйі жайлы айтып берсеңіз?

— Рухани жаңғырудың бір тармағы – билер сотын құру. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен сот мамандары бірлесе отырып, әр ауылда, ауданда халық сайлаған билер жұмысын құруды қолға алды.

Менің тұрғылықты жерім Ақжайық аудандық сот төрағасы Әмірхан Құликешов Бударин ауылында болған жиында Ақтөбе, Қарғалы аудандары мен Ащысай ауыл тұрғындарының тың бастамасы  –  билер сайлауын өтікізіп, бүгінде олар  ешбір бюрократиясыз, қалам-қағазсыз, іс толтырмай, керіскенді сөз құдіретімен келістіріп жүргенін мысал етті.

Осылайша бабалар ізімен билер кеңесін жаңғырта алсақ, ұлттық тәрбие, тәртіп нығайып, ағайында ауызбіршілік артып, азаматтардың құқықтары бұзылмай, сотта жеңілдік, ізгілік үстемдік құрар еді.

— Медиацияның тиімділігіне тоқталып кетсеңіз.

— Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылмауына медиация туралы заңды, қылмыстық істерді қолданудың тиімді тұстары көп. Қос тарап сотқа барып уақыт жоғалтпайды, ақша жұмсап шығынға батпайды . Тіпті дауласқан екі жақ шешімге келсе, ағайының жатқа, досың дұшпанға айналмай, мәселе лезде шешіледі, басты ерекшілігі де осында.

Қылмыс жасалғаннан кейін жәбірленуші мен айыпталушы арасында жағымсыз қарым-қатынас орнап, көбіне көп айыпталушы кешірім сұрап, залал орнын толтыруға әрекет жасаса да, жәбірленуші жақ көңілдегі ренішінен арыла алмай, онымен бітімгершілікке келе алмай  жатады. Ал мұндай жағдайда медиатор екі тараптың құқықтарының бұзылмауына ықпал етіп, мәселені түбіне жеткізгені жақсы. Бұл жерде медиаторға ұтымды пікір, жүйелі сөз, меймандостық шеберлік таныту керек.

— Өзіңіздің медиаторлық қызметіңіздегі тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Медиациямен айланысуға не түрткі болды? Медиатор болуы үшін не қажет, болашақтағы жоспарыңыз?

Не түрткі болды десеңіз, бұл —  уақыт талабы. Біріншіден, қоғамның алға қарай ілгерілеуі, екіншіден, сот саласындағы судьяларға артылар жүкті азайту, үшіншіден, қылмыстық істерді ізгілендіру. Қарапайым тілмен айтсақ, теріс қылмыстық әрекет жасаған азаматтардың  бәрін түрмеге тоғыту қаншалықты дұрыс?! Осының аяғы медиация туралы заңның шығуына себеп болды. Мұның бәрі әлемдік деңгейдегі үрдістер. Саяси ортада өзіндік салмағы бар Қазақ елі бұдан шет қала алмады. Бұл жерде ауыр жүктің салмағы барын сезіну керек. Қазақта «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген сөз бар. Алдыңа келген адам соттан тыс істің ақ-қарасын ажыратып, шығын орнын толтырғысы келеді. Әділдіктің ақ жолын, ар-намыс, ұяттың тура жолын іздеп келген адамға жөн айту – кешегі билердің жолы. Ендеше сол жолға сен де түскен екенсің – жүйелі сөзің, тұшымды пікірің, әділ талабың болу керек. Бұл жерде жеке басыңның қадірі, нәрлі сөзің, тіпті кісілік келбетің болуы шарт.

Осыны байқаса керек, ауылдастарым өз орталарынан сенім білдіріп, төрт жыл бұрын қоғамдық медиатор етіп сайлаған болатын.

— Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

Ата–анадан ерте қалғандықтан, жастайымнан үлкендердің қасында жүрдім. Сол кісілердің әңгімелерін тыңдап өстім. Нәтижесінде көрген-білгенімнен ақылыма ақыл қосылып, ел игілігіне жұмыс істеймін деген ұстаным пайда болды. Бүгінде сол талабымды орындап жүрмін.

Сондай-ақ ауданның саяси, мәдени, әлеуметтік, спорттық шараларының бел ортасында жүремін осы күнге дейін. Елбасының алғыс хатымен, төсбелгісімен марапатталдым. Бір сөзбен айтқанда, халық үшін, елдің тыныштығы, діннің тұтастығы, салт–дәстүрдің өміршең болуына ат салысып жүрмін.

— Дінге қатысты айтқаныңыз бар еді. Соған кеңінен тоқталып өтіңізші.

— Қазір дін мәселесі өзекті, әрі өткір. Әлемнің төрт бұрышына қатысты мәселе. Осы жайтты ескерген аудан басшылары діни салаға жауапты қоғамдық бірлестік құру керектігін алға тартты. Содан 2014 жылы облыста алғашқылардың бірі болып, ауданда «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету қоғамдық бірлестігін құрып, соның төрағасы боп сайландым. Бүгінде діннің тұтастығы, елдің тыныштығы, салт–дәстүрдің өміршең болуы жолында еңбектеніп жүрмін.

Болашақтағы жоспарым – мектеп оқушылары арасында «медиация» клубын құру. Бұл ішкі тәртіпті қадағалауға, жанжал тудырмайтындай орта қалыптастыруға себеп болады. Осы жұмысты ауданда қолға алсам деп жоспарлап отырмын.

— Медиация бөлмесінің қандай қажеттілігі бар?

Даушылар деңгейіндегі жауап алып, сұрақ қою, түсіндіру үшін медиатор бөлмесінің болғаны дұрыс. Облыс деңгейінде осындай бөлмелер саны жүзден асады.

Олардың жабдықталу деңгейі талапқа сай. Биылғы жылдың алты айында БҚО сегіз жүзден астам іс медиация заңына сай қысқартуға жатқызылды. Бұл бағытта  облыстың Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Жәнібек аудандары мен Орал қаласында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Облыс деңгейінде қырық төрт кәсіби, бір жүз елу екі қоғамдық медиатор жұмыс істеуде.

Мен қырық мың халқы бар, жиырма бір ұлт өкілі тұратын Ақжайық ауданының кәсіби емес медиаторымын. Ауданда жиырма бір бөлме, қырық қоғамдық медиатор тіркелген.

Өткен жылы ауданның медиация бөлмесі жұмыс істеу мүмкіншіліктерімен жабдықталу бойынша облыста бірінші орынға ие болса, 2016 жылы мен алға  шықтым.

Өзім қоғамдық медиатор ретінде осы жылдың алты айында сот алды отыз үш іс қарадым. Оның жиырма бірі – қылмыстық іс, он екісі азаматтық іс. Бұл жөнінде негіз болатын дәйек те, толық дерек те бар. Қолымда дауды реттеу қағаздарым бар.

Өкінішке орай үкімет медиацияны қолдағанымен, азаматтар арасында бітімгершілік институтын білмейтіндер көп. Осындай олқылықтардың орынын толтыру мақсатында аудандық «Жайық таңы» газетінде тақырыптық мақалаларды жиі басып шығарамын.

— Облыста медиация тақырыбында үлкен форум өткені мәлім. Соның қорытындысы бойынша қандай өзгерістер орын алды?

– Сәуір айында облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстың барлық медиаторларын, құқық қорғау құрылымдарын, аудан әкімі орынбасарларының басын қосып, медиация тақырыбында үлкен форум өткізді.

Оның мақсаты – медиацияны дамытудың тиімді әдістерін жетілдіру, азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, медиацияның үгіт-насихатын қолжетімді ету, оларды оқыту мәселелері әңгіме өзегіне айналды.

Былтырғы жылы БҚО сотында «цифрлы медиация» қанатқақты жобасы енгізілген болса, биылғы жылы мамыр айынан бастап «соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасы іске асырылуда. БҚО барлық медиаторлардың басын қосатын қоғамдық медиаторлар Одағы құрылды.       

БҚО ҚХА жанындағы медиация кабинетінің басшысы Алуа Рақышева елімізде алғашқылардың бірі болып облыста медиаторлар одағы қауымдастығын құрып, төрайымы ретінде осы жиынға қатысып келді. Оның бастамасымен күні кеше ғана Халықаралық құқық қорғау орталығының мамандары келіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Облыс орталығының халыққа қызмет көрсету орталығында медиатор тегін қызмет көрсететін бөлме жасақталған.

— Өз тарапыңыздан медиация жұмысы жандануы үшін қандай ұсыныс айтасыз?

— Менің ұсыныстарым: медиация туралы жарнамалар телеарналардан кеңінен насихатталып көрсетілсе, медиаторлардың жұмысы БАҚ беттерінде жарияланса, оқыту семинарлары ұйымдастырылып, олардың халық арасында беделін арттыру мақсатында төс белгілер белгіленсе, ауылдық жердегі медиация бөлмелерін жабдықтау үшін қаражат бөлінсе, билер кеңесінің қауқарын күшейту қажеттілігі ескерілсе құба құп болар еді. 

– Құрман Жанзақұлы, әңгімеңізге рақмет, ісіңіз оңға бассын!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға